Азақ көркем аудармасының қалыптасып дамуы және келешегі
Мақсаты:
Абайдың қазақ көркем аудармасының негізін поэзия жанрында қалауы. Ы.Алтынсарин мен Ш.Уәлихановтың көркем аудармаға қосқан үлесін айқындау.
Жоспар:
- Қазақ көркем аудармасының қалыптасу кезеңі.
- ХІХ ғасырдағы алғашқы тәржімалардың жарық көруі.
- Көркем аударманың кеңестік кезеңдегі даму бағыттары.
- Аудармаға кеңестік әдебиетте идеологиялық саясат құралы ретінде пайдалану мақсаты.
Кілт сөздер:әдеби байланыс, әдеби шығармашылық, көркем шығарма, көркем аударма, аудармашылық әдіс- тәсілдер, еркін аударма, сөзбе-сөз аударма, балама аударма, ұлттық бейімдеушілік, аударма емес, желісі бойынша еліктеу, аударма үдерісі, интерпретациялау (талқылау), сәйкестік, рецепция, «әдеби мәдениет», мәтін, түпнұсқа, коммуникация.
Аудармашылық әдіс-тәсілдер мен ұстанымдар ұлттық әдеби үдерісімізге өз әсерін тигізбей қойған жоқ. Аударма туындысын шығармашылық ретінде қабылдаушы әрбір жазушы мен оқырмандардың көркемдік таным-талғамын кеңейтті. Бұлай дейтініміз, «тілімізде жаңа сөз, жаңа термин, жаңа тіркес, тіпті жаңаша сөйлем құру дағдысы пайда болды»
Қай кезеңде болмасын аудармашылық әдіс-тәсілдер мен ұстанымдар біркелкі бола қойған жоқ. Осы әркелкіліктер аударма туындының әдеби үдерістегі орнын белгілеп отырды: көркем аударма төл шығармамен бірдей рөл атқарды ма, немесе тек «таза» аударма болып қалды ма? Бұл сауалға жауап беру үшін, ең алдымен, аударма туындының сапасына назар аударамыз.
Көркем аударма тарихында аударманың үш түрі көрсетіледі. Олар: сөзбе-сөз аударма, еркін аударма, балама аударма. Сөзбе-сөз аудармада түпнұсқа тіліндегі әрбір сөз дәл аударылып, сөйлем тұтастығы мен мағынасы бұзылады. Аудармашы түпнұсқаның әрбір сөзін өз ұлтының сәйкес сөзімен тура мағынада аударуға талпынады. Бұл жағдайда түпнұсқа мен аударма нұсқаны салыстыра отырып, әдебиет пен тілдер жүйесінің әркелкілігін байқау қиын емес. Ресми және ғылыми тілді аударуда сөзбе-сөз аудару амалы жиі қолданылғанымен, көркем аудармада тиімсіз болып табылады. Сөзбе-сөз аударма ұстанымына қарама-қайшы келетін еркін аударма ұстанымы туды. Бұл ұстанымды жақтаушылар түпнұсқаның тек мазмұнын көрсетуге тырысады. Қазақ әдебиетінде көркем аударма еркін аудармадан бастау алды. Атап айтсақ, Ы. Алтынсарин мен С. Көбеевтің аудармалары еркін аударма қатарын құрайды. Еркін аудармада аудармашы авторды сол қалпында стилін сақтай сөйлетуге емес, оның айтар ойын жеткізуге күш салады. Осы арада аудармашылар үшін қазақ тілді оқырманға аударылатын шығарманың мазмұнын жеткізу маңызды болды.
Аударманың бұл түрінде мәтіннің көркемдігі беріледі де, оның көркемдік ерекшелігі сақталмайды. Соңғы кезде еркін аударма аударманың «желісі бойынша» еліктеу, ұлттық бейімдеушілік пен әдеби өңдеу сияқты жанрлық түрлеріне кіреді. Аударма ғылымының дамуымен аударманың бұл түрі «аударма емес», («неперевод» Жусойтының термині) әдеби өзара ықпалдастықтың жеке бір түрі болып қарастырылады. 7 Қай салада да ғылыми дәлдік, қай тақырыпта да ауа жайылмай сөйлеу талап етілетін жаңа заман көркем аудармаға өз ықпалын тигізбей қойған жоқ. Балама аудармада түпнұсқаның ерекшеліктері мен мазмұнын аударма жасалатын тілдің құрылымын, стилін, лексикасы мен грамматикасын тілдің мінсіз дұрыстығымен үйлестіре отырып, ескеру арқылы дұрыс, дәл және толық беру талап етіледі.
Дәлме-дәл немесе балама (адекватты) аудару тәсілін қолдануда аудармашы барынша түпнұсқаның коммуникативтік, мағыналық сәйкестігін сақтауды, оның стильдік ерекшеліктерін жеткізуді көздейді. Көркем аудармада аударманың осы тәсілі түпнұсқаның коммуникативтік белгілерінің тұтас жеткізілуіне, аудармашы үшін қаламгердің суреткерлік шеберлігін танытуға мүмкіндік беретін бірден-бір тәсіл болып саналады. Сөзбе-сөз және еркін аудармалар жетілдіріліп, балама аударманың дамуына әкелді. Бұл дегеніміз – аударма әдебиетте мазмұн мен форма бірлігінің сақталуы. Екіншіден, аудармашының түпнұсқаға деген адалдығы. Аудармашы түпнұсқаны терең түсініп, жетік меңгергенде ғана балама аударма дүниеге келеді. Яғни, «аудармашы екі тілді жетік білумен қатар, әрі жазушы, әрі ғалым болуға тиіс» (3, 172).
Балама аудармада мәдениеті, салт-дәстүрі, діні мен көзқарасы мүлдем өзге халықтың әдебиетіндегі ұлттық-мәдени ортасының айырмашылығын, ерекшеліктерін көрсету – көркем аударманың басты мәселелерінің бірі болып табылады. Ә. Сатыбалдиев өзінің «Рухани қазына» атты кітабында аударма жайлы ойларын қорыта келе былай деп жазған: «Көркем аудармада өзінен сөз қосып, ауа жайылып кету тұрпайылыққа, қарадүрсіндікке саяды, ол түпнұсқаны сөзбе-сөз келтіремін деп ұғымсыз етіп сірестіріп қою – тіл бұзарлық болады. Мұның екеуі де сорақы. Нағыз творчестволық көркем аударма дегеніміз түпнұсқаның тілдік ерекшеліктерін түгел ескере отырып, оның көркемдік-идеялық қасиеттерін толық жеткізу, әрі қазақша биязы да жатық етіп шығару. Осы екеуі шебер ұштасқанда ғана аударма көркем болады» (4, 171).
Аударма теориясы мен тәжірибесі балама аударманы қолдап қуаттағанымен, «аударма емес» – еркін аударманың пайда болуы мәселесін күн тәртібінен шығарған емес. Аударманың жанрлық түрлерінің пайда болу себептері қалай? Осы сұраққа жауап беру үшін аударма тарихына көз жүгіртеміз. Аударма тәжірибесі дәләлдегендей, бірыңғай шектеулі аударманың болуы мүмкін емес. Осыған орай, аударманың шығармашылық сипатын еске алсақ, әрбір шығармашының да даралық ерекшелігін ұмытпау қажет. Айтылғандарға өз заңдылықтары бар тіл жүйесінің әркелкілігін қоссақ, аударма түпнұсқаға сәйкес болып шықпайды. Аударма – басқа бір тілде жазылған шығарманың екінші тілге көшіріліп қайта жасалуы, яғни интерпретациясы. Аударма мәні сәйкестікті іздестіруден, бейімдеуден тұратын шығармашылықтың ерекше бір формасы болып табылады. Бұл дегеніміз – аудармашының еншісінде шамалы қажетті еркіндіктің болуы. Еркіндік шамадан тыс болмай, түпнұсқа мазмұнын дәлме- дәл беру ұтымды болмаған жағдайда ғана қажет.
Аудармашы мәтінді қабылдаушы және талдаушы бастапқы коммуникант ретінде интерпретатор рөлін атқарады. Аудармашының біржақтылығы мен «ауа сілтеушілігі, өзінен 8 сөз қосушылығы» «аударма емес» – «желісі бойынша» еліктеуге әкеп соқтырады. Ұлттық бейімдеушілік – бір ұлт әдебиетінің екінші ұлт әдебиетіне ену формаларының бірі. Жеке бір тілде жазылған шығарманың мазмұны мен желісін өзге тілде жаңғырту ұлттық бейімдеушілікке жатады. Аудармашының басты мақсаты – оқырманға түпнұсқаның мазмұнын жай әрі түсінікті тілмен жеткізіп, жұмысын жеңілдету. Ұлттық бейімдеушілік аудармаға жатпағанымен, онымен тығыз байланысты. Халықтар арасындағы әдеби байланыстардың ерте кезеңінде рухани құндылықтармен алмасу аударманың өзі емес, оның жанрлық түрлерімен жүзеге асты. Аударма әдебиеттің сөзбе-сөздік, еркіндік дәрежесіне, оның аударылу тәсіліне және қабылдануына қарай аударманың жанрлық түрлері жайлы түсінік қалыптасады.
Алғашқы аудармалар түпнұсқаның көркемдік ерекшеліктерін, автор стилін толық көрсете алмады. Осындай көптеген кемшіліктеріне қарамастан, бұл аудармалардың өз заманына сай, оқырмандарының мұқтажына лайықты көркемдік маңызын жоққа шығаруға болмайды. Түпнұсқа аудармаға негіз болатыны белгілі. Ал осы аударма шығарманың өзі де келесі аудармаға негізгі қайнар көз бола алады. Бұл жағдайда дәнекер болушы тіл арқылы екі мәдениет арасында байланыс орнап, әдеби құндылықтармен өзара алмасу жүреді. Аударманың осы көпсатылығында түпнұсқа өзінің бастапқы бейнесін жоғалтады, өзгертеді немесе жаңа реңкке ие болады. Осы құбылыстар да әдеби шығармаларды түрлі ұлт арасында кеңінен тарату күрделі кезеңнен өтетінін айғақтайды. Аударма көркем шығарманың өзге мәдениетке кірігуінің маңызды тәсілдерінің бірі болып табылады. Бұл үдеріс аудармашылық интерпретацияның қатысуынсыз жүзеге асуы мүмкін емес. Осы тәрізді тұжырымдардың болуы қалыптан тыс жайт емес. Оларды жоққа шығаруға болмайды десек, аударманы шығарма ретінде уақытта, кеңістікте және адамдардың санасында өмір сүру формасы ретінде бағалап, талқылаудың, термин тілінде айтқанда, интерпретацияның себептерін зерделеуге тырысу қажет. Қазіргі таңда аударманы зерттеуде аударма туындының әлемдік әдебиетте түпнұсқаның тең дәрежелі орынға ие бір нұсқасы болып табылатындығын ұғыну маңызды.
Сондықтан да, «аударма туынды оқырманға қалай әсер етеді?», «оның түсініктемесі түпнұсқа мәдениетіндегі қалыптасқан түсініктемелерден айырмашылығы неде және ондағы өзгертулердің себептері қандай?» деген сауалдардың туындауы заңды құбылыс. Аударманы әдеби тұрғыдан бағалау барысында оның түпнұсқаға эстетикалық сәйкестігі бағамдалады, аударманың рухани мәдениетті дамытудағы рөлі айқындалады, сондай-ақ аудармашының суреткерлік жеке тұлғасына, оның суреткерлік дара қасиеттеріне назар аудара отырып, оның таңдауын түсінуге талпыныс жасалады. Лингвистермен салыстырғанда, әдебиеттанушылар аударманы шынайы болмысты қайта жаңғыртудың, яғни шығармадағы образдарды игерудің бір тәсілі ретінде қарастырады. 9 Текст (мәтін) – латын сөзінен аударғанда «түзілім, өрілім, қосылым, тілдік бірліктердің мағыналық байланысы арқылы біріккен жүйесі» дегенді білдіреді. Ғалымдар мәтіннің басты қасиеті – орамдылық, тұтастық деп түсіндіреді. Көркем мәтін – мәтін теориясы, мәтін лингвистикасы, герменевтика, поэтика мен стилистика тұрығысынан зерттеуді қажет ететін күрделі де көп қырлы түзіліс.
Тілдік материал ретінде көркем мәтін ұлттық менталитетке сәйкес келетін, сондықтан да ұлттық әлем бейнесіне сәйкестендіріле алатын, тілдік таңбалар мен мәтіндік құрылымдарда көрініс тапқан ұлттық құндылықтар жүйесін құрайды. Көркем мәтін белгілі бір мазмұнды жеткізу үшін тілдік құралдарды мақсатты түрде іріктеу мен айрықша ұйымдастырудың нәтижесі болып табылады.
Көркем мәтінді интерпретациялау оны түсіну мен түсіндіруге апаратын үдеріс ретінде мәтіннің мазмұнын ашуды көздейді. Соңғы жылдары көркем мәтінді аудару мен интерпретациялау мәселесі түрлі аспектіде аударматану ғылымының басты назарында тұр. Осы мәселеге арналған еңбектер саны да күн сайын артуда. Бүгінгі таңда ғалымдар әрбір қос тіл мен әрбір мәтін түрі үшін аудармашылық нормаларды анықтауда. Мұндай тәсіл қазіргі заманғы лингвистикалық аударма теориясында қолданбалы сипатқа ие, сондай-ақ нақты бір міндеттің нақты шешімін табуға бағытталған. Әдебиеттанушылар, керісінше, аударманың рухани мәдениеттің дамуындағы рөлін анықтай отырып, оны түпнұсқаға эстетикалық сәйкестігі тұрғысынан бағалайды. Әдебиеттанулық тәсіл аудармашы тұлғасын, оның суреткерлік шеберлігін ескере отырып, оның таңдауын түсінуге көбірек көңіл бөледі.
Ол аудармаға өнер ретінде, яғни шынайы болмысты қайта жаңғырту тәсілі ретінде қарауға мүмкіндік береді. Олай болса, аудармаға қойылатын бірнеше талаптарды атап көрсетейік: – аударма түпнұсқа сияқты оқылып, түпнұсқа сияқты түсінікті болуы тиіс; – аудармада түпнұсқаның ұлттық колоритін сақтау – маңызды міндеттердің бірі; – аудару барысында түпнұсқадағы образдардың рухани-психологиялық әлеміне терең үңілу қажет; – аударма үдерісінде көркемдік-бейнелеу құралдарын барынша дәлме-дәл беруге қол жеткізу; – аударма стилі түпнұсқаның стилімен сәйкес келуі тиіс; – түпнұсқаның басты идеясын сақтау керек; – аудармада толықтырулар мен қысқартуларға жол бермеу қажет. Тілдік ауыс-түйістерден айрықшаланатын аударма ерекшелігі түпнұсқаны толыққанды ауыстыруды мақсат тұтады.
Сонымен қатар, аударманың түпнұсқамен дәлме-дәл болуы мүмкін еместігі ақиқат жайт, бірақ ол тіларалық байланыстың жүзеге асуына кедергі келтірмейді. Түпнұсқа мен аударманы дәлме-дәл шықпайды дейтін болсақ, аударматану ғылымында түпнұсқа мен аударма мазмұны арасындағы қатынастың ортақтығын білдіретін, яғни түпнұсқа мен аударманың мағыналық жақындығын білдіретін «сәйкестік» термині енгізілді. Түпнұсқа мен аударма 10 мәтіндер арасында барынша сәйкес келу маңызды болғандықтан, әдетте сәйкестік аударманың негізгі белгісі мен шарты ретінде қарастырылады. Аударманың анықтамасында сәйкестік шарты да қамтылады. «Сәйкестік» ұғымы бағалау сипатына ие: сәйкес немесе эквивалентті аударма ғана «жақсы» немесе «дұрыс» аударма болып табылады.
Соңғы уақытқа дейін аударматануда тілдің басымдығын білдіретін лингвистикалық теория жетекші рөл атқарып келеді. Осы ретте аудармашы түпнұсқа тілін аударма тілде толық көлемде, барынша дәл жеткізуді басты міндеті санайды. Аудармада түпнұсқаның мазмұны толықтай сақталуы тиіс деген тұжырымға келе отырып, аударманың кейбір анықтамалары эквиваленттілікті парапарлыққа ауыстырады. Мәселен, А.В. Федоров «эквивалентті» деген терминнің орнына «толыққанды» (полноценный) деген терминді қолдана отырып, осы толыққандылық термині «түпнұсқаның мағыналық мазмұнын мейлінше толық жеткізуді» (5, 33) қамтитындығын мәлімдейді. Дегенмен, осы пікірді ғалымдардың барлығы бірдей қолдамады. Мәселен, Бархударов «аудармада ... түпнұсқа мәтініндегі мағынаны толық жеткізу мүмкін емес» сәттердің болатындығын мойындайды. Осыған орай ол «аударма мәтін ешқашан түпнұсқа мәтіннің толық және абсолютті эквиваленті бола алмайды» (5, 34) деген қорытынды жасайды.
Дәрісті қорытындылау:
Сонымен, көркем мәтінді интерпретациялау дегеніміз – көркем шығарманың идеялық-эстетикалық, мағыналық және эмоционалдық ақпаратын авторлық таным мен көзқарасты қайта жасау арқылы меңгеру деп түйіндейміз.
Бақылау сұрақтары:
1. Аудармашылық әдіс-тәсілдер мен ұстанымдар.
2. Аударматанудағы интерпретация ұғымы және оның маңызы.
3. Аудармашылық интерпретациялау әрекеттері.
4. Аудармадағы интерпретация мен рецепцияның арақатынасы.
5. Интерпретациялау ауқымын тарылту мен кеңейтудің жолдары.
Ұсынылатын әдебиеттер:
1 Б.Майтанов. Қазақ романы және психологиялық талдау. — Алматы: Санат, 1996. –336 б.
2 Пірәлиева Г.Ж. Ішкі монологтың кейіпкер психологиясын ашудағы көркемдік қызметі: филол. ғыл. канд. ... дис. – Алматы, 1994. – 138 б.
3 Соловьев С.М. Изобразительные средства в творчестве Достоевского. Очерки. – М.: Советский писатель, 1976. – 352 с.
4 Ф. М. Достоевский в русской критике // Сборник статей. – М.: Издательство художественной литературы, 1956. – 469 с.
5 Есембеков Т.О. Аударманың поэтикалық мәселелері // Аударматану мен әдеби компаративистиканың өзекті мәселелері: республикалық ғылыми- теориялық конференция материалдары. – Алматы, 2010. – Б. 31-35.