Іс жүргізу мерзімінің түсінігі, маңызды және оны есептеу
Кез келген іс жүргізу саласында мерзімдер ерекше маңызға ие; заңмен көзделген мерзімдерді сақтауға заңды құқықтардың жүзеге асырылуы және іске қатысушылардың іс жүргізу міндеттемелерін орындау тікелей байланысты.
Мерзімдер азаматтық іс жүргізу құқықтық қатынастарының барлығына бірдей таралады. Іс жүргізу мерзімдерін процессуалдық әрекеттер жасаған кезде соттың өзі де сақтауы тиіс және судья іске қатысушылардың мерзімдерге қатысты заң талаптарын орындауын қадағалап әрекет етуі қажет.
Іс жүргізу мерзімдері – бұл уақыттық шектеулер, осы шектеулер аралығында сот және іске қатысушы тұлғалар заңи мәні бар әрекеттерді жасаулары немесе жүзеге асырулары тиіс.
Азаматтық іс жүргізу теориясында түрлі критерийлер берілген, оларға сәйкес құқықтық әдебиетте іс жүргізу мерзімдері жіктеледі.
Қолданыстағы заңдағы нормативтік бөлуге сәйкес іс жүргізу мерзімдері
· заңмен белгіленген және
· сотпен тағайындалатын мерзімдер болып бөлінеді.
Сот мерзімді өз бетінше белгілей алады (әдетте ол мерзімдер күнмен есептелінеді)64. Іс жүргізу мерзімдері нақты бір оқиғамен байланысты болуы мүмкін.
ҚР АІЖК 124-ші бабымен іс жүргізу мерзімдерін есептеу тәртібі реттелген. Іс жүргізу әрекеттерін жасауға арналған мерзімдер:
- сөзсіз (шарасыз) болуға тиіс оқиға көрсетіле отырып;
- дәлме-дәл күнтізбелік күнмен;
- жылдармен, айлармен немесе күндермен есептелетін уақыт кезеңімен
белгіленеді. Соңғы жағдайда процессуалдық әрекет бүкіл кезеңнің ішінде жасалуы мүмкін. Мысалы, сот актісінде «талапкер 2011 ж. 20 наурызға дейін сотқа қарыз құжатының (шарт, орындаған жұмыстар актісін т.б.) түпнұсқасын әкеліп ұсынуы тиіс» деп көрсетілген жағдайда сот ұйғарымында күнтізбелік мерзім белгіленгендігін көруге болады.
Егер жауапкердің өкілі сотқа жауапкердің 1 (бір) ай мерзім стационарлық емдеуде болатындығын растайтын анықтама, немесе 2 (екі) ай бойы оның іссапарда болатындығын растайтын құжат ұсынса, онда сот істі тоқтата тұру туралы ұйғарымда былай деп жазады: «жауапкер емдеу орнынан шыққанға дейін іс бойынша өндіріс тоқтата тұрылсын» немесе «жауапкер іссапардан келгенше іс бойынша өндіріс тоқтата тұрылсын».
Кезеңмен есептелетің іс жүргізу мерзімінің ағымы оның басталуы белгіленген күнтізбелік күннен немесе оқиға болған күннен кейінгі күні басталады.
Азаматтық іс жүргізу қатынастарының субъетілері үшін іс жүргізу мерзімдерінің аяқталуының ерекше іс жүргізушілік мәні бар. Сот өз тарапынан заңмен көзделген келесі мерзімдерді сақтауы тиіс: талап арызды өндіріске қабылдау мерзімі (бес күн); сот бұйрығын шығару мерзімі (үш күн); сот талқылауына істі даярлау мерзімі (жеті күн) және т.б.65
Іске қатысушы
- тараптар (талап қоюшы және жауапкер),
- даудың нысанына дербес талаптарын мәлімдейтін үшінші тұлғалар;
- даудың нысанына дербес талаптарын мәлімдейтін үшінші тұлғалар
заңмен де, сотпен де белгіленген мерзімдерді сақтаулары тиіс.
ҚР АІЖК 125-ші бабына сәйкес, жылдармен есептетелетін мерзім сол мерзімнің соңғы жылының тиісті айында және күнінде бітеді (масылы, 01.02.2010 ж. – 01.02.2011 ж.).
Айлармен есептелетін мерзім сол мерзімнің соңғы айының тиісті күнінде бітеді (10.01.2011 ж. – 10.04.2011 ж.). егер айлармен есептелетін мерзімнің соңы тиісті күні жоқ айға сәйкес келсе, мерзім осы айдың соңғы күнінде бітеді: мысалы, бір айлық мерзімі 31 қантардан басталса, онда мерзім келесі ақпан айының соңғы күнінде аяқталады. Күндермен есептелетін мерзім белгіленген кезеңнің соңғы күні бітеді. Мерзімнің соңғы күні демалыс күніне тап келген жағдайда мерзімнің аяқталған күні одан кейінгі жұмыс күні болып есептеледі.
Жасалуына мерзім белгіленген іс жүргізу әрекеті мерзімнің соңғы күні сағат 24.00-ге дейін орындалуы мүмкін. Егер шағым, құжаттар не ақша сомалары мерзімнің соңғы күні сағат 24.00-ге дейін поштаға, телеграфқа тапсырылса немесе байланыстың өзге де құралдары бойынша берілсе, мерзім өтіп кеткен болып есептелмейді.
Егер іс жүргізу әрекеті тікелей сотта немесе басқа ұйымда жасалуы тиіс болса; белгіленген ереже бойынша бұл ұйымдарда жұмыс аяқталатын немесе тиісті операциялар тоқтатылатын сағатта мерзім бітеді.
Іс жүргізу әрекеттерін жасау құқығы заңда белгіленген немесе сот тағайындаған мерзімнің аяқталуымен жойылады. Іс жүргізу мерзімдері аяқталғаннан кейін берілген шағымдар мен құжаттарды, егер өтіп кеткен мерзімді қалпына келтіру туралы өтініш мәлімделмесе, сот қараусыз қалдырады және олар (қоса тіркелген құжаттармен бірге) арызданушы адамға қайтарылады.
Заңмен белгіленген мерзімдер мен сотпен тағайындалған мерзімдер іс жүргізу әрекеттері жасалуы мүмкін уақыттық шектеулердің қалпына келтіру тәсілі арқылы бір бірінен ажыратылады.
Заңмен белгіленген мерзімдерге нақты уақытпен анықталған шектеулер тән және ол мерзімдер сот дәлелді деп таныған себептермен өткізіліп алынса, сот қалпына келтіре алады, ал басқа санатқа жататын мерзімдер сотпен ұзартылуы мүмкін. Екі жағдайда да мерзімдерге қатысты қабылданған шешім сотпен іс жүргізу талаптарына сәйкес рәсімделуі тиіс.
Өткізіліп алған мерзімді қалпына келтіру үшін тиесілі өтініш жасау мүдделі тұлға үшін міндетті әрекет, ал өткізілген мерзімді сөзсіз қалпына келтіру – соттың міндеті емес. Егер заңмен белгіленген мерзім өтіп кетсе, бірақ өтініш берілсе, онда сот келіп түскен өтінішті қарауға міндетті. Егер сот дәлелді себептерге байланысты мерзім өтіп кетті деп тапса, заңмен белгіленген мерзімдер қалпына келтірілуі мүмкін. Бірақ іс жүргізу заңында ондай дәлелді себептер тізім берілген; өтіп кеткен мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішті қарау барысында сот әрбір жағдайда арыз беруші дәлелді деп көрсеткен себептерге баға беріп, олардың құқықтық негіздерін анықтайды.
Өткізіліп алынған мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішті іске қатысушы тұлға іс жүргізу әрекеттерін жасайтын сотқа береді. Сот бұл өтініштің қаралатын орны мен уақыты хабарлап, оны іске қатысушы адамдардың қатысуымен қарайды, алайда олардың келмей қалуы соттың алдына қойылған мәселені шешу үшін кедергі болып табылмайды.
Мерзімді қалпына келтіру туралы өтініш берумен бірге ол бойынша мерзімі өткізіліп алынған қажетті іс жүргізу әрекеттері (құқық қорғау туралы талап мәлімделуге, шағым берілуге, құжаттар табыс етілуге) және т.б. әрекеттер жасалуға тиіс.
Сотқа түскен арыз қанағаттандырусыз қалдырылуы мүмкін. Өткізіліп алынған іс жүргізу мерзімін ұзарту және қалпына келтіру арызды қанағаттандурысыз қалдыру туралы шығарылған ұйғарымға жеке шағым берілуі және наразылық келтірілуі мүмкін.
64Мысалы, ҚР АІЖК 155-ші бабына сәйкес, судья талап арыз Заң ережелеріне сай келмеген жағдайда оны қозғалассыз қалдыру туралы ұйғарым шығарады. Бұл жасалған әрекет туралы судья талап қоюшыға хабарлама беріп, кемшіліктерді түзету үшін мерзім белгілейді. Бұл сотпен белгіленген мерзім болып табылады. Мұндай мерзім сотқа жүгінген тұлға ұйғарымында көрсетілген кемшіліктерді түзету үшін жеткілікті болуы тиіс.
65Айлармен саналатын мерзімдерге қатысты мысалдар: бір айлық мерзім (күрделі санаттағы істерді сотқа дейінгі дайындық жүргізу үшін), екі айлық мерзім (бірінші сатыдағы сотта істі қараудың жалпы мерзімі) және т.б.