Бап. Нормативтік құқықтық актілерге қосымшаларды ресімдеу
1. Қосымшалар нормативтік құқықтық актінің ажырамас бөлігі болып табылады.
2. Нормативтік құқықтық актіге берілетін графиктер, кестелер, схемалар, карталар, тізбелер және басқа да қосымша құжаттар қажет болған жағдайда бөлек қосымшалармен ресімделеді.
3. Қосымшаның бірінші парағының жоғарғы оң жақ бұрышында қосымша соған сәйкес бекітілген нормативтік құқықтық акт, актінің қабылданған күні және оның тіркеу нөмірі көрсетілуге тиіс.
4. Егер нормативтік құқықтық актіге бірнеше қосымша болған жағдайда, әрбір қосымшаның жоғарғы оң жақ бұрышында оның рет нөмірі, сондай-ақ қосымша соған сәйкес бекітілген нормативтік құқықтық актінің түрі, актінің қабылданған күні және оның тіркеу нөмірі көрсетіледі. Егер нормативтік құқықтық актіге қосымша біреу болса, онда ол нөмірленбейді.
5. Құпиялылық белгісі немесе «Қызмет бабында пайдалану үшін», «Баспасөзде жарияланбайды», «Баспасөзге арналмаған» деген белгілері бар нормативтік құқықтық актілерді ресімдеу осы бапқа және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
Бап. Заңнамалық актiнiң жобасын Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Мәжiлiсiне енгiзу және оны Қазақстан Республикасының Парламентінен кері қайтарып алу
1. Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабының 1-тармағына сәйкес заң шығару бастамашылығы құқығы Қазақстан Республикасының Президентіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарына, Қазақстан Республикасының Үкіметіне тиесілі және ол тек қана Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Мәжiлiсiнде iске асырылады. Заңнамалық актiнiң жобасы Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжiлiсіне қазақ және орыс тiлдерінде, қағаз және электрондық жеткiзгіштер арқылы енгiзiледi.
2. Заңнамалық актінің жобасы бойынша ұсынылатын материалдарда мынадай қосымшалар болуға тиiс:
1) жобаны дайындаған мемлекеттiк органның немесе ұйымның атауы;
2) жобаны қабылдаудың қажеттігі негізделген, мақсаттары, міндеттері, негізгі ережелері кеңінен сипатталған түсіндірме жазба, ал Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамашылығы тәртібімен Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізілетін заңнамалық актілердің жобалары үшін – арнайы жолдау;
3) жұмыс тобы құрылатын жағдайда оның құрамы;
4) Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын, Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамашылығы тәртібімен енгізілетін заңнамалық актілердің жобалары келісу рәсімінен өтпеген жағдайларды, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары заң шығару бастамашылығы тәртібімен заң жобасын енгізетін жағдайларды қоспағанда, мүдделі мемлекеттік органдармен келісу парағы;
5) осы Заңның 22-бабына сәйкес ғылыми сараптаманың қорытындысы және бар болған жағдайда өзге де сараптамалық қорытындылар;
6) егер заңнамалық актінің жобасы мемлекеттік кірістерді қысқартуды немесе мемлекеттік шығыстарды ұлғайтуды көздейтін болса, қаржы-экономикалық есептеулер, сондай-ақ, әдетте, статистикалық деректер, заңнамалық актiнi қолданудың ықтимал экономикалық, әлеуметтiк, заңдық, экологиялық салдарларының болжамдары, бұған Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамашылығы тәртібімен Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізілетін заңнамалық актілердің жобалары қосылмайды.
Заңнамалық актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы заңнамалық актінің жобасына заңнамалық актінің құрылымдық бөліктерінің қолданыстағы және енгізілетін өзгерістердің және (немесе) толықтырулардың тиісті негіздемесі бар ұсынылып отырған редакциясының салыстырма кестесі ұсынылады.
3. Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары және Қазақстан Республикасының Үкіметі өздері заң шығару бастамашылығы тәртібімен енгізген заңнамалық актінің жобасын Қазақстан Республикасының Парламентінен оны қараудың кез келген сатысында кері қайтарып алуға құқылы.
4-тарау. Нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларына ғылыми
сараптама