Дайындық әрекеттерін белгілеу
Азаматтық істерді сот талқылауына әзірлеу міндеттері ҚР АІЖК 166-шы бабымен анықталған, әрбір азаматтық іс бойынша міндетті процедура болып табылады. Алдын ала жасалатын қажетті іс жүргізу шараларының қаншалықты сапалы және уақтылы жүргізілуіне сот дауының уақтылы және сапалы дұрыс шешілуі соншалықты байланысты болады. Алдын ала белгіленген шаралардың барлығы орындалса, сот талқылауы барысында қосымша әрекеттер жасау көбінесе қажет болмайды. Сонымен қатар, сотқа дейінгі дайындық кезеңінде судья қажетті куәгерлер шегін анықтап қойса, бірақ кейіннен олардың шегі кеңеюі мүмкін. Сотқа керек мәліметті білетін болса сот мәжілісінде қатыспаған (келе алмаған) куәгердің орнына басқа куәгерден жауап алынуы мүмкін. Бір сараптама жүргізілген соң екінші сараптаманы жасау қажеттілігі туындауы мүмкін, сотпен өзге де қосымша іс жүргізу әрекеттері жүзеге асырылуына заңнама жол береді. Мұндай жағдайлар нақты азаматтық істің ерекшеліктеріне байланысты болады.
Сотта іс қарауға дайындық барысында судья тарапынан орындалатын міндеттердің тізімі:
1) істі дұрыс шешу үшін маңызы бар мән-жайларды айқындау;
2) тараптардың құқықтық қатынастарын және басшылыққа алынуға тиісті заңды анықтау;
3) іске қатысатын адамдардың құрамы мен процеске басқа да шақырылатын (жауап алынатын) тұлғалардың тізімін белгілеу;
4) әрбір тарап өз пайымдауларын негіздеу үшін ұсынуға тиіс дәлелдемелердің түрлерін анықтау.
ҚР АІЖК 167-ші бабында істі сотта қарауға әзірлеуге қатысты мерзімдер белгіленген. Азаматтық істерді сотта қарауға әзірлеу, егер заң актілерінде өзгеше ережелер белгіленбесе, арыз қабылданған күннен бастап жеті күн мерзімнен кешіктірілмей жүргізіліп аяқталуға тиіс.
Бұл мерзім айрықша жағдайларда күрделі істер бойынша судьяның дәлелді ұйғарымы бойынша бір айға дейін ұзартылуы мүмкін. Мынадай санаттағы азаматтық істер бойынша әзірлеу мерзімін ұзартылуына жол берілмейді:
- алименттерді өндіру туралы;
- мертігуден немесе денсаулықтың өзге де зақымдануынан келтірілген зиянды өтеу туралы;
- асыраушысынан айрылуына байланысты және еңбек қатынастарынан туындайтын талаптар туралы102.
Кодексте жекелеген санаттағы істер бойынша заңнамалық актілер негізінде істі дайындаудың өзге де мерзімдері белгіленуі мүмкін.
Істі сотта қарауға дайындық барысында судья ұйғарым шығарады және жүргізілуге тиісті әрекеттердің түрлерін белгілеп көрсетеді. Бірінші кезекте судья арыздың көшірмелерін және оған қоса тіркелген құжаттарды жауапкерге жібереді не тапсырады және өзі белгілеген мерзімде талап арызға пікір (қарсылық) білдіруді және өз пікірін (қарсылығын) негіздеуге дәлелдемелер беруді ұсынады. Жауапкердің пікірі мен дәлелдемелерді бермеуі істегі бар дәлелдемелер бойынша істі қарауға кедергі келтірмейді.
Сотта істі қарауға әзірлеу барысында ҚР АІЖК 169-1 бабына сәйкес, жауапкер талап арызға қатысты оның қарсылығын растайтын құжаттарды қосып, сотқа өз пікірін ұсынады.
Пікір және оған қосымша тіркелген құжаттар талап қоюшыға және іске қатысушы басқа тұлғаларға жөнелтіледі. Пікір сот мәжілісіне дейін іске қатысушылардың онымен танысу мүмкіндіктерін ескере отырып, сотпен белгіленген мерзімдерде тапсырылуы тиіс. Сотқа қатысушы өзге тұлғалар да жазбаша пікір беру құқығына ие. Пікірде
1) талап қоюшының атауы, оның орналасқан жері немесе тұрғылықты мекен-жайы;
2) жауапкердің атауы, оның түрған жері, егер жауапкер ретінде азамат танылса, оның тұлғылықты мекен-жайы;
3) алғашқы талап арызында мәлімделген талаптарға, заңдарға және өзге нормативтік-құқықтық актілерге сілтеме жасап, сондай-ақ қарсылықты негіздеуші дәлелдемелерге сүйене отырып, қарсылық келтіру;
4) пікірге қосымша ұсынылған құжаттар тізімі көрсетілуі тиіс.
Пікірде істі дұрыс және уақтылы қарау үшін қажетті телефон, факс нөмірлері, электрондық пошта адрестері және өзге де мәліметтер көрсетілуі мүмкін. Пікірге жауапкер немесе оның өкілі қол қоюлары тиіс. Егер пікірге өкіл қол қоятын болса, оның сенімхаты немесе іс бойынша өкілеттілігін растайтын өзге де құжаттар тіркелуі қажет.
Қолданыстағы Кодексте әзірлеу әрекеттерін нақтылауға бағытталған 169-1 баптың енгізілгендігі азаматтық даудың екі қатысушысы да өз құқықтарын қорғау барысында теңдей мүмкіндіктерге ие екендігімен және заңда оларға бірдей кепілдік көзделгендігімен түсіндіріледі. Бұл баптың ережелері жауапкер және іске қатысушы басқа тұлғалар сотта белсенді болуларын талап етеді; осы баптың көмегімен қойылған (алғашқы және қарсы қойылған) талаптарды заң шеңберінде ретке келтіріп қалыптастыруға болады.
Сотқа жолданған қарсылықта іске қатысушы тұлғаның іс бойынша өндірісті тоқтата тұру немесе қысқарту туралы пікірі білдірілуі мүмкін. ҚР АІЖК 242-243-ші баптарымен көзделген мән-жайлар болған кезде азаматтық іс бойынша өндіріс тоқтата тұрылуы мүмкін (іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұруға соттың міндеті және құқығы).
Азаматтық іс бойынша іс жүргізуді қысқарту негіздемелерінен істің бұл стадиялық деңгейінде ҚР АІЖК 247-ші бабының 1) – 5) тармақшаларын қолдануға жол беріледі.
Егер ҚР АІЖК 249-шы бабының 1) – 5), 8), 9) тармақшаларында көрсетілген мән-жайлар азаматтық істі қарауға әзірлеу кезінде анықталса, сот талап арызды қараусыз қалдыру туралы ұйғарым шығара алады.
Жауапкердің материалдық-құқықтық қарсылықтары талап қоюшының талаптарын жоққа шығаруға бағытталады, жауапкер талап қоюдыңфактілі және құқықтық негізділігіне қатысты қарсылық білдіре алады. Бұл қарсылықтар материалдық құқық нормаларына сілтеме жасау жолымен беріледі және талап қою талаптарын қанағаттандырусыз қалдыру мақсатын көздейді.
102Осы баптың екінші сөйлемінің нормативтік редакциясы: «Алименттерді өндіріп алу туралы, мертігуден немесе денсаулықтың өзге де зақымдануынан келтірілген зиянды өтеу туралы ісетрден басқа, айрықша күрделі істер бойынша ерекше жағдайларда, сондай-ақ асыраушысынан айрылуына байланысты және еңбек қатынастарынан туындайтын талаптар бойынша бұл мерзім судьяның дәлелді ұйғарымы бойынша бір айға дейін ұзартылуы мүмкін». Назар аударыңыз: қазақ тіліндегі мәтін түсініксіз және орыс тіліндегі мәтін осы сөйлемнің қазақ тіліндегі мағынасына сәйкес келмейді. Тәжірибеде судьялар орыс тіліндегі редакцияны қолданады.