Істі қарауды кейінге қалдыру
ҚР АІЖК 187-бабына сәйкес іске қатысушы адамдар өздерінің келмеу себептері туралы сотқа хабарлауға және бұл себептердің дәлелді екендігіне дәлелдемелерді ұсынуға міндетті. Іске қатысушы адамдардың біреуі сот отырысына келмеген жағдайда (оларға хабарланғаны жөнінде мәліметтер жоқ болса), онда істі қарау кейінге қалдырылады. Егер іске қатысушы адамдар сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісінше хабарланса, олардың келмеу себептері дәлелді деп танылған жағдайда сот істі қарауды кейінге қалдыра алады.
Сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісінше хабарланған іске қатысушы адамдардың қайсыбірі келмеген жағдайда, егер олардың келмеу себептері дәлелсіз деп танылса, сот істі қарауға құқылы.
Сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісінше хабарланған жауапкер келмеген жағдайда, сырттай іс жүргізу тәртібімен, егер келмеу себептері туралы мәліметтер жоқ болса, не сот оның келмеу себептерін дәлелсіз деп тапса, не жауапкер іс бойынша іс жүргізуді қасақана созып отыр деп танылса, сот істі қарауға құқылы. Сонымен, жауапкерге қатысты заңнамада жекелеген ережелер көзделген (оған тиісінше хабар берілген жағдайда); сот ҚР АІЖК 260-шы бабымен бекітілген ережелерді басшылыққа алып, сырттай іс жүргізу тәртібімен оның қатысуынсыз істі қарай алады.
Тараптар соттан істі олардың қатысуынсыз қарау және оларға шешімнің көшірмесін жіберу жөнінде жазбаша түрде өтінуге құқылы. Егер бұл істің мән-жайлары бойынша қажет болса, сол тараптардың сот отырысына қатысуын міндетті деп тани алады.
Сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарланған іске қатысушы адамның өкілінің келмеуі істі қарауға кедергі бола алмайды, бірақ сот дауды талқылау барысында ол тұлғаның қатысуы міндетті деп табуы мүмкін. Іске қатысатын адамның өтініші бойынша сот оның өкілі дәлелді себептермен келмеуіне байланысты істі қарауды кейінге қалдыра алады. Істі қараудың кейінге қалдырылуы мұндай жағдайда сот ұйғарымымен рәсімделеді, ал бұл әрекет жалпы ереже ойынша жеке іс жүргізу құжаты шығаруды талап етпейді. Ұйғарым сот мәжілісінде жарияланып, отырыс хаттамасына енгізіледі. Осы ұйғарымда азаматтық істің кезекті қарауы тағайындалған күні және уақыты көрсетіледі.
Сот отырысына куә, сарапшы немесе маман келмеген жағдайда сот іске қатысушы адамдардың істі олар жоқта қарау мүмкіндігі туралы пікірін тыңдап, сотта іс қарауды жалғастыру немесе оны кейінге қалдыру туралы ұйғарым шығарады. Егер іске қатысушы тараптардың бірі сот жүргізілетін тілді білмесе, ал сот отырысына аудармашы келмеген жағдайда, егер аудармашыны ауыстыру мүмкіндігі болмаса, сот істі қарауды кейінге қалдыру туралы ұйғарым шығарады.
Егер шығарылған куә, сарапшы, маман немесе аудармашы сот отырысына сот дәлелді емес деп таныған себептер бойынша келмесе, олар әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңдарға сәйкес әкімшілік жазаға тартылуы мүмкін. ҚР АІЖК 119-шы бабына сәйкес олар сондай-ақ сотқа еріксіз келтірілуі де мүмкін.
ҚР АІЖК 189-шы бабымен қарауды кейінге қалдырудың жалпы шарттары реттелген. Осы Кодексте көзделген, сондай-ақ судьяның өзі қажет деп тапқан жағдайларда істі қарауды кейінге қалдыруға жол беріледі. Бұл мәселе бойынша судьяның тұжырымы шынайы мән-жайларға негізделуі тиіс, олардың қатарында мыналар болуы мүмкін:
- іске қатысушылардың біреуінің денсаулық жағдайының болмауы;
- жұмыс күнінің уақыты аяқталуы;
- іс бойынша қосымша дәлелдемелерді талап ету (сұрату) қажеттілігі;
- сот тапсырмасын орындау және т.б.
Істе дауды шешуге дәлелдемелер жеткілікті болған жағдайда заң бойынша талапкер азаматтық істі оның қатысуынсыз қарастыру туралы өзінің өтініш білдіру құқығын пайдалана алады. Алайда, іс бойынша шешім шыққанға дейін жауапкер тарапынан қарсы талап берілсе және ол қарсы талап іс жүргізуге қабылданып қойса, онда талап қоюшы сотқа шақырылмастан бір мезгілде екі (бір біріне қарсы) талап бойынша шешім қабылдауға жол берілмейді.
Келесі сот мәжілісін тағайындау барысында істі талқылауға қажетті уақыт жеткілікті болуы үшін судья ендігі болатын процесті алдын ала жоспарлауы тиіс. Мысалы, іске қатысушылардың саны көп күрделі істерді қарастыруды жұмыс күнінің соңына тағайындауға болмайды, олай болғанда істі кейінге қалдыру және адамдарды қайталап шақыру салдары туындауы мүмкін.
Уақытты және істі қарастыру мерзімдерін үнемдеу мақсатында, егер сот отырысына тараптар қатысып отырса, істі қарау кейінге қалдырылған кезде сот шақыру бойынша келген куәлардан жауап алуға құқылы. Егер сот отырысына тараптар қатысып отырса, ондай әрекеттерге заңмен жол беріледі. Тараптардың куәларға өз сұрақтарын қойып, олардың көрсетулері бойынша түсініктемелерін беруге мүмкіндіктері болуы керек. Істі қарау басталғанға дейін куәлардан жауап алынғандығы оларды екінші рет шақыруды жоққа шығармайды, бірақ оған тек қажет болған жағдайларда ғана жол беріледі.