Азаматтық іс жүргізу құқығының қайнар көздері

Мемлекет және құқық теориясында орындалуы жалпыға бірдей міндетті алғышарттар (тәртіп ережелері) құқық қайнар көзі ретінде танылады, оларды мемлекет қоғамдық қатынастарды нормативтік реттеу үшін қалыптастырады4.

Азаматтық іс жүргізу құқығы жүйесінде Қазақстан Республикасының Конституциясы өзге нормативтік құқықтық актілер ішінде жоғарғы заңдық күшке ие қайнар көз ретінде танылады. Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясы 1995 ж. 30 тамыздағы республикалық референдумда қабылданған5.

ҚР Конституциясының 4 бабына сәйкес, Конституцияның, соған сәйкес заңдардың, өзге де нормативтік құқықтық актілердің, халықаралық шарттар мен Республиканың басқа да міндеттемелерінің, сондай-ақ Республика Конституциялық Кеңесінің және Жоғарғы Соты нормативтік қаулыларының нормалары Қазақстан Республикасында қолданылатын құқық болып табылады.

Негізгі Заңның осы бабымен Республика бекіткен халықаралық шарттардың Республика заңдарынан басымдығы болатындығы және халықаралық шарт бойынша оны қолдану үшін заң шығару талап етілетін жағдайдан басқа реттерде, тікелей қолданылатындығы танылған.

Жарияланған барлық заңдар, Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттар, сондай-ақ, азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің қолданылуы міндетті болып табылады.

Қазақстан Республикасы Конституциясының нақты баптары сот құрылымы мәселелеріне және сотта іс жүргізу принциптеріне арналған. Өзара байланысты болып табылатын бұл екі құқықтық категория сот органдары жүйесін құру (қалыптастыру) тәртібін, сот органдары қызметі негізделетін сот әділдігі қызметінің өкілеттіктері мен базалық принципті ережелерін анықтайды.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 13 бабымен әркімнің құқық субъектісі ретінде танылуына құқығы бар және өзінің құқықтары мен бостандықтарын, қажетті қорғанысты қоса алғанда, заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға хақылы екендігі танылады. Осы баппен әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғауға және әркімнің білікті заң көмегін алуға құқығы бар екендігі анықталған.

Бұл ережелер жіктелген түрде іс жүргізу нысанындағы нормативтік-құқықтық актілерде көрініс тапқан, олардың қатарында Қылмыстық іс жүргізу және Азаматтық іс жүргізу кодекстері бар.

Қазақстан Республикасының құқық саласын реформалаудағы өз бетінше даму кезеңінде іс жүргізу (соттық іс жүргізу) заңнамасы бірқатар маңызды өзгерістерге ұшырады; отандық заң шығарушы заманауи құқықта қолданылуы мүмкін емес бұрынғы идеологиялық ұстанымдардан бас тартты. Қазіргі кезде норма шығармашылық қызметінде іс жүргізу басымдықтарын анықтап алу өзекті, себебі ол арқылы болашақта материалдық-құқықтық бағыттағы нормалардың шынайы мүмкіндіктерін бағалауға болады.

Қоғамдық өмірдегі өзгерістер құқық субъектілерінің құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін сақтау шынайылығын арттыратын мәселелерді күн тәртібіне қойды. Конституциялық ережелер негізінде нормативтік-құқықтық актілер қабылданып, соттардың өкілдіктері барынша арттырылды, мүдделі тұлғалар сотта мүдделерін өз бетінше қорғау мүмкіндігіне ие болды. Соттар арқылы шешілетін істер санының артуы, олардың түрлі мазмұндылығы; түрлі салаларда даулардың туындау ерекшеліктері, олардың субъектілік құрамының арнайы ерекшеліктері іс жүргізу ережелерін әрі қарай нақтылап жіктеуді қажет етті.

1990 жылдары отандық мамандар алдында жаңа азаматтық іс жүргізу заңнамасын даярлау міндеті тұрды, ал ол заңнама заман талабына сай келіп, өзге елдердің оңтайлы тәжірибесіне негізделуі тиіс болатын. 1999 жылға дейін қолданыста болған Қазақ ССР-нің Азаматтық іс жүргізу кодексі 1963 жылғы 28 желтоқсанда қабылданып, кеңестік үлгідегі өзге де көптеген кодификацияланған актілер сияқты бірнеше онжылдықтар бойы қолданылып келді. Әрине, осыншама ұзақ уақыт бойы ол алғашқы қалпында қалған жоқ, қоғамдық жағдайлардың өзгеруіне орай ол қажетті өзгерістермен толықтырылып келді. Өз мазмұны бойынша ол кеңестік кезеңдегі нормативтік-құқықтық актінің типті үлгісі болатын; өз қолданысы кезеңінде ол барынша тұрақты болып келді, тек 80-ші жылдары (қайта құру кезеңінде)6 оған өзгерістер мен толықтырулардың елеулі бөлігі енгізілді.

Қолданыстағы ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексі 1999 жылы қабылданып, Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 13 шілдедегі №412-1 Заңымен қолданысқа енгізілді. Аталған Заңның 1 бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексі Парламент оның қолданысқа енгізілгені жөнінде Заң қабылдағанға дейін7, яғни 1999 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық іс жүргізу кодексінің 2 бабына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында азаматтық істер бойынша сот ісін жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының Конституциясына, конституциялық заңдарға және халықаралық құқықтың жалпы жұрт таныған принциптері мен нормаларына негізделген Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексімен айқындалады. Азаматтық сот ісін жүргізу тәртібін реттейтін өзге заңдардың ережелері Кодекске енгізілуге тиіс.

Азаматтық іс жүргізу құқығы қайнар көздерінің жеке тобын Қазақстан Республикасының халықаралық шарттық және өзге де міндеттемелері құрайды, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі мен Жоғарғы Сотының нормативтік қаулылары азаматтық іс жүргізу құқығының құрамдас бөліктері болып табылады.

Азаматтық істерді қарауда жиі қолданылатын аралас құқық салаларының бірі ретінде әкімшілік құқық саласы танылады. Егер азаматтық сот өндірісі барысында әкімшілік құқықпен қатысты шешілуі тиіс сұрақ туындайтын болса, онда ҚР АІЖК 26-шы бабының талаптарына сәйкес ол азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен шешіледі.

Түрлі иерархиялық деңгейдегі салалық қайнар көздердің ережелерін құқықтық бағалауда азаматтық сот ісін жүргізуде басым сипатқа ие құқықтық нормаларды қолдануға принципті мән беріледі. Бұл сұрақтар Кодекстің 3 бабымен ретке келтірілген. Осы баптың 1 бөлігіне сәйкес, Қазақстан Республикасы Конституциясының жоғары заң күші бар және ол республиканың бүкіл аумағында тікелей қолданылады. Осы Кодекс пен Қазақстан Республикасы Конституциясы нормаларының арасында қайшылық болған жағдайда Конституцияның ережелері қолданылады.

Кодекстің нормалары мен Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының арасында қайшылық болған жағдайда конституциялық заңның ережелері қолданылады. Кодекс нормалары мен өзге заңдардың арасында қайшылық болған жағдайда аталған Кодекстің ережелері қолданылады.

Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттар Қазақстан Республикасы Азаматтық іс жүргізу кодексінен басым болады және халықаралық шартта оның қолданылуы үшін заң шығарылуы (конституциялық ереже) талап етіледі деп көрсетілген жағдайларды қоспағанда, олар тікелей қолданылады.

Азаматтық іс жүргізу құқығының қайнар көздері азаматтық іс жүргізу құқық саласы ережелерінің бірлігін қалыптастырып, соттардың азаматтық істерді талдау және шешуінің нормативтік тәртібін бекітеді.

4Мемлекет және құқық теориясы оқулығында берілген бір дефиницияға сәйкес, құқық қайнар көзі дегеніміз белгілі қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған мемлекет еркінің көрініс табуы.

5Қазақстан Республикасының Конституциясы. – Астана, 2010.

6«Қайта құру» кезеңі деп қазіргі заман тарихында 1985 жылдан бастап (билікке Совет Одағының коммунистік партиясының соңғы Бас хатшысының, кейіннен КСРО Президенті М.С. Горбачевтің келуі), кеңестік мемлекет тарағанға дейінгі кезең танылады.

7Бұл бап ережелері кезінде соттарда көптеген сұрақтар туындатты, себебі осы Заң шығарылған соң 1999 жылдың 1 шілдесі мен 13 шілдесі аралығында қабылданған шешімдері заңсыз болып қалды. Осыған орай Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты 1999 жылғы 16 шілдеде арнайы Қаулы шағарып, соттарға түсініктеме берді. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4 бабы 4 тармағының нормаларына сәйкес, 1999 жылғы 1 шілдеден қолданысқа енгізілген Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (Ерекше бөлім) және Қазақстан Республикасы Азаматтық іс жүргізу кодексінің мәтіндері толықтай ресми түрде жарияланған соң ғана қолданылуы мүмкін. Сонымен қатар аталған заңдар жарияланғанға дейін азаматтық және шаруашылық істерін қарауда соттар Қазақ ССР-нің Азаматтық кодексінің (Ерекше бөлім), Қазақ ССР-нің Азаматтық іс жүргізу кодексінің нормаларын және Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 17 қаңтардағы «Қазақстан Республикасында арбитраждық соттардың шаруашылық дауларын қарау тәртібі туралы» Заңын басшылыққа алатындығы қаулы етілді.

Наши рекомендации