Тақырып. Прокуратураның құқықтық актілері

1. Прокурорлық қадағалау актілерінің жүйесі мен классификациясы.

2. Прокурорлық қадағалау актілері.

3. Прокуратураны ұйымдастыру және оның қызмет мәселелерін реттейтін актілер.

1.Прокуратураның құқықтық актілерінің жүйесі мен түрлері туралы «Прокуратура туралы» Заңның 3-тарауында айқындалған.

Заңның 18-бабына сәйкес прокуратураның құқықтық актілерінiң жүйесiн:

1) прокурорлық қадағалау актілері: наразылық, қаулы, ұйғарым, өтiнiш, санкция, нұсқау, ұсыныс, үндеу, алдын ала ескерту, заңнамалық актіге түсiндiрме беру;

2) прокуратураны ұйымдастыру және оның қызмет мәселелерiн реттейтiн актiлер: бұйрықтар, нұсқаулар, өкiмдер, ережелер, нұсқаулықтар құрайды.

Актілердің бірінші түрімен прокурор заңдылық бұзушылықтарға елеуді немесе заңмен көзделген әрекеттерін жузеге асырады.

Прокурорлық қадағалаудың барлық актілері, соның ішінде алқалық органдарға жолданған актілер нақты персонификацияланған немесе жекеленген болуы керек.

Прокурорлық қадағалау актілерінде прокурор құқық бұзушылықтың мәнін, оның теріс нәтижелерін және оның жасалуының себептері мен жағдайларын баяндайды. Прокурор құқық бұзушылықтың өзін, оның себептері мен жағдайларын жою, кінәлі тұлғалардың жауапкершілігі туралы мәселелерді қою керек.

Әдетте, прокурорлық қадағалау актілері үш бөліктен тұрады: кіріспе, сипаттама, қорытынды бөліктері.

Кіріспе бөлігінде актінің мезгілі, тіркеу номері, адрес иесі, актінің енгізілу мәселесі, актінің аты баяндалады.

Сипаттама бөлігінде прокурормен анықталған нормативтік және басқа құқықтық актілерінің бұзушылықтары баяндалады.

Қорытынды бөлігінде прокурордың лауазымды тұлғаның заңсыз шешімінің немесе әрекетінің күшін жою немесе тоқтату туралы, заң бұзушылықтарды анықтауға және бұзылған құқықты қалпына келтіру шараларын қабылдау туралы талаптары немесе ұсынымдары, сондай-ақ заңмен көзделген қадағалау актісін қарау немесе орындау міндеті, оның қаралу немесе орындалу мерзімін, қаралу немесе орындалу нәтижелерін хабарлау міндеті түсіндіріледі.

Нормативтік құқықтық актілердің заңдылығын қамтамасыз ету шараларына нормативтік құқықтық актіні Конституция мен заңға сәйкес келтіру және заңсыз нормативтік құқықтық актінің қолданылуын белгіленген тәртіппен тоқтату кіреді.

Нормативтік құқықтық актілердің қолданылуын келесі прокурорлық қадағалау актілері тоқтата алады: наразылық, қаулы.

Аталмыш актілер осындай талап қойылған кезде міндетті түрде жариялануы тиіс.

2."Прокуратура туралы" Заңның осы тарауының кейінгі баптарында әрбір қадағалау актілерінің сипаттамасы мен мағынасы айқындалған.

Наразылық.

Прокурорлық қадағалаудың бұл актісі туралы Конституцияның 83-бабында айтылған. Осы бапқа сәйкес прокуратура кез келген құқықтық шешімдерге наразылық жасауға құқылы. Осы конституциялық норманы жүзеге асыру тәртібі "Прокуратура туралы" Заңның 19-бабымен көзделген.

Атап айтқанда, прокурор Конституцияға, заңдарға және Республика Президентінің актілеріне қайшы келетiн нормативтiк және өзге де құқықтық актiлерге, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың шешiмдерi мен iс-әрекеттерiне наразылық жасайды.

Яғни прокурордың наразылығы - ол мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының немесе лауазымды тұлғаның құқықтық актісіне келтірілген осы актіні бұзу немесе заңға сәйкес келтіру туралы нақты деректермен дәлелденген прокурорлық қадағалау актісі.

Наразылық: 1) заңсыз актіні, шешімді қабылдаған органға; 2) немесе лауазымды тұлғаға; 3) немесе жоғары тұрған органға не жоғары тұрған лауазымды тұлғаға, - келтіріледі.

Сонымен қатар, органның немесе лауазымды тұлғаның заңсыз iс-әрекеттерiне наразылық нақ осындай тәртiппен жасалады.

Наразылықтың нақты қайда жолданатынын прокурордың өзі шешеді. Бірақ барлық жағдайда прокурордың шешімі тиімділік және мақсаттылық талаптарына негізделу керек.

Наразылықта прокурор заңсыз актiнiң күшiн жоюды не оны Конституцияға және заңдарға сәйкес келтiрудi, сондай-ақ лауазымды тұлғаның заңсыз әрекеттерiн тоқтатуды және бұзылған құқықты қалпына келтiрудi талап етедi.

Прокурордың наразылығын тиiстi орган немесе лауазымды тұлға күнтізбелік он күн ішінде қарауға тиiс. Дегенмен наразылық бойынша шешім дайындау және қабылдау қажеттілігіне байланысты прокурор оны қараудың өзге де мерзімін белгілеуге құқылы, бірақ бұл кемінде күнтізбелік он күн болуға тиіс.

Прокурор наразылық келтіретін құқықтық актілердің қатарына сот актілері де жатады. Олардың жолдану және сотта қаралу тәртібі мен мерзiмi Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік, Азаматтық процестік, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстерінде айқындалады. Наразылықтың бұл түрі туралы прокурордың сотта мемлекет мүддесін білдіру жөніндегі құзыретін талдау кезінде айтылады.

Мемлекеттік орган немесе лауазымды тұлға наразылықтың қаралатын күнi туралы прокурорға хабарлауға мiндеттi.

Прокурор наразылық жасалған актiнiң не iс-әрекеттiң орындалуын наразылық бойынша шешiм қабылданғанға дейiн тоқтата тұруға хақылы.

Бұл талап заңдарға наразылық келтірілген жағдайларға таралмайды, сондықтан наразылық заңдардың қолданылуын тоқтатпайды.

Өзінің мағынасына сәйкес наразылық келесі элементтерден тұрады:

– наразылық келтірілген органның аты, оның заңды мекенжайы, керек кезде лауазымды тұлғасының аты-жөні және наразылықтың келтіру мезгілі;

– қадағалау актісінің аты, наразылық білдірілген нақты құқықтық акт, оның номері және қабылдау мезгілі;

– наразылы болып тұрған құқықтық актінің жалпы мінездемесі;

– құқықтық актінің Конституция және басқа заңнамаға қайшы келетін баптары, тармақтары, олардың бөліктері;

– наразылы болып тұрған құқықтық актімен бұзылған Конституцияның және басқа заңнаманың нақты нормалары;

– тиісті лауазымды тұлғаға немесе органға құқықтық актіні Конституцияға және басқа заңнамаға сәйкес келтіру туралы, осы наразылықты орындау мерзімі және оны орындау туралы мәліметті жолдау міндеті туралы ұсыныс;

– прокурордың қолы.

Конституцияға сәйкес прокурор заңдарға да наразылық келтіре алады. Алайда мұндай наразылық келтірудің заңнамалық тетігі әлі де дамымаған. Сондықтан қазіргі жағдайда прокурордың бұл өкілеттігін жүзеге асыруға құқықтық мүмкіндік жоқ деуге де болады.

Егер актіні заңсыз деп тану туралы наразылық қанағаттандырусыз қалдырылса, прокурор арызбен сотқа жүгіне алады.

Арыз наразылық қанағаттандырусыз қалдыруы немесе оның заңмен көзделген қаралу мерзімнің өткені туралы білген сәттен бастап он күн мерзім ішінде сотқа беріледі.

Осындай арыздың берілуі құқықтық актінің әрекеті тоқтатылуына әкеліп соғады.

Қаулы.

Егер де заңның бұзылуы лауазымды тұлғамен немесе азаматпен жасалынатын болса, онда прокурор заңның бұзылу сипатына қарай қылмыстық іс бойынша, тәртіптік іс жүргізуді, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуді қозғау туралы қаулы шығарады.

Прокурордың қаулылары туралы "Прокуратура туралы" Заңның 20-бабында айтылған.

Сонымен қатар, прокурор заңның қолданылуына тексерiс жүргiзу туралы, алу туралы, тексеру туралы, тыйым салу туралы, тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды жою немесе алып тастау туралы, заңсыз құқықтық актiнiң күшін тоқтату туралы, прокурордың талабын мәжбүрлеп орындату туралы, жеткiзу (күштеп әкелу) туралы, сондай-ақ заңда көзделген басқа да реттерде қаулы шығарады.

Қаулының нысаны - жазбаша. Қаулыда оның шығарылу мезгілі мен орны, прокурордың аты-жөні, лауазымы (сыныптық шені), прокурордың шешім қабылдауына негіз болған нақты деректер және шешімнің өзі (тәртіптік іс жүргізу қозғау және т.б.), қай жерге, кімге орындалу үшін жолданатыны көрсетіледі. Қажет болған жағдайда қаулыға прокуратураның мөрі басылады.

Қаулы қылмыстық процесс, әкімшілік құқық бұзушылык туралы немесе тағы басқа заңдардың, Бас Прокурордың тиісті бұйрықтары мен нұсқауларының талаптарына сәйкес, прокуратураның басшысымен немесе оның тапсырмасы бойынша орынбасарымен шығарылады.

Қаулы үш бөліктен тұрады: кіріспе, сипаттама-дәлелдеуші және қаулы қабылдаушы.

Прокурордың қаулысын уәкiлеттi орган немесе лауазымды тұлға заңмен белгiленген мерзiмде, ал мұндай мерзiм болмаған жағдайда, прокурор белгiлеген мерзiмде мiндеттi түрде орындауға тиiс. Қаулының орындалу нәтижелерi туралы прокурорға дереу хабарланады.

Прокурордың қаулысын белгiленген мерзiмдерiнде орындамау Қазақстан Республикасы заңдарында көзделген жауапкершілікке әкеп соғады.

Санкция.

Санкция құқықта бірнеше мағынаны білдіреді. Осы қаралап жатқан аспекттен санкция - жоғары инстанциямен бір нәрсені бекіту, рұқсат беру.

Санкциямен прокурор қылмыстық қудалау және басқа органмен қабылданған шешімнің заңдылығын растайды.

Прокурордың санкциясы туралы «Прокуратура туралы» Заңның 21-бабында айтылған.

Аталмыш норма бірнеше рет өзгертілген. Соңғы өзгертулер 24.11.2015 Заңмен енгізіліп, 2016 жылдан бастап қолданысқа енгізілген. Бұл өзгерістер Қылмыстық-процестік кодекске енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға байланысты болған және прокурордың санкция беру өкілеттігін шектеуге бағытталған.

Бүгінгі күні прокурор:

1) азаматтардың Конституциямен және заңмен қорғалатын құқықтары мен мүдделерін қозғайтын жедел-iздестiру іс-шаралары мен тергеу әрекетiн, оның ішінде жасырын тергеу әрекеттерін жүргiзуге;

2) шетелдiктердi немесе азаматтығы жоқ адамдарды шығарып жіберу үшiн ұстауға;

3) мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды адамдарының (Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң лауазымды адамдарын қоспағанда) банк құпиясын құрайтын құжаттарға қол жеткiзуіне;

4) тiкелей заңмен көзделген өзге жағдайларда санкция (келiсiм) бередi.

Басқа сөзбен айтқанда, прокурор санкциялайтын (санкция беретін) әрекеттер тізімі недәуір қысқартылған. Мысалы, прокурор бұрынғыдай айып тағылған адамды қызметтен шеттетуге, сезiк келтiрiлген немесе айып тағылған адамды сараптама жүргiзу үшiн медициналық мекемеге орналастыруға, тiнтуге және (немесе) алуға, Қазақстан Республикасының аумағында қылмыс жасаған және тергеуден жасырынып жүрген адамға қатысты халықаралық iздестiру жариялауға санкция бермейді.

Бұл әрекеттер соттың құзыретіне кіретін болды.

Мемлекеттік органдарға ішінде банк құпиясы бар құжаттарға қол жеткізуді санкциялау кезінде прокурор келесіні басшылыққа алу керек.

"Банктар және банктік қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 50-бабына сәйкес банк құпиясына банктің клиенттерi мен корреспонденттерi, олардың операциялары мен көрсетілетін банктік қызметтерді алуға байланысты банктермен өзара қарым-қатынастары туралы мәліметтер, оның ішінде шектеусіз: банктік шоттардың бар екендігі, олардың иелерi мен нөмiрлерi және банктердің корреспонденттері, осы шоттардағы және банктің өз шоттарындағы ақшаның қалдығы мен қозғалысы, аударылған шоттардағы шектеулер (мемлекеттік органдардың шығыс операцияларын тоқтата тұру, тыйым салу, кепілдер туралы шешімдері және (немесе) өкімдері), клиенттер мен корреспонденттердің және банктің өз операциялары (банк операцияларын жүргiзудiң жалпы шарттарын қоспағанда), сондай-ақ банктің сейф жәшiктерiнде, шкафтарымен үй-жайларында сақтаулы жатқан клиенттер мүлкiнiң болуы, иелерi, сипаты мен құны туралы ақпарат, клиенттердің кредит алу (осы бапта айқындалған жағдайлардан басқа), төлемдер және (немесе) ақша аударымдары бойынша, оның ішінде банктік шотты ашпай орындалатын операцияларды жүргізу туралы ақпарат кiредi.

Таратылу процесіндегі банк берген кредиттер туралы мәліметтер банк құпиясына жатпайды.

Банктерге жолданған заңды тұлғаның және (немесе) оның құрылымдық бөлімшесінің банк шоттарының, сондай-ақ заңды тұлға құрмай кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғаның, жеке нотариустың, жеке сот орындаушысының, адвокаттың, кәсіби медиатордың ағымдағы шоттарының бар-жоғы және нөмiрлерi туралы, осы шоттардағы ақша қалдықтары және ақша қозғалысы туралы сұраныстарды санкциялау: сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарына - олардың өндірісіндегі қылмыстық істерді зерделеуден соң; клиенттердің экспорттық және (немесе) импорттық операциялары жөніндегі мәліметтер туралы сұранысты мемлекеттік кіріс органдарына, соның ішінде кеден бақылау органдарына - сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асырушы жеке не заңды тұлғаның қызметін тексеріс тағайындау туралы ұйғарым ұсынған соң; салық органдарына - салық төлеушіні тексеруді тағайындау туралы заңда белгіленген тәртіппен шығарылған ұйғарым бар болған жағдайда; оңалту және банкроттық саласындағы уәкiлеттi органға тұлғаға қатысты банкроттық және (немесе) оңалту туралы іс қозғалғанға дейінгі бес жыл ішіндегі кезең үшін мәліметті банкрот деп тану туралы заңды күшіне енген сот шешімі бар болса.

Жеке тұлғаның банк шоттарының бар-жоғы және нөмiрлерi туралы, осы шоттардағы ақша қалдықтары мен ақша қозғалысы туралы анықтамалар, сондай-ақ оның банктiң сейф жәшiктерiнде, шкафтары мен үй-жайларында сақтаулы жатқан мүлкінің сипаты мен құны туралы сұранысты санкциялау анықтау және алдын ала тергеу органдарына: олардың өндірісіндегі қылмыстық iстер бойынша, жеке тұлғаның шоттарда немесе банкте сақтаулы жатқан ақшасына және өзге де мүлкiне тыйым салынуы, олардан өндiрiп алу немесе мүлкiн тәркiлеу қолданылуы мүмкiн болатын жағдайларда, анықтау немесе алдын ала тергеу органының біріншi басшысы немесе тергеушісi қол қойған, мөрiмен расталған жазбаша сұрау салу болса жүргізіледі.

«Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жеке тұлғаның, оның ішінде кәсіпкерлік қызметін заңды тұлға құрмастан жүзеге асыратын жеке тұлғаның, жекеше нотариустың, жеке сот орындаушысының, адвокаттың, кәсіби медиатордың банктік шоттарының болуы және нөмірлері туралы, жария ету субъектілерінің ақшаны жария ету үшін ашылған осы шоттардағы ақшаның қалдықтары мен қозғалысы туралы анықтау және алдын ала тергеу органдарының, мемлекеттік кіріс органдарының сұраныстарына Бас Прокурормен немесе оның орынбасарларымен санкция беріледі.

Аталмыш әрекеттерге санкция (рұқсат) бермес бұрын прокурор санкция сұрауға негiз болған материалдарды зерделейді, содан кейін ғана лауазымды тұлғаның қаулысына бұрыштама және қол қою арқылы жиырма төрт сағаттың iшiнде ресiмдейдi.

Заңмен қорғалатын құпияны қамтитын мәліметтерді алуға байланысты жасырын тергеу әрекеттерін қоспағанда, көрсетілген әрекеттерге санкция Қазақстан Республикасының элек-трондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасына сәйкес электрондық цифрлық қолтаңба арқылы да куәландырылуы мүмкін.

Прокурор адамның және азаматтың бостандық құқықтарын шектеуi мүмкiн жедел-iздестiру және өзге қызмет мәселелерi жөнiндегi ведомстволық нормативтiк құқықтық актiлердiң қолданылуына келiсiм бередi.

Нұсқау

Нұсқауды сипаттайтын "Прокуратура туралы" Заңның 22-бабы Қылмыстық процестік кодекстің қабылдануына байланысты 04.07.2014 Заңмен жаңа редакцияда берілген.

Оған сәйкес прокурор:

1) қылмыстық iстердi тергеп-тексеруге байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарына;

2) жедел-iздестiру қызметiн және жасырын тергеу әрекеттерін жүзеге асыратын органдарға;

3) заңнамада белгiленген өзге де жағдайларда нұсқау бередi.

Прокурормен нұсқау беру - процестік әрекет, деуге де болады.

Прокурордың нұсқауы анықтық, нақтылық және айқындық сияқты талаптарыңа сай болуы керек. Мысалы, көзбе-көз беттестіру өткізуді ұсына отырып, прокурор, оны кімнің арасында және тергеудің қай сәтінде өткізу керек екенін, қандай сұрақтар анықтау керек екенін көрсетуі тиіс.

Тергеушіге немесе анықтаушыға нұсқауды прокурор, оның орынбасары немесе өкілеттігіне сәйкес көмекшісі де бере алады.

Прокурордың нұсқауына шағым жасау оның орындалуын тоқтатпайды.

Прокурор нақты қылмыстық істер мен материалдар бойынша нұсқау беру құқықығымен қатар нормативтік нұсқауларды да бере алады.

Ол туралы осы баптың 2-тармағында көрсетілген. Атап айтқанда, Республика Бас Прокурорының жедел-iздестiру қызметi, жасырын тергеу әрекеттері және сотқа дейінгі тергеп-тексеру мәселелерi жөнiндегi нормативтiк сипаттағы нұсқауы барлық тергеу және анықтау органдарының, жедел iздестiру қызметiн және жасырын тергеу әрекеттерін жүзеге асыратын органдардың орындауы үшін мiндеттi.

Мысалы, Бас Прокурордың нақты арнайы жедел-іздестіру шарасына қатысты нормативтік нұсқауы осы шараларды жүзеге асырған кезде кез келген жедел-іздестіру органымен орындалу керек. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарын алатын болсақ, мысалы, егер Бас Прокурор нақты тергеу әрекетіне қатысты нормативтік нұсқау қабылдаса – бұл нұсқау осы тергеу әрекетін жасайтын кез келген тергеушімен, анықтаушымен орындалу керек.

Өтініш

Прокурордың өтініші туралы «Прокуратура туралы» Заңның 23-бабында айтылған.

Прокурор заңға сәйкес бұзылған құқықтарды қалпына келтiру және мемлекеттiң, жеке және заңды тұлғалардың мүдделерiн қорғау үшiн сотқа талаптық өтiнiш жасауға хақылы.

Прокурорлық қадағалау актілері қабылданбаған немесе олар заңда белгiленген мерзiмде қаралмаған жағдайларда прокурор органдар мен лауазымды тұлғалардың iс-әрекеттерi мен актілерін жарамсыз деп тану туралы, сондай-ақ заңды бұзушылықты болдырмау туралы сотқа өтiнiш беруге құқылы.

Прокурор наразылық келтiрiлген актiнiң күшiн арызды сот қарағанға дейiн өз қаулысымен тоқтата тұруға құқылы.

Сотқа берiлген прокурорлық қадағалау актілерінiң қабылданбауына немесе қараусыз қалдырылуына байланысты өтiнiштi сот заңда белгiленген тәртiппен қарайды.

Прокурордың өтiнiшiне мемлекеттік баж бен өзге де алымдар салынбайды.

Прокурордың сотқа өтініш жасау негіздері, тәртібі мен мерзімі туралы, сондай-ақ оларды сотпен қарау мерзімі мен тәртібі 2016 жылдан бастап қолданысқа енгізілген Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің нормаларымен реттеледі.

Бұл тұрғыда міндетті түрде аталмыш кодекстің 54-бабын атап өту қажет. Осы баптың 3-бөлігіне сәйкес прокурор азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін, қоғамдық немесе мемлекеттік мүдделерді қорғау туралы талап қоюмен, арызбен сотқа жүгінуге құқылы. Әлеуметтік саладағы шектелмеген адамдар тобының еңбек, тұрғын үй және өзге де құқықтары мен бостандықтарын қорғау туралы, сондай-ақ әрекетке қабілетсіз азаматтың мүдделерін қорғауға талап қоюды прокурор мүдделі тұлғаның өтініші мен арызына қарамастан беруі мүмкін.

Талап қойған прокурор, бiтiмгершiлiк келiсiм және дауды медиация тәртiбiмен реттеу туралы келiсiм жасау құқығынан басқа, талап қоюшының барлық iс жүргiзу құқықтарын пайдаланады, сондай-ақ барлық процестік мiндеттерiн мойнына алады.

Бірақ бұл құқықтың жүзеге асу шектері бар.

Атап айтқанда, осы баптың 4-бөлігіне сай, егер талап қоюшы прокурор мәлiмдеген талапты қолдамаса, егер үшiншi тұлғалардың құқықтары, бостандықтары және заңды мүдделерi қозғалмаса, онда сот талапты (арызды) қараусыз қалдырады.

Сол АПК-тің 29-тарауында прокурордың органдар мен лауазымды тұлғалардың актілері мен іс-әрекеттерін заңсыз деп тану туралы жүгіну тәртібі айқындалған.

Кодекстің 292-бабына сәйкес, егер жеке қолданыстағы құқықтық актіге, сондай-ақ, мемлекеттік органның немесе лауазымды адамның әрекеттеріне келтірілген прокурордың наразылығы осы актіні шығарған орган, немесе осы заңсыз әрекетті жасаған лауазымды адам қабылдамаса (қанағаттандырусыз қалдырса), онда прокурор заңсыз актіні, іс-әрекетті заңсыз деп тану туралы сотқа жүгінеді.

Сотқа арыз наразылықты қарау нәтижелерi туралы хабарлама алынған кезден бастап он күн мерзiмде немесе оны қараудың заңда белгiленген мерзiмi өткеннен кейiн берiледi.

Прокурордың сотқа жүгiнуi наразылық білдірілген (келтiрiлген) жеке қолданыстағы құқықтық актінің қолданылуын сот қарағанға дейін тоқтата тұрады.

Сот прокурордың арызын істі сот талқылауына дайындау аяқталған күннен бастап он күн мерзімде прокурордың қатысуымен және наразылықты қабылдамау туралы шешім қабылдаған органның, лауазымды адамның немесе оның өкілінің қатысуымен қарайды.

Сот органның, лауазымды тұлғаның әрекеттерiнің (әрекетсiздiгiнің) және шешімдерінің заңсыздығы туралы прокурордың арызын негізді деп танып, арызды қанағаттандыру туралы шешім шығарады. Сот органды, лауазымды адамды жол берілген бұзушылықты толық көлемде жоюға міндеттейді.

Аталмыш тәртіп прокурордың нормативтік құқықтық актіні заңсыз деп тану туралы өтініш берген жағдайда да сақталады.

АПК-тің 298-бабына сай заңға сәйкес келметін нормативтік құқықтық актіге наразылықты заңсыз нормативтік құқықтық актіні шығарған орган немесе лауазымды адам не жоғары тұрған орган немесе лауазымды адам қабылдамай тастаған жағдайда прокурор нормативтік құқықтық актіні заңсыз деп тану туралы арызбен сотқа жүгінеді.

Сотқа өтініш жасау прокурорлық қадағалау актілерінің ең күрделі түрлері болып табылады, өйткені сот процесінің айтысу қағидасына сәйкес әрбір тарап іс бойынша өзінің ұстанымын дәлелдейтін дәлелдемелер мен уәждерін келтіреді.

Сонымен қатар, өтініштің негізіділігіне құқықтық бағаны сот береді. Ал заң күшіне енген сот актісі барлық органдар мен лауазымды тұлғалар үшін, оның ішінде прокурор үшін міндетті болып табылады.

Прокурордың сотқа қатысу тәртібі және оның өкілеттіктері туралы келесі тақырыптарда айтылады.

Ұйғарым

"Прокуратура туралы" Заңның 24-бабына сай заңды бұзушылықты жою туралы жазбаша ұйғарымды прокурор енгiзедi және оны заңды бұзуға жол берген органға немесе лауазымды тұлғаға, не жiберiлген заң бұзушылықты жоюға өкiлеттi органға немесе лауазымды тұлғаға жiбередi.

Ұйғарымның құқықтық күші ерекше және өте зор, өйткені ол прокурор белгiлеген мерзiмде мiндеттi түрде орындалуға тиiс, және ұйғарымның орындалуы туралы прокурорға дереу хабарланады. Прокурордың ұйғарымын орындамау Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауапкершілікке әкеп соғады.

Сондықтан ұйғарым еркеше жағдайда ғана енгізіледі. Олар аталмыш нормада көрсетілген:

егер заңды бұзу

- ашық сипатта болса,

- адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына, сондай-ақ заңды тұлғалардың, қоғам мен мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiне елеулi зиян келтiруi мүмкiн болса,

- дереу жойылмайтын болған жағдайда.

Бұл жерде айта кететін жайт: ұйғарымды нормативтiк құқықтық актiлерге енгiзуге болмайды.

Ұйғарымда прокурор Конституцияның, заңдар мен Республика Президентi актілерінiң бұзылған нормалары көрсетiп, құқық бұзушылықтың сипаты мен заң бұзушылықты жою жөніндегі шаралар туралы нақты ұсыныстар беруге тиiс.

Прокурордың ұйғарымына жоғары тұрған прокурорға не сотқа шағым берiлуi мүмкiн.

Ұйғарымға шағымның берiлуi оның орындалуын тоқтата тұрмайды. Бірақ жоғары тұрған прокурор немесе сот шағым бойынша шешiм қабылданғанға дейiн ұйғарымның орындалуын тоқтата тұра алады.

Ұсыныс

Прокурордың ұсынысы – ол мемлекеттік органдардың және олардың лауазымды тұлғаларының әрекеттері (әрекетсізіді) немесе заңсыз шешім қабылдауының нәтижесінде пайда болған заң бұзушылықтарға прокурорлық елеу актісі.

Заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс жол берілген бұзушылықтарды жоюға өкілетті органға немесе лауазымды тұлғаға келтіріледі және кідіріссіз қаралуға жатады.

Ұсыныс жазбаша түрде шығарылады және өзінің мазмұны бойынша келесі элементтерден турады:

– ұсыныс жолданған және анықталған заң бұзушылықты жоюға өкілетті лауазымды тұлғаның аты-жөні, ұйымның заңды мекенжайы, ұсыныстың шығарылу мезгілі;

– құжаттың аты, бұзушылықтар анықталған қоғамдық қатынастар саласы (мысалы, балалардың денсаулығын қорғау туралы заңнаманың бұзушылықтарын жою туралы ұсыныс);

– прокурорлық тексеру жүргізілген ұйымның толық аты; анықталған заң бұзушылықтарды, олардың теріс нәтижелері, осы нәтижелерге әкеліп соққан себептер мен жағдайларды сипаттау; жауапты тұлғаларды көрсету, бұзылған заңдарды түсіндіру, оларды жою туралы ұсыныстар. Сонымен қатар, прокурор бұзушылықтарды жасаған және оларға әкеліп соқтырған тұлғалардың құқықтық жауапкершілікке тартылуын талап етеді, сондай-ақ істің деректі жағдайларға негізделген тиісті уәждер;

– прокурордың заңнаманы бұзушылықтарды жою, Конституция мен заңнамалық актілермен кепілденген қоғамдық қатынастарды қамтамасыз ету және ұсыныстың қаралу нәтижелерін бір ай мерзімде хабарлау туралы талаптары;

– прокурордың қолы.

Прокурор өзінің ұсынысында заң бұзушылықтарды жою туралы талаптардан басқа талаптар да қоюы мүмкін.

"Прокуратура туралы" Заңның 25-бабына сәйкес прокурор өз құзыретi шегiнде келесі ұсыныстар енгізеді:

1) заңдылықты бұзушылықтарды жою туралы;

2) қылмыс жасауға және басқа да құқық бұзушылықтарға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы;

3) Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес қол сұғылмаушылық құқығы бар тұлғаларды одан айыру мәселелерi бойынша;

4) заңда белгiленген өзге жағдайларда.

Ұсынысты лауазымды тұлға немесе орган заңдылықтың бұзылуын, сондай-ақ оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою бойынша шараларды мiндеттi түрде қабылдай отырып, прокурор белгілеген мерзімдерде, бірақ күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей қарауға тиiс.

Прокурор ұсынысты қарау кезінде қатысуға құқылы. Мемлекеттік орган немесе лауазымды тұлға ұсыныс қаралатын күнге дейін күнтізбелік үш күннен кешіктірмей ұсынысты қарау орны мен уақыты туралы прокурорға хабарлауға тиіс.

Ұсынысты қараудың нәтижелерi және қолданылған шаралар туралы ұсыныс қаралған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде прокуратураға хабарланады.

Алдын ала ескерту

Алдын ала ескерту "Прокуратура туралы" Заңына 2010 жылғы 29 желтоқсандағы Заңмен енгізілген.

Бұл қадағалау актісінің мәні - оның заң бұзушылықтың алдын алуға бағытталғаны. Басқаша айтқанда, бұл акті құқықты қасақана емес бұзушыларға қатысты жазалау шараларын қолдану үнемділігіне бағытталған.

Құқық бұзушылықтарды алдын алу үшін және заңға қайшы іс-әрекеттер жасалатыны туралы мәлімет болған жағдайда прокурор тиісті тұлғаларға жазбаша түрде алдын ала ескерту жолдайды.

Алдын ала ескерту қадағалаудың бір саласында ғана қолданылады, ол - адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының, заңды тұлғалардың және мемлекеттің мүдделерінің сақталуын қадағалау (жалпы қадағалау) саласы.

Алдын ала ескерту прокурорда дайындалып жатқан заңға қайшы әрекеттер туралы мәлімет болса, барлық жағдайларда қолданады. Бірақ тұлғаны алдын ала ескерту үшін бір де бір негіз - ол қылмыстық жауапкершілікке әкеп соқпайтын құқық бұзушылықтарды жасауға және мемлекеттік немесе қоғамдық мүдделерге, немесе заңмен қорғалатын азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының бұзылуына әкеліп соғатын дайындалып жатқан заңға қайшы әрекеттер туралы сенімді мәлімет болуы.

Алдын ала ескерту нақты азаматқа және нақты заңды тұлғаға жолданады. Онда прокурор заң бұзуға жол берілмейтіндігі туралы және заңмен көзделген жауаптылық ескертеді. Егер алдын ала ескертудің субъектісі заң бұзушылықтарды жоюға бағытталған шараларды қолданбаса, оған бұзылған заңның санкциялары қолданылады.

Алдын ала ескертуді жолдау бұрын прокурор міндетті түрде түскен мәліметтерді тексеруі және тиісті лауазымды тұлғалардан түсініктеме алуы тиіс.

Алдын ала ескертуде қойылған талаптар орындалмаған жағдайда лауазымды тұлға заңда белгіленген жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Сонымен "Прокуратура туралы" Заңның 25-1-бабына сай құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында немесе дайындалып жатқан құқыққа қарсы әрекеттер туралы мәліметтер болған кезде прокурор жазбаша нысанда жеке және заңды тұлғаларға заңды бұзуға жол берілмейтіні туралы алдын ала ескерту жасайды және оларға заңда белгіленген жауаптылық туралы ескертеді.

Яғни алдын ала ескерту жасау үшін келесі жағдайлар болу керек:

- құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында;

- немесе дайындалып жатқан құқыққа қарсы әрекеттер туралы мәліметтер болған кезде.

Осы аталмыш жағдайлардың бірі туындаған кезде прокурор жазбаша нысанда жеке және заңды тұлғаларға заңды бұзуға жол берілмейтіні туралы алдын ала ескерту жасайды және оларға заңда белгіленген жауапкершілік туралы ескертеді.

Үндеу

Аталмыш 29.12.2010 Заңмен қадағалау актілерінің тізімі жаңа актімен толықтырылған.

Заңның 25-2-бабына сай прокуратура органдары заңдылықты қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында лауазымды тұлғаларға, мемлекеттік органдарға, заңды және жеке тұлғаларға үндеу жасауға құқылы.

Бұл ретте үндеу бұқаралық ақпарат құралдары пайдаланыла отырып немесе өзге де жария ету тәсілімен таратылады.

Алдын ала ескерту сияқты үндеу заңдылықты қамтамасыз ету, заң бұзушылықтарды болдырмау мақсатында, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында жасалады.

Үндеу лауазымды тұлғаларға, мемлекеттік органдарға, заңды және жеке тұлғаларға жіберіледі.

Іс-тәжірибеде бұл қадағалау актісі жиі қолданылмайды, өйткені оны қолдануға әкеп соғатын жағдайлар мемлекет пен қоғамда аз.

Дегенмен де, олар кездеседі. Мысалы, Бас прокуратураның prokuror.kz. ресми сайтында орналастырылған 30.10.2014 үндеуінде Бас прокуратура заңдылықты орнату және құқық бұзушылықтарды алдын алу мақсатында Ауғанстан, Сирия, Ирак мемлекеттерінің аумақтарында Қазақстанның кейбір азаматтарының жауынгерлік әрекеттерге қатысуы, сондай-ақ кейбір азаматтардың Украинаның оңтүстік-шығысында жүріп жатқан қарулы қақтығысқа қатысу үшін кеткені туралы объективтік ақпарат бар екенін және осы фактілер бойынша құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдармен қылмыстық істер қозғалып, тергелуін, ал кейбір істер бойынша айыптау сот үкімдері шығарылғаны туралы хабарлаған. Біздің азаматтардың аталмыш елдерге кету фактілері жалғасып жатқанын ескере отырып, Бас прокуратура мұндай әрекеттердің ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес қылмыс екенін атап өтіп, бұл қылмыстардың аса қоғамдық қауптілігін, шет елдердің ғана емес өз еліміздің бейбіт өміріне қауіп төндіретінін көрсеткен. Сондықтан Бас прокуратура елімізден аталмыш мемлекеттерге кеткелі жатқан Қазақстан Республикасының азаматтарын қылмыстарды жасаудан бас тартуды, ал жасаған жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылатындарын олардың естеріне салған. Сонымен қатар, аталмыш үндеуде ресми түрде мұндай сигналдардың міндетті түрде тиісті мемлекеттік органдармен мұқият тексерілетінін және жоспарланған немесе жасалған қылмыстар туралы объективті ақпаратқа қатысты тұлғалардың барлығы қылмыстық қудалауға ұшырайтындығы ескертілген.

Заңнамалық актіге түсiндiрме беру

"Прокуратура туралы" Заңның 26-бабына сай жеке не заңды тұлғалардың заңнамалық актілерді (Қазақстан Республикасы Парламентінің және оның Палаталарының қаулыларын қоспағанда) бiлмеуi немесе дұрыс түсiнбеуi заңнамалық актілерді не азаматтың немесе шектелмеген тұлғалар тобының құқықтары мен бостандықтарын бұзуға алып келуі мүмкін деп пайымдауға жеткiлiктi негiздер болған кезде прокурор заңнамалық актінің мазмұнына түсiндiрме бередi.

Осы норманы мұқият зерделесек, аталмыш қадағалау актісі нақты жағдайларда ғана шығарылады: тұлғаның заңнамалық актіні бiлмеуi немесе дұрыс түсiнбеуi заңдардың не азаматтың немесе шектелмеген адамдар тобының құқықтары мен бостандықтарының бұзылуына әкеп соғу мүмкіндігі анықталса.

Мұндай жағдайды прокурор қай уақытта анықтайды? Тек қана өзі тиісті тексеру жүргізу нәтижесінде.

Сонымен қатар, Республиканың заңнамасына сәйкес заңнамалық актіні кез келген мемлекеттік орган немесе тұлға түсіндіре бермейді. Мұндай құзырет шектелген органдар санында ғана бар.

Мысалы, тек қана Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі заңнамада көрсетілген тәртіппен Ата заңымыздың нормаларын түсіндіре алады.

Тиісінше нормативтік құқықтық актілерінің нормаларын оларды шығарған орган түсіндіре алады.

Демек, прокурорға түскен кез келген заңнамалық актіні түсіндіру туралы өтініш қанағаттандыруға, сондай-ақ өтініш берушіге заңнамалық акті түсіндірілуге жатпайды.

Алайда прокурор тексеру жүргізу немесе басқа әрекетінің нәтижесінде Заңының 26-бабында көзделген жағдайларды анықтаса, заңнамалық актіге түсіндірме беру қадағалау актісін шығаруға хақылы.

Сонымен қатар, құқықтық актiнiң жобасы заңнамалық актіге (Қазақстан Республикасы Парламентінің және оның Палаталарының қаулыларын қоспағанда) сәйкес келмеген жағдайларда, прокурор актiнi қабылдайтын органға немесе лауазымды адамға тиісті заңнамалық актінің талабын түсiндiредi.
Прокурорлық қадағалау актілері орындалмаған жағдайда оларды мәжбүрлеп орындату шаралары қабылдануы мүмкін.

Мұндай шаралар "Прокуратура туралы" Заңға 2002 жылғы 9 тамыздағы Заңмен енгізілген. жаңа 26-1-баппен толықтырылған.

Заңның 26-1-бабында келесі мәжбүрлеп орындату шаралары көрсетілген:

1) прокурордың қаулылары мен ұйғарымдарын өз еркiмен орындамаған жағдайда, ол мүлкiнен мәжбүрлеп айыруды көздейтiндерiн қоспағанда, прокурордың талаптарын мәжбүрлеп орындату туралы қаулы шығаруға және оны орындау үшiн уәкiлеттi мемлекеттік органдарға жiберуге құқылы. Уәкiлеттi мемлекеттік органдар прокурордың тиiстi қаулысын алған бойда оны орындауға дереу шаралар қолдануға мiндеттi.

2) лауазымды тұлғалар, азаматтар айғақтар беру үшiн прокуратура органдарына келуден бас тартқан жағдайда, прокурор ондай тұлғаны прокуратура органдарына жеткізу (күштеп әкелу) туралы қаулы шығаруға құқылы, оны жиырма төрт сағат iшiнде iшкi iстер органдары орындайды.

Прокурордың прокурорлық қадағалау актісін мәжбүрлеп орындату туралы қаулысы - "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 9-бабына сәйкес атқарушылық құжаттың бір түрі болып табылады, сондықтан міндетті түрде орындалуға жатады.

«Прокуратура туралы» Заңның 27-бабына сәйкес өз қызметiнiң жариялылығын қамтамасыз ету үшiн прокуратура органдары адамның және азаматтың конституциялық және заңмен қорғалатын өзге де құқықтарын, заңды тұлғалар мен мемлекеттiң мүдделерiн бұзған органдар мен лауазымды тұлғалардың заңсыз iс-әрекеттерi мен шешiмдерiне прокурорлық қадағалау актілерін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялай алады.

«Прокуратура туралы» Заңның 8-бабында прокурордың актілерінің шағымдану мүмкіндігі көзделген.

Яғни прокурордың iс-әрекеттерi мен актiлерiне жоғары тұрған прокурорға немесе сотқа шағым беруге болады.

Прокурордың талаптары мен актiлерiне шағым беру олардың орындалуын тоқтата тұрмайды.

Бірақ сот не жоғары тұрған прокурор прокурордың iс-әрекетiне немесе актiсiне арыз (шағым) бойынша шешiм шығарылғанға дейiн олардың орындалуын тоқтата тұра алады.

Жоғары тұрған прокурор азаматтардың және (немесе) заңды тұлғалардың шағымдары бойынша не өз бастамасы бойынша төмен тұрған прокурор актiлерiнiң күшiн жоя алады не оларды қайтарып ала алады.

Бұл норманың мәтініне сай прокурордың кез келген актісі шағымдалуы мүмкін сияқты. Бірақ мына мәселеге назар аудару қажет.

Бүгінгі күні Жоғарғы Соттың тәжірибесіне сәйкес тек қана белгілі немесе нақты әрекеттерді жасауға мәжбүрлейтін немесе міндетті түрде орындалуға тиіс прокурорлық қадағалау актілері ғана сотқа шағымдалуы мүмкін.

Олардың ішінде қаулы, санкция, ұйғарым.

3.Прокуратураның құқытық актілерінің екінші топтамасы прокуратура органдарының немесе жеке алынған прокуратураның ұйымдастыру қызметімен байланысты.

Олардың қатарына буйрықтар, нұсқаулар, өкімдер, ережелер, нұсқаулықтар жатады.

Аталмыш актілердің кейбіреуі нормативтік құқықтық сипатта болуы мүмкін, және оларға "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының талаптары ықпал етеді.

«Прокуратура туралы» Заңның 18-бабының 3-тармағына сәйкес прокуратураның ережелерi мен нұсқаулықтары тиiстi прокурорлардың бұйрықтарымен бекiтiледi.

Яғни, Бас Прокурор, сондай-ақ өз құзыреті шегінде облыс прокуроры, аудан прокуроры бағыныстағы прокурорлар мен әкімшілік жұмыскерлерінің тиісті сұрақтар боынша қызметін реттейтін ержелер мен нұсқаулықтарды өздерінің бұйрығымен бекітеді.

Басқа актілер: бұйрық, нұсқау, өкімдер бұйрықпен бекітуді талап етпейді.

Қадағалау атқарымын жүзеге асыру кезінде прокурорлардың басшылыққа алатын Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бұйрықтары және оысндай бұйрықтармен бекітілген нұсқаулықтар туралы келесі дәріс материалдарында нақты айтылады.

Наши рекомендации