Сараптама жасау үшін үлгілер алу
Сот сараптамасының көптеген түрлері үшін сараптамалық зерттеу жүргізу үшін үлгі алу қажеттілігі туындайды. Ол процедуралар ҚР АІЖК 91-1 бабымен реттеледі. Бұл бапқа сәйкес, судья, егер үлгілерді зерттеудің іс үшін маңызы бар болса, оларды, оның ішінде тірі адамның, мәйіттің, жануардың, заттың, нәрсенің қасиеттерін бейнелейтін үлгілерді алуға құқылы.
Әкелікті анықтау, әкелік туралы актілік жазбаларды жарамсыз деп тану (әкелігіне дау келтіру) туралы азаматтық істерді, сондай-ақ өзге де істерді қарау барысында тірі адамның қасиеттерін зерттеу қажет болады.
Мәйіттердің қасиеттері туралы ақпарат азаматтық істер бойынша сирек қолданылады, алайда іс жүргізу заңы, қажет болған жағдайларда мәйіттің үлгілерін алуға, соның ішінде оны эксгумациялау тәсілін қолдануға мүмкіндік береді.
Заттың
- өндірушісін,
- тауарлық қасиеттерін,
- химиялық құрамын,
- адам үшін зияндылық деңгейін анықтауда заттардың қасиеттері алынған үлгілер бойынша анықталады. Сараптамалық зерттеу жүргізу үшін топырақтың, судың, ауаның, газдардың сынамалық үлгілері алынуы мүмкін.
Заттың қасиеті бойынша мәлімет, мысалы, картинаның немесе антикварлық заттың түпнұсқа екендігін дәлелдеу үшін қажет болады. Сынама үшін алынған үлгілердің көмегімен сарапшы картинаның, мүсіннің (статуэтканың), антикварлық қарудың, тиынның (монетаның), зергерлік бұйымның және өзге де заттардың «жасын» анықтап бере алады. Материалдық өнімнің, дайын өнімнің сапасына қатысты дауларды қарастыруда үлгілер (сынамалар) тауардың тиісті партиясынан, сортынан алынады.
Құжаттардың түпнұсқалығын анықтауға қатысты істерде қолтаңбалық сараптамалар жиі тағайындалады. Мұндай істерді қарастыруда жауапкерлер көбінесе қарыз туралы жазбалар мен өзге құжаттардағы қойылған қолдарға күмәндатып дау келтіреді. Сарапшыға іс материалдарында бар қолжазбалық мәтіндер мен олардың үзінділері салыстыру үшін ұсынылады. Қойылған қолы дау туғызып отырған тұлғаның қолтаңба үлгілері алынады, қажетті үлгілерді алу үшін сот дәлелді ұйғарым шығарады.
Ұйғарымда:
- үлгілерді алатын адам;
- үлгілер алынуы тиіс адам (ұйым – егер ұйымның мөрінің үлгісі қажет болса);
- нақты қандай үлгілер және қандай санда алынуы тиіс екені;
- адам үлгілерді алу үшін қашан, кімге келуі тиіс екені;
- үлгілер алынғаннан кейін олардың қашан және кімге табыс етілуі тиіс екені көрсетілуі қажет.
Үлгілерді (мысалы, қолтаңба үлгілерін) судьяның жеке өзі де алуы мүмкін.
Қажет болса, егер (сараптамалардың басқа түрлері бойынша) процессуалдық әрекет үлгілер алынатын жынысы басқа адамды жалаңаштап шешіндірумен байланысты болмаса және ерекше кәсіби дағдыны талап етпесе, дәрігердің немесе басқа маманның қатысуымен алынуы мүмкін.
Заңнама бойынша үлгілерді алу құқығы судьяға, сарапшыға, дәрігерге немесе басқа маманға берілген. Үлгілерді алу сараптамалық зерттеудің бір бөлігі болып табылатын жағдайларда, бұл әрекеттерді сарапшы ғана жүргізуі мүмкін.
Үлгілерді алу процедурасы тиісті тараптарды шақырудан басталады (негізінен үлгілер талап қоюшы және жауапкер, сондай-ақ үшінші тұлғалардан) алынуы мүмкін. Судья адамды өзіне шақырып, оны, қолхат ала отырып, үлгілерді алу туралы ұйғарыммен таныстырады, оған және осы іс жүрізу әрекеттеріне қатысушы өзге де адамдарға олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді. Судья жеке өзі немесе маманның қатысуымен қажетті әрекеттерді жүргізеді, үлгілерді алады, оларды орайды және орауышқа мөр басады. Үлгілерді алу нәтижелері іс жүргізу әрекеттерінің (сот отырысының) хаттамасында тіркеледі, үлгілерді алу үшін жасалған әрекеттер, бұл ретте қолданылған ғылыми-зерттеу және басқа да әдістер мен рәсімдер, сондай-ақ үлгілердің өздері жазылады.
Жүргізілетін сараптаманың ерекшелігі, процедуралық әрекеттердің күрделілігі зерттеу (зерттеуге дайындық) жұмыстарын тек білікті адамның жасауын қажет етеді. ҚР АІЖК үлгілерді алу жұмыстарын дәрігердің немесе басқа маманның, сондай-ақ сарапшының жүргізуі тәртібін реттейді. ҚР АІЖК 92-2 бабының 1 бөлігіне сәйкес, судья үлгі алынатын адамды, сондай-ақ тиісті тапсырмасы жазылған ұйғарымды дәрігерге немесе басқа маманға жібереді. Соттың ұйғарымында осы іс жүргізу әрекетіне қатысушылардың барлығының құқықтары мен міндеттері көрсетілуі тиіс. Дәрігер немесе басқа маман судьяның тапсырмасы бойынша қажетті әрекеттерді жүргізіп, қажетті үлгілерді алады. Үлгілер оралады (буып-түйіледі), орауышқа мөр басылады. Одан кейін дәрігер немесе басқа маман жасаған ресми құжатпен бірге судьяға жіберіледі. Сарапшы зерттеу процесінде сынақ үлгілер дайындауы мүмкін, бұл туралы ол қорытынды да көрсетуі керек52.
Үлгілерді алу әдісі мен ғылыми-техникалық құралдары адамның өмірі мен денсаулығы үшін қауіпсіз болуы тиіс. Қатты ауыру сезінуін тудыратын күрделі медициналық процедураларды немесе әдістерді қолдануға (үлгілер алынуға) тиісті адам жазбаша түрде келісім бергенде ғана, ал егер ол адам кәмелетке толмаған немесе психикалық аурумен ауыратын болса, бұған оның заңды өкілдерінің де келісімімен жол беріледі.
Сараптамалық зерттеу жүргізілген соң сарапшы алынған үлгілерді оралған, орауышқа мөр басылған күйінде өз қорытындысын қосып сотқа жібереді.
Егер үлгілерді судьяның тапсырмасы бойынша маман немесе сарапшы алған болса, онда ол ресми құжат жасап, оған іс жүргізу әрекетіне барлық қатысушылар қол қойғаннан кейін іс материалдарына қоса тіркеу үшін судьяға беріледі.
52Судья мұндай үлгілерді дайындау жұмыстарын жүргізу кезінде өзі қатысуға құқылы; бұл процессуалдық әрекетке қатысқандығы жөнінде ол өзі жасайтын хаттамада көрсетеді.
Зерттеу жүргізгеннен кейін сарапшы үлгілерді оралған және орауышқа мөр басылған түрінде өзінің қорытындысына қоса тіркейді.
Сараптама түрлері
Азаматтық істерді талқылау барысында сотпен тағайындалатын сараптамалар оқу әдебиеттерінде түрлі критерийлері бойынша жіктеледі. Сарапшылардың арнайы білімі (кәсіби дайындығы) болуы тиіс білім салалар бойынша сараптамалар төмендегі түрлерге бөлінеді:
1. Соттық-медициналық. Ондай сараптамаларды тек арнайы дипломдары бар дәрігерлер жүргізеді, олардың мамандықтары сот ұйғарымында көрсетілген сұрақтардың сипатына сәйкес келуі тиіс.
2. Соттық-психиатриялық (соттық-наркологиялық). Мұндай сараптамаларды да тек қана дәрігерлер (дәрігер-психиатрлар, дәрігер-наркологтар) жүзеге асырады. Соттар іске қатысушы тұлғаны әрекетке қабілетсіз деп тану; тұлғаны әрекет қабілеттігі шектеулі деп тану; азаматты психиатриялық стационарға жатқызу және т.б. азаматтық істер бойынша осындай сараптаманы тағайындайды.
3. Соттық-автотехникалық. Сараптаманың бұл түрі жол көлік апаттарының салдарынан келтірілген зиянды өтеу және әкімшілік органдар әрекеттеріне шағымдану туралы істер бойынша тағайындалады.
4. Соттық-бухгалтерлік. Мұндай сараптамалар әдетте сот талқылауының пәні ретінде салықтар және бюджетке төленетін өзге де міндетті төлемдердің дұрыстығын анықтауға байланысты азаматтық істер қаралғанда тағайындалады.
Сот сараптамаларының аталған түрлері нақты белгіленген емес, олар соттың өндірісіндегі талап арызда көрсетілген сұрақтарға орай тағайындалады. Қосымшамысал ретінде соттық-қолтаңбалық, соттық-тауартанулық, соттық-экологиялық және т.б. сараптама түрлерін атап көрсетуге болады.
Сот сараптамаларының белгілі нормативтік түрлері бар. ҚР азаматтық іс жүргізу заңнамасында олардың келесі түрлері бөліп көрсетілген:
- Жеке сараптама – бұл бір ғана сарапшының жүргізетін сараптамасы. Бұл жағдайда сарапшы сот ұйғарымында көрсетілген барлық сұрақтарға (егер олар оның өкілеттігінде болса) жауап бере алады.
- Комиссиялық сараптама күрделі сараптамалық зерттеулер жүргізу қажет болған жағдайларда тағайындалады және оны бір мамандықтағы бірнеше сарапшы жүргізеді. Сараптамалық комиссияның мүшелері зерттеу нәтижелерін бірлесіп талдайды және ортақ пікірге келе отырып, қорытындыға қол қояды, не қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы хабарлама береді. Бұл хабарламаға да сарапшылар комиссияның мүшелері қол қояды. Сарапшылар арасында келіспеушілік туындаған жағдайда олардың әрқайсысы немесе сарапшылардың бір бөлігі жеке қорытынды береді, не пікірі комиссияның басқа мүшелерінің қорытындысымен сәйкес келмейтін сарапшы пікірін қорытындыда жеке тұжырымдайды.
Соттың шығарған комиссиялық сараптама тағайындау туралы ұйғарымы сот сараптамасы органының басшысы үшін міндетті болып табылады. Сот сараптамасы органының басшысы табыс етілген материалдар бойынша комиссиялық сараптама жүргізу туралы өз бетінше шешім қабылдауға және оны жүргізуді ұйымдастыруға құқылы.
- Кешенді сараптама іс үшін маңызы бар мән-жайларды анықтауда әртүрлі білім саласының негізінде зерттеулер жүргізу қажет болған жағдайларда тағайындалады; бұл зерттеуді мамандығы әртүрлі сарапшылар өздерінің құзіреті шеңберінде жүргізеді.
Кешенді сараптаманың қорытындысында әрбір сарапшының қандай зерттеуді, оны қандай көлемде жүргізгені және оның қандай қорытындыға келгені көрсетілуі тиіс. Әрбір сарапшы қорытындының осы зерттеулер мазмұндалған бөлігіне қол қояды.
Әрбір сарапшы жүргізген зерттеулер нәтижелерінің негізінде олар анықтау үшін сараптама тағайындалған мән-жайлар туралы ортақ қорытынды (қорытындылар) тұжырымдайды. Сараптаманың нәтижелерін тұжырымдауды тек құзіреті бар сарапшылар ғана жасай алады, олар ортақ қорытындыға (қорытындыларға) қол қояды.
Сарапшылар арасында келіспеушіліктер болған жағдайда зерттеулердің нәтижелері комиссиялық сараптамаларға қойылатын ережелерге сәйкес рәсімделеді.
Сот сараптамасы органына тапсырылған кешенді сараптама жүргізуді ұйымдастыру оның басшысына жүктеледі. Сот сараптамасы органының басшысы сондай-ақ табыс етілген материалдар бойынша кешенді сараптама жүргізу туралы өз бетінше шешім қабылдауға және оны жүргізуді ұйымдастыруға құқылы.
ҚР АІЖК 98-ші бабының 1 тармағына сәйкес, қосымша сараптама қорытынды жеткілікті түрде айқын немесе толық болмаған, сондай-ақ бұрын зерттелген мән-жайларға қатысты жаңа мәселелер туындаған кезде тағайындалады. Бұл сараптаманың ерекшелігі сол, ол сотпен (сараптама органының басшысымен) қосымша сараптама жүргізу сол сарапшының өзіне немесе басқа сарапшыға тапсырылуы мүмкін.
Қайталама сараптама сарапшының алдыңғы қорытындысы жеткілікті түрде негізделмеген не оның дұрыстығы күмән тудырған, не сараптама жүргізудің іс жүргізу нормалары елеулі бұзылған кезде дәл сол объектілерді зерттеу және дәл сол мәселелерді шешу үшін тағайындалады.
Сараптаманы тағайындаудың бұл түрін сот жалпы тәртіппен (сұрақтар шегін анықтау, ұйғарым шығару) тағайындайды. Сонымен қатар қайталама сараптама тағайындау туралы ұйғарымда алдыңғы сараптаманың нәтижелеріне келіспеудің дәлелдері келтірілуге тиіс.
Қайталама сараптама жүргізу сарапшылар комиссиясына тапсырылады. Алдыңғы сараптаманы жүргізген сарапшылар қайталама сараптама жүргізілген кезде қатысып, комиссияға түсініктемелер бере алады, алайда олар сараптамалық зерттеугежәнеқорытынды жасауғақатыспайды.
Қосымша және қайталама сараптама жүргізу тапсырылған кезде сарапшыға (сарапшыларға) алдыңғы сараптамалардың қорытындылары табыс етілуге тиіс.
Егер екінші немесе есеп бойынша келесі сараптама бірнеше негіздер бойынша тағайындалса, олардың бірі қосымша сараптама, ал екіншісі қайталама сараптама болып табылады және мұндай сараптама қайталама сараптау туралы ережелерге сәйкес жүргізіледі.