Останай тҮрмесінде отырҒан ҚазаҚ жастарыныҢ ӨлеҢі
Дариға, еркін жүрген елдер қайда?
Біз мұнда, жан-жолдастар, ерлер қайда?
Сарғайып, сар даланы сағынамыз,
Хат келмей, тым болмаса екі-үш айда.
Ел қайда дегендерге ел орнында,
Елді ойлау лайық емес бұл орнында.
Болаттай болған іске болу керек,
Көз көріп, тұр ғой істің не зорын да.
Ел қайда, дегендерге, ел қоныста,
Барамыз біз де бір күн ол қонысқа.
Салалық сауық әнге сыңғырлатып,
Ұнатып отырған көп бірін ұста.
Салалық сал Мұхиттың «Айдайына»,
Көсем ат Көкшетаудың айдауына.
Әніне Ақан Сері, Біржан Салдың,
Қапаста «Қараторғай» сайрауына.
Салалық Зілғараның «Жиырма бесін»,
Уа, пәлі, тыңдаушылар кәні десін.
Көкшетау, Сібір, Семей, Қыр мен Сырдың,
Сауықсың салатұғын желдірмесін.
Салалық Орта жүздің айқайына,
Ажарлы болмаса да байқауына.
Ұраның ұлтымыздың ұрлаймыз ба?
Басқаның бәсеке бас шайқауына.
Айталық әуелі арғын әнін бастап,
Ат қойып, айдар тағып, атыластап.
Сыналық сыр-сымбатын сынға салып,
Кетпелік керексіз деп кейін тастап.
Екінші шөмекейдің шұбыртпасын,
Ыңыранған ырғағы мен құбылтпасын.
Сұлу ән, мұңды дыбыс, жүрек жылтып,
Тартатын табиғаттың жыр-ынтасын.
Әр елдің ән-күйі бар өзі салған,
Табылған табиғаттың тұрмысынан.
Пернесі домбыраның бір түр емес,
Белгілі басқалығы мінеу сыннан.
Айырсын ән құмарлар әділдікпен,
Аңдамас алаңғасар әңгілікпен.
Ән мен күй шығар сауық шат көңілден,
Жыр толғау, мұң-мүнәжат қасіреттен.
Қай түрін бұл әндердің айт дейсіздер,
Көп күйдің қайсыбірін тарт дейсіздер.
Әлеумет бәрімен де базар етсек,
Қалайша жоқты бізге тап дейсіздер.
1931 жыл
АҚ ТҮРМЕДЕ БІРГЕ ОТЫРҒАН АЗАМАТТАРҒА ЖҰБАТУ
Болыңыз болған іске болаттай-ақ,
Бостықты бойға жуық жолатпай-ақ.
Қайғы ойлап, қасірет шегіп, қажымаңдар,
Шіріген шырғай құсап құлатпай-ақ.
Күн санап көндігіңіз, гүл-гүл жайнап,
Пірлерден болған жәрдем қуаттай-ақ.
Шыдаңыз, шын жібектей ширатылып,
Бұйыға мінген байлап құр аттай-ақ.
Сыр бермей, сергелдеңді сайран етіп,
Өтіңіз, сар өткелден сынатпай-ақ.
Болыңыз, әрқашанда ауызға ие,
Қылышқа қидырмаған қынаптай-ақ.
Артылып ауысарлық болса ақыл,
Беріңіз бір-біріңе сұратпай-ақ.
Жолдасты жақсы сөзбен жұбатыңыз,
Көпке ортақ қолдан ойған суаттай-ақ.
Жылы жүз, жұмсақ сөзді болыңыздар,
Түндіктен түскен жазғы шуақтай-ақ.
Жөн сөйлеп, жолдастарға жол сілтеңіз,
Қандырған шөл мейірін бұлақтай-ақ,
Жүрмеңіз жамандыққа үйір болып,
Өткізіңіз ол мінезді ұнатпай-ақ.
Борышы ақсақалдың адамшылық,
Құлпырып көңіл бөлу жанаттай-ақ.
Ар-ұят, әдеп әркез азаматқа,
Жарасар жаңа таққан манаттай-ақ.
Жастарға жарасатын жақсы мінез,
Өтімді өткір болу сынаптай-ақ.
Бүгін бар, ертең жоқ боп туған заман,
Сыйлаңыз бір-біріңді қонақтай-ақ.
Біреу кеш, біреу ерте, біреу түсте,
Ширеттен өтіп жатыр санатпай-ақ.
Алдағы жақсылардың жол жобасы,
Көрініп тұрған жоқ па сораптай-ақ.
Досқа – күлкі, дұшпанға – таба болып,
Уайым ойламаңыз, алақтай-ақ.
1931 жыл
КЕЛ ҚОЛЫМ, ҚАЛАМ ҰСТА, ҚЫЛЫП ЕРМЕК
Тарау
Кел, қолым, қалам ұста, қылып ермек,
Пұрсатың бар тұрғанда, сынбай шөлмек.
Қалаулы халық ақыны болмасаң да,
Қалсайшы қаламыңды сен де сермеп.
Маржан тақ мәдениет майданына,
Мазмұнды мысалдардан салып өрнек.
Білгендер маржан, білместер арзан десіп,
Қиыннан қиыстырып қияға өрлеп.
Елудің шығып тұрсың екісіне,
Елу жыл енді саған жоқ қой жүрмек.
Із қалдыр аз да болса арт жағыңа,
Тумақ хақ және де рас, туған өлмек.
Заңы жоқ табиғатың, оны да ойла,
Қалды деп артымда арман қайтып келмек.
Ғафылдық соның үшін ұнамайды,
Болған соң, шам-шырағың бір күн сөнбек.
Алдыңда тоқсан төртте Жамбыл атаң,
Өлеңмен беріп отыр әлемге өрнек.
Көргенде Сталиндей көсем ерді,
Көңіліңе шаттық еніп, кеткен кернеп.
Қажымас қайран ерге тең таба алмай,
Әлемнен тапса кейін болған бермек.
Тоқтатқан сөз аяғын соныменен,
Кетіліп, кемімейтін, кемеңгер деп.
Үлгі алып, сол Жәкеңнен өлең жазсақ,
Кім айтар дейсің саған кейін тұр деп.
Азамат, сөз тыңдаған арттағы іні,
Сіздерге бір ермегім мынау бермек.
«Жақсы сөз – жан азығы» деген нақыл,
Ұнаса, аларсыңдар, аздап өрнек.
Жобасыз құр өлеңнің жөні осы деп,
Талабым, жоқты-барды емес термек.
«Айтады дос жылатып» дегенде бар,
Кей сөзім, кейімеңдер, болса кермек.
Шын мақсат, тіршілікте, шырақтарым,
Үйреніп өнер-білім, өрге жүзбек.
Түзетіп мінез-құлық, тұрмысыңды,
Бір уақыт шын дос-жармен ойнап күлмек.
Халық үшін болсын қылған қызметің,
Іңкәрің, еңбекші елге көмек бермек.
Мансапқор, жалақорлық жолменен,
Жігітке өнер емес, өсек термек.
Құрбыңның сайла жолдас қымбатынан,
Басына не күн туса, бірге көрмек.
Құрбыңның алсаң жолдас арзанынан,
Басыңды бір пәлеге байлап бермек.
Жұпардың жақпасаң да исі жақсы,
Қарамай, жуып кетсең ол бүлдірмек.
Мысалы, жақсы-жаман сол секілді,
Олар да өз кәдесін тез білдірмек.
Жақсы кім? – Ол аяулы, әдепті адам,
Айырып мұның парқын білмек керек.
Жаман кім?–Тәрбиесіз ол бір надан.
Секілді қисық-қыңыр, өскен терек.
Алды-артын ой жіберіп, абайламас,
Белгісі надандықтың көппен дүрмек.
Ақылмен қорытынды айтатұғын,
Әрқашан, абыроймен жүрмек керек.
Ары бар, ұяты бар азаматтың,
Жолында жолдас болып өлмек керек...
Тарау
Жастарға, жаңа талап екіні ермек,
Талабым болды менің тағы бермек.
Беретін бұл ермегім менің мынау,
Борышы, білімпаздық – сынап көрмек.
Бұл күнде жолдастықтың жолы арзан,
Бар шарты – шақырысып арақ бермек.
Бермесең, мас болғанша, өкпелейді,
Қонаққа көңілі жоқ деп тамақ бермек.
Мас қылсаң тура өзіңді тепкілейді,
Алғыс айту орнына азап бермек.
Қонағың құрметтеген қас болады,
Шақырып нендей мақсат шарап бермек.
Бір бастап ішкеннен соң қоюға жоқ,
Кәдесі ішкіліктің құя бермек.
Біріңнің аузынан бірі сүйіп,
Қосылып екеу-екеу жырлап бермек.
Арт жағы – айқай-ұйқай, ал төбелес,
Алған соң, ақылын ішіп, әбден жерлеп.
Қайталап, қайдағы мен жайдағыны,
Шығарар іштегісін, жүрген шерлеп.
Қиратып шәй әбзелі, кесе-аяғын,
Шығады терезеге одан да өрлеп.
Шулатып қатын-бала, кемпір-шалын,
Кетеді көрместей боп досын жерлеп.
Белгілі азғындықтың бұл белгісі,
Шын білім, емес бұған еш жол бермек.
Біреулер күліп тыңдар, біреу-жылап,
Ұялып, өз-өзінен, маңдай терлеп.
Кеудесін кей мырзаның кім біледі,
Отыр ма, осы кезде ашу кернеп.
Аз емес, осы арақтың олжасы да,
Жамандап, жібермелік онша жерлеп.
Олжасын, ортаңызға, мен салайын,
Азамат, араққұмар, ал бір-бірлеп:
ІШКІЛІКТІҢ ОЛЖАСЫ
Бірінші – ішкен соң бір пайдасы, бай қылады,
Көңілді хошландырып жай қылады,
Және де сөйлер сөзге сүрінбейтін,
Ерліккке, билікке де сай қылады.
Екінші – ерегеске екіленіп,
Бетіне жан қарамастай қылады.
Үшінші – өзін асқар тауға теңеп,
Өзгені жырақана сай қылады.
Төртінші –төбелеске төсін ашып,
Таяқ жеп, басын-көзін қан қылады.
Бесінші – бересіге белшесінен,
Батырап, өмірде оңбастай қылады.
Алтыншы – әлін алып әлсіретіп,
Үйіңе әрең барғандай қылады.
Жетінші – жетелесең, жөнге жүрмей,
Орнына құсып-тышып, лай қылады.
Сегізінші – сексендегі шал болса да,
Ішкен соң жас бозбаладай қылады.
Тоғызыншы – тоқсан келіп тұрса-дағы,
Терлетіп тіпті, тоңбастай қылады.
Оныншы – олжасының өнімі көп,
Сан жетіп, санап болмастай қылады.
Дос бола жүріп, алдап, арақ беріп,
Орнынан досын тұрмастай қылады.
Орындап ойына алған жамандығын,
Артына бір қарамастай қылады.
Сондықтан ақылыңды ішпе десең,
Азамат, араққұмар шам қылады.
Отырып ат басында өлмелі шал,
Осының бәрін көріп қайғырады.
Дегенмен ол дауасыз дерт болған соң,
Қайғырып шал бишара не қылады?
Тарау
Жайылды арақ ауыл арасында,
Қазақтың ішпейтін аз баласында.
Маскүнем, бірлі-жарлы пьяншікті,
Көруші-ек бұрын орыс қаласында,
Бұл күнде, ішіп-құсып есіргенді,
Көресің әр ауылдың қорасында.
Жатқаны от басында ойран салып,
Шулатып, қатыны мен баласын да.
Бара алмай маскүнемнің маңайына,
Көз көріп, қайран қалып тұрасың да.
Алған соң ақылын ішіп, ақымақ болып,
Сыйламас атасы мен анасын да.
Қалаға қай жердегі қазақ барса,
Сылдырап шыны жүред шанасында.
Жатқаны жанжалдасып, жағаласып,
Көшеде, пивнойдың даласында.
Жанына жаның ашып, жақын барсаң,
Бәлеге құтылмастай қаласың да.
Кетуге және тастап, жаның қимай,
Шанаңа салып басып, аласың да.
Алысып, арпалысып, түсе қашып,
Жол үсті, кең сахара даласында.
У жеген, қара басып, қасқырдай ғып,
Сұлатып, үйіңе әкеп саласың да.
Азамат ұйықтап тұрып, есін жиып,
Базардан алып келген базарлық деп.
Сыйлайды үйдегі ата-анасына,
Ұнатпай кемпір мен шал отырса да.
Айта алмас, «әрі кет» – деп баласына,
«Қоймаған ескі салтын, діншіл» деген,
Қорқады қалам ба деп жаласына.
Кейбір шал ар-ұяттан әбден безген,
Жастардың кіріп кеткен арасына.
«Алалық, ал ақсақал, көтер!» десе,
Демейді: «Обалыма қаласың ба?».
Балаларға өзі бастап бергеннен соң,
Сілтейді сиғанынша қанасына.
Алған соң ақылын ішіп ақсақалың,
Не қылсын ар-ұятын, санасын да.
«Кел, қатын, төсек салшы», – деген бір шал,
Бойжеткен, өзінің қыз баласына.
Соны айтқан келініне және бір шал,
Сірә да, көз көрмесе, нанасың ба?
Аз емес, әзіл айтқан азамат та,
Өзінің «әйелім» – деп анасына.
Осының бәрі арақтың әрекеті,
Кел, қарттар, құмарлықты қоясың ба?
Әлеумет, менің ат-тон айыбым бар,
Осының болса өтірік арасында.
1938 жыл