Азақстан Республикасының білім беру жүйесінің құрылымы
Оқушылардың оқу жетістіктерін сырттай бағалау жүйесі әлемдік тәжірибені ескере отырып дамиды.
Ұлттық тестілеу бастауыш, негізгі және бейіндік мектептерді бітіргеннен кейін:
бастауыш мектепте – ішінара, оқушылардың оқу жетістіктеріне мониторинг жүргізу мақсатында;
негізгі мектепте (10 сыныптан кейін) – оқытудың одан әрі жолын анықтау мақсатында;
бейіндік мектепте – алған білім-білігінің деңгейін бағалау мақсатында өткізіледі.
2015 жылға қарай жазба тапсырмаларын қоса алғанда, білім алушылар құзыреттіліктерінің қалыптасу деңгейін анықтауға бағытталған тестілеу тапсырмаларының базасы құрылатын болады.
Сыртқы емтихандар жаңа ақпараттық технологияларды қолдана отырып, компьютерлік тестілеу әдісімен өткізіледі.
Жоғары білім алуға үміткерлер тәуелсіз ұлттық тестілеу нысанында қосымша бейінді емтихандар тапсыратын болады.
Білім берудің инновациялық, көптілді моделін жасау мақсатында білім беруді үш тілде ұсынатын мектептердің саны 33-тен 700-ге дейін көбейеді. Оның ішінде, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» мектептер желісінің саны 6-дан 20-ға дейін көбейтіледі. Бұл мектептер білім берудің көптілді моделін, білім берудегі инновацияларды сынақтан өткізу үшін базалық алаңдар болады.
Қазақстан оқушыларының білім беру сапасының халықаралық зерттеулеріне қатысуы қамтамасыз етіледі: PISA (15–16 жастағы оқушылардың математика сауаттылығы мен оқу және жаратылыстану бойынша сауаттылығын бағалау), TIMSS (4 және 8-сынып оқушыларының математика және жаратылыстану бойынша білімінің сапасын бағалау), PIRLS (оқу деңгейі мен сапасын салыстыру, әлем елдеріндегі бастауыш мектеп оқушыларының мәтінді түсінуі), TIMSS ADVANSED (11-сынып оқушыларының математика және жаратылыстану (физика) пәндерін тереңдетіп оқытатын сыныптарда сол пәндер бойынша сауаттылығын бағалау), ICILS (8-сынып оқушыларының компьютерлік және ақпараттық сауаттылығын бағалау).
Оқытудың 12 жылдық моделінің талаптарына сәйкес материалдық-техникалық база жаңартылады.
Мектептердің спорт залдарын қазіргі заманғы жабдықтармен жарақтандыру мәселесі шешіледі.
Жергілікті бюджет қаражаттары есебінен мектептерге сервистік қызмет көрсете отырып, оларды физика, химия, жаңа түрлендірілген биология кабинеттерімен, лингафондық және мультимедиалық кабинеттермен жарақтандыру жалғастырылатын болады, олардың үлесі 35,6 %-дан 80 %-ға дейін ұлғаяды.
2011 жылдан бастап бейіндік мектептерге, оларды жарақтандыруға қойылатын талаптар әзірленеді.
Бұдан басқа, мектептердің үш ауысымдығы мен апаттылығын жою мақсатында мектептер салынатын болады.
ШЖМ проблемаларын шешу
ШЖМ-дағы білім беру сапасын арттыру проблемаларын шешуге мынадай іс-шаралар ықпал ететін болады:
2011 жылы:
Ы. Алтынсарин атындағы ұлттық білім беру академиясының базасында ШЖМ-ды дамытудың республикалық орталығы, педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын ұйымдардың жанынан 14 өңірлік орталық құрылады, ШЖМ қызметінің үлгі ережесі әзірленеді;
«Мектепке және мектептен тегін әрі қауіпсіз жеткізетін мектептер жоқ елді мекендерде тұратын білім алушылар мен тәрбиеленушілерді қамтамасыз ету» стандарты әзірленеді және қабылданады.
2011 жылдан бастап:
оқушылар саны 10 және одан көп барлық ШЖМ жаңа түрдегі компьютерлермен және кең жолақты Интернетке қол жеткізумен қамтамасыз етіледі. Қашықтықтан оқыту «e-learning» электрондық оқыту шеңберінде ұйымдастырылады;
160 тірек мектеп ашылады.
Тірек мектеп (ресурстық орталық) – базасында жақын маңдағы ШЖМ-ның білім беру ресурстары шоғырланатын білім беру ұйымы. Әрбір ресурстық орталыққа бірнеше ШЖМ бекітіледі. ШЖМ-дағы балалар үш рет (оқу жылының басында, ортасында және соңында) он күннен (сессия) тірек мектепте білім алады әрі онда аралық және қорытынды аттестаттау тапсырады. Сессияаралық кезеңде ШЖМ-да оқыту тірек мектеп мұғалімдерінің қатысуымен және қашықтықтан оқыту технологияларының көмегімен жүргізіледі. Осылайша, ресурстық орталықтар ШЖМ оқушыларының сапалы білімге қол жеткізуін қамтамасыз етеді.
2020 жылға қарай ШЖМ, негізінен, бастауыш және негізгі орта білім деңгейлері үшін жұмыс істейді.
ШЖМ проблемасы тірек мектептер (ресурстық орталықтар), интернаттар, жеткізу есебінен шешіледі.