Білім беру мазмұнына қойылатын талаптар. 11. Білім беру бағдарламаларының құрылымы білім беру мазмұнын анықтайтын оқу жұмыстарының

11. Білім беру бағдарламаларының құрылымы білім беру мазмұнын анықтайтын оқу жұмыстарының түрлерінен қалыптастырылады және олардың арақатынасын, өлшемін және есебін көрсетеді.
12. Бакалавриаттың білім беру бағдарламасы:
1) жалпы білім беретін, базалық және бейіндеуші пәндер циклдерін меңгеруден тұратын теориялық оқытуды;
2) оқытудың қосымша түрлері – кәсіптік практиканың түрлерін, дене шынықтыруды, әскери дайындықты және т.б.;
3) аралық және қорытынды аттестаттауды қамтиды.
Бұл ретте бакалавриаттың білім беру бағдарламалары пәнді оқытудың модульді жүйесі негізінде жобаланады.
13. Білім беру бағдарламалары мамандық пен пәндердің оқу-әдістемелік кешендерінің негізінде жүзеге асырылады.
Мамандық пен пәндердің оқу-әдістемелік кешендерінің нысанын, құрылымын және әзірлеу тәртібін білім беру ұйымы өзі анықтайды.
14. Оқу жұмысының еңбек сыйымдылығын есепке алу оқытылатын материалдың көлемі бойынша жүзеге асады және оқытудың нақты нәтижелеріне қол жеткізуге қажетті студенттер мен оқытушылардың еңбек шығынының өлшем бірлігі болып табылатын кредиттермен өлшенеді.
Кредиттер білім беру бағдарламасының жекелеген пәндерінің және/немесе модульдерінің (элементтерінің) шартты «бағасын» көрсетеді. Жалпы еңбек сыйымдылығы ұғымына лекциялық, практикалық (семинарлық), зертханалық, студиялық сабақтар, студенттердің өзіндік жұмысы, курстық, есептік-графикалық жұмыстар (жобалар), кәсіптік практиканың барлық түрлері, қорытынды аттестаттауға дайындық және одан өту кіреді.
15. Теориялық оқытудың жалпы еңбек сыйымдылығы оқытылатын оқу пәндерінің тізбесімен анықталады.
16. Оқу процесін кредиттік оқыту технологиясы бойынша ұйымдастыру кезінде әр оқу пәнінің көлемі кредиттің бүтін санын құрауы тиіс. Бұл ретте пән, әдетте, кемінде 3 кредит көлемімен бағаланады.
Ерекше жағдайда пәнді 2 кредитпен бағалауға жол беріледі.
17. Дене шынықтыруды, тілдік пәндерді қоспағанда басқа әрбір оқу пәні қайталанбайтын бір атауға ие болуы тиіс.
18. Студенттер әр оқу пәнін бір академиялық кезеңде меңгеріп, оны аяқтаған соң емтихан нысанындағы қорытынды бақылауды тапсырады, ал кәсіптік практиканың барлық түрлері, курстық жұмыстар (жобалар) бойынша дифференциалды сынақ тапсырады.
19. Оқу жоспарларының барлық нысандарында оқу жоспарындағы әр пәнге тиісті әріптік және сандық таңбалар түрінде кодтың берілуін қарастыратын пәндерді кодтаудың бірыңғай жүйесі қолданылады.
20. Жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламалары мен оқу жоспарларына қолданыстағы заңнаманың нормаларын іске асыратын пәндер міндетті түрде кіреді. Оларға мемлекеттік және орыс тілдері («Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 11 шілдедегі Заңы), дене шынықтыру («Дене шынықтыру және спорт туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 2 желтоқсандағы Заңы), еңбекті қорғау (Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 15 мамырдағы Еңбек кодексі) жатады.
21. Жалпы білім беретін пәндер (ЖБП) циклі міндетті компонент пәндерінен тұрады және таңдау компоненттерін де қоса алады. Базалық пәндер (БП) және бейіндеуші пәндер циклдері міндетті компонентті және таңдау компонентін қамтиды.
22. Міндетті компонент – жалпы мәдениеттік, жалпы мемлекеттік мәні бар білім беру бағдарламасының және жалпы мамандықтың елдің бірыңғай білім беру кеңістігін қамтамасыз ететін іргелі өзегі болып саналады.
Міндетті компонент пәндерінің тізбесі үлгілік оқу жоспарымен айқындалады. Міндетті компонент пәндерінің көлемін қысқартуға жол берілмейді. Бұл шарт техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі немесе жоғары білім базасында оқытылатын қысқартылған білім беру бағдарламалары үшін ғана орындалмауы мүмкін.
23. Таңдау компоненті нақты өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму ерекшелігі мен еңбек нарығының сұранысын, нақты жоғары оқу орнындағы ғылыми мектептің қалыптасуын, сондай-ақ білім алушының жеке қызығушылығын ескереді.
Таңдау компоненті пәндерінің тізбесін жоғары оқу орны өзі анықтайды.
24. ЖБП циклінің мазмұны үлгілік оқу жоспарындағы пәндердің жалпы көлемінің 25%-ын немесе 33 кредитті құрайды және мынадай пәндерден тұрады: Қазақстан тарихы, Философия, Қазақ (Орыс) тілі, Шет тілі, Информатика, Экология және тұрақты даму, Саясаттану, Әлеуметтану, Экономикалық теория негіздері, Құқық негіздері, Өмір қауіпсіздігі негіздері және Дене шынықтыру.
Бұл ретте Дене шынықтыру оқытудың қосымша түрлері шеңберінде жүргізіледі және ЖБП циклі кредиттерінің жалпы көлеміне кірмейді.
25. Мамандықтарға байланысты ЖБП циклының жекелеген пәндері алынып тасталады немесе БП цикліне ауыстырылады. Бұл жағдайда, босатылған кредиттер таңдау компонентіне беріледі. Мысалы, «Құқық» тобындағы мамандықтар бойынша «Құқық негіздері» пәні алынып тасталады; «Әлеуметтік ғылымдар, экономика және бизнес» тобындағы экономикалық мамандықтар бойынша «Экономикалық теория негіздері» пәні ЖБП циклінен БП цикліне ауыстырылады.
«Гуманитарлық ғылымдар», «Әлеуметтік ғылымдар, экономика және бизнес», «Жаратылыстану ғылымдары», «Техникалық ғылымдар және технологиялар» тобындағы жекелеген мамандықтарға да ЖБП циклындағы аттас пәндер бойынша осындай әдістер қолданылады. Бұл ретте босатылған кредиттер таңдау компонентіне беріледі.
ЖБП циклінде таңдау компоненті ретінде аталған пәндер базалық немесе бейіндеуші пәндер циклінің міндетті компонентіне енген мамандықтарды қоспағанда, Мәдениеттану, Психология, Өзін-өзі тану, Инновациялық менеджмент пәндерін қолдану ұсынылады.
26. БП цикліндегі пәндер көлемі үлгілік оқу жоспарындағы пәндердің жалпы көлемінің 50%-ын немесе 64 кредитті құрайды, оның ішінде 20 кредит міндетті компонент пәндеріне және 44 кредит таңдау компоненті пәндеріне бөлінеді.
Бұл ретте таңдау компоненті жоғары оқу орнының шешімімен, сондай-ақ кафедраның, білім алушының, жұмыс берушінің ұсынысы бойынша әзірленуі мүмкін.
27. БП циклінің міндетті компонентіне әрбіреуі кемінде 2 кредит көлемінде «Кәсіби қазақ (орыс) тілі» және «Кәсіби бағытталған шет тілі» пәндері енгізіледі.
Көрсетілген пәндер тілдік және тиісті мамандықтар бойынша бейіндеуші кафедраларға бекітіледі.
28. Бейіндеуші пәндер цикліндегі пәндер көлемі үлгілік оқу жоспарындағы пәндердің жалпы көлемінің 25%-ын немесе 32 кредитті құрайды, оның ішінде 5 кредит міндетті компонент пәндеріне және 27 кредит таңдау компоненті пәндеріне бөлінеді.
29. «Өнер», «Әскери іс және қауіпсіздік», «Ветеринария», «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру (медицина)» топтары бойынша жекелеген мамандықтардың ерекшеліктерін ескере отырып, білім беру процесінің аяқталғандығының негізгі өлшемі ретінде осы стандарттың 64-тармағына сәйкес студенттердің теориялық оқудың 129-дан артық кредитін меңгеруі болуы мүмкін. Бұл жағдайда ЖБП циклінің мазмұны 33 кредит көлемінде сақталса, БП және бейінді пәндер циклінің жалпы еңбек сыйымдылығы мен олардың арақатынасы осы стандарттың 26 және 28-тармақтарында белгіленгеннен өзгеше болуы мүмкін.
30. Жоғары білімнің білім беру бағдарламасының құрылымы 1-кестеде көрсетілген.

1-кесте

Циклдер мен пәндер атауы Жалпы еңбек сыйымдылығы
Байланыс сағаты бойынша (50 мин.) Кредит бойынша
Жалпы білім беру пәндерінің циклі (ЖБП)
1) Міндетті компонент
Қазақстан тарихы
Философия
Шет тілі
Қазақ (Орыс) тілі
Информатика
Экология және тұрақты даму
Әлеуметтану
Саясаттану
Экономикалық теория негіздері
Құқық негіздері
Өмір қауіпсіздігі негіздері
2) Таңдау компоненті
Базалық пәндер циклі (БП)
1) Міндетті компонент
Кәсіби қазақ (орыс) тілі
Кәсіби бағытталған шет тілі
2) Таңдау компоненті
Бейіндеуші пәндер циклі (БПә)
1) Міндетті компонент
2) Таңдау компоненті
Теориялық оқыту бойынша барлығы
Оқытудың қосымша түрлері (ОҚТ)
1) Міндетті компонент
Дене шынықтыру
Кәсіптік практика (КП) (түрлері бойынша) Практиканың түріне қарай кемінде 6*
2) Таңдау компоненті
Қорытынды аттестаттау
1) Дипломдық жұмысты (жобаны) жазу және қорғау
2) Мамандық бойынша мемлекеттік емтихан(дар) (1 МЕ үшін)
ЕСКЕРТПЕ: * «Білім» тобының мамандықтары бойынша 6 кредиттен 20 кредитке дейін; «Техникалық ғылымдар мен технологиялар» тобының мамандықтары бойынша 6 кредиттен 15 кредитке дейін. Жоғары білімнің кәсіптік оқу бағдарламасын іске асыру кезінде жоғары оқу орны: 1 кәсіптік оқу бағдарламасын меңгеру логикасын бұзбай пәнді оқуды бір семестрден басқа семестрге ауыстыруға; 2 оқытудың қосымша түрлері есебінен міндетті компонент пәндерінің көлемін ұлғайтуға; 3 пререквизиттерді ескере отырып, практикаларды өткізу уақытын дербес бекітуге құқылы.

31. Білім беру қызметін ұйымдастыру оқу процесін, білім беру мазмұнын жоспарлау, оқу сабақтарын жүргізу тәсілдерін, студенттің өзіндік жұмысын, олардың оқу жетістіктерін қорытынды бақылау нысандарын таңдау арқылы жүзеге асырылады.
32. Білім беру мазмұнының құрылымы білім берудің есептеу-өлшегіш құралдары: оқу жоспары мен бағдарламаларына, оқу жүктемесінің көлеміне, академиялық кезеңдер ұзақтығына, академиялық сабақ түрлеріне, оқу материалының көлеміне қойылатын талаптарға сәйкес анықталады.
33. Білім беру қызметін жоспарлау мен ұйымдастыру оқу жоспарының негізінде жүзеге асырылады.
Оқу жоспарлары үлгілік (ҮОЖ), жеке (ЖОЖ) және жұмыстық (ОЖЖ) болып бөлінеді.
34. ҮОЖ осы стандарт негізінде жоғары білімнің нақты мамандықтары бойынша әзірленеді және оны білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
ҮОЖ-да міндетті компоненттің әрбір оқу пәнінің еңбек сыйымдылығы және әрбір оқу қызметінің түрі (практика, мемлекеттік емтихандар, дипломдық жұмысты жазу және қорғау) кредитпен анықталады, ал оқу пәндерінің әр циклі бойынша таңдау компоненті кредиттердің жалпы санымен көрсетіледі.
35. ҮОЖ-ға қосымша жыл сайын жоғары оқу орны таңдау компонентіндегі барлық пәндердің жүйеленген, аннотацияланған тізбесі болып табылатын элективті пәндер каталогын (ЭПК) әзірлейді.
ЭПК-де әр оқу пәнінің пререквизиттері мен постреквизиттері көрсетіледі. ЭПК студенттерге элективті оқу пәндерін баламалы таңдау мүмкіндігін қамтамасыз етуі тиіс.
36. Мамандық бойынша ҮОЖ мен ЭПК негізінде студент эдвайзердің көмегімен ЖОЖ құрады. ЖОЖ әрбір студенттің жеке білім алу траекториясын анықтайды.
ЖОЖ-ға ҮОЖ-дан міндетті компонент пәндері мен оқу қызметінің түрлері (практикалар, мемлекеттік емтихан, дипломдық жұмысты (жобаны) жазу және қорғау) және ЭПК-дан таңдау компоненті пәндері кіреді.
Студенттердің элективті пәндерді ретсіз таңдауының алдын алу және жоғары оқу орны әзірлеген білім беру бағдарламаларын іске асыру мақсатында студенттердің таңдауына ЭПК шеңберінде бірнеше білім траекториясын – еңбек нарығы мен жұмыс берушілердің сұранысын есепке ала отырып, жоғары білім мамандығы бойынша қызметтің нақты бір саласына бағытталған білім беру бағдарламасын меңгеруге мүмкіндік беретін элективті пәндер тізбесін және оларды меңгеру ретін ұсынуға болады.
37. ОЖЖ оқу жылына мамандықтардың ҮОЖ-ы мен студенттердің ЖОЖ-ы негізінде әзірленеді және оны ғылыми кеңестің шешімі негізінде білім беру ұйымының басшысы бекітеді.
ОЖЖ-да оқу жылында оқытылатын пәндер тізбесі және олардың кредитпен санағандағы еңбек сыйымдылығы, оқытылу реті, оқу сабақтарының түрлері, бақылау нысандары, сондай-ақ оқу қызметінің басқа да түрлері (практикалар, мемлекеттік емтихандар, дипломдық жұмысты (жобаны) жазу және қорғау) айқындалады.
ОЖЖ оқу сабақтарының кестесін құруға және оқытушының оқу жұмысының еңбек сыйымдылығын есептеуге негіз болады.
38. ЭПК, ЖОЖ және ОЖЖ-ның нысанын, құрылымын, әзірлеу және бекіту ретін жоғары оқу орны өзі анықтайды.
39. Барлық оқу пәндерінің мазмұны оқу бағдарламаларымен анықталады. Оқу бағдарламалары үлгілік, жұмыс, сондай-ақ силлабус болып бөлінеді.
40. Үлгілік оқу бағдарламалары (ҮОБ) міндетті компонент пәндері бойынша әзірленеді және оларды білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
41. Оқу жұмыс бағдарламалары мен силлабустар (студенттерге арналған пән бағдарламалары) оқу жоспарының барлық пәндері бойынша әзірленеді және оларды жоғары оқу орны бекітеді. Бұл ретте оларды әзірлеу міндетті компонент пәндері бойынша үлгілік оқу бағдарламалары негізінде жүзеге асырылады, ал таңдау компонентінің пәндері бойынша жоғары оқу орны өзі әзірлейді. Оқу жұмыс бағдарламалары мен силлабустардың нысанын, құрылымын, әзірлеу және бекіту тәртібін жоғары оқу орны өзі анықтайды.
42. Білім беру мазмұнын жоспарлау, оқу процесін ұйымдастыру мен жүргізу тәсілін жоғары оқу орны кредиттік оқыту технологиясы негізінде өз бетінше жүзеге асырады.
43. Кредиттік оқыту технологиясында студенттердің өздігінен орындайтын жұмыстарының – тестілер, бақылау жұмыстары, коллоквиумдар, рефераттар, шығармалар, есептер және т.б. түрінде тексерілетін, оқу-әдістемелік әдебиетпен және нұсқаулықтармен қамтамасыз етілген белгіленген тақырыптар тізбесі бойынша жұмыстардың (оның ішінде өзі бетінше оқып меңгеруге бөлінген) көлемі артады.
44. Өзіндік жұмыс екі түрге бөлінеді: оқытушының жетекшілігімен жүргізілетін студенттің өзіндік жұмысы (ОСӨЖ) және студенттің толығымен өзі орындайтын жұмысы (СӨЖ).
45. ОСӨЖ жеке график бойынша оқытушымен байланыста орындалатын студенттің аудиториядан тыс жұмыс түрі болып табылады, ол жалпы оқу сабақтарының кестесіне енбейді.
46. ОСӨЖ бен СӨЖ-нің өзіндік жұмыстың жалпы көлеміндегі арақатынасын жоғары оқу орны өзі айқындайды.
ОСӨЖ барысында оқу бағдарламасындағы анағұрлым қиын сұрақтар, үй тапсырмалары, курстық жобалар (жұмыстар) бойынша консультациялар және семестрлік жұмыстардың, есептер мен басқа да СӨЖ тапсырмаларының орындалуына бақылау жүргізіледі.
47. Кредиттік оқыту технологиясының міндеті – студенттердің өзін-өзі ұйымдастыру және өзіндік білім алу қабілеттерін дамыту. Тиісінше, оқытушылар мен студенттер жұмыстарының мынадай үлгілік циклдері іске асырылады.
1) Оқытушының студенттермен жұмысының (ОСЖ) үлгілік бірлік циклі үш негізгі функцияны қамтиды.
Оқытушының бірінші функциясы – бағыттаушы-бағдарлаушылық (тақырыпқа кіріспе, мақсат, міндеттерді қою, практикалық тиімділігін, материал мазмұнының негізгі бөлімдерінің мәні мен өзара байланысын сипаттау, оқу-әдістемелік құралдармен жұмыс жөнінде ұсынымдар т.б.). Бұл студенттің алдағы өзіндік жұмысы үшін жеткілікті болуы тиіс.
Оқытушының екінші функциясы – консультативтік-түзетушілік. Бұл – студенттің өзіндік жұмысында оқу әрекетін жүзеге асыруда консультативтік көмек беру, жеке консультация жүргізу және тиісті түзету жұмыстарын жүзеге асыру. Білім беру процесінде бұл функцияны тьюторлар атқарады.
Оқытушының үшінші функциясы – бақылаушылық-бағалаушылық. Бұл студенттердің білімін, шеберлігін және дағдысын бағалауды әртүрлі нысанда жүргізу (жазбаша немесе ауызша емтихан, тестілеу және т.б.), оларға кездесетін негізгі қиындықтарды анықтау бойынша диалог ұйымдастыру, оқытушының сарапшы немесе бақылаушы ретінде «дұрыс» әрекеттерді, өзара әрекеттестікті, эталондық тәсілдерді көрсетуін қарастырады.
2) Оқытушының жетекшілігімен жүргізілетін студенттің өзіндік жұмысының (ОСӨЖ) үлгілік бірлік цикліне мынадай төрт негізгі функция кіреді:
Бірінші функция – оқу пәні бойынша бағыттау-бағдарлау сабақтары кезінде оқытушы берген ақпаратты студенттердің белсенді қабылдауын іске асыруды көздейді.
Екінші функция оқытушының ұсынымы негізінде студенттердің өздігінен оқу-әдістемелік құралдарды, әдебиеттерді оқуын, үй тапсырмаларын, бақылау, курстық жұмыстарды және т.б. орындауын көздейді.
Бұл кезеңде студенттерден жұмыс істеудің әдіс-тәсілдерін білу, қиындықтарды анықтау, өзін-өзі ұйымдастыру және өзіндік тәртіп талап етіледі.
Студенттердің үшінші функциясы – өздерінде қиындық тудырған жағдайларды талдау мен жүйелеу, оқу материалын түсіну мен меңгерудегі қиындықтар себебін анықтау, басқа оқу әрекетін орындау. Студенттер шешімі табылмаған қиыншылықтарды оқытушыларға арналған сұрақтар жүйесіне айналдырады (оларды саралайды, реттейді, ресімдейді), бұл сұрақтарға өз жауаптарының нұсқаларын дайындайды.
Студенттердің төртінші функциясы түсініктеме, ақыл-кеңес, консультация алу үшін оқытушымен сұхбаттасуын білдіреді.
48. Жоғары оқу орны оқу процесін барлық қажетті ақпарат көздерімен, атап айтқанда, оқулықтармен, оқу құралдарымен, оқу пәндері бойынша әдістемелік құралдармен, нұсқаулықтармен, өзіндік жұмыс бойынша белсенді үлестірмелі материалдармен және нұсқаулықтармен, электронды оқулықтармен, желілік білім беру ресурстарының қолжетімді болуын қамтамасыз етеді.
Әрбір студент оқудың барлық кезеңінде анықтамалық-жолсілтегіштермен қамтамасыз етіледі.
49. Оқу процесін жоспарлау кезінде жоғары оқу орны бакалавриаттың білім беру бағдарламасы компоненттерін бөлу нормаларын осы стандартқа 1-қосымшаға (бакалавриат үшін) және 2-қосымшаға (жоғары арнаулы білім үшін) сәйкес басшылыққа алады.

Наши рекомендации