Тақырып. жанадан ашылған мән-жайларға байланысты іс бойынша іс жүргізуді қайта бастау.
Дәріс мақсаты:Жанадан ашылған мән-жайларға байланысты іс бойынша іс жүргізуді қайта бастауды сипаттау.
Қысқаша мазмұны:
1. Жанадан ашылған мән-жайларға байланысты іс жүргізуді кайта бастау сатысының мәні, маңызы және міндеттері. Жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты іс бойынша қайта бастаудың негіздері мен себептері. Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс бойынша іс жүргізуді қозғаудың мерзімдері мен тәртібі. Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жүргізуді козғаудан бас тартудың негіздері мен тәртіптері.
2. Жаңадан ашылған мән-жайларды тергеу тәртіптері. Тексеріс және тергеу жүргізілгеннен кейінгі прокурордың іс әрекеттері. Прокурордың қорытындысы.
3. Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жүргізу туралы мәселелерді соттың шешуі. Прокурордың қорытындысын қарау бойынша сот шығаратын қаулылардың түрлері.Сот шешімдерін жоюдан кейін жүргізілетін іс жүргізу. Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жүргізуді қайта бастау кезіндегі азаматтық талап.
1.Жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты іс бойынша іс жүргізуді қайта бастауды заң әдебиетінде мәні алдын ала тергеу органдары мен сотқа бұрын белгілі болмаған жағдайларда занды күшіне енген үкімдер мен қаулыларда жіберілген қателер мен олқылықтарды түзетуден тұратын қылмыстық процестің айрықша сатысы деп көрсетеді.
Қарастырылатын сатының мәні құқық қорғау органдарына бұрын белгілі болмаған жағдайларда занды күшіне енген үкімдер мен каулыларда жіберілген қателер мен олқылықтарды түзету болып табылады.
Осындай жағдайлар үшін Қазақстан Республикасы ҚІЖК 51-тарауында соттың занды күшіне енген үкімдері мен қаулыларын өндірісті қозғау жолымен, яғни қылмыстық істер бойынша алдын ала тергеу мен сот өндірісін жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты іс бойынша іс жүргізуді қайта бастау сатысының негіздері мен жолдары көрсетілген.
Жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты қылмыстық іс бойынша іс жүргізу сатысының қылмыстық іс жүргізуде алатын орны ерекше. Ол «Қылмыстық істер бойынша іс жүргізудің заңда белгіленген тәртібі адамды және азаматты негізсіз айыптау мен соттаудан, олардың құқықтары мен бостандықтарын заңсыз шектеуден қорғауды, кінәсіз адам заңсыз айыпталған немесе сотталған жағдайда — оны дереу және толық ақтауды қамтамасыз етуі, сондай-ақ зандылық пен құқық тәртібін нығайтуға, қылмыстың алдын алуға, құқықты құрметтеу көзқарасын қалыптастыруға жәрдемдесуі тиіс» деген қағиданы жүзеге асыратын саты болы табылады (ҚР ҚІЖК 8-бабының 2-бөлігі).
Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарауға жататын қылмыстық істер бойнша сот шешімдері ҚР ҚІЖК 472-бабы):
1)айыптау үкімі;
2)ақтау үкімі;
3)істі тоқтату туралы қаулы қайта қаралуы мүмкін. Жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді қайта бастаудың негіздері болып ҚР ҚІЖК 471-бабына сәйкес табылады:
1)соттың занды күшіне енген үкімінде анықталған жәбірленушінің немесе куәгердің айғақтарының, сарапшы қорытындысының көрінеу жалғандығы, сондай-ақ заңсыз немесе негізсіз үкім не қаулы шығаруға әкеп соққан заңсыз немесе негізсіз үкім не қаулы шығаруға әкеп соққан заттай айғақтардың, тергеу және сот іс-әрекеттері хаттамаларының және өзге де құжаттардың жалғандығы немесе аударманың көрінеу бұрыс жасалуы;
2)соттың занды күшіне енген үкімінде анықталған анықтаушының, тергеушінің немесе прокурордың заңсыз және негізсіз үкім, қаулы шығаруға әкеп соққан қылмыстық іс-әрекеттері;
3)соттың заңды күшіне енген үкімінде анықталған сот судьялардың осы істі қарау кезінде жасаған, қылмыстық іс-әрекеттері;
4)Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 474-бабында көзделген тәртіппен тексеру немесе тергеу арқылы анықталған және прокурордың қорытындысында баяндалған, үкім шығару кезінде сотқа беймәлім болған өзге де мән-жайлар сотталушының айыпсыздығы туралы немесе оның ауырлық дәрежесі жөнінен өзі сотталғаннан гөрі өзге қылмыс жасағаны туралы не ақталған адамның немесе өзіне қатысты іс тоқтатылған адамның айыптылығын өз алдына немесе бұрын анықталған мән-жайлармен бірге айғақтайтын ұйғарымдар;
5)өзіне қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 315-бабының 2-бөлігінің 2-тармағында белгіленген тәртіппен іс қаралған сотталушының, ол қылмыстық процесті жүргізуші органға келген жағдайда ерік білдіруі;
6)Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің соттың сот актісін шығару кезінде қолданған заңын конституциялық емес деп тануы.
Соттың занды күшіне енген үкімнің, қаулысының күші жойылуы және іс бойынша жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты іс жүргізу қайта басталуы мүмкін. Үкіммен қатар соттың, прокурордың, тергеушінің немесе анықтаушының мерзімнің ескіруіне орай, рақымшылық немесе кешірім жасау актісінін нәтижесінде, айыпталушының қайтыс болуына немесе қылмыстық жауаптылыққа тарту жасына жетпегендігіне байланысты қылмыстық істі қысқарту туралы қаулысы арқылы анықталуы мүмкін.
2.Жаңадан ашылған мән-жайларға орай іс жүргізу істі қозғау тәртібі үш кезеңнен тұрады:
а)жаңадан ашылған мән-жайды анықтау;
б)қадағалау сатысындағы сотқа қаулыны шығару жөніндегі мәселені прокурордың қарастыруы;
в)сотта істі шешу.
Қазақстан Республикасы ҚІЖК-нің 474-бабына сәйкес жаңадан ашылған мән-жайларға орай іс жүргізуді қозғау қүқығы прокурорға тиесілі.
Азаматтардың өтініштері, оның ішінде процеске қатысушылардың осы іс бойынша өтініштері, ұйымдардың лауазымды адамдарының хабарламалары, сондай-ақ басқа қылмыстық істерді тергеу және қарау барысында алынған деректер жаңадан ашылған мән-жайларға орай іс жүргізуді қозғауға себеп болады.
Егер келіп түскен өтініште немесе хабарламада Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 471-бабының 2-бөлігінің 1-3-тармақтарында көрсетілген мән-жайларға байланысты шығарылған сот үкімінің бар екендігіне сілтеме болса, прокурор өзінің қаулысымен жаңадан ашылған мән-жайларға орай іс жүргізуді қозғайды, тиісті тексеру жүргізеді, үкімнің көшірмесі мен оның заңды күшіне енгені туралы соттың анықтамасын талап етеді.
Егер өтініште немесе хабарламада Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 471-бабының екінші бөлігінің 4-тармағында аталған өзге де мән-жайлар көрсетілсе, прокурор өз құзыретінің шегінде жаңадан ашылған мән-жайға орай іс жүргізуді қозғау туралы қаулы шығарады және алдын ала тергеу органына тергеуді жүргізу туралы тапсырма береді. Жаңадан ашылған мән-жайларды мұндай тергеу кезінде Қазақстан Республикасы ҚІЖК ережелері сақтала отырып жауап алу, тексеру, сараптама жасау, сұрыптап алу және өзге де тергеу іс-әрекеттері жүргізілуі мүмкін.
Айыптау үкімін жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты сотталушының пайдасына қайта қарау ешқандай мерзіммен шектелмейді (ҚР ҚІЖК 473-бап).
Сотталушының қайтыс болуы ақтау мақсатында жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты іс жүргізуді қайта бастауға кедергі болып табылмайды.
Ақтау үкімін, істі тоқтату туралы қаулыны қайта қарау, сондай-ақ жазаның жұмсақтығы себебі бойынша немесе сотталушыға анағұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдану қажеттігі бойынша айыптау үкімін қайта қарауға қылмыстық жауаптылыққа тартудың Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 69-бабында белгіленген мерзімнің ескіруі ішінде ғана және жаңа мән-жайлардың ашылған күнінен бастап бір жылдан кешіктірілмей жол беріледі.
Жаңа мән-жайлардың ашылған күні болып:
1) Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 471-бабының 2- бөлігінің 1-3-тармақтарында көзделген жағдайларда - жалған айғақтар беруге, жалған дәлелдер ұсынуға, теріс аударма жасауға немесе істі тексеру немесе қарау барысында жасалған қылмыстық істері үшін кінәлі адамдарға қатысты үкімнің (қаулының) занды күшіне енген күні;
2)Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 471-бабының 2- бөлігінің 4-тармағында көзделген жағдайда - жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты іс жүргізуді қайта бастау қажеттігі туралы қорытындыға прокурордың қол қойған күні есептеледі.
3.Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 476-бабына сәйкес жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша сот шешімдерін қайта қарауды облыстық және соларға теңестірілген соттың қадағалау алқасы, ал егер тиісті іс бойынша қадағалау тәртібімен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қаулысы шығарылған жағдайда - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы немесе қадағалау алқасы жүзеге асырады.
Істің апелляциялық немесе қадағалау тәртібімен алдыңғы қаралуы оны сол сот сатысында жаңадан ашылған мән-жайларға орай іс жүргізуді жаңғырту тәртібімен қарауға кедергі келтірмейді.
Прокурордың жаңадан ашылған мән-жайларға орай іс бойынша іс жүргізуді қайта бастау туралы қорытындысы Қазақстан Республикасы ҚІЖК-нің 467-бабында белгіленген ережелер бойынша соттың отырысында қаралады.
Жаңадан ашылған мән-жайларға орай іс бойынша іс жүргізуді қайта бастау туралы прокурордың қорытындысын қарап, сот (ҚР ҚІЖК 477-бап):
1)сот үкімінің немесе қаулысының күшін жою және істі жаңадан тергеу немесе жаңадан сот талқылауын жүргізуге беру туралы;
2)сот үкімінің немесе қаулысының күшін жою туралы және іс бойынша түпкілікті шешім қабылдау үшін жаңадан тергеу немесе соттың талқылауы қажет болмағанда, істі тоқтату туралы;
3)прокурордың қорытындысын қабылдамай тастау туралы қаулылардың бірін шығарады.
Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша үкімнің күші жойылған жағдайда істі бастапқы қараған кезде қозғалған азаматтық талап жалпы негіздерде қайтадан қаралады. Азаматтық талап бөлігінде ғана істі қайта бастауға тек азаматтық сот іс жүргізу тәртібімен жол беріледі ( ҚР ҚІЖК 479-бап).
Өзін-өзі бақылау сұрақтары:
1. Жанадан ашылған мән-жайларға байланысты іс жүргізуді кайта бастау сатысының мәні, маңызы және міндеттері.
2. Жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты іс бойынша қайта бастаудың негіздері мен себептері.
3. Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс бойынша іс жүргізуді қайта басталатын қылмыстық істер бойынша соттардың шешімдері.
4. Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс бойынша іс жүргізуді қозғаудың мерзімдері мен тәртібі.
5. Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жүргізуді козғаудан бас тартудың негіздері мен тәртіптері.
6. Жаңадан ашылған мән-жайларды тергеу тәртіптері.
7. Тексеріс және тергеу жүргізілгеннен кейінгі прокурордың іс әрекеттері. Прокурордың қорытындысы.