МайдандаҒы Ұлы жарасханҒа
Қалқам, Жарас, сағынып.
Хат жазамын мен саған.
Жеті жылдай көре алмай
Болып жүрмін күнде алаң.
Тәрбиелеп жасыңнан
Өсірген сені мен ағаң.
Өнер-ғылым білсін деп
Білімді адам болсын деп
Тілеуші еді ата-анаң.
Жасыңнан баулып қарағым
Тілегіңді тіледім.
Көптен бері көре алмай
Сағынды сені жүрегім.
Ғылым-өнер білуге
Мектепте оқып жүр едің.
Өсірген баулып кеңестің
Жайнаған жаңа гүлі едің.
Білім алып жүргенде
Жасың толып міндетке
Отанды қорғар ұлы едің.
Толған соң жасың міндетке
Отанды кеттің қорғауға.
Мен де тілеп тұрамын
Жамандық саған болмауға.
Қайраттанып қарсы тұр
Қастық қылған сұм жауға.
Қорқақтық қылып майданда.
Қылма өзіңе жан сауға.
Геройлық етіп атақ ал
Тырыс артта қалмауға.
Қан кешкен қызыл майданда
Төзіп үйрен талмауға.
Беті қайтты жаулардың,
Геройлардың күшімен.
Төзіп-шыдап тұра алмай,
Айрылды дұшпан күшінен.
Біздің қызыл қырандар
Уралап алға ұрандар.
Бұл сияқты бақытпен
Келсең аман ағаңа,
Тірі көріп сүйгізсең,
Үйдегі қарт анаңа.
Кім тілектес болмайды
Отанды қорғар балаға?
Советтің жаңа жастары
Отан үшін туғансың.
Толған соң жасың міндетке
Майданға белді буғансың.
Советтің қызыл әскері,
Отаншыл герой жастары
Басын кесіп дұшпанның
Қылышын қанға суарсын.
Жеңіліп жаудың әскері,
Отаншыл герой жастары
Басын кесіп дұшпанның
Қылышын қанға суарсын.
Жеңіліп жаудың әскері,
Тас-талқан болып күштері
Қызыл тумен тулансын.
Жауды жеңіп герой боп,
Атақ алған герой көп,
Сен секілді жастардан
Тілегі солай ағаңның.
Сау қайтсаң жауды қиратып,
Қуып шығып Отаннан.
Қамалын бассаң күйретіп,
Апарып таста шұңқырға
Арам тәнін сүйретіп.
Тілегі солай ағаңның.
Қош боп тұр қалқам, көргенше,
Сау-саламат көрісіп
Амандық қол бергенше,
Жатсам тұрсам сол тілек,
Сағынады шын жүрек
Аман-сау қайтып келгенше.
1942 жыл
АЙДАРҒА
Қарағым, айналайын, Айдарым-ай!
Көре алмай дидарыңды қалғаным ба-ай.
Еркелетіп өсірген ағаң едім,
Кетем бе жете алмастан арманыма-ай.
Бір көру сені, қалқам, арман боп тұр,
Сағынып ауру жеңіп талғаным-ай.
Мінеки он жыл болды көрмегелі,
Көрісіп амандық қол бермегелі.
Жан қиып Отан үшін жүрсің, қалқам,
Болмаса сағынасың сен де мені.
Балалық қызығыңды көрдім, қалқам
Соңымнан қара болып ердің, қалқам.
Жарасхан екеуіңді қатар ұстап
Кеңестің тәрбиесіне бердім, қалқам.
Бір жақтан атқа мініп келгенімде,
Жүгіріп қанат қағып келдің, қалқам.
Мінгізіп біріңді артқа, біріңді алға,
Болғанша аттан түспей тұрдың, қалқам.
Бұл күнде ауру жеңіп, қуат бітіп,
Тағдырдың тәртібіне көндім қалқам.
Тәннен етім арылып,
Дем алысым тарылып,
Күні-түні жөтелден
Дауысым бітті қарлығып.
Қуат кетіп тәнімнен,
Кеміп тірлік сәнімнен.
Ажал көзге елестейді,
Айырам деп жаныңнан.
Қауіпке ауру айналды,
Мүгедек болған жай қалды.
Сөйлегенім сыбырлап,
Қатты дауыс байланды.
Қош бол енді, Айдарым,
Көре алмай сені қалғаным.
Тағдыр басқа таянып ,
Кетеді іште арманым.
Қош бол, қалқам, Айдарым,
Осылай болды жайларым.
Құшып, қалқам, сүюге,
Болмас па нәсіп дидарың.
АЙЫРҒАЛИ ЖИЕНГЕ
Мына сөзге құлақ сал,
Қарағым, қалқам, жиенім.
Тағдырына кім көнбейд
Өлім деген иенің.
Алыста оқып жатсаңда
Бетіңді тосшы сүйейін.
Осы хатты жазғанда
Қаламды қолға алғанда,
Көзімнің жасы іркіліп
Босады буын жүйенің.
Естігенде бұл хатты
Жыларсың, қалқам, жабығып.
Ана менен туысқа
Шыдай алмай қамығып.
Қайғылы хабар естідің
Жүргенде көптен сағынып.
Бір көре алмай жүзіңді
Қайғыға тола жүрегі
Күлайым өтті зарығып.
Амал бар ма ажалға
Тілегенмен тарығып.
Арманда өткен жан болды
Көзінен жасы ағылып.
Ажал тура келген соң
Ауру меңдеп жеңген соң
Өлімге тұрды бағынып.
Мереке, Қаби, Ерболат
Мекені қара жер болып.
Тірі болса егер де
Болып еді қолғанат
Әсіресе Ерболат
Артық еді бәрінен
Тілі сайрап жатыпты
Жан кеткеше тәнінен
Осы қайғы Күлайға
Батып еді бәрінен.
Ақырында өзіне
Ажал ауру кез болды.
Осылардың артында
Жарылқасын жалғыз қап
Жетім деген сөз болды.
Қайырғали, қарағым
Өткенге жылап, өкінбе.
Қайғыға қарсы қайрат қыл
Төзімсіз болып кетілме.
Қатардағы жігіт бол
Білім алып жетіл де.
Жарылқасын артыңнан
Құйрығың мен қанатың.
Тірі болып ер жетсе
Тез-ақ адам болатын.
Келер жылы келгенде
Жүгіріп шықса алдыңнан
Қайғыңды сол жоятын.
Бетінен саған сүйгізсе
Мейірім қанып тоятын.
Осыны ойлап қарағым
Туысым жоқ деп қамықпа.
Уайым етіп өлгенді
Өзіңді-өзің жасытпа.
Қажымай, талмай қайрат қыл
Оқу оқы, жалықпа.
Білім білсең жасыңда
Боларсың басшы халыққа.
Аңылмасаң сабақта
Қайраттансаң сабыр қып.
Осыны ұста шырағым
Сөзімді ұқсаң қабыл қып.
Аман болсам егер де
Менде сенің тірегің.
Ойыма алып күн сайын
Тілегіңді тіледім.
Жақсы азамат боп шықсаң
Қуанады жүрегім.
Жан мен тәнім сау болса
Жарасханмен бірдей қып
Тәрбиелеп жүремін.
Естігенде бұл хатты
Жылатар сені еріксіз.
Жеңіліп кетпе қайғыға
Қайрат қылмай беріксіз.
Айдарбек пен Жарасхан
Бөтен емес ол саған
Емесссің, қалқам, серіксіз.
Тірі жүрсем бәріңде
Қатар адам боларсың.
Оқу оқы, талап қыл
Жүректің басып жарасын.
Білім білсең, қарағым
Тез-ақ бұзып кетесің
Қайғының соққан қамалын.
Алдыңда бар тәрбие
Қайғыны жеңіп,шат қылар.
Ақылы бар жас бала
Түсінер соған жаттығар.
Білімнің көзі ашылса
Жастарға жеміс шашылар.
Жүректегі дертіңді
Бәрін жуып сап қылар.
Жәмали атаң Құтжол мен
Ол да саған қамқоршы.
Тілегін тілеп алыстан
Тірі бол, қалқам демекші.
Көңілде жоқ алаңы,
Алаң қылмай бағады.
Алдыңнан қарсы шығатын
Әмірғали інің бар.
Олар да сені сағынып
Бір көруге ынтызар.
Келер жылы келгенде
Бетінен барып сүйгізсе
Өлгендер тіріліп келгендей
Сағынған көңіл бір тынар.
Осыларды ойлап сабыр қып,
Көп жылама, қарағым.
Оқып, көріп сөзімді
Көңілдің бас алаңын.
Сабырлық етіп оқысаң
Орны бітер жараның.
Алыста оқып жүдесең
Ортақ болып қайғыға
Менде жүдеп қаламын.
Айтып болдым сөзімді
Болсын деп сен төзімді
Тоқтасын енді қаламым.
АРТ АНАМА
Қарт ана, қалың қалай, тірімісің
Жандардың қайғы тартқан бірімісің?
Қайғымен қартайғанда жүдеді-ау деп,
Аузында сөйлескеннің жырымысың.
Жазықсыз айыпталып балаң кетті,
Алды арты жарық емес, қараң кетті.
Қамаған қарулының ортасында,
Басында ерігі жоқ таран кетті.
Кеткенде анасына сүйгізе алмай,
Көңілінде балаңның алаң кетті.
Қайғырып көп жылама менің үшін,
Мен-дағы төзе алмаймын сенің үшін.
Сабыр ет, тілек тіле жасағаннан,
Келеді онан артық неге күшің?
Тілегі ата-ананың қабыл деген,
Перзенттің мерейі үстем болу үшін.
Жолдас көп бірге жүрген, жалғыз емен
Ұлы той көппен көрген менің ісім.
Шешер деп әділ заңы үкіметтің
Аса көп қайғырмаймын соның үшін.
Жастық та қол қатпаушы ең ойыныма,
Мінгіздің еркелетіп мойыныңа.
Келгенше он жасыма, әлі есімде,
Жатқаным апа еркелеп қойыныңда.
Аналық еңбегіңді ақтаған жоқ
Кеше гөр қарыз қылмай мойыныма...
1940 жыл