Айрылла, жҰмаш, тҰрсынҒа

Қайрылла, Үмбет пенен Жұмаш, Тұрсын,

Ойға өрен, ойлауымда, көзге нұрсың.

Біз көрген үй-іш түгел, отбасы аман,

Жақсы ма жағдайларың, неғып жүрсің?

Жаным сау, жағам бүтін уақытында,

Айтылып отыратын маған жырсың.

Хатпенен қалайда да хабар білдір,

Қуантып, қандырғандай құлақ құршын.

Есітіп үндеріңді отырмасам,

Болушы ед таңылғандай бойға бір сын.

Қатармен ойнап-күліп отырмаған,

Қызықтың біреуі емес, бәрі құрсын.

Іш күйер өздеріндей енді қайта,

Күндіз-түн кезгенменен дүние бұрышын.

Ақырын Алла өзі оңғармаса,

Боп тұрмын торға түскен тап көгершін.

Мұңымды мұндайынша сөз қылайын,

Есіткен дұшпаным күл, досым күрсін.

Тұратын төртеуің де пәрімді ашып,

Иісті бағымдағы піскен гүлсің.

Жүруге аға-інімен араласып,

Басым шақ, байқауымда бетім кірсін.

Орында екіталай өре тұрып,

Жақ болған жас кезімнен жанды ділсің.

Өтініш, осы күйде көрініңдер,

Өкініш ойдан тегіс ұмытылсын.

Жөнінен қатын, бала қам қылмаймын,

Ауыр жүк артылатын бәрің пілсің.

Ортаңда өздеріңнің отырғанда,

Ісі жоқ, бала-шаға нені білсін?

Тұрғанда халық орнында, хан – тағында,

Ұратын ер едіңдер елдің қылышын.

Сондықтан саулықтарыңды сұрап ақтан,

«Қаулат, – деп, – халық тілеп тұр өмір ырысын».

Тартылып таланыма қалмасаңдар,

Көктемде төртеуің де тасқын Сырсың.

Аз ғана заман сазын сөз қылайын,

Десеңдер халық қызыққан сен бір сүрсің.

Тұз-дәмін домызақтың татып жатыр,

Кемпір, шал, ақсақ, шолақ, небір қыршын!

Көрсеткен көп керемет аталары,

Атақты әулет те бар дейтін «пірсің!»

Басынан бәрінің де бақ тайған соң,

«Болды, – деп, – бұларға обал!» – кім қол ұрсын.

Болсаң да жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар,

Тайса бақ, танаға өтпес бір тұғырсың.

Қалғанмен қақ айырылып құрғап, кеуіп,

Шық түссе, шығатын гүл, сен бір бүрсің.

Жетісті Жаппар Ақтан жұртқа жарлық,

Дегендей: «Азып-тозып, жан қыдырсын!»

Қалайда қайғысы көп қуаныштан,

Болатын барлығың да бас жұмырсың.

Ерте, кеш ырза болып үкіміне оның,

Күйінбей күліп, ойнап көнсең құлсың.

Бәлеге басқа келген сабыр етсең,

Сәруаға Сәйділ анам сәуіклі ұлсың!

Кепкенмен көз ажарың, күнің жауса,

Гүлдей-ақ көктемдегі қып-қызылсың.

«Сапа жоқ – жапа шекпей» асылында,

Иленіп, иіп басыңды бол ымырсын.

Көрікті көп көзіне көрінесің,

Кетірсең кеуіліңнің мыс пен мырышын.

Сөзімде осы айтқан оғаш бар ма,

Белгілі білімге бай бәрің дүрсің.

1933 жыл

АЗАЛЫ ТҮРМЕСІНДЕ ЖАҚЫПҚА АЙТҚАНЫ

Жақыпжан, жудырып бер көйлек, ыстан,

Әйелді тілінді алар туып тұстан.

Жылы су жуынарға болған емес,

Бет, қолды бері қарай осы қыстан.

Сондықтан сатпағынан саусақ, қолдың,

Жиіркеніп жегендерін әркім құсқан.

Көрсетпей көше жүзін конвоймен де,

Кеңес тұр кею менен, қайтпай сұстан.

Әр түрге әр берем деп, салып жатыр,

Қайратқа қатты мініп Қазақстан.

Бұл жағдай бәріне де болынып тұр,

Қарасақ хабар алып қайбір тұстан.

Ентігіп, елеңдеуді енді қойды,

Көкірек көкке қарап алып ұшқан.

Жүдетіп уайымның жүгі жұртты,

Қаусатып қабырғаны қатаң қысқан.

Үстіне жығылғанның жұдырық боп,

Арқанды жоқшылықтың арқаны ысқан.

«Сақтар, – деп, – сонда да Алла» үміткер ел,

Түлетіп томағасын тартқан құстан.

Кірмейді өңің түгіл, түсіңе де,

Сұлулар сұңқар мойын небір құшқан.

Ізіне ертелі-кеш ергеніңмен,

Опасыз, ойлауымда, дүние – дұшпан.

Сотталып алды оннан өңшең маңғал,

Бүк түсіп, түрмеде отыр болып пұшман.

«Қамауда қапияда қалам ғой», – деп,

Қаптап жүр құмырсқадай қашып, пысқан.

Бақыт құс бастарынан көтеріліп,

Арыстан азып-тозып, болды тышқан.

Қошқардай мекіреніп, мыңы жатыр,

Зал үйде жан-жағы тор салған қыштан.

Бермесе Алла ақырын айналып тұр,

Бай, құлақ, бадырақтың бәрі арыстан.

Берекет бас болған соң болмай қалды,

Табы жат, негізі кедей нақұрыстан.

Шарт түйіп шықса елге ат құйрығын,

«Қайда, –деп, – қышылды су?» – қыдырысқан.

Қамы үшін қатын бала, қарындастың,

Қауіп қылып, қонысынан халық жылысқан.

Жете алмай жерлеріне еңіреуде олар,

Түрткі жеп түбі бөтен жат жыныстан.

Қояннан қас мергенге қорлық жетті,

Балтасы бес атардың бұзбай пыстан.

Ерлерден ел қорғаған ерік кетті,

Сағадан сынып семсер, найза ұштан.

Жігітке жапа шекпей, сапа болмас,

Асылында, азаматтар, жеме еш қам!

«Болсын, – деп, – бектен белгі», – назым қылып,

Бұл болды бәріңе де берген нұсқам!

1933 жыл

ТҮРМЕДЕГІЛЕРГЕ

Бектерім, божырамай белдерің бу,

Қар шөгер қайрат – асқар, тәуекел – ту.

Сабыр етіп, саясында отырсаңдар,

Құритын өз-өзінен уайым – су.

Бұлбұлдай сақардағы сайрарсыңдар,

Бақ, бостан болып бір күн айналаң ну.

Қасыңнан қуаныштың дариясы ағып,

Қаңқылдап қонар оған қаз бенен қу.

Дегендей «Жан қинамай, нәпақа жоқ»,

Таң атып, тамашамен тартарсың ду.

Сабыны Саттар Хақтың – шеккен бейнет,

Деп берген: «Кемді күнгі беттерің жу!»

Үмітті, ойлы ерлерім, үзе көрме,

Кеңшілік көтеріліп кетті деп ту.

Шығарар саулыққа Алла шыбыныңды,

Оқ өтіп жатқанменен үстіңнен зу.

Тағдырға тән байламай, тыпыршылап,

Етудің керегі жоқ қой-қой тігу.

Достының Мұхамбеттей үмбетіміз,

Есіркер, қоймас халықты ішкізіп у!

Міндіріп бәріңе де бақ бедеуін,

Ұстатып қолға дізгін дегіз, ер: «Шүу!»

Үмітті осы еткен еш айламай,

Жарықтан қолдарында жарылқану.

1933 жыл

Наши рекомендации