БӘлдіктіҢ жҮрер жолҒа арнаҒан сӨзі

Өмірім-ау бұл жалғанның көрдің несін,

Қызығын мехнатын сездіресің.

Өткен күн көрген түстей бәрі бұлдыр

Келмейді кетсе қайтып құп білесің.

Кейде шат, кейде қайғы тегіс емес

Бәріне тап болғанда кездесесің.

Жол тарттың сергелдіктің сапарына

Ақырын жаратушы оңға десін.

Қайтармыз аман болсаң сайран етіп

Әділ заң ісімді ақтап етсе шешім.

Бұл да бір тіршіліктің дауылы ғой

Айтайын жүрген жолдың әңгімесін.

Біз шықтық Қостанайдан түнге қарай,

Тар қыспақ этап арба жоқ кең сарай.

Секілді қараңғы түн қалың тұман

Белгісіз алдағы өмір болар қалай?

Қоштасып ата-ана, жар мен бала

Бауырымдай туысқандар қалды жылай.

Жазықсыз тірі айырылған жақынымнан

Жандар көп біз секілді талай-талай.

Бәріне де не болса да төзіп кеттім

Төзбеске амал бар ма тұрдық шыдай.

Қоштастық Сарыарқаның сарайынан

Я көргенше қайта келіп мұнан былай.

Шешпесе әділ өкімет ақ ісіңді

Болжаусыз көру көрмес екіталай.

Бұршақтай көздің жасы төгіліп тұр

Сүрткенде орамалмен бетін сулай.

Жетпестей қалған өмір срок ұзақ

Ойласаң қайғы өртейді жүректі улай.

Таласып темір тордың тесігіне

Қоштасып қалғандарға қолды бұлғай.

Көл қылып көздеріңнің жасын бөгіп

Қош-қоштап жылаған жұрт қалды шулай.

Күрсілдеп жер сілкініп екпінінде

Паравоз вагондарды тартты тулай.

Түскенде қараңғылық мұнарытып

Жөнелді алға қарай арба зырлай.

Тоқтамай түні бойы тартып келед

Темір жол жатыр сұлап тартқан сымдай.

Белгілі Троицкі бет алысы

Дамылсыз жүрді арба сол түн тынбай.

Таң ата Тоғызақта тоқтаңқырап

Тағы да жүріп кетті ұзақ тұрмай.

Келген соң Троицкі қаласына

Болмайды Челябіге бетті бұрмай.

Айналып Челябіге бетті бұрдық,

Аз-аздан станцияда жолда тұрдық.

Кеш жақын Челябіге жетіп келіп

Ол жерде ұзақ тұрмай тағы жүрдік.

Мысалы тозаққа да үйренгендей

Әңгіме, арба ішінде кеңес құрдық.

Кішкене темір торлы терезесі

Қарайтын ашық жер жоқ, есікте құлып.

Дәретті арба ішінде сындырамыз

Алдыңа одеялды перде қылып.

Жататын, тамақ жейтін, жуынатын

Бәрі сол тар орынды мекен қылып.

Күн ыстық, таза ауа жоқ, сасық иіс

Тұрады өкпеңді атып, бұлықтырып.

Үш мезгіл есік ашып ас береді

Ұсынып мылтықпенен қарап тұрып.

Бой жазып жүретұғын орының жоқ

Денеде қатқан қанды тараттырып.

Төрт мезгіл сөткесіне тексереді

Адамды мезгіл сайын санап тұрып.

Сайраны бостандықтың сағындырды

Жазықсыз қойғаннан соң абақты қып.

Түскен соң бұл сияқты ауыр халға,

Қиындық келді ғой шыбын жанға.

Бәріне не болса да төзіп тұрмыз

Еркің жоқ төзбесіне амал бар ма?!

Өткен соң Челябіден кешке таман

Шығысты бетке қойып жөнелді арба.

Қорғанға сол түн келіп біраз тұрып

Айдады бұрқылдатып тағы да алға.

Зулатып ұзақ күнге тынбай жүріп

Қонуға келіп жетті Қызылжарға.

Сол күні Қызылжарға тұрды тоқтап,

Жаңалап паравозды алды баптап.

Эшелонға тағы сонан тіркеді арба

Айдаған ол да тұтқын көрсе анықтап.

Таң ата Қызылжардан өтіп кетті

Қоштастық Сарыарқаның жерін жоқтап.

Суреттеп жүрген жолды көргендерін

Кейбіреу шығарады өлең жоқтап.

Тірі адам бұл жалғанда не қөрмейді

Шаттықпен ешкім кетпес өмірді ақтап.

Болжаусыз алдағы өмір қалың тұман

Тұрмыс тұр келешекте нені сақтап.

Амал жоқтан кездескенге көнеміз ғой

Көнбеске ерік бар ма кетер аттап.

Шұбалған ұзын эшелон тізбектеліп

Паровоз айдап келеді жолды таптап.

Құла су ағып жатыр терістікке

Үстінен темір көпір салған мықтап.

Гүрсілдеп жер солқылдап екпін тіке

Айқайлап келеді арба зырлап, тоқтап.

Орнатып су ішіне тастан баған,

Бекітіп темір көпір салған соған.

Төбесі екі жағы решетке

Қауіпсіз құламастай еткен қорған.

Қатар тұр келіс, қайтыс екі есігі

Соқпастай бір-біріне жолы тарам.

Алдында қарауылда күзетші тұр

Жүрмейді ұлықсатсыз бөтен адам.

Шұбалған көп вагоны тіркеуменен

Паравоз келді айғайлап соған таман.

Тоқтамай су үстінен жүріп кетті

Қауіпсіз көпір мықты жоқ қой алаң.

Бұлдырап астында өзен ағып жатыр

Қарасаң бас айналып кетер мазаң.

Қаншама ауыр жүкпен басқаныма

Қайыспас қара жерде көпір ағаш.

Шұбалған көп эшелонмен өте шықты

Жан-жағы решетке екі арадан.

Бұлдырап астымызда Ертіс жатыр

Дегендей енді сенен қейін қалам.

Өзеннің өттік арғы жағасына,

Көпірдің көз тоймайды бағасына.

Шұбалған этап арба тұрды тоқтап

Станция Омскидің арасында.

Қарауға тамашалап кең тесік жоқ

Таластық темір тордың арасына.

Кездестік нақақ жала жазасына.

Бұл жерде бір күн тоқтап тағы жүріп

Біз келдік Новосибирск қаласына.

Жарқырап ойдың суы ағып жатыр

Тасқыны түскен қайтып сабасына.

Ұзыны қанша екенін кім біледі

Ені бар бір шақырым шамасында.

Тамаша темір көпір қойған салып,

Тас бағаны су ішінен қалап қағып.

Таласып темір тордың тесігінен

Бұған да өттік біраз қайран қалып.

Шұбалған қара жолда керуендей

Поезбен өтіп жатыр қанша халық.

Қапалап қайғы менен күйінесің

Сығалап тар тесіктен көрмей анық.

Қаланың келіп тұрдың ортасына

Адам жоқ амандасар бізді танып.

Күн ыстық ауа сасық булықтырып

Отырмыз тар орында күйіп-жанып.

Жүре алмай бұл қалаға екі қондық

Білмейміз неге тоқтайтыны бізге танық.

Белгілі ерікті адам көзге қашық

Көшеде ерсіл-қарсыл жүріп жатқан халық.

Бізге арман,сондай болып жүрер ме едік

Көргенде өз өзімнен қайғыланып.

Таң ата бұл қаладан кетті жүріп,

Белгілі шығыс жаққа бетті бұрып.

Ұзайды эшелонымыз арба тіркеп

Келеміз тұтқын ғой деп кеңес құрып.

Тоқтамай арба зулап жүріп кетті,

Белгілі бетке қытып шығыс бетті.

Арада біраз жүріп көп тоқтамай

Лена мен Енисейді басып өтті.

Красноярскийдің жағасында

Бұл-дағы үлкен қала көрдік көпті.

Беті ашық дала жер жоқ қалың орман,

Айнымай тартады арба салған жолдан.

Ну ағаш бір тау, бір сай тегіс жер жоқ

Сығалап қарап тұрсаң темір тордан.

Атақсыз қанша қала қалып жатыр

Кездесіп ұзын жолда оң мен солдан.

Қарауға көпшіліктен кезек алсаң,

Сығалап тар тесіктен көзің салсаң.

Темір жол екі қатар жатыр сұлап

Күрсілдеп өтеді арба ерсіл-қарсаң.

Біраз күн көп тоқтамай жүріп кеттік,

Арада неше қала басып өттік.

Шамасы 20 күн таянғанда

Иркуттың қаласына барып жеттік.

Атақты Иркут деген үлкен қала,

Келеміз шет жағынан көзді сала.

Әуелі біреуіне тоқтаңқырап

Екінші келіп түстік станцияға.

Келген соң станцияға тұрды тоқтап,

Түсірді арбамыздан бізді топтап.

Моншасы алыс емес жақын екен

Конвойлар айдап жүрді екі жақтап.

Әкелді моншасына түсіруге

Адам көп кезек күтіп тұрған самсап...

1939 жыл

АРТБАЙҒА

Түн қатып келдім ауылдан,

Асығып үйге жетерге.

Амандықты білгенше,

Көңілден алаң кетер ме?!

Майданға жүрген бауырың

Бір хабарын күтерге.

Хат келмесе кешігіп

Ашылмас көңіл есігі

Шыдап сабыр етерге.

Кіріп келсем үйіме

Жабырқап отыр қарт анам.

Жас аққандай көзінен

Бетінде із бар сораң.

Бетіме тура қарамай

Ішкені бойға тарамай

Көзіме менің көрінед

Зар тартқандай бір адам.

Жабығып мен де отырдым

Не болды деп ойланып.

Қайғының уы жайылып

Шымырлатып бойды алып.

Көрші көлем аймақтан

Көп кешікпей жан-жақтан

Үлкендер келді жайланып.

Сөз бастауға ымдасып

Бір-біріне сыбырлап.

Жаманатты сезгендей

Бойым тұрды шымырлап.

Сабыры кетіп жүректің

Соғып тұр қатты жыбырлап.

Маған қарап үлкендер

Айтатын сөзін бастады.

Кешігіп жүрген хабарды

Жаманат қылып растады.

Қайырылыпты қанатың

Кешігіп асыл болатың

Қартбайың қаза тапты деп,

Жаныңа қатты батты деп,

Қайғымен жауып тастады.

Қайраттанған жүрегім

Бордай болып егілді.

Үміттенген тілегім

Қабыл емес делінді.

Қол қанатым,тірегім

Қара жерге көмілді.

Бауырласқа шыдамай

Көзден жасым төгілді.

Ойыма түсіп қылығы

Сабырлы салмақ сылығы

Баса алмадым көңілді.

Жиналып көрші жанашыр

Тоқтау айтты көңілге.

Сабыр етіп шыда деп

Ауыр қайғы өлімге.

Болған іске болат бол

Азып, жүдеп жеңілме.

Өлген қайтып келмейді

Бір түскен соң қабірге.

Артың тіле қайырын

Деп жұбатты мені де.

Сабыр етіп тоқтадым

Бұл да дұрыс дедім де.

Қайғыға қарсы қайрат қыл

Жүрегім сенде егілме.

Пайдасы жоқ көп жылау

Көздің жасым төгілме.

Көпке болған жұмыс қой

Ала қайғы емес қой

Құрбан көп мұндай елімде.

Ерлікпенен жан қиған

Берген антын орындап,

Отан үшін жан қиған

Шат қой інің сенің де.

Осыларды ойлап бекініп

Сабыр етіп тоқтадым

Келсе де қайғы қабындап

Көңілді берік сақтадым...

АБАЙҒА

Арнап жазған хатыңды алдым Абайым,

Саған арнап менде бір хат жазайын.

Өткенді ойлап көп жылама, қарағым

Тірі жүрсең көрерсің қызық талайын.

Біз бір емес мұндай күйге кездескен,

Отан үшін жанын қиып қан кешкен.

Жақсы-жайсаң талай сырбаз ерлердің

Орны босап бұл жалғаннан аты өшкен.

Қартбай ағаң соның бірі, қарағым,

Сабыр етіп төзу керек болғанға.

Мардымсынып тасымау керек толғанға.

Тасу, сасу адамзатқа пайда емес

Төзім, сабыр көмек бере талғанға.

Қаза болып біреу ерте, біреу кеш

Талай адам келіп кеткен жалғанға.

Сабыр етіп менде төзіп отырмын

Амандықты бер деп тілеп қалғанға.

Қалғандардың бірі сенсің қарағым,

Жас жеткіншек өрлеп тұрған талабың.

Тәрбиесін атаменен ананың

Озық болса алар білім жарадың.

Осыларды еске сақтап жүргейсің

Таста әдетін көп ойнайтын баланың.

Ауыр тұрмыс, аураменен екеулеп,

Қорқытады мен түбіңе жетем деп.

Қайғы, уайым бір жағынан қабындап

Қажытады бір басымды төртеулеп.

Болса да солай сабыр етіп төземін

Өзімді-өзім берік ұстап бекемдеп.

Сенде, Абайым, қамықпашы, қайраттан

«Бәрін жеңіп ертең-ақ ер жетем» – деп.

Наши рекомендации