СаҢҚылдап кӨкке самҒап

Жаңғырып тау мен тастың салалары,

Шаң-тозаң түтін болып қалалары,

Талқандап тасқын селдей, жар құлатып,

Кеп қалды елдің батыр ұландары,

Шын тілек, батыр білек, отты жүрек,

Ызалы, ызғарлы екен сөз аңғары.

Кек дейді жанып тұрған құралдары,

Шақырған ғазат дейді ұрандары.

Бастаса ат-айғыры алдын бұзып,

Артынан қаптап дөнен-құнандары.

Саңқылдап көкке самғап ұшты дейді,

Кәдімгі Тянь-Шанның қырандары.

Алтайдың ақ иығы ілмей түспес,

Сыпырар Тарбағатай мұз балағы,

Жер қазып іннен шықпай қалды дейді,

Қан сорғыш қара шұбар жыландары.

Таң сызып енді бізге сәулеленді,

Ашылып асқар таудың тұмандары.

Ілені бір раушан өрлепті бу,

Желбіреп аспанында атойлы ту.

Халықтың қамын жеген ер ұландар,

Тазалан! – депті жұртқа, кіріңді жу.

Дәриға-ай, атой салған Әкбар мен Сейіт,

Ел үшін қан майданда болыпты шейт.

Халқы үшін қанын төккен сабаздарын,

Ел-жұртты өз қолымен қойыпты дейд.

Мұз қыран шың басынан шыққан самғап,

Ұраны көкті тілген шыққан сарнап.

Өшпес-ау көкіректен ер тұлғасы,

Ел оны, аруағы елді сақтар қорғап.

Көтеріп қозғалайық белімізді,

Қоймаса жабыстырып тегі бізді.

Шыбын жан, қайта ұшып кел кеудемізге,

Алайық қайта жоқтап кегімізді.

Ер халық шын қатуға басты дейді,

Келгендей топан суы тасты дейді.

Жол бастап ер Ысқақбек генерал боп,

Жол тартып тура судан асты дейді.

Көрелік елімізді, жерімізді,

Арыстан қол бастаған шерімізді.

Солардың басқан ізін тәуәп етіп,

Қосалық сол қатарға өзімізді.

Жылалық, көріселік құшақтасып,

Есігін абақтының теуіп ашып,

Сүйелік үш күн, үш түн маңдайынан,

Көруге дидарларын болса нәсіп.

1945 жыл, Үрімжі түрмесі

ОЗҒАДЫМ БІР ӘҢГІМЕ

Қозғадым бір әңгіме құрағалы,

Кілті көп өлең-жырдың бұрандалы.

Биікте қанат керіп шабытында,

Алысқа көз тастайды қыран дағы.

Ерте-кеш жарық дүние бір көрмейсің,

Көздің де майы кетіп мұнарланды.

Халықтың осы күнде сәні кетіп,

Жұрқадай жұртта қалған жұтаңдады.

Төрт түлік малдың дағы құты қашып,

Атанның шорт кесілді шудалары.

Жазықсыз талай сабаз жатыр мұнда,

Естіліп құлағыңа шулағаны.

Бастатып Шәріпханнан төмен қарай,

Жадымен сексен болды-ау турағаны.

Қазақтың қоңыр даусы, шешен тілі,

Сөз кіріп арасына шұбарланды.

Бел-жота, бетегелі бел-белесін,

Шөп шықпай бұрынғыдай қуаңдады.

Құр емес бес аймақтан әр руы,

Керей, Найман, Албан мен Суан дағы.

Залымдар әділетті арандап жүр,

Мерейі үстем болып қулар жағы.

Қол сұғып сұлуларға өзге нәсіл,

Ел азып тұқымынан будандалды.

Бермесе түп қайырын кім біледі,

Осы ма айдын көлдің суалғаны?

Азапты ағаларым көріпті деп,

Еске алар кейінгі өскен ұландары.

Болат деп бұрын мұндай айтқан емес,

Ескіріп кеткен екен Құран дағы.

Дүние ойпаң-тойпаң, тұман басып,

Жеріді суатынан құлан дағы.

Дәрмен жоқ бір-біріне қарасатын,

Жақсының жекжат-жұрат құдандалы.

Мал қуған, жайлау қуған қайран қазақ,

Гоминдаң кергісінде жұлмаланды.

Екі мың сегіз жүздей жан жатырмыз,

Біреуін бес жыл болды шығармады.

Дүреге күндіз-түні жатқызады,

Қанды ауыз, сұрқияның жыландары.

Әділет біздің жаққа дем болмаса,

Бұл иттер қан ішуге құмарланды.

Жұмахан, жазғанымды көрсетпегін,

Қинауға көрсе салар бұдан да әрі.

Қаптатып абақтыда шпионын,

Өтірік-өсек қаптап, сумаңдады.

Сөздері жағымпаздың жан түршігер,

Шындық сөз терісіне бұрмаланды.

Қосылмай үйіріне кетер ме екен,

Елімнің қамаудағы ұландары.

Мансапқа арсыздарды алдап қойып,

Қоқаңдап мазаны алды олар дағы.

Аһ ұрып күндіз-түні қапалықпен,

Көп болды азаматтың жынданғаны.

Бір күні Әлікенді көріп қалдым,

Қарайып кеткен екен ұрған жағы.

Ол дағы өз әлінше бір азамат,

Албанның баласы екен, Құрман жағы.

Барлығын жалғыз достым біле алмадым,

Аман ба, Шәкең қайда Құлжадағы.

Деп айтты: із-тозы жоқ Жәмәли кеп,

Халықтың рас пе екен ұрланғаны.

Оны да бір зынданға тыққан шығар.

Осы ғой сұм заманның сұрланғаны,

Көрсем де қанша жәбір жасымаймын.

Күн шығып ақыр бір күн нұрланады,

Халық та «қазақ» деген аз жұрт емес,

Гоминдаң қалай бізді құлданады.

Бұл менің жазған хатым, аманатым,

Ақынның артта қалсын жырлағаны.

1945 жыл, Үрімжі түрмесі

КЕҢЕС

Қасиет қалың еді қазағымда,

Еске алып әр қылығын жазамын да.

Адамға пейіл деді, зейіл еді,

От болып ойлағанда азамын да.

Ойнаған ор киіктей қайран қазақ,

Салқын су, тұнық ауа, таза ағында.

Жоқ емес кейбір жақсы қылықтары,

Жүрсе де басқалардың мазағында.

Жаз жайлау, бағлан еті, сары қымыз,

Қызықты қыз бен жігіт базары да.

Өткен күн ойдан сірә шықпайды екен,

Жатқанда тар қапастың азабында.

Көре алмай қойдың мойнын, қыздың ойынын,

Сағындым шалдың айтқан азанын да.

Мінеки жетпіс екі айды өткіздік,

Қайнаған қасіреттің қазанында.

Осындай ауыр күннің ортасында,

Айтпақпын біраз кеңес қазағыма.

«Қалды – деп сөкпеңіздер, – миы айналып»

Жолығып қалсаңыздар ғазабыма.

Ескеріп есің барың тексерерсің,

Абайлап салып көріп назарыңа.

Тексермей, өкпелеймін құр әншейін,

Бұл сөзді салсаң жел сөз базарына.

Тағысы болып алдың таудың қазақ,

Жая мен жалдың татып дәмін қазақ.

Құзғындай құзар шатқа ұялаған,

Әр сайға бірден қора салдың қазақ.

Өстіп-ақ жабайы боп өтемісің,

Ішінде қарағай мен талдың қазақ.

Көзіңді айналаңа бір салсаңшы,

Табасы бола бермей жанның қазақ.

Жатырсың надандықтан өрт ішінде,

Басыңды көтермесең, жандың қазақ.

Заманы электр мен келді атомның,

Бұл кезде жүгірмесең қалдың қазақ.

Жер жүзі бет алғанда өнер жаққа,

Сен жүрсің мойын созып өлер жаққа.

Бықсыған сай-сайдағы жанған отың,

Ол дағы бейім боп тұр сөнер жаққа.

Біреулер «сен жақсы» деп алдай қойса,

Мойын сап даяр тұрсың өлер жаққа.

Қояндай жосып жүрсің, қойдай үркіп,

Қыратта тұрсың ықтап құлар жаққа.

Ұлпадай біздің қазақ үлпілдейді,

Жорғадай алға түсіп бүлкілдейді.

Шайнауға тіске жұмсақ даяр болса,

Тырнақпен кім бауыздап өлтірмейді?!

Ұрса – өліп, жықса – жатып, мінсе – желіп,

Түйедей мойны жұмсақ елпілдейді.

Осындай күйде жүрсің момын қазақ,

Басқалар тамырыңды жатыр қажап.

Шамаң жоқ мұны түгел сезетұғын,

Құрисың сілкінбесең енді қазақ.

Қылады қазақ тәубә қар жауғанда,

Айырылар тау басынан қой сауғанда.

Құдайын тіпті ұмытып кетеді екен,

Жайлауда қымыз ішіп, есі ауғанда.

Елдің де естісі бар, есері бар,

Өзгеден өнеге алып, өсері бар.

Ежелден «айт» деп қойып тыңдамайтын,

Қазақтың жүген ауру кеселі бар.

Тыңдаушы күй тыңдасын, тыңдамасын,

Өзіндік айтушының есебі бар.

1945 жыл, Үрімжі түрмесі

НҰРЖАН НҰҒМАНОВ

(1910–1994)

Нұғманов Нұржан 1910 жылы қазіргі Қостанай облысы Амангелді ауданында дүниеге келген.

Жасынан ән салып, өлең шығарған Нұржан ақындығымен қоса «Көроғылы» дастанының жеті саласын жатқа айтатын жыршы да болған. Әр түрлі салада жұмыс істей жүріп, «халық жауы» деген жаламен 25 жылға сотталған. Кейіннен өз еркімен майданға сұранып, 1942–1945 жылдар аралығында соғысқа қатысқан.

Ақынның бізге жеткен өлеңдері – «халық жауы» деген жаламен айдауда жүрген кезде жазған хаттары мен майданнан жазғандары.

1994 жылы дүниеден өткен.

***

Қош боп тұр, қайран Сымтас келгенімше,

Қайырылып көк суыңды көргенімше.

Нұрманға көзің салған азаматтар,

Қызметін ұмытпаспын өлгенімше.

Хош боп тұр, Қоғалы көл, шабын қуыс,

Саяңда салып ойнақ, алған тыныс.

Нұрманға екі жаста көздерің сал,

Жанашыр артта қалған болса туыс.

Хош боп тұр, Қараой менен Шаңсуатым,

Нұрманға тиер ме екен жазған хатым.

Тілектес көкеңізге сіздер де бол,

Аллаға тапсырып тұр істің артын.

Жамал, Кәкім, Жайсаңбайлар қасымда,

Кез болып тұр жиырма жеті жасымда.

Үйден шығып үйіріме қосылдым,

Қарақтарым бір мені ойлап жасыма.

Жаздым сәлем Сағынбай мен Тоқбайға,

Дәм айдаса пенде шіркін тоқтай ма.

Қостанайға тура тартқан қара жол,

Қайран Сымтас жағасына соқпай ма.

Қарақтарым Балахмет, Балғанша,

Хош болып тұр менен хатты алғанша.

Алпыстағы анамызға сәлем де,

Жүрерімде қимап едің, Нұрғайша.

Жаздым сәлем Баяхмет, Тұржанға,

Қозы, Біржан көзіңді сал Нұрманға.

Екі көзге ие болмай мен тұрмын,

Зәкияжан қолыңды ұстап тұрғанда.

Жаздым сәлем Замақан мен Зияшқа,

Арманы жоқ күйген жігіт расқа.

Сақып, Көпжан көрінбедің көзіме,

Бұрынғының сөздері рас та.

Жаздым сәлем Бәйзір, Ғапбас, Жиенбай,

Жайы болды ініңіздің осылай.

Жау жағадан алған күні ағайлар,

Ит етектен алам дейді, бұл қалай?

Жаздым сәлем Жәмила мен Ажарға,

Сабыр берсін Алла бізге ажалға.

Жалғас, Дәмеш, Рақимай, қайтейін,

Көрінбедің тым болмаса базарда.

Жаздым сәлем Бөлекей мен Бәтжанға,

Риза бол қолдан дәмің татқанға.

Ауасына балалықтың алданып,

Түсіп тұрмын қос серіппелі қақпанға.

Күн болар ма бұл қақпаннан шығатын,

Тыңдаушылар сөздерімді ұғатын.

Өз қолымды өзім қалай кесейін,

Бүлдіруші мұның бәрін бір қатын.

Артта қалды біреулердің атасы,

Артығы бар сөздерімнің қатасы.

Кімдер оны тәрбиелеп жүреді,

Түрмеде отыр іштен шыққан ботасы.

Артты қалды біреулердің ағасы,

Табанында сынғандай боп тағасы.

Өңі екенін, түсі екенін біле алмай,

Ол да қалды тілі қызық баласы.

Артта қалды біреулердің жарлары,

Артығы бар сөздерімнің жалғаны.

Басы жұмыр пенде шіркін шыдайды,

Осылайша хақтың басқа салғаны.

Жаздым сәлем артта қалған еліме,

Салған ойнақ күндіз-түні жеріме.

Тура тартып Қостанайға жөнелдік,

Байқауымша күш түскендей беліме.

Мұнан жетіп Ақтүрмеге енгізді,

Стройға қатар-қатар тұрғызды.

Бауырсаққа қарамайтын мырзалар,

Қара нанға ширет етіп қойғызды.

Жүдеген соң ақша беттен қан қашты,

Тақтай тесіп ауыртады жамбасты.

Түске дейін тұрғызбайтын төсектен,

Ұйқы деген қайда кетті албасты.

Темір бұғау арыстанға тор болмас,

Жақсылармен жатқан зындан тар болмас.

Жасымайық, қажымайық, жігіттер,

Аман-жақсы көрмейтұғын жан болмас.

Ескеруші есіне алар ескерер,

Әділ заң бар істің түбін тексерер.

Жасымайық, қажымайық, жігіттер,

Біреу шатлық, біреу ерте сес көрер.

Хош болып тұр, Қостанай мен Семиозер,

Амангелді, Торғай гүлі самалдар.

Тәрбиелеп бірнеше жыл өсірген,

Қарауыңнан шығып барад біздің қол.

Хош болып тұр, Қостанайдың қаласы,

Қанша болар барар жердің шамасы.

Отарбаға мініп жатыр жыласып,

Орыс, қазақ, башқұрт, ноғай баласы.

Строймен алып жүрді конвойың,

Иісшіл ит тауысып тұр көз майын.

Бір-бірімізге мойын бұрып қарасақ,

Атылсын дейт, заңдары бар, оқ дайын.

Мүсіндей боп тура тартып жүреміз,

Заң тәртібін бәріміз де білеміз.

Қырық шілтен пендеңізге пана бол,

Тар жол, тайғақ кешулерден жүреміз.

Этап деген түсі суық, іші тар,

Не болады, белгісіз тұр біздің хал.

Қызғалдағын басатұғын аяқпен,

Сарыарқаны бір көруге болдық зар.

***

Білмеймін хат арқылы елдерден хал,

Ақ қағазға мен жазайын, сен қабыл ал.

Сағынған жас жүректен жаздым сәлем,

Сағынбай, Балахмет құлағың сал.

Сағынбай, Нұрман, Тоқбай қарақтарым,

Сендерден мен алысқа жырақтадым.

Білсеңіз хат арқылы көкең жайын,

Жеріне Дальний Восток тұрақтадым.

Жер екен Дальний Восток ауасы ауыр,

Жас жүрек жараланып болды жауыр.

Ұшқан құс, жүгірген аң бізден артық,

Дегенмен тіршілікке бәрі тәуір.

Тәуекел десем-дағы ер қайраты,

Қиял ой түсіп кетер қай-қайдағы.

Ұшқан құс, жүгірген аң бізден артық,

Жараның жазыла ма түскен дағы.

Көрінген терезеден жалғыз аспан,

Бұлт торлап терезені жерді басқан.

Ғұмырлық бұл секілді болсам түрме,

Не керек пайдасы жоқ, шіркін жастан.

Жатамын мен түрмеде ұйқылы-ояу,

Көкеңнің бұрынғыдай көңілі баяу.

Болса да қандай алмас жасиды ғой,

Көңілден шатлық кетіп кірсе қаяу.

Мен жүрмін Дальний Восток қаласында,

Қысылып ауыр жұмыс арасында.

Көргенін арыстардың бейнеттерін,

Бермесін адамзаттың баласына.

Жер екен Дальний Восток нағыз край,

Жар болғай пендеңізге жаппар құдай.

Жазылған осы хатым барса тура,

Сәлем де қанаттарға дұғай-дұғай.

Осымен сөз аяғын жаздым қысқа,

Көкеңіз жүйрік емес сөзге ұста.

Баршаңыз сау-саламат жағдайда бол,

Барамын аман болсам осы қыста.

Наши рекомендации