Тақырып Күрделі сөздер мен фразеологиялық сөз тіркестерін бір-бірінен жігін ажырату мәселелері
Түркі тілдерінде, соның ішінде қазақ тілінде, күрделі сөздер мен атрибутивті сөз тіркестерінен ФО-ды ажырату, құрылымы жағынан да, түрленуі жағынан да қиынға соғады. Мысалы, ФО-р: көк өрім, сыңар езу, сары жілік, бұраң бел, ақ сұңқар, т.б.; КС-р: есек жем, таз тырна, кәрі жілік, сабауқұйрық, саңырауқұлақ, сарыбас, жезтырнақ, т.б.; ЕСТ-р: ащы су, көк
аспан, жуан ине, алтын сағат, темір күрек, т.б. сияқты келтірілген единицалар табиғаты жағынан әр басқа, осыларды бір-бірінен ажырататын белгілерді анықтау қажет. Аталған тұлғалардың (ФО, ЕСТ, КС) дербес тілдік белгілері айқын еместігінен қайсыбір еңбектерде, олар араласып кеткен, бұл олардың бір-бірінен айырмашылығы немесе ара жігі жақтығынан емес, ФО-р сөз атаулымен, соның ішінде, әсіресе күрделі сөздермен, еркін сөз тіркестерімен ортақ, ұсақ жақтарының болуынан. Қиындықтан шығудың бірден бір жолы – осы единицаларды (фразеологизмдер, күрделі сөздер, еркін сөз тіркестері) бір-бірімен араластыратын және бір-бірінен ажырататын белгілерді анықтау болып табылады (КС – күрделі сөз, ЕСТ – еркін сөз тіркестері).
ФО мен күрделі сөздердің шыққан тегі жеке сөздің өзі емес, сөз тіркесі, еркін сөз тіркесі. Демек, еркін сөз тіркестері ФО-р мен күрделі сөздердің төркіні болса, олардың ФО-р мен КС-рге айналу процестері де зерттеуден тыс қалмауы тиіс. Басында ЕСТ-і болып келіп, келе-келе ұзақ даму процесінде олардың фразеологиялық оралымдарға я әр басқа тілдік единицаларға, өтуінің нәтижесі неде? Тілдің даму барысында ЕСТ-ң семантикалық жақтан да, морфологиялық жақтан да, синтаксистік жақтан да тұтасып, бір бүтінделіп, тұрақтыланып, әр түрлі тілдік тұлғаларға (ФО-р мен КС-ге) айналуының себебін ашу да маңызды.
ФО-ң категориальды (нақты) тілдік белгілері, оларды сөздердің (тілдік басты единица ретінде) және сөз тіркестерінің (синтаксистік қатар құрылымы ретінде) функциональдық белгілерін салыстыру негізінде анықталады. Біздің зерттеу объектіміз болып табылатын ФО-р әр түрлі құрылымды болып келгенімен бір-бірінен айта қаларлық ерекше айырмашылықтарға ие емес, бұлардың табиғаты бір-біріне өте жақын.
Олардың бір-бірінен айырмашылығы – құрамындағы сыңарлар санының және семантикалық жақтан тұтасу дәрежелерінің әр түрлілігінде. Мысалы, тірі өлік – құр сүлдер; без бүйрек – мейірімсіз; асқар тау – елге тірек, сүйеніш; қу сүйек – арық, құр сүлдер; сылдыр сөз – бос, мәнсіз сөз; сынық сөз – сыпайы сөз, сыңар жақ – мылжың; сыңар езу – мылжың, сөзшең; тесік өкпе – бейнетқор; ақ бейіл – ақ ниет, ниеті түзу; ат ұлтан – атқосшы; сары тіс – тіс қақан; ер жүрек – батыл, өжет; ет жүрек – қорқақ; қол ұшын берді – жәрдемдесті; оң қолынан өнер тамған - өте шебер; мұртын балта шаппайды – дүниесі түгел; қызыл көз пәле – жалақор; тас бауыр – рақымсыз; бел бала – елдің адал ұлы; алма мойын - әдемі; алтын арай – таңғы шапақ; бас араздық - өшпенділік; ат ұстар – жаңа туған ұл бала; ауыз бірлік – ынтымақ; құлақ құрышы қанды – тыңдап құмардан шықты; құлаққа түрпідей тиді – өрескел естілді; көз жасын көл қылды – ағыл-тегіл жылады т.б. бір жүйеге қатысты семантикалық топтар екендігі көрініп тұр.
Тұтаса тұлғаланған күрделі сөздердің компоненттері негізгі түбірлер болса, мысалы: сабауқұйрық, қарабұға, қарақұйрық, қуысқұлақ, майқара, сарыбауыр т.б. сияқты КС-ң сыңарлары дербес мағыналарын толық бере алмайтындықтан (осы сөз құрамында), астарлы (келтірінді) мағынада қолданылу аясы тар. Ал ажыратыла тұлғаланған күрделі сөздердің тұтаса тұлғаланған күрделі сөзден айырмасы – сыңарларының әр басқа тұлғалануы (орналасуы) ғана, яғни сырт көрінісі. Сыңарлардың арасындағы ішкі синтаксистік қатынас жойылғанымен, күрделі атаудың (құрама сөздің) өзінің шыққан тегі–сөз тіркесімен – сырттай ұқсастығы сақталады. Сыртқы көрінісімен ажыратыла тұлғаланған күрделі сөздер заттың (ұғымның) бірден-бір атауы ретінде таза номинативті қызмет атқарады. Ал ФО-да ажыратыла тұлғалану өлшемінің көрсеткіштерінің белгілері болмаған жағдайда, олардың өзгеру, түрлену ерекшеліктері ескеріледі.
Фразеологиялық тіркестерге фонетикалық белгіні тіпті қолдануға болмайтыны сияқты, құрамды сөздерге де ол белгіні қолдануға болмайды, өйткені тұлғалануы тұрғысынан олардың еркін сөз тіркестерінен ешқандай айырмашылығы жоқ, мысалы: баспасөз – КС, су мұрын – ФО, алғы сөз – КС, ағаш қасық – ЕСТ т.б. бір-бірінен ажыратуда фонетикалық критерийге сүйеніп, оларды бір-бірінен ажырату мүмкін емес. Әрине аталған өлшемдер мен межелер құрам мен құрылым және мағына тұрақтылығымен тығыз байланысты. Ал ажыратыла тұлғалану белгілеріне сырттай жауап беретін (мысалы: баспасөз, алғы сөз т.б.), бірақ жазылуы тұрақты емес құрылымдар үлгі мен нұсқаларға сай жасалынады. Фразеологиялық белгілерге жауап бере алмайтын, даяр күйінде ғана белгілі единицалар, тілдік жүйенің басқа салаларының тұлғалары болып табылады. Тұрақтылық өлшемі көрсеткіштерінің белгілері тұрғысынан ФО-р дайын қолданылады, дайын күйінде қолданылуы олардың құрамының, құрылымының және мағынасының (астарлы мағынасының) тұрақтылығынан. Белгілі сыңарлар тобы, олардың арасындағы тәуелді байланыс, сыңарлар мағынасы мен бүтін ФО-ң мағынасының байланысының тұрақтылығы – дәстүрлі дайын қолданудың көзі. Тұрақтылық белгісі мен өлшемдері комплекті түрде (қолданудағы тұрақтылық; лексикалық құрамның тұрақтылығы; морфологиялық, синтаксистік және семантикалық тұрақтылық) анықталады. Бұл белгілер өзара тығыз байланысты да, белгілі бір құрамда болатын өзгерістер тұрақтылық нормасынан асып кетпейді. Күрделі сөздердің тұрақтылығы сол, олар сөйлемде бір ғана мүше болып, кәдімгі жеке лексикалық единица, сөз ретінде, қолданылады.
ФО мағынасы астарлы образды болады да, олар эмоциональды-экспрессивті қызмет атқарады. ФО-ң бүтін мағынасы сыңарларының мағыналарымен астарласып, бүтін тұлғаға ғана тән болады. ФО-ң құрамындағы сыңарлар фразеологиялық байлаулы мағынаға тек қана өзі қатысқан фразеологиялық тіркес құрамында ие болады. Демек, ФО-ң мағынасын жасаушы сыңарлар, оған тікелей немесе жанамалай қатысты болады да, фразеологиялық мағынаға ие болады. Басқаша айтқанда бүтін мағына жасау үшін бір сыңар өзіне керекті екінші бір сыңарды қажет етеді. Мысалы: «жұдырық» сөзі өзінің мағынасын еркін өрістетумен қатар, туынды мағынасын «жуан» сөзімен өрістетеді: «жуан, жұдырық» – сотқар, бұзақы. КС-ң сыңарлары «байлаулы» мағынаны да, дербес мағынаны да бере алмайды. Күрделі сөздер тілде негізінен екі жолмен жасалады: 1) тілде бар үлгілер нұсқасымен және 2) еркін немесе тұрақты сөз тіркестерінің үлгісімен жасалады.