МӘҢгілік махаббаттыҢ ӘнҰраны
Қазақстанның халық, жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың 2005 жылы «Өлке» баспасынан жарық көрген «Мәңгілік махаббат жыры» деп аталатын кітабының алғашқы беттерін оқи бастағанымда-ақ Әйел-Ананы Тәңір деп білген ежелгі ата бабаларымыздың салт-санасы, әдет-ғұрпы ойға орала кетті.
Иә, арты ата-тегіміз саналатын сақтар мен ғұндар, ежелгі түркілер, құдіретті үш күшке — көктегі Күнге, қасиетті Жер-суға және Ұмай анаға, дәлірек айтсақ, Анаға ғұмыр бойы табынып, тағзым етіп өтетін болған. Әсіресе, ең құдіретті Тәңір — Әйел Ана саналған. Өйткені әрбір отбасының бала-шағасын, құт берекесін, бірлік-татулығын ұдайы қорғап отыратын киелі күш — Тәңір-Ана деп білген. Бұл туралы адамзат тарихындағы алғашқы кітаптардың бірі «Авестада» (біздің заманымыздан бұрынғы ІІІ-ші ғасыр) және Орхон жәдігерліктерінде (VIII-ші ғасыр) жазылғаны мәлім.
Иә, солай, біздің арғы аға-бабаларымыз әйелді құдіретті күш, Тәңір деп таныған. Ал, біз сөз етіп отырған «Мәңгілік махаббат жыры» атты қара сөзбен жазылған поэманың авторы өзінің жанына — жылу, жүрегіне жыр беретін өмірлік досы туралы: «Халима — менің өз өмірімнің аспанында жарқыраған Күнім болды. Менің Күнім! Әр әйел — өз отбасының алтын Күні. Жердегі бар тіршілік Күннен қуат алып, соның жылуы мен жарығы арқасында өсіп-өнетіні аян... Әйел-Ана қарызын ешбір еркек, ешбір перзент өтей алмақ емес. Егер мен жүз жыл жасасам да, Халиманың маған сіңірген еңбегін, оның адамгершілік, әйелдік, ұрпағымды өрбіткен аналық қарызын өтей алмаспын деймін. Өтей алмаймын!» — деп жазады.
Міне, қаламгер Әзілхан Нұршайықов «Мәңгілік махаббат жырын» жазу арқылы байырғы бабаларымыздың Күн мен Ананы Тәңір тұтып, оларға табынатын, тағзым ететін, олардың алдында бас иетін ізгі дәстүрін бүгін жалғастыра түскен сияқты.
Менің ойымша, Анаға тағзым ету — ең алдымен, мәңгілік махаббатқа, адам бойындағы ең мөлдір сезімдерге, адамгершілікке, мейірімділікке, қайырымдылыққа, бауырмалдыққа тағзым ету деген сөз. Әзілхан Нұршайықовтың осы біз сөз етіп отырған кітапты жазардағы негізгі мақсаты да осындай жәйттар болған сияқты.
Сонымен,«Мәңгілік махаббат жыры» — ақ өлеңмен жазылған прозалық поэма. Бұл кітап негізгі екі бөлімнен және қосымша бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім — «Халима» (Өмірінің өшпес өрнектері), екінші бөлім — «Халимаға хат» (Сағыныш саздары) деп аталады. Бұл кітапта «Халиманы еске алуға» арналған да бөлім бар. Мұнда Халиманың қазасына байланысты көңіл айтулар, хаттар, лебіздер, естеліктер берілген.
«Мәңгілік махаббат жырының» бірінші бөлімі — қаламгердің жан жары, әдеби серігі, аяулы адамы Халима туралы хикаят-дастан деуге болады. Мұнда Әз аға жабырқай қалса — жадырататын, жаңыла қалса — түзететін, жатса — жастығы, жантайса — төсегі болатын өмірлік досы Халимаға қараға айтылатын жиырма сөз — жиырма тақырып етіп берілген. Дәлірек айтсақ, автор өз ойын оқырманға Халима туралы жиырма тебіреніс арқылы жеткізген. Әрбір тебіреністің өзіндік идеясы, сюжеті, тақырыбы бар. Бұлар бірін-бірі қайталамайды, қайта бірін-бірі логикалық тұрғыдан толықтыра, жетілдіре түседі.
«Ұят» деген үш әріптен тұратын ұлы сөзді өзіне өмірлік ұран етіп алған Халиманың жарық дүниемен қоштасар сәтте күйеуіне айтатын өсиеті «Екінші сөзде» берілген. Мен өзім осы өсиетті оқып болып, әрбір тірі пенде ақыры бір күні келетін өз өліміне де моральдық-психологиялық жағынан мықтап дайындалып жүруі қажет екен-ау деген ойға келдім. Ажалдың әйтеуір бір келетінін іштей мойындап, оны кез-келген сәтте қиналмай-ақ қабылдауға әзір жүрген адам ғана өзінен кейінгілерге ерекше ұстамдылықпен осындай ұлағатты өсиет сөздер айта алады.
Міне, «Мәңгілік махаббат жырының» басты қаһарманы — Халима үрейлі ажалдың өзінен де биік тұрған ержүрек жан. Халима туралы тебіреністерді оқыған сайын осы пікірге көзіңіз жете түседі. Алайда, бұл кітапты жазушының өз әйелі туралы жазған естелігі ғана деп қарауға болмайды. Мұндай пікір «Мәңгілік махаббат жырының» тақырыбын тарылтып, сюжетін сұйылтып жіберер еді. Ал, қаламгердің оқырманға айтар ақылы тереңде жатқанын, меңзеген мақсаты өз отбасынан биікте тұрғанын аңғару қиын емес.
Біз дәл осы арада белгілі жазушы, білікті баспагер Серік Әбдірайымұлының «Мәңгілік махаббат жыры» авторына жазған хатынан қысқа ғана үзінді келтіре кетуді жөн көрдік: «Бұл шығарма Халима — жеңгемізге ғана емес, қазақтың аяулы қыздарына, адал жарларына, асыл аналарына, ардақты әжелеріне орнатылған мәңгілік ескерткіш. Шын сағыныштан туған дастан. Айта алмай, жаза алмай, айтсақ та, жазсақ та, Әз аға, Сізше айта алмай, Сізше жаза алмай жүрген тақырып еді, соны боямасыз, қиялсыз, тіпті, қоспа-бүкпесіз қағазға хаттап бергеніңізге дән ризамын. Тәлім алам дегенге тәрбиелік мәні зор өмір жыры бұл. Аққудың сыңарынан айрылғанын аңыздан, күйден естіген жан еріксіз көзіне жас алатын. Адам, Азамат, Жазушы жарын, досын, жан серігін жоғалтқандағы жоқтауын оқыған кісі селт етіп оянбауы, дүр етіп сілкінбеуі мүмкін емес».
Есімі бүкіл қазақ қауымына мәшһүр Әзілхан Нұршайықов сияқты қаламгерге өмірлік дос болу, елу төрт жыл бойы оған қалтқысыз қызмет ету, ұрпағын өрбіту, жүрегіне шабыт беру арқылы Халиманың есімі де ұлтымыздың зиялы азаматтары арасында белгілі болып қалған еді.
Әрине, өмірдегі осындай әрбір құбылыстың өзіндік сыр себептері, алғы шарттары болатыны мәлім. Тақыр жерге шөп шықпайды ғой. Дәл осы тұрғыдан алып қарағанда, халқымыздың сан ғасырлық тарихында еліне еңбегі сіңген талай-талай қаһарман қыздарымыздың болғаны мәлім. Бұл сөзімізге сонау сақтар заманында ұлан-байтақ жерімізді жаудан қорғап қалған батыр қызымыз Тұмар (Томирис), Қарахан батырдың жанына жалау, қолтығына демеу болған сүйіктісі Айша бибі, Ахмет Иассауидей ғұлама ақынды тәрбиелеп өсірген Қарашаш ана, бүкіл түркі әлемін тамсандырып Ұлықбектей ұл тапқан Гаухаршад бегім, күллі қазақ қауымының анасы бола білген Нұрила (Домалақ ана), күні кеше ғана қазақ қыздарының батырлық дәстүрін бүкіл дүние жүзіне танытқан Мәншүк пен Әлия сияқты аруларымыз дәлел емес пе?!
Сөйтіп, қаламгер Әзілхан Нұршайықов өз кітабында Халима бейнесі арқылы халқымыздың сан ғасырлық тарихындағы қазақ қыздарының қайсарлық, мейірімділік, төзімділік, жомарттық, махаббатқа адалдық, кең пейілділік сияқты ізгі қасиеттерін зор шеберлікпен бейнелеп көрсеткен.
Рас, Әз ағаның ардақты азамат, белгілі қаламгер, көрнекті коғам қайраткері ретінде қалыптасуына өмірлік досының сіңірген еңбегі де аз болмаса керек. Автордың өз сөзімен айтқанда, Халима ғұмыр бойы атақты жазушының ойын жалғап, өрісін кеңітіп келді. Созса — қолын, ойласа — ойын ұзартты. Әз ағамыз су сұраса — сүт, қарта сұраса — қазы, жая сұраса — жал беріп келген еді. Мұның бәрі рас. Жазушы қиялынан туған сұлу сөздер емес, мына өмірдің шынайы шындығы болатын. Оны өз көзімізбен көрген болатынбыз.
Дегенмен, өмірде әрбір құбылыстың екі жағы болады деп білеміз ғой. Енді мәселенің осы жағына көшейік. Қадірлі Халима жеңгеміздің сондай биік адами тұғырға көтерілуіне, сүйікті жар, ардақты ана, адал дос,байсалды бәйбіше болып қалыптасуына Әзілхан ағада өзіндік үлес қосқан шығар.Қазақта: «Қыз кезінде бәрі жақсы, ал жаман қатын қайдан шығады?» деген бір дөрекілеу естілетін сауал-мақал бар. Мен өзім осы бір сұрақта терең пәл сапалық мән бар деп ойлаймын. Біз «Жібекті түте алмаған жүн етеді» деген қанатты сөзді де білеміз. Әке шешесінің үйінде жүргенде биязы мінезді, парасатты, кішіпейіл болып келетін талай қыздардың өмір жолында әдепсіз жандарға жолығып, дөрекі мінезді келіншекке, парасатсыз әйелге, тәкаппар бәйбішеге айналып кеткенін күнде көріп жүрміз.
Міне, осы жағынан алып Қарағанда, аяулы жарының өмірдегі мәртебесін көкке көтере білген Әзілхан ағадай ер азаматтың қыруар қызметін оқырман қауымға үлгі-өнеге ететіндей тағы бір махаббат дастаны жазылуы керек сияқты. Ондай жыр-дастансыз Халима жеңгейдің өмірдегі, көркем әдебиеттегі, болашақ ұрпақ ойындағы шынайы бейнесі толық ашылмас еді. Әрине, Әз аға жайындағы «Мәңгілік махаббат жырының» жалғасын келесі ұрпақтың қаламгерлері жазатын шығар. Әйтсе де, сол болашақта өмірге келетін махаббат жырының алғашқы шумақтары қазір-ақ жазыла бастаған сияқты:
Ар алдында көрмеген жаза басып,
Елің үшін ояндың маза қашып.
Кішіге — аға, үлкенге — іні болған,
Бар қазақтың сүйетін — Әз ағасы, —
деген ақын Марфуға Айтқожинаның өлең жолдарын оқығанымда осындай ойға келдім.Әлі есімде, Халима апай қайтыс болған күні маған есімі белгілі бір жазушы телефон соқты. Мұндайда «атын айтпай-ақ қояйын» дейтін әдетіміз бар ғой. Мен де сол жазылмаған заңға бағынып келем. Сонымен, әлгі жазушы телефонда ентіге сөйлеп:
— Ойбай-ау, Нәке! Естідің бе, Халима жеңгеміз дүние салып, Әзілхан ағамыз бақытсыз болып қалды ғой, — деді.Біреу төбемнен мұздай су құйып жібергендей селк ете түстім. Оқыстан естілген суық хабардан денем тітіркеніп кетті. Маған «қайтыс болды» деген сөзден гөрі «бақытсыз болып қалды» дегені жаныма қаттырақ батты. Қапелімде аузыма сөз түспей, сасқалақтап қалдым. Ақыры есімді жинап, ашу-ызаға булыққан күйімде:
— Әзілхан аға — бақытты жан! Ол дәл қазірдің өзінде де бәрімізден әлдеқайда бақытты, дедім.
— Не деп турсың, Нәке! Әйелі қайтыс болды дедім ғой. Әлде естімей қалдың ба?
— Естідім. Білем. Қазір Әз ағаға көңіл айтуға барам.
— Онда несіне көлгірсіп тұрсың?!
— Көлгірсігем жоқ. Шыным сол. Солай екеніне кәміл сенімдімін.
— Сонда қалай?
— Қалай дейтін несі бар? Марқұм Халима жеңгеміз ұлтымыздың мақтанышына айналған ғажайып әйелдердің бірі еді. Сондай аруды өмірлік дос етіп, онымен елу төрт жыл бойы бірге тұрып, бірге ойлап, өмірдің қызығы мен қиындығын бірге көтеріп жүрудің өзі бақыт емес пе?! Бір ән бар ғой. Әуені есіме түспей тұр. Сонда:
Өткізген жақсыменен жарты сағат
Жаманның өтіп кеткен өміріндей,
деген өлең жолдары бар.
— Иә, солай ғой. Бірақ мен Әз аға сол бақыттан айрылып қалды деп тұрмын ғой.
— Жоқ. Әз аға — мәңгілік махаббатқа ие болған жан. Ал, мәңгілік махаббат — мәңгілікке берілетін бақыт. Мәңгілікке! Мұндай махаббат адамның қазасына да қатысты емес. Демек, Әз аға жанындағы жарынан айрылып қалса да, басындағы бақытынан айрылған жоқ. Халима жеңгемен бірге өткізген елу төрт жыл ғұмыр жолдары, бақытты күндері, қуанышты сәттері Әз ағаның жадында мәңгілікке сақталып қалған. Енді ол сүйікті жарының рухымен сырласып, әңгімелесіп, отан хат жазып, өлең арнап өмір сүреді. Атақты ақындар сөйткен. Мәңгілік махаббат дегеніміз осы! Иә, махаббат — мәңгілік құбылыс. Ол ешқашан өлмейді. Демек, Халима жеңгейдің мәңгілік ғұмыры енді ғана басталды. Әз аға айтпақшы, махаббат — адам жанының жалауы. Ол: адамгершілік, адалдық, әділдік, ақпейілділік, пәктік, мөлдір тазалық, ұлы іңкәрлік. Махаббат — адам жүрегінің ең асыл қазынасы.
— Иә, мен де солай ойлаймын. Тек қана Әз ағаға киын болды дегенді айтпақ едім.
— Әрине, адам жүз жасаса да көптік етпейді. Бірақ, жігіттің бағы жанып, өзі армандаған алтын құстың ақ үрпек балапанына қолы жетсе, бірі ұшын бірі жаратылған екі жүрек үнсіз үйлесіп, бір ырғақпен соғып, қатар түзеп, өмір деген көк аспанның қиырына қарай бет түзеп, жарты ғасырдан астам уақыт бойы екеуі қанаттарын қатар сермеп, шаттана шырқап ғұмыр кешіп өтсе — бұдан артық бақыт бола ма?! Қайталап айтам. Әз аға — бақытты жан. Бұл бақытты оған адам емес, Алланың өзі сыйлаған. Менің ойымша, адам дүние-мүлікке ғана емес, оз тағдырына да қанағат ете білу керек. Құдайдың бергеніне қанағат жасап, шүкірлік етіп, тәубеге келудің өзі де ұлылықтың бір белгісі болса керек.
Мен жазушы досыма осыны айттым да, телефон трубкасын орнына қойдым. Қойдым да қазақтың қазаны сыпайы түрде естірту дәстүрін ұмытып кеткенімізге іштей қатты өкіндім.
Сонымен, ойымызды бүкпесіз айтсақ, Халима — өзінің Әзілхан ағамен өткізген бақытты өміріне қанағат ете білген жан. Бұл сөзімізге Халиманың жазған хаттары, мына жарық дүниемен мәңгілікке қоштасарда айтқан өсиет сөздері дәлел.
Мен «Мәңгілік махаббат жырын» оқып біттім. Иә, мәртебелі махаббат — қанша айтса да таусылмайтын мәңгілік жыр. Мен сол ғажайып жырдың авторы Әзілхан аға бейнесін көз алдыма елестетіп көргім келді. Алайда, көзіме Әз аға емес, махаббат қамалын жаудан жалғыз қорғап тұрған қазақтың дарабоз батыры елестеп кеткендей болды. Енді бір сәт мен мәңгілік махаббат күйін үлкен театрдың кең сахнасында құйқылжыта тартып тұрған домбыра оркестрінің дирижерін көріп тұрғандай сезімге бөлендім. Сондай-ақ мен мәңгілік махаббатқа қойылған зәулім ескерткіштің скульпторына қол беріп, тағзым еткендей едім.
Иә, бұл кітап — мәңгілік махаббаттың жаңадан жазылған әнұраны болса керек!
Немат КЕЛІМБЕТОВ,
жазушы, филология ғылымдарының докторы, профессор.
«Егемен Қазақстан», 25 тамыз 2005 жыл.
* * *
З АҒА!
Ақтаудан жақсы демалып оралуыңызбен!
Жіберіп отырғаным — толық вариантым.
Осыдан енді ыңғайланған вариант жасап отырмын. Өзіңізді құрметтеуші, пip тұтушы ініңіз: ӘБІЛФАЙЫЗ.
Оқып шыққан соң, телефон соға салыңыз!
Арғы күні ықшам вариантын да беремін.
27.06.2005 жыл, Алматы».
* * *