Бап. Кінәсіздікпен зиян келтiру 5 страница

2. Өмір бойына бас бостандығынан айырудан басқа, жазаны өтеуге кедергi жасайтын өзге де ауыр науқастан зардап шегуші адамды сот жазаны өтеуден босатады немесе науқасының сипаты, жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың ауырлығы, сотталған адамның жеке басы және басқа да мән-жайлар ескеріле отырып, жаза неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстырылуы мүмкiн.

3. Осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде аталған адамдар, олар сауыққан жағдайда, егер қылмыстық жауаптылыққа тартудың немесе айыптау үкімінің ескіру мерзімі өтіп кетпесе, қылмыстық жауаптылыққа және жазалануға жатады.

76-бап. Ауыр мән-жайлардың тоғысуы салдарынан жазадан

босату және жазаны өтеудi кейiнге қалдыру

1. Қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс үшiн сотталған адамды, егер өрт немесе дүлей зілзала, отбасының еңбекке қабілетті жалғыз мүшесiнiң ауыр науқастануы немесе қайтыс болуы немесе басқа да төтенше мән-жайлардың салдарынан оның отбасы үшiн аса ауыр зардапқа әкеп соққан мән-жайлар туындаса, сот жазадан босатуы мүмкiн.

2. Террористік немесе экстремистік қылмыс не қылмыстық топ құрамында жасалған немесе жас балаларға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыс үшін сотталған адамдарды қоспағанда, ауыр немесе аса ауыр қылмыс үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған адамның жазасын өтеуiн сот осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетілген негiздер болған кезде, үш айға дейiнгі мерзiмге кейiнге қалдыра алады.

77-бап. Айыптау үкiмiнің ескіру мерзімінің өтуiне

байланысты жазаны өтеуден босату

1. Қылмыстық құқық бұзушылық үшiн сотталған адам, егер айыптау үкiмi оның заңды күшiне енген күнiнен бастап есептегенде:

1) қылмыстық теріс қылық үшiн сотталғанда – бір жыл;

2) онша ауыр емес қылмыс үшiн сотталғанда – үш жыл;

3) ауырлығы орташа қылмыс үшiн сотталғанда – алты жыл;

4) ауыр қылмыс үшiн сотталғанда – он жыл;

5) аса ауыр қылмыс үшiн сотталғанда он бес жыл мерзiмде орындалмаған болса, жазаны өтеуден босатылады.

2. Қылмыстық теріс қылықтар бойынша ескіру мерзімінің өтуі, жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтың жасалуына қарамастан, тоқтатыла тұрмайды және үзілмейді.

3. Егер сотталған адам жазаны өтеуден жалтарса, қылмыстар бойынша ескіру мерзімінің өтуi тоқтатыла тұрады. Бұл жағдайда ескіру мерзімінің өтуi адам ұсталған немесе айыбын мойындап келген кезден басталады. Сотталған адамның жазаны өтеуден жалтаруы кезiне қарай өтіп кеткен ескіру мерзімі есепке алынуға жатады. Бұл ретте айыптау үкiмi, егер оның шығарылған уақытынан бастап жиырма бес жыл өткен болса және ескіру мерзімі жаңа қылмыс жасау арқылы үзілмеген болса, орындала алмайды. Жазаны өтеу кейінге қалдырылған жағдайда, ескіру мерзімінің өтуі кейінге қалдыру мерзімі аяқталғанға дейін тоқтатыла тұрады.

4. Егер адам осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетілген мерзiмдер өткенге дейiн жаңадан қасақана қылмыс жасаса, қылмыстар бойынша ескіру мерзімінің өтуі үзіледі. Мұндай жағдайларда ескiру мерзiмiн есептеу жаңа қылмыс жасалған күннен бастап қайта басталады.

5. Өлiм жазасына немесе өмiр бойына бас бостандығынан айыруға сотталған адамға ескіру мерзімін қолдану туралы мәселенi сот шешедi. Егер сот ескіру мерзімін қолдану мүмкiн болады деп таппаса, өлiм жазасы өмiр бойына бас бостандығынан айыруға ауыстырылады, ал өмiр бойына бас бостандығынан айыру жиырма бес жыл мерзiмге бас бостандығынан айыруға ауыстырылады. Бейбiтшiлiк пен адамзат қауiпсiздiгiне қарсы қылмыстар, сыбайлас жемқорлық қылмыстар, террористік қылмыстар, экстремистік қылмыстар, азаптаулар, жас балаларға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстар, сондай-ақ жеке адамға, мемлекеттің конституциялық құрылысы негіздеріне және қауіпсіздігіне қарсы, экономикалық қызмет саласында аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін сотталған адамдарға ескіру мерзімдері қолданылмайды.

78-бап. Рақымшылық немесе кешiрiм жасау актiсi негiзiнде

қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босату

1. Рақымшылық жасау туралы актiнi Қазақстан Республикасының Парламентi жеке-дара айқындалмаған адамдар тобына қатысты шығарады.

2. Қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған адамдар рақымшылық жасау туралы актiнің негiзiнде қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкiн. Қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасағаны үшiн сотталған адамдар жазадан босатылуы мүмкiн не оларға тағайындалған жаза қысқартылуы немесе жазаның неғұрлым жеңiл түрiмен ауыстырылуы мүмкiн не мұндай адамдар жазаның қосымша түрiнен босатылуы мүмкiн. Ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған адамдарға тағайындалған жазаның мерзімі қысқартылуы мүмкін. Жазасын өтеген немесе оны одан әрi өтеуден босатылған адамдардан рақымшылық жасау туралы актiмен сотталғандығы алып тасталуы мүмкiн.

Террористік қылмыстар, экстремистік қылмыстар, азаптаулар, жас балаларға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстар жасаған, сондай-ақ қылмыстардың қайталануы немесе қылмыстардың қауiптi қайталануы кезінде жаза тағайындалған адамдарға рақымшылық жасау туралы акт қолданылмайды.

3. Өзіне қатысты айыптау үкiмi заңды күшiне енген белгiлi бiр жеке-дара айқындалған адамға, сол сияқты шет мемлекет сотының үкімі бойынша тағайындалған жазаны Қазақстан Республикасының аумағында өтеп жатқан не өтеген адамға кешiрiм жасау туралы актiнi Қазақстан Республикасының Президентi шығарады.

4. Қылмысы үшiн сотталған адам кешiрiм жасау кезiнде жазаны одан әрi өтеуден босатылуы мүмкiн не оған тағайындалған жаза қысқартылуы немесе жазаның неғұрлым жеңiл түрiмен ауыстырылуы мүмкiн не мұндай адам жазаның қосымша түрінен босатылуы мүмкiн. Жазасын өтеген немесе оны одан әрі өтеуден босатылған адамдардан кешiрiм жасау актiсiмен сотталғандығы алып тасталуы мүмкiн.

79-бап. Сотталғандық

1. Қылмыс жасағаны үшiн сотталған адам соттың айыптау үкiмi заңды күшiне енген күннен бастап сотталғандығы өтелген немесе алып тасталған кезге дейiн сотталған болып есептеледi. Сотталғандық осы Кодекске сәйкес қылмыстардың қайталануы, қылмыстардың қауіпті қайталануы айқындалған кезде және жаза тағайындау кезiнде ескерiледi.

2. Жазадан босатылған, сондай-ақ қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін сотталған адам сотталғандығы жоқ деп танылады.

3. Сотталғандық:

1) шартты түрде сотталған адамдарға қатысты – пробациялық бақылау мерзiмi өткен соң;

2) бас бостандығынан айыруға қарағанда жазаның неғұрлым жеңiл түрлерiне сотталған адамдарға қатысты – жазаны іс жүзінде өтеген соң;

3) онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыстар үшін бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға қатысты – жазаны өтегеннен кейiн үш жыл өткен соң;

4) ауыр қылмыстар үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға қатысты – жазаны өтегеннен кейiн алты жыл өткен соң;

5) аса ауыр қылмыстар үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға қатысты жазаны өтегеннен кейiн сегiз жыл өткен соң жойылады.

4. Егер сотталған адам Қазақстан Республикасының заңында белгiленген тәртiппен жазасын өтеуден мерзiмiнен бұрын босатылса немесе жазаның өтелмеген бөлiгi жазаның неғұрлым жеңiл түрімен ауыстырылса, онда сотталғандықты жою мерзiмi жазаның іс жүзінде өтелген мерзiмi негiзге алына отырып, негiзгi және қосымша жаза түрлерiн өтеуден босатылған кезден бастап есептеледi.

5. Егер соттың үкімі бойынша адамға негізгі жазамен қатар қосымша жаза тағайындалса, онда сотталғандықты жою мерзімі негізгі және қосымша жаза түрлерін өтеу кезінен бастап есептеледі.

Белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру түрінде қосымша жаза тағайындалған жағдайларда, онда сотталғандықты жою мерзімі жазаның негізгі түрін өтеу кезінен бастап есептеледі.

6. Адам әртүрлі ауырлық дәрежесіне жататын қылмыстар үшін қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша немесе үкімдердің жиынтығы бойынша сотталған кезде, сотталғандық әрбір қылмыс үшін жеке жойылады, бұл ретте жою мерзімдері қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы немесе үкімдердің жиынтығы бойынша жазаны өтеу кезінен бастап есептеледі.

7. Егер сотталған адам жазаны өтегеннен кейiн өзiн мiнсiз ұстаса, онда сот оның өтiнiшхаты бойынша сотталғандықты жою мерзiмi өткенге дейiн одан сотталғандықты алып тастай алады.

Бұл норма ауыр немесе аса ауыр қылмыстар үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған, сондай-ақ қылмыстардың қайталануы немесе қылмыстардың қауіпті қайталануы кезінде жаза тағайындалған адамдарға қолданылмайды.

8. Егер сотталған адам сотталғандықты жою мерзiмi өткенге дейiн қайтадан қылмыс жасаса, сотталғандықты жою мерзiмiнің өтуі үзіледі. Бiрiншi қылмыс бойынша сотталғандықты жою мерзiмi соңғы қылмыс үшiн негiзгi және қосымша жаза түрлерін іс жүзінде өтегеннен кейiн қайтадан есептеледi. Бұл жағдайларда адам екi қылмыстың анағұрлым ауыры үшiн сотталғандықты жою мерзiмi өткенге дейiн олар үшiн сотталған деп есептеледi.

9. Сотталғандықты жою немесе алып тастау өмір бойына тағайындалған жазаның қосымша түрімен белгіленген шектеулерді қоспағанда, сотталғандыққа байланысты барлық құқықтық зардаптардың күшiн жояды.

6-БӨЛІМ. КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРДЫҢ ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖАУАПТЫЛЫҒЫ

80-бап. Кәмелетке толмағандардың қылмыстық жауаптылығы

1. Осы бөлімнің күшi қолданылатын кәмелетке толмағандар деп қылмыстық құқық бұзушылық жасаған уақытқа қарай жасы он төртке толған, бiрақ он сегiзге толмаған адамдар танылады.

2. Қылмыстық құқық бұзушылық жасаған кәмелетке толмағандарға жаза тағайындалуы мүмкiн не оларға тәрбиелiк ықпалы бар мәжбүрлеу шаралары қолданылуы мүмкiн.

81-бап. Кәмелетке толмағандарға тағайындалатын жаза

түрлерi

1. Кәмелетке толмағандарға тағайындалатын жаза түрлерi:

1) белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру;

2) айыппұл;

3) түзеу жұмыстары;

4) қоғамдық жұмыстарға тарту;

5) бас бостандығын шектеу;

6) бас бостандығынан айыру болып табылады.

2. Кәмелетке толмағандарға белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру бiр жылдан екi жылға дейiнгi мерзiмге тағайындалады.

3. Айыппұл кәмелетке толмаған сотталған адамның дербес табысы немесе өндiрiп алуға жарайтын мүлкi болған жағдайда ғана тағайындалады. Айыппұл айлық есептiк көрсеткiштің оннан екі жүз елуге дейiнгi мөлшерінде тағайындалады.

4. Түзеу жұмыстары дербес табысы немесе өзге тұрақты кірісі бар кәмелетке толмағандарға айлық есептік көрсеткіштің оннан екі жүз елуге дейінгі мөлшерінде тағайындалады.

5. Қоғамдық жұмыстарға тарту қырық сағаттан бір жүз елу сағатқа дейiнгi мерзiмге тағайындалады, ол кәмелетке толмаған адамның қолынан келетiн жұмыстарды орындауы болып табылады және ол оны оқудан немесе негiзгi жұмысынан бос уақытында орындайды. Он алты жасқа дейінгі адамдардың бұл жаза түрiн орындау ұзақтығы – күнiне екi сағаттан, ал он алтыдан он сегiз жасқа дейiнгi адамдар үшiн күнiне үш сағаттан аспауы керек.

6. Кәмелетке толмағандарға бас бостандығын шектеу – екi жылға дейiнгi мерзiмге, ал бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның өтелмеген бөлігін бас бостандығын шектеуге ауыстыру жағдайында жазаның қалған өтелмеген бөлігінің бүкіл мерзіміне тағайындалады.

7. Кәмелетке толмағандарға бас бостандығынан айыру – он жылдан аспайтын, ал ауырлататын мән-жайлар кезінде адам өлтiргенi немесе терроризм актісі үшiн не қылмыстық құқық бұзушылықтардың бiреуi ауырлататын мән-жайлар кезінде адам өлтiру немесе терроризм болып табылатын олардың жиынтығы бойынша он екi жылдан аспайтын мерзiмге тағайындалуы мүмкiн. Онша ауыр емес қылмыс немесе қазаға ұшыратумен байланысты емес ауырлығы орташа қылмыс жасаған кәмелетке толмағандарға бас бостандығынан айыру тағайындалмайды.

8. Кәмелетке толмаған сотталған адамдар бас бостандығынан айыруды:

1) бас бостандығынан айыруға алғаш рет сотталған еркек жынысты кәмелетке толмағандар, сондай-ақ әйел жынысты кәмелетке толмағандар – жалпы режимдегi тәрбиелеу колонияларында;

2) бұрын бас бостандығынан айыруды өтеген еркек жынысты кәмелетке толмағандар – күшейтiлген режимдегi тәрбиелеу колонияларында өтейдi.

9. Іс-әрекеттің сипатына және қоғамға қауiптiлiк дәрежесiне, кiнәлi адамның жеке басына және істің өзге де мән-жайларына қарай сот қабылданған шешiмнiң уәждерін көрсете отырып, еркек жынысты кәмелетке толмаған сотталған адамның бас бостандығынан айыруды жалпы режимдегi тәрбиелеу колониясында өтеуiн тағайындауы мүмкiн.

10. Сот жазаны орындаушы органға кәмелетке толмаған сотталған адаммен қарым-қатынас кезiнде оның жеке басының белгiлi бiр ерекшелiктерiн ескеру туралы нұсқау беруi мүмкiн.

82-бап. Кәмелетке толмаған адамға жаза тағайындау

1. Кәмелетке толмаған адамға жаза тағайындау кезiнде, осы Кодекстiң 52-бабында көзделген мән-жайлардан басқа, оның өмiрi мен тәрбиесiнiң жағдайлары, психикалық даму деңгейi, жеке басының өзге де ерекшелiктерi, сондай-ақ оған жасы жағынан үлкен адамдардың ықпалы ескерiледi.

2. Кәмелетке толмаған жас жеңiлдететiн мән-жай ретiнде басқа да жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлармен жиынтықта ескерiледi.

83-бап. Кәмелетке толмағандарды қылмыстық жауаптылықтан

және жазадан босату

1. Қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес қылмыс жасаған не ауырлығы орташа қылмысты алғаш рет жасаған кәмелетке толмаған адамды, егер оны қылмыстық жауаптылыққа тартпай-ақ түзеуге болады деп белгiленсе, сот қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкiн. Бұл ретте оған тәрбиелiк әсерi бар мәжбүрлеу шаралары қолданылуы мүмкiн.

2. Қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасағаны үшiн бiрiншi рет сотталған кәмелетке толмаған адамды, егер оны түзеуге тәрбиелiк әсерi бар мәжбүрлеу шараларын қолдану арқылы қол жеткiзуге болады деп танылса, сот жазадан босатуы мүмкiн.

3. Қазаға ұшыратумен байланысты емес ауыр қылмысты алғаш рет жасаған кәмелетке толмаған адамды сот, осы Кодекстің 68-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайларда, қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкін.

84-бап. Тәрбиелiк ықпалы бар мәжбүрлеу шаралары

1. Сот кәмелетке толмаған адамға тәрбиелiк ықпалы бар мынадай мәжбүрлеу шараларын тағайындауы мүмкiн:

1) ескерту;

2) ата-аналарының немесе оларды алмастыратын адамдардың не мамандандырылған мемлекеттiк органның қадағалауына беру;

3) келтiрiлген зиянды қалпына келтiру мiндетiн жүктеу;

4) бос уақытын шектеу және кәмелетке толмаған адамның мінез-құлқына ерекше талаптар белгiлеу;

5) ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына орналастыру;

6) жәбірленушіден кешірім сұрау міндеттемесін жүктеу;

7) пробациялық бақылау белгілеу.

2. Кәмелетке толмаған адамға тәрбиелiк ықпалы бар бiрнеше мәжбүрлеу шарасы бiр мезгiлде тағайындалуы мүмкiн.

85-бап. Тәрбиелік ықпалы бар мәжбүрлеу шараларының

мазмұны және оларды қолдану мерзімдері

1. Ескерту кәмелетке толмаған адамға оның іс-әрекетiмен келтiрiлген зиянды және осы Кодексте көзделген құқық бұзушылықтарды қайталап жасаудың зардаптарын түсiндiруден тұрады.

2. Қадағалауға беру ата-аналарына немесе оларды алмастыратын адамдарға не мамандандырылған мемлекеттiк органға кәмелетке толмаған адамға тәрбиелiк ықпал ету және оның мінез-құлқын бақылау жөнiнде мiндеттер жүктеуден тұрады.

3. Келтiрiлген зиянды қалпына келтiру мiндетi кәмелетке толмаған адамның мүлiктiк жағдайы және оның тиістi еңбек дағдыларының болуы ескеріле отырып жүктеледі.

4. Кәмелетке толмаған адамның бос уақытын шектеу және оның мінез-құлқына ерекше талаптар белгiлеу белгiлi бiр орындарға баруға, бос уақыттың белгiлi бiр нысанын, оның iшiнде механикалық көлiк құралын басқаруға байланысты нысанын пайдалануға тыйым салуды, тәулiктiң белгiлi бiр уақытынан кейiн үйден тыс жерде болуын, мамандандырылған мемлекеттiк органның рұқсатынсыз басқа жерлерге баруын шектеудi көздеуi мүмкiн. Кәмелетке толмаған адамға бiлiм беру мекемесiне қайта оралу, оқуын жалғастыру немесе аяқтау не мамандандырылған мемлекеттiк органның көмегiмен жұмысқа орналасу талабы да қойылуы мүмкiн. Осы тiзбе толық болып табылмайды.

5. Алты айдан екі жылға дейінгі мерзімге ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарына орналастыруды сот қасақана ауырлығы орташа қылмыс немесе ауыр қылмыс жасаған кәмелетке толмаған адамға тағайындауы мүмкін. Аталған ұйымдарда болу адамның кәмелетке толуына байланысты, сондай-ақ егер түзетудi қамтамасыз ететін мамандандырылған мемлекеттiк органның қорытындысы негiзiнде сот кәмелетке толмаған адам өзiнiң түзелуi үшiн бұдан әрi бұл шараны қолдануды қажет етпейдi деген түйінге келсе, мерзiмінен бұрын тоқтатылуы мүмкiн.

6. Ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарында болуды осы баптың бесiншi бөлiгiнде көзделген мерзiм өткеннен кейiн ұзартуға тек кәмелетке толмаған адамның жалпы бiлiм беретiн немесе кәсiптiк даярлығын аяқтауы қажет болған жағдайда ғана жол берiледi, бiрақ ол кәмелетке толғаннан аспауы керек.

7. Кәмелетке толмағандардың ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарында болуының тәртібі мен шарттары Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалады.

8. Кәмелетке толмаған адам келтірген зияны үшін жәбірленушіден өзі кешірім сұрайды.

9. Пробациялық бақылау осы Кодекстің 44-бабы екінші бөлігінің қағидалары бойынша бір жылға дейінгі мерзімге белгіленеді.

10. Осы Кодекстің 84-бабы бірінші бөлігінің 2) және 4) тармақтарында көзделген тәрбиелік ықпалы бар мәжбүрлеу шараларын қолдану мерзімі қылмыстық теріс қылық жасаған кезде – ұзақтығы алты айға дейін, онша ауыр емес қылмыс жасаған кезде – алты айдан бір жылға дейін, ауырлығы орташа қылмыс жасаған кезде – бір жылдан екі жылға дейін және ауыр қылмыс жасаған кезде екі жылдан үш жылға дейін белгіленеді.

11. Кәмелетке толмаған адам тәрбиелік ықпалы бар мәжбүрлеу шарасын бір жыл ішінде екі және одан да көп рет қасақана орындамаған жағдайда, егер қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімі өтіп кетпесе, мамандандырылған мемлекеттік органның ұсынуы бойынша сот бұл шараның күшін жояды және материалдар кәмелетке толмаған адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін жіберіледі.

86-бап. Кәмелетке толмағандарды жазаны өтеуден шартты

түрде мерзiмiнен бұрын босату

1. Кәмелетке толмаған жаста қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айыруға, бас бостандығын шектеуге немесе түзеу жұмыстарына сотталған адамдар, оларда жазаны өтеудің немесе орындаудың белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзушылық болмаған жағдайда:

1) онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс үшiн сот тағайындаған жаза мерзiмiнiң немесе мөлшерінің кемiнде төрттен бiрiн;

2) ауыр қылмыс үшiн сот тағайындаған жаза мерзімінің немесе мөлшерінің кемiнде үштен бiрiн;

3) адам өмiрiне қолсұғушылықпен ұштаспаған аса ауыр қылмыс үшiн сот тағайындаған жаза мерзiмiнiң кемiнде жартысын;

4) адам өмiрiне қолсұғушылықпен ұштасқан аса ауыр қылмыс үшiн сот тағайындаған жаза мерзімінің кемiнде үштен екiсiн іс жүзінде өтегеннен немесе орындағаннан кейiн шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуға жатады.

2. Шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адам пробациялық бақылау мерзімі ішінде абайсызда қылмыс, қасақана қылмыстық теріс қылық немесе қасақана онша ауыр емес қылмыс жасаған жағдайларда, шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатудың күшiн жою немесе оны күшінде қалдыру туралы мәселенi жаңа қылмыс үшін жаза тағайындау кезiнде сот шешедi. Егер сот шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың күшін жойса, жаза үкімдердің жиынтығымен жаза тағайындау қағидалары бойынша тағайындалады.

3. Шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адам пробациялық бақылау мерзімі ішінде қасақана ауырлығы орташа, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған жағдайларда, сот шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың күшін жояды және жазаны үкімдердің жиынтығымен жаза тағайындау қағидалары бойынша тағайындайды.

87-бап. Кәмелетке толмағандарға жазаның өтелмеген бөлігін

ауыстыру

1. Кәмелетке толмаған жаста қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айыруды өтеп жатқан адамдарға, сот оларда жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзушылық болмаған кезде, жазаның қалған өтелмеген бөлігін:

1) онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс үшiн сот тағайындаған жаза мерзiмiнiң кемiнде бестен бiрiн;

Наши рекомендации