Quot;11-бап. Қаржылық бақылау шаралары

1. Мемлекеттiк лауазымға не мемлекеттiк немесе оларға теңестiрiлген функцияларды орындауға байланысты лауазымға кандидаттар болып табылатын адамдар тұрғылықты жерi бойынша мемлекеттiк кiрiс органына:

салық салу объектiсi болып табылатын, оның iшiнде Қазақстан Республикасы аумағының шегінен тыс жердегi кірістері мен мүлкi туралы декларацияны, көрсетiлген мүлiктiң орналасқан жерiн көрсете отырып;

мыналар:

банк мекемесiн көрсете отырып, банк мекемелерiндегi, оның iшiнде Қазақстан Республикасы аумағының шегінен тыс жердегi салымдары мен бағалы қағаздары туралы, сондай-ақ осы адамдар жеке немесе басқа адамдармен бiрлесiп билiк етуге құқылы қаржы қаражаты туралы;

жарғылық капиталына қатысу үлесi мен аталған ұйымдардың толық банктiк немесе өзге де деректемелерiн көрсете отырып, заңды тұлғалардың акционерi немесе құрылтайшысы (қатысушысы) ретiнде өзiнiң қатысуы туралы;

егер адам немесе оның жұбайы (зайыбы) трастардың бенефициары болса, тиiстi банк шоттарының нөмiрлерiн көрсете отырып, сол трастар және олар тiркелген мемлекеттер туралы;

адамға немесе жұбайына (зайыбына) тиесiлi, айлық есептiк көрсеткiштiң мың еселенген мөлшерiнен асатын мөлшердегi материалдық және қаржы қаражатын ұстау немесе уақытша сақтау жөнiнде шарттық қатынастары, келiсiмдерi және мiндеттемелерi (оның iшiнде ауызша да) бар басқа ұйымдардың атаулары мен деректемелері туралы мәлiметтердi ұсынады.

2. Мемлекеттiк лауазымдағы адамдар өз өкiлеттiктерiн орындау кезеңiнде жыл сайын Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгiленген тәртiппен тұрғылықты жерi бойынша мемлекеттiк кiрiс органына салық салу объектiсi болып табылатын және Қазақстан Республикасының аумағындағы да, одан тыс жерлердегi де кірістері мен мүлкi туралы декларацияны ұсынады.

3. Мемлекеттiк қызметтен терiс себептер бойынша шығарылған адамдар, шығарылғаннан кейiнгi үш жыл бойы Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгiленген тәртiппен тұрғылықты жерi бойынша мемлекеттiк кiрiс органына салық салу объектiсi болып табылатын және Қазақстан Республикасының аумағындағы да, одан тыс жерлердегi де кірістері мен мүлкi туралы декларацияны ұсынады.

4. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген адамның жұбайы (зайыбы) тұрғылықты жерi бойынша мемлекеттiк кiрiс органына:

салық салу объектiсi болып табылатын, оның iшiнде Қазақстан Республикасы аумағының шегінен тыс жердегi кірістері мен мүлкi туралы декларацияны, көрсетiлген мүлiктiң орналасқан жерiн көрсете отырып;

мыналар:

банк мекемесiн көрсете отырып, банк мекемелерiндегi, оның ішінде Қазақстан Республикасы аумағының шегінен тыс жердегi салымдары мен бағалы қағаздары туралы, сондай-ақ осы адамдар жеке немесе басқа адамдармен бiрлесiп билiк етуге құқылы қаржы қаражаты туралы;

жарғылық капиталына қатысу үлесi мен аталған ұйымдардың толық банктiк немесе өзге де деректемелерiн көрсете отырып, заңды тұлғалардың акционерi немесе құрылтайшысы (қатысушысы) ретiнде өзiнiң қатысуы туралы;

егер адам немесе оның жұбайы (зайыбы) трастардың бенефициары болса, тиiстi банк шоттарының нөмiрлерiн көрсете отырып, сол трастар және олар тiркелген мемлекеттер туралы;

адамға немесе жұбайына (зайыбына) тиесiлi және айлық есептiк көрсеткiштiң мың еселенген мөлшерiнен асатын материалдық және қаржы қаражатын ұстау немесе уақытша сақтау жөнiнде онымен шарттық қатынастары, келiсiмдерi және мiндеттемелерi (оның iшiнде ауызша да) бар басқа ұйымдардың атаулары мен деректемелерi туралы мәлiметтердi ұсынады.

5. Осы баптың 2 және 3-тармақтарында аталған адамның жұбайы (зайыбы) тұрғылықты жерi бойынша мемлекеттiк кiрiс органына салық салу объектiсi болып табылатын және Қазақстан Республикасының аумағындағы да, оның шегінен тыс жердегi де кірістері мен мүлкi туралы декларацияны ұсынады.

6. Арнаулы мемлекеттiк органдағы қызметке кандидат болып табылатын адамның отбасы мүшелерi тұрғылықты жерi бойынша мемлекеттiк кiрiс органына осы баптың 4-тармағында көрсетiлген декларация мен мәлiметтердi ұсынады.

Ескертпе. Осы тармақта арнаулы мемлекеттiк органдағы қызметке кандидат болып табылатын адамның отбасы мүшелерi деп жұбайы (зайыбы), кәмелетке толған балалары мен оның асырауындағы және онымен тұрақты түрде бiрге тұратын адамдар танылады.

7. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында аталған адамдар – тиiсiнше өздерi лауазымға орналасуға үмiткер болатын органға не жұмыс орны бойынша органға осы баптың 1 немесе 5-тармақтарында санамаланған декларациялар мен мәлiметтердi мемлекеттiк кiрiс органының алғаны туралы анықтаманы ұсынады.

8. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында аталған адамдардың (мемлекеттiк қызметтен терiс себептер бойынша шығарылған адамдарды қоспағанда) осы бапта санамаланған декларациялар мен мәлiметтердi ұсынбауы немесе толық емес, анық емес декларациялар мен мәлiметтердi ұсынуы, егер жасалған әрекетте қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi болмаса, адамға тиiстi өкiлеттiктер беруден бас тарту үшiн негiз болып табылады не заңда көзделген тәртiппен тәртiптiк жауаптылыққа әкеп соғады.

9. Осы баптың 8-тармағында көрсетiлген, қасақана жасалған, сондай-ақ бiрнеше рет жасалған іс-әрекеттер заңда белгiленген тәртiппен қолданылатын әкiмшiлiк жауаптылыққа әкеп соғады.

10. Адамдар мемлекеттiк немесе оған теңестiрiлген функцияларды орындаудан босатылғаннан кейiн үш жылдың iшiнде алғаш рет жасалған, осы баптың 8-тармағында көрсетілген іс-әрекеттер, сондай-ақ мұндай әрекеттердi қайталап жасау заңда белгiленген әкiмшiлiк жауаптылыққа әкеп соғады.

11. Жауапты мемлекеттiк лауазымдар атқаратын лауазымды адамдардың кірістерінің мөлшерi және көздерi туралы мәлiметтер, сондай-ақ сайланбалы мемлекеттiк лауазымға ұсынылған кезiнде кандидаттардың кірістері туралы мәлiметтер заңнамада белгiленген тәртiппен жариялануы мүмкiн.

12. Мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берiлген адамдарға және оларға теңестiрiлген адамдарға өз атынан емес бөгде адамдар атынан, жасырын, бүркеншiк атпен және басқаша да азаматтық-құқықтық мәмiлелер жасауға тыйым салынады. Бұл мәмiлелер заңда белгiленген тәртiппен жарамсыз деп танылады.

13. Мемлекеттiк мүлiктi басқару жөнiндегi функцияларды орындауға қатысатын жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен және мерзiмде, мемлекеттiк меншiкке байланысты мүлiктiк сипаттағы барлық мәмiлелер мен қаржы қызметi туралы есептi мемлекеттiк мүлiкке қатысты меншiк иесi құқығын жүзеге асыратын мемлекеттiк органға ұсынады.

14. Мемлекеттiк кiрiс органына келiп түсетiн, осы бапта көзделген мәлiметтер қызметтiк құпияны құрайды. Оларды жария ету, егер жасалған әрекетте қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi болмаса, кiнәлi адамды жұмыстан шығаруға әкеп соғады. Бұл мәліметтер сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның, прокуратура, ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер, мемлекеттік кіріс, әскери полиция органдарының, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің сұрау салуы бойынша, сондай-ақ заңда белгіленген сот тәртібімен ғана ұсынылады.

Қаржы мониторингi жөнiндегi уәкiлеттi органға Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл туралы заңнамасында көзделген мақсаттарда және тәртiппен қызметтiк құпияны құрайтын мәлiметтер ұсынылады.

15. Осы бапта көзделген қаржылық бақылау шаралары Қазақстан Республикасында тұрғын үйдi және тұрғын үй салу үшiн құрылыс материалдарын меншiкке сатып алуға байланысты құқықтық қатынастарға қолданылмайды. Тұрғын үйдi және тұрғын үй салу үшiн құрылыс материалдарын сатып алу кезiндегi қаржылық бақылау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.".

4. "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы" 1998 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1998 ж., № 15, 209-құжат; 1999 ж., № 21, 774-құжат; 2000 ж., № 5, 116-құжат; 2001 ж., № 13-14, 172-құжат; № 17-18, 241-құжат; 2002 ж., № 17, 155-құжат; 2003 ж., № 18, 142-құжат; 2004 ж., № 10, 56-құжат; 2007 ж., № 17, 140-құжат; № 19, 147-құжат; 2008 ж., № 23, 114-құжат; 2009 ж., № 19, 88-құжат; № 24, 122, 126-құжаттар; 2010 ж., № 24, 148-құжат; 2011 ж., № 1, 2-құжат; № 7, 54-құжат; 2012 ж., № 4, 30, 32-құжаттар; № 8, 64-құжат; № 13, 91-құжат; № 23-24, 125-құжат; 2013 ж., № 2, 10-құжат; № 14, 72-құжат; 2014 ж., № 11, 61-құжат; № 14, 84-құжат; № 16, 90-құжат; № 21, 122-құжат; № 22, 131-құжат; № 23, 143-құжат) күші жойылды деп танылсын.

Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев


© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" ШЖҚ РМК

Наши рекомендации