ЕстісеҢ егер тҮнде

Естісең егер түнде терезеден,

Біреудің өксіп-өксіп жылағанын,

Қалқашым, алаңдамай ұйықтай бер сен,

Ол жаққа қарап, «Кім?» деп сұрамағын.

Кезбе емес ол, ойлаған тағдыр ісін,

Тарыққан жарлы да емес, аш-жалаңаш,

Бұл – менің саған деген сағынышым,

Бұл – менің көз жасым ғой қан аралас.

КҮНӘ МЕН ЖАЗА

Таянып жағыма,

Көз тігем маңыма,

Отырмын ойланып,

Бір өзім тағы да.

Ойланам, толғанам,

Ойменен жоғалам...

Бір кезде кенеттен

Сескеніп, оянам.

Оянам: не көрем?

Ойланам: не терең?

Ой терең һәм тұман,

Малшынып мен тұрам.

КҮЙІНІШ

Жоғары сезім жоқ бүгін

Жүрекке терең жатулы.

Барлық пікір, бар ұғым

Есептеулі, сатулы.

Отаншылдық, махаббат,

Туыстық, достық десек те,

Пәк көңілге болып жат,

Айналды бәрі есепке.

Сүймеді ешкім Отанын

Өзіне жайлы болмаса,

Отан да сүймес өз ұлын

Ісіне көңлі толмаса.

Ата-ана сүйді баласын

Асырар деп өскенде,

Салмаса көздің қарасын,

Ұлына ол да өшпенді.

Балаға ыстық – ана, рас,

Емшек сүтін бергенде,

Анаға бала қарамас

Өзіне-өзі келгенде.

Ағасы сүйер інісін

Болар деп тірек, тынысым.

Бермесе іні қол ұшын,

Дер ол да: «Інім құрысын!».

Іні де сүйді ағасын

Әзірше, әлсіз күні үшін,

Салғанша көздің қарасын,

Бергенше бөліп ырысын.

Қыздар да сүйді жігітті

«Болар, – деп, – бәлкім, күйеуім».

Артып оған үмітті,

Өмірлік мақсат, тілеуін.

Жігіт ше? Қызды ол-дағы

Сүйеді күндік нәпсі үшін.

Жеңбекке бірге жолдағы

Тұрмыстың түрткі, тапшысын.

Пайдасын ойлап адамдар,

Бір-бірімен достасты.

Түспесе пайда, қараңдар,

Ажырасты, қастасты.

Есепсіз, шартсыз, саудасыз,

Адал, ашық көңілмен

Сүйетін адам қайдасыз?

Көрмедім бұл өмірден.

БАЛА ҚАДІРІ

Жапанда жаттың қолында

Қос қалқамды қалдырдым.

Қарай-қарай жолына,

Көзімді әбден талдырдым.

Қос қарағым, қалқашым

Қандай халде жүр екен?

Сүйеді кімге арқасын,

Қамқоршы оған кім екен?

Жүр ме екен әлде тарығып,

Қарны ашып, қанбай ұйқысы?

Қарай ма оймен қамығып,

Қамшы ма сәби күлкісі?

«Қатықты құй!» деп кесеге,

Тұрса яки нан таңдап,

Өгей әке, шешеге

Қарай ма қалқам жаутаңдап?

Жатжандар білмей бағасын,

Ұрса ма, әлде нұқи ма?

«Ит, күшіктің баласын!»

Десіп көзге шұқи ма?

Көтермей сөзін өзгенің,

Теріс қарап жылай ма?

Істете алмай дегенін,

Көзінің жасын бұлай ма?

«Қайтыс боп байғұс анасы,

Әкесі жоқ боп кетіп ед, –

Дей ме жұрт, – әне қарашы,

Солардан қалған жетімек!

Ата-анасы барларды

Көргенде, көңлі бұзылып,

Қозғай ма іште арманды,

Қарай ма қалқам қызығып?

«Менің де әкем бар ед» деп,

Ала ма мені есіне?

«Әкешім қашан келед?» деп,

Қарай ма жолға тесіле?

Жиылар бойға дерт болып

Сәбидің тартқан қайғысы.

Өзегі жанар өрт болып,

Түсінер мұны қай кісі?!

ЖАР ҚАДІРІ

Қалды артымда қалың ел,

Атам, анам, балларым,

Бірақ маған бәрінен

Көрінер ыстық жан жарым.

Өйткені, мен онымен

Бірге тұрып, бірге өстім,

Тұрмыстың тайғақ жолымен

Бірге жүріп, бір кештім.

Бірге көрдім өмірдің

Рахаты мен азабын,

Бірге естігем өңірдің

Мақтауы мен мазағын.

Әйеліммен әрқашан

Ошағым бір, үйім бір.

Үйім бірге болған соң

Жағдайым бір, күйім бір.

Әйеліммен, сонан соң,

Дастарқан бір, қазан бір.

Қазан бірге болған соң

Сыбағаң бір, жазаң бір.

Араласты тағы да

Өкпе-бауыр, қан-жыным

Ортақ еді барыма,

Бөліскен ек барлығын.

Іштегімді ақтарып,

Айтқаныма батыл сыр,

Кейбіреулер бас салып,

Деп те жүрер: «Қатыншыл!».

Десе мейлі, дей берсін,

Шамданам оған несіне?!

Әйелсіз жасап бір көрсін,

Түсер бұл сонда есіне.

МЕНІҢ ӨМІРІМ

(Махмуд Мақалдың аузынан)

Мен өмірге келгенде, жылай келдім,

Көздің жасын көл қылып, бұлай келдім.

Өмірдің азабы мен тозағына

Көнбеймін деп, тыпырлай, тулай келдім.

Мен өмірде өскенде, жылай өстім,

Қанды жаспен көзімді бұлай өстім.

Тұрмыстың тар жол тайғақ кешуінде

Азаппен арпалысып, тулай өстім.

Мен өмірден кетерде жылай кетем,

Көздің жасын көл қылып, бұлай кетем.

Тартсам да қалың қасірет, ауыр азап,

Қимай удай өмірді, жылай кетем.

АШЫНУ

Арсыз өмір ақың не

Мазақ етіп ортаға?

Жас жаныма жара еге,

Қолың салдың қолқама.

Заманның зәрлі айбыны

Жасқантып мені жасымнан,

Қара бұлты қайғының

Арылған емес басымнан.

Заһар болып ішкен ас,

Жас жанымды улады.

Көзден ақты қанды жас,

Көрмедім рақат туғалы.

Жаралы жанды онша көп

Азаптама, опасыз!

Ажал оғың тисе дөп,

Ал да кет. Ол – оқасыз.

АЙРАН, НҰРА!

Паспорт пенен партбилеттен айрылып,

Жатқан кезде қос қанаттан қайрылып,

Бүкіл Нұра аяғынан тік тұрды,

Бүкіл Нұра аза шекті қайғырып.

Әкем келді сүйретіп қу сүйегін,

Жеңгем жетті кемсең билеп иегін.

Ұшты жарым сонау шалғай қиырдан,

Қос қолына қысып алып жүрегін.

Шапты достар көмек сұрап, «қайдалап!»,

Осы сәтте тұрған жан жоқ жай қарап.

«Кеуделесе» Аққошқар мен Құдыман,

Дәулетбек пен Жүсіптер жүр «майдалап».

Қалдырмаймын десіп мені қапаста,

Ұшты Айтжан, ұшты Махмет, Қапаш та.

«Ақырғы оқ осы болсын» дегендей,

Жанайдарды сайлап қойған «запасқа».

Қарындасым қайғырды, ол да егіліп,

Келінім тұр көзден моншақ төгіліп.

Айтшы, Нұра, сонша саған кім едім,

Қиналғандай сан қабырға сөгіліп?

Сонша кім ем? Кімге ғана дәрімін,

Емеспін де бір керемет, нәніңмін.

Бар болғаны – топырағыңда туыппын,

Бар болғаны – жалғыз тамшы қаныңмын.

Тек сол үшін жүрсіңдер ғой күйініп,

Жатырсыңдар жабырласып, үйіліп.

Тек сол үшін тәуекелге бел байлап,

Алыпсыңдар тас түйнектей түйініп.

Қайран Нұра, қайран атамекенім,

Жүрегімді жұлсам да аздық етермін.

Топырағыңнан айналайын, туған жер,

Еңбегіңді қашан ғана өтермін.

АЛМАТЫДАН АЛЫСТА

Отырғанда оңашада, аулақта,

Көз алдымнан өтеді өмір елесі.

Түсесің сен есіме кеп сол шақта,

О, Алматым, өмірімнің белесі.

Әлі есімде: сонау алыс Арқадан

Алас ұрып, аңсап сені келгенім,

Айырылысып ата-анадан, қалқадан,

Құшағыңа құмарлана енгенім.

Әлі есімде: асау албырт үмітпен,

Университет баспалдағын басқаным,

Кейде анық, кейде күңгірт күдікпен,

Аудитория есіктерін ашқаным.

Шыққанда Күн Алатауға асыла,

Тақиямды баса киіп шекеме,

Жөнелгенім жұртпен бірге асыға,

«Қайдасың, – деп, – қайран, ыстық мекеме?!».

Әлі есімде: сүйген жарым қасымда,

Кең көшені кезіп талай жүргенім,

Астананың Айлы түні астында,

Сырласқаным, сүйіскенім, күлгенім...

Әлі есімде: таудан соққан самалға

Ашып тастап ақ көйлектің жағасын,

Әзіл айтып Фатима мен Жамалға,

Қыдырғаным жасыл бақтың арасын.

Кетер емес ешқашан да есімнен

Алматының әсем, алтын күндері,

Жанға жайлы қоңыр салқын кеші мен

Айсыз аспан, бұлтсыз тынық түндері.

Шығар емес еш уақытта жадымнан

Астананың әсем, алтын шақтары,

Көк үйлері, қатар-қатар салынған,

Театрлар, стадион, бақтары...

Енді, міне, Алматыдан айдалып,

Тағдыр қуып, келдім ауыл бір шетке,

Торға түскен тоты құстай байланып,

Көкірек толып қайғы менен қасіретке.

Көңіл бөлмей, көзді салмай басқаға,

Отырғанда бейуақытта, оңаша,

Түседі еске қайта-қайта астана,

Әрі көркем, әрі ерке, тамаша!

О сүйікті, о сүйкімді Алматым,

Білмеппін ғой бұрын сенің бағаңды.

Сен екенсің жаһандағы жаннатым,

Жер жоқ шығар сенен сұлу ғаламда!

Наши рекомендации