Мухтар Әуезовтің алғашқы кезеңдегі шығармалары.
Қамтылатын мәселелер:
М. Әуезовтің алғашқы әңгімелері.
М.Әуезовтің "Алаш", "Сары Арқа", "Қазақ тілі", "Еңбекші қазақ" газеттері мен "Абай", "Шолпан" ,"Таң" т.б журналдарда жарияланған алғашқы публицистикалық ,журналистік, ғылыми мақала еңбектерінің тақырыптары мен бағыт-бағдары.
Quot;Адамдық негізі- әйел" мақаласындағы қоғамдағы әйел адамның рөлі.
Quot;Қазақтың өзгеше мінездері" мақаласындағы сол тұстағы қазақ арасындағы ұйымсыздық, күндестік, парақорлық, партия,әділетсіз билік т.б. кемшіліктердің сыналуы.
М.Әуезовтің ескі өмір ауыртпалықтарын суреттеуге арналған әңгімелері: "Қорғансыздың күні", "Жетім","Ескілік көлеңкесінде","Барымта".
Заманымыздың ұлы суреткері М.Әуезов – тарихта сирек кездесетін жан-жақты, терең білімді, парасатты, шын мәніндегі асқан талант иесі. Ұлы жазушы М.Әуезовтің көркем мұрасы – біздің төл әдебиетіміз, бүкіл адамзат мәдениетінің жетістігі. Оның Абай туралы эпопеясы мен асқан шеберлікпен жазылған әңгімелері мен повестері ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің алтын қорына енеді.
Қазақ әдебиетінің классигі М.Әуезовтің алғашқы кезеңде /1919-1932/ жазылған шығармаларын қарастырудың ерекше мәні бар. Суреткердің бұл кезеңдегі шығармалары оның іздену, өсу жолынан, әдеби стилі мен творчествосының қалыптасуынан мол хабар береді. 1916-1917 жылдары қолына қалам алған М.Әуезов өз тұсындағы өзгерістерден еш бейтарап қала алмады. Патшалық құрылыстың құлап, елдің ескі отаршыл құрылысқа қарсы атой салуы жас қаламгерді әлеуметтік өмірге араластырды.
«Адамдық негізі - әйел» (1917ж), «Мәдениетке қай кәсіп жуық», «Оқу әдісі», «Ғылым тілі» секілді мақалаларында ол оқу ағартудың, мәдениеттің маңызды мәселелерін көтереді. М.Әуезовтің 1923 жылы Орта Азия мемлекеттік университетінде қырғыз эпосы «Манас» туралы жасаған баяндамасы ғылыми қауымның назарын аударды.
Жазушының алғашқы кезеңдегі шығармаларының көлемдісі де, көркемі де прозаның әңгіме, повесть жанрларында жазылды. М.Әуезов жиырмасыншы жылдардың бас кезі мен орта шенінде көптеген әңгімелер («Қорғансыздың күні», «Жетім», «Жуандық», «Ескілік көлеңкесінде», «Кім кінәлі», «Барымта» т.б.) жазып, оларда ескі қазақ ауылының алуан түрлі әлеуметтік шындығын реалистік дәстүрде бейнелейді, қоғам өмірінің, халық тіршілігінің терең қатпарларын, ішкі қайшылықтарын білгірлікпен суреттейді. Өмірдің ақиқат ағысын, типтік құбылыстарын зерттеу - жазушыға қазақ коғамының көкейкесті мәселелерін көтеруге мүмкіндік берді.
Оның тұңғыш күрделі шығармасы «Еңлік-Кебек» драмасы 1917 жылы семинарияда оқып жүрген кезінде жазылды. Алғашқы әңгімесі «Қорғансздың күні» 1921 жылы жарияланды. Жазушының бірталай әңгімелері 1922-1923 жылдарда «Сана», «Шолпан» журналдарында басылған. Олар: «Кешкі дөң басында», «Түнгі ауыл», «Қысқы күнгі дала», «Қысқы түн», «Сыбанның моласында», «Текшенің бауырында», «Сөніп жану». Ал «Жетім», «Барымта», «Ескілік көлеңкесінде», «Жуандық» т.б. әңгімелері 1924 жылдардың жемісі. Сонымен қатар 1923 жылы «Бәйбіше тоқал», «Қобыланды батыр», «Қазақ әдебиетінің тарихы» деген зерттеуі мен «Жердің жаратылысы жайындағы» аудармасы жарияланды.
1925-1928 жылдары Ленинград университетінде оқып жүрген кезде «Қаракөз», «Қараш-қараш оқиғасы», «Қилы заман» 1928 жылы повестерін жазады.
«Қорғансыздың күні» (1921) — М.Әуезовтің алғашқы жарық көрген әңгімесі. Шағын шығармада қоғам бойын жайлаған дерттің бір көрінісі зор көркемдік қуатпен ашылған. Мұнда Ғазиза деген панасыз жетім қыздың адам айтқысыз озбырлық, қорлықка шыдамай, боранда үсіп өлгені айтылған. Бұл шығармада Ақан сияқты қара ниет ауыл әкімінің тағылық қылықтары әшкереленеді. «Қорғансыздын күні» өзінің көркемдік бітімі жағынан қазақ әдебиетіне жаңа өрнек енгізді. «Қорғансыздың күні» атты алғашқы әңгімесімен Мұхтар шын мағынасындағы европалық прозаның дәрежесіне көтерілді. Осыдан бастап өрбіген қазақтың көркем прозасы... уақ жанрда да, повесть, роман сияқты көлемді жанрда да көптеген шығармалар туғызып, көп тілді совет прозасының алдыңғы қатарынан орын алды», — деген С.Мұқановтың пікірінде зор шындық жатыр. Әңгіменің құрылысы шымыр, көркемдік бояулары қанық, оқиғалары мен адам мінездері мейлінше шыншыл. Мұнда М.Әуезовтің кейінгі шығармаларында тереңдеп қалыптасқан ерекшеліктер де көрініс берді. Ең негізгісі «Қорғансыздың күнінде» қазақ прозасында тұңғыш рет өмір ағыстары мен қаһармандар мінезі тұтас бірлікте көрсетілді.
«Қыр суреттері» (1923), «Қыр әңгімелері» (1923), «Жуандық» (1925), «Оқыған азамат» (1923), «Жетім» (1925), «Қаралы сұлу» (1925), «Барымта» (1925) сынды әңгімелерінің тамаша суреті, қазақтың тарихы мен тұрмыс тіршілігінен мағлұмат берерлік шындығы, көркемдік қасиетімен де, жазушы шығармашылығының жарқын беттеріне айналды. Жазушы шығармашылық дарыны шыңдалған кейінгі жылдардағы әңгімелерінде жиырмасыншы жылдары жазған прозалық шығармаларындай көркемдік құдіретіне бас идірер қасиет бере алмаған секілді.
М.Әуезов «Қорғансыздың күні» әңгімесінде қозғаған тақырыбында яғни қазақ әйелінің аянышты тағдыры жайына кейін де талай рет оралды. Сөйтіп, «Кім кінәлі?», «Ескілік көлеңкесінде» сияқты шығармаларын жазады. Жалпы М.Әуезовтің әйел жайын толғап, әйел анаға деген құрметін білдіруі алғашқы қаламгерлік қадамынан-ақ байқалады. «Адамдық негізі әйел» атты мақаласы М.Әуезовтің жазушылық жолының негізгі тұғыры болуымен қатар орыс әдебиетіндегі Тургенев әйелдері секілді «Әуезов әйелдері» деп өзіне ғана меншіктей айтылатын кең құлашты, арналы тақырыпқа айналды.
Әйелге деген табынушылық сонау ерте заманда грек әдебиетінде Эсхилдің «Орестеясы», Софоклдың «Антигонасы» арқылы көрінсе, қазақ ауыз әдебиетінде ерлеріне адал серік бола білген Құртқа, Гүлбаршын, Ақжүніс бейнелері арқылы көрінеді. Ал, ХХ ғасырдың бас кезінде Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, М.Дулатов, С.Торайғыров т.б. әдебиеттегі әйел тақырыбын шығармаларына негізгі өзек етті. М.Әуезов те осы тақырыпты өзінше өрбітті. Жазушы жаңсақтыққа ұрынып, жалған мақтаудан бойын аулақ салған. Кейіпкерлері асқан ақылды, бойына бар қасиетті дарытқандар емес, сыршылдығымен, қарапайымдылығымен ерекшеленген бойжеткендер. Үй арасы күйбіңінен аспай, көкірегі оянбай қалған, ойы таяз қазақ қыздары тірлігін де айналып өтпеген. Қазақ қыздары басындағы аяушылық тудырарлық ауыр халді суреттей отырып, ескі салттан ұзамай, ойы да шырмалған бойжеткендердің білімсіздігіне де сынмен қарайтын сияқты. Бұл жөнінде Р.Бердібаев «М.Әуезовтің 20 жылдардағы шығармаларындағы негізгі тақырыптың бірі - әйел теңдігі» деп көрсетеді. Сөйтіп, бұл шығармалардың «Сөніп жану», «Кім кінәлі?», «Үйлену», «Ескілік көлеңкесінде», «Қаралы сұлу» т.б. жатады деп атап көрсетеді.
«Жетім» әңгімесінде Қасым атты жетім баланың қасіретті балалық шағы, Иса деген жамағайынның қорлығына шыдамай, ауылдан қашып шыққан бетінде, қараңғы түнде, тоғай ішінде өлгені айтылады. Өмірден зәбір көргендердің мұңы мен наласын үлкен әлеуметтік толғақты мәселе ретінде сипаттау сыншыл реализмнін негізгі белгісі еді. Классикалык орыс әдебиетінің дәстүрлі үлгісінен үйренген, көп тағылым алған М.Әуезовтің алғашқы шығармаларын осы рухта бастауы табиғи болып көрінеді.
Енді бір шығармада («Барымта») таптық санасы оянбаған, байлардың алдауына оңай түсіп, тура жолын таба алмаған кедейлер тағдыры сөз болады. Досбол деген байдың сойылын соғып, намысын жыртып жүріп, қайғылы қазаға ұшыраған кедей жігіттер Қалбағай мен Қонқайдың өкінішті тарихы осы жағдайды аңғартады. Жазушы ертеден келе жатқан барымта әдетінің құрбаны болған жазықсыз жандар тағдырын жанашырлықпен суреттейді.
«Ескілік көлеңкесінде» ескі салт бойынша өлген апасының орнына кәрі жездесіне тоқалдыққа баруға ризалық білдірген, өзін сүйген жігіт Қабыштың тілегімен есептеспеген Жәмеш атты қыздың халі әңгімеленген. Жазушы оқиғалар мен мінездерді өмірдің өз ырғағына сай өрбітеді. Кертартпа, жалған дәстүрдің құрбаны болған Жәмештің жат шешіміне әрі күйінетін, әрі дағдаратын Қабыштың ішкі сезім арпалыстары шебер бейнеленді. Кейіпкерлердің жан толқындарын көрсетуге терендеп бару жазушының басты әдісіне айналғанын шығарма анық байқатады. М.Әуезов өмір қайшылықтары мен теңсіздіктерін әр қырынан көрсету арқылы қазақ әдебиетінде психологиялық прозаның үлгілерін тудырды.
Бұл шығармалардың қай-қайсысы да өмірде болған немесе болуы мүмкін жағдайларға негізделген. Таптық теңсіздіктерді, қоғамның ілгері басуына кедергі келтіретін құбылыстарды талғап, тап басып көрсете білуі, әлеуметтік типтерді терең зерттеуі жазушының қоғамдық мәселелерге сергек қарап, тегеурінді бағыт ұстағанын, сыншыл реализмнің көркемдік тәсіліне жетік төселгенін танытады.
«Жуандық» (1926) әңгімесінен жазушы шығармаларындағы жаңа бет алыстың нышаны анғарылады. Мұнда момын кедей Жақсылықтың өз жолын тауып, ерікті, баянды өмір жасауға ұмтылғаны, бірақ бұрыннан кедей-кемтарды уысында ұстап, тізе батырып үйренген Әбіш, Құрман секілді байлардың оған қиянат, зорлық жасағаны көрсетіледі. Совет өкіметінің саясаты ауыл кедейлеріне күшті ықпал жасай бастағаны Жақсылықтың өзгелермен бірге егін салып, өнім алуынан, соның арқасында малды ауылдарға жаутаң көз болмай, ел қатарына қосылуынан көрінеді. Бұл арадан жазушының қарапайым еңбек адамының ұнамды бейнесін жасауға ден қойғаны байқалады.
М.Әуезовтің жиырмасыншы жылдардағы шығармаларындағы негізгі тақырыптың бірі — әйел теңдігі. Шығармаларында өмір шындығына берік табан тіреп отыратын жазушы сол кезендегі қазақ әйелінің басындағы хал-ахуалды асырмай да жасырмай, қаз-қалпында көрсетеді. Бірде жазушы ата-анасының еркімен күйеуге шығып, тағдырына мойынсынған әйел тарихын («Сөніп жану») әңгімелесе, екінші шығармасында сүйгеніне қосыла алмай, құсадан өлген Ғазиза («Кім кінәлі») жайын сөз етеді. Тағы бірде («Үйлену») әке әміріне көнбей, көңіл сүйген жігітімен қашып кеткен қыз хикаясына тоқталады.
М.Әуезовтің отызыншы жылдардың бас кезінде жазған очерктері мен әңгімелерінің тақырыбы да, идеялық бағдары да советтік өмір шындығына арналды. Социалистік құрылыстың табыстары, шаруашылық пен мәдениеттегі ірі жаңалықтар, адамдар санасындағы, мінез-құлқындағы өзгерістер өмірдің ішкі заңдылықтарын терең суреттеуді қажет етті.
Жазушы еңбек адамдарының жарқын бейнесін жасауға талаптанады. Ол очерктері мен әңгімелерінде колхоз құрылысын адал еңбегімен нығайтып жатқан жандардың іс-әрекеттерін тақырып етіп алды. Осы тақырыптық бетбұрыстың алғашқы тәжірибесі «Қасеннің, құбылыстары» (1933) деген әңгімеден басталады. «Қараш-Қараш» пен «Қилы заманда» халық өкілдерінің ерлік күреске қабілеттілігін тамаша бейнелеп, ірі қадам жасаған жазушының енді советтік жаңа адамдар тұлғасын бейнелеуді алдына міндет етіп қойғаны көрінеді. «Қасеннің құбылыстарында» кездесетін осындай жаңа адам — студент Сәлім. Ол кеңестік мекемеде қызмет істеп жүрсе де, қоғамның көркеюіне бүйрегі бұрмайтын ағасы Қасеннің ниетіне қарсы шығады. Әңгімеде Сәлімге берілген орын да шағын, оның бейнесі толық ашыла қоймаған. Бірақ бұл арада суреткердің идеялық бағытының мәні күшті. Бір кезде совет өкіметін қабыл алмаған кейбір адамдардың жаңа заман салтымен үйлестік таба алмай, рухани дағдарысқа түскендігін жазушы өз шығармасында үлкен көркемдік жинақтаулармен нанымды көрсете алды. Қолхоз өміріне арналған «Шатқалаң», «Іздер», «Бүркітші» атты әңгімелерінде М.Әуезов совет адамдарының социалистік меншікті, ел дәулетін қорғау жолындағы күресіне көбірек көңіл бөледі. Бұлардың оқиғалық, тартыстық жүйесінде ұқсастық байқалғанымен, идеялық, және композициялық шешімдері түрліше болып отырады.
«Іздер» (1935) — жазушының колхоз өміріне, ауылдың алдыңғы қатарлы адамдардың саналы тәртіп, сапалы еңбек үшін күресіне арналған алғашқы әңгімелерінің бірі. Бұл әңгіменің өзіндік соны өрнектері бар. Ең алдымен мұнда советтік қоғамның үлгілі адамдарының жанды да тартымды бейнелері жасалды. Олар — «Шақпақ» колхозының шопаны Несіпбай мен колхоз бастығы Құлжатай. Бұлардың екеуі де азамат соғысына қатысып, совет өкіметін орнатысады, жаңа заманға үлкен үміт артады. Сондықтан да оларды колхоз ісінің өрге басқаны қуантады, кедергілер мен зиянкестіктер ренжітеді. Өз мүддесінен көпшілік мүддесін артық санау, колхоз байлығын көздің қарашығындай сақтау үшін дамылсыз әрекет ету, қоғамдық істерге берілу — бұларға тән қасиет. Қарауындағы малы шытыр жеп уланбасын деп Несіпбай жарғақ құлағы жастыққа тимей жүреді. Өз міндетіне жауапкершілік сезімінің күштілігі Құлжатайдың да бойына сіңген ерекшелік. Колхозға орнығып алған зиянкес Жұматай, Жетпісбай сияқтылардың лаңы ортақ іске зор қырсық келтіре жаздайды. Жұматайлар аштықтан әрең аман қалған Шәріп, Әшім деген бұрынғы жалшыларды «байдың кұйыршығы» деп жала жабудан тайынбайды. Колхоз құрылысының алғашқы кезеңінде орын тепкен осындай қайшылықтар әңгімеде тартыс желісін құрайды.
Шығармада отызыншы жылдардың бас кезінде әсіре белсенділердің кесірі ауыл шаруашылығында олқылықтарға душар еткені баяндалған. Колхоз қозғалысының осы секілді қат-қабат оқиғалар, күрестер үстінде ғана табысқа жеткенін жазушы сенімді көрсете алған. Несіпбай, Құлжатай секілді ұнамды түлғалардың жасалуы суреткер шығармашылығындағы елеулі жетістік.
«Шатқалаң» (1935) әңгімесінде колхоз ісін ақсатқысы келетін ішкі жаулардың сыбайластары шет елде де жүреді. Шығармада Қытайға қашып кеткен белгілі бай Сүгірдің шекарадан жасырын өтіп, «Талды өзек» колхозындағы сенімді жақыны Қатпамен байланыс жасағаны, колхоз малын жойып, елді шошытпақшы болғаны, адал адамдарға жала жауып, қуғындауды көздегені айтылады. Колхоз дұшпандарының астыртын ұйымдастырған жоспарлары әшкереленіп, қастандықтары күйрейді. Бұл істе қырағылык, зеректік көрсеткен ферма бастығы Саматтың тапқырлықтары шебер ашылған. Самат тұлғасы — шығарманың шоқтығын биіктетіп тұрған тұлға. Ол күрделі істерде парасат көрсете біледі, адамдарды сөзіне емес, ісіне қарап таниды, жауларының құрған торына түспейді, адал жандарды жазықсыз жазалауға жібермейді. Советтік құрылыс жолында қайрат-күшін жұмсайтын Самат алдыңғы саптағы ауыл адамдарының көркем жиынтық бейнесі болып елестейді.
«Бүркітші» деген әңгімеде «Іздер» мен «Шатқалаңдағы» оқиғалық сарын жаңа бір қырынан көрінеді. Мемлекеттің жоғалған жылқыларын іздесіп, батыл көмек көрсеткен бүркітші Бекбол бойында қарапайым еңбекшіге тән ұнамды қасиеттер бар. Ол тікелей өз міндетіне жатпайтын тапсырмадан жалтармай, жылқы ұрлаушыларды ұстауға жәрдемдеседі. Жазушы бұл арада коллектившіл сананың құдіретті ықпалы кең тарай бастағанын да аңғартады. Кейбір тұста кейіпкерлердің іс-әрекетіне дәлелдеме жетпейтініне қарамастан «Бүркітшіні» де жаңа тақырыпты меңгерудің жақсы бастамасы қатарына қосу қажет.
Жаңа ұйымдасқан колхоз ауылының жігерлі қадамын, кездескен кедергілердің әлеуметтік себептерін жазушы өз көзінен көріп, көңіліне түю үшін, нақтылы өмірді зерттеді. Оңтүстік Қазақстан өмірінен жазылған «Білекке білек» (1933) әңгімесі — нақ осындай ізденістің жемісі. Еңбегімен ел құрметіне бөленген сауыншы Мақпалдың бейнесі шындықтан алынған. М.Әуезовтің жаңа ауыл келбетін аралап көріп, жете танысып жазған шығармаларының кейбіреулері очерк жанрында туды. Кейбір шығармасында очерк пен әңгіменің сипаттары қатар көрініп те отырады. Жазушының әңгімелеріне тән оқиғалық, тартыстық жүйелер драмалық шығармаларда да кездеседі. Бұл да суреткердің өмір ақиқатын неғұрлым шыншыл әрі толық бейнелеу ниетінен туған көрініс. Жанрлар құпиясын үздіксіз іздеп, жаңа түрлер табуға ұмтылып жүрген шағында жазушының бір тақырыпты проза мен драмада қатар алып отыруы табиғи.
Тозығы жеткен кертартпа әмеңгерлік салтқа лағынет айтып, өзін зорлап қоспақ болған кәрі шалдан қашып жүріп, ақ боранға ұшыраған Рабиға («Қыр суреттері»), сүйген жігіті Ісламға қосыла алмай, Жақып болысқа әйел үстіне баруға көнбегені үшін соққыға жығылып, дертке ұшырап, құсадан өлген Ғазиза («Кім кінәлі?») өзі сүймеген кісіге тұрмысқа шығуға үлкендердің күштеуімен амалсыз көніп, соның күйігінен көзі жасқа, шерге толған Жәмилә («Сөніп жану») осының бәрі тағдырлас, бірінің бейнесін бірі толықтырып тереңдетіп тұрғандай.
20 жылдары М.Әуезовтің шығармалары жарияланған тұстағы батыс әдебиетшілерінің де махаббат, әйел тағдыры жөніндегі шығармаларынан сабақтастық көруге болады. Б.Шоу өмір сүруге құштар Элиза өмірін суреттесе, Т.Драйзер жазықсыз үзілген Роберта, М.Митчелл өмірден бақыт табуға бекінген Скарлеттің тағдырлары жайлы жазды. Бұл кездейсоқ құбылыстар емес, көркем әдебиеттің қадам алысына қырағылық танытатын М.Әуезовтің көркемдік тұнған классикалық әдебиеттен үлгі алуы заңды құбылыс.
М.Әуезовтің алғашқы кезеңдегі жазылған әңгімелерін көтерген проблемасы жағынан профессер Ә.Қоңыратбаев 4 салаға бөледі. 1.Интеллигенция тақырыбы; 2. Қазақ қызы мен оқымысты проблемасын сөз ететін шығармалар; 3. Әйел мәселесі; 4. Езілген шаруа тақырыбы. Ал Ы.Дүйсенбаев та «жазушының осы жылдардағы жарияланған басқа әңгімелерін шартты түрде үш топқа бөлуге келетін сияқты» деп тақырыптық жағынан саралайды. Сөйтіп «Қаралы сұлу», «Ескілік көлеңкесі», «Сөніп жану», «Кім кінәлілерді» жатқызады да, шартты түрде екінші топқа жататын әңгімелері ретінде «Жетім», «Барымта», «Жуандық» т.б атайды да үшінші топтағы шығармаларын қыр суреттері және қыр әңгімелерін жатқызады.
«Оқыған азамат» (1923), «Кінәмшіл бойжеткен» (1925), «Сөніп жану» (1923) деп аталатын әңгімелер тақырыбы қазақтың болашағынан дәметкен ізденістерге толы. «Оқыған азамат» әңгімесінің оқиғасы негізінде қалада болады. Аурудан қайтыс болған Мақсұт деген жолдасының Хадиша деген әйелін алған Жұмағұл тек жолдасының әйеліне ғана ауыз салып қоймайды. Келе-келе ашкөзденіп кешегі жолдасы Мақсұттың үйіне оның мұрасына қол сұғады. Мақсұттың жесірі Хадиша да Жұмағұлдың өзіне сай дүниеқоңыздың дертіне шалдыққан жан. Тойымсыздық пен ар-ұяттан безген Хадиша мен Жұмағұл кешегі Мақсұттың артында аңырап қалған жалғыз шешесінің дүниесі мен мүлкіне ауыз салады. Бұлардың соңы мұндай айуандық әрекеті бұл сұмдыққа шыдамаған сорлы кемпірдің өліміне әкеліп соғады. Сөйтіп, семинарист Жұмағұл мал үшін кемпірді тонап, адам өлтіруге дейін барады. Сөйтіп, суреткер білім алу мен гуманист болудың арасындағы алшақтықты Жұмағұл сияқты интеллигенцияның дүниеқоңыздығын әшкерелейді. Сөйтіп оқыса да тісінен қан исі кетпейтін Жұмағұлды Иудушка тонын киген жалған интеллигент бейнесінде көрсеткен.
Творчестволық жолының алғашқы кезенінің өзінде-ақ М.Әуезов көп қырлы талантын айқын танытты. Ол бұл тұста, әсіресе, көркем прозаның майталман шебері болып қалыптасты. Өмір оқиғаларын қаһарман мінезімен ұштастырып, қайталанбас сом тұлғалар жасау дәстүрін тереңдетті, прозаның әңгіме, повесть түрлерін жетілдірді, тарихи тақырыпты да, заман шындығын да өзіне ғана тән өрнекпен жырлайтын кең арнаға түсті.