БайдҮкен жҰмаділҰлы

Ел азаматтарын тағы да жазықсыз жазалау басталған елуінші жылдардың басында сталиндік тозақ тауқыметін тартып, Сібірде сегіз жылдай сергелдеңде болып қайтқандардың бірі – талдықорғандық Байдүкен қарт. Қапал ауданындағы Қоңыр ауылында тұрған.

Оның қапаста отырып жазған бұл жыр-хаты бәле-жаламен торға түскен жанның қиын-қыстау кезеңдегі ой-толғанысынан туындаған.

Байдүкеннің өлең-толғауларын жазып алып, баспасөзде жариялаған – Талдықорған облыстық «Жерұйық» газетінің қызметкері Сейітқали Арғымбайтегі Елтайұлы.

ТЕРГЕУДЕ

Ұйқым қашып,

Тұман басып,

Қайғы ұласып,

Жігер жасып,

Отыр болмай мазам да,

Жамбастан дымқыл сыз өтіп,

Шиыршық атып толғатып,

Ортасында айдынның

Жете алмай шаршап аралға.

Бір жапырақ ағарған

Түсті көзім қағазға.

Қолым жетсе дедім мен

Шимайлап кесте саларға.

Серпілші, шерлі жүрегім,

Бері таман кел, сазарма,

Дал-дұл болған дененің

Жыртылған жерін жамарға.

Қасірет, сенен опа жоқ,

Жүрдек келер томпаңдап,

Бір баспайтын шабан да.

Ескінің сөзі есімде,

Ақылдасқан азар ма!

Тарлық көрмес пенде жоқ

Бірнеше мың ғаламда.

Қарайғанның бәрі дос

Мал мен басың аманда.

Торға түссең жаңылып,

Сәлеміңді аларға.

Өкінбелік өткенге,

Талайлар жатқан қамауда.

Өтірік шатып ұстады,

«Мойында» деп қыстады,

Ит болмаса, талар ма?!

Шындықты айтсақ адамдық,

Жолына сілтеп арамдық,

Отыр таптап табанға.

Гүрілдейді гүжілдеп,

Кейде арбап күлімдеп.

Іс аяғын аңғарсам,

Шаптырып отыр жаманға.

Алып қашпа, жас жүрек,

Қоймай ерік сабырға,

Еліре берме дабырға,

Алды-артыңды абайла!

Ұқтым, ұқтым, дос пен қас,

Қаматтың торкөз сарайға!

Денеден шықты қанды жас

Маңдайдан сойыл тигенде,

Итеріп қалдың каналға.

Оқ тиген аңға секілді,

Кім ұқсын шерлі жетімді,

Тірідей салдың тонауға.

***

Бауыры бар жан-жүрек,

Жақсыға айтам қалаған.

Алашта тәуір кездесер,

Бір өзін жүзге балаған.

Ондай асыл азамат

Алды-артына қараған.

Майсыз пейіл, алғыр ой

Азды бір көптей санаған.

Ниеті бұзық елде көп,

Үндемей жүріп қанаған.

Жақпай бір қалсаң көңліне,

Жармаса түсер жағадан.

Сүрініп кетсең жаңылып,

Ұқтырып болмас жалынып,

Домалатып талаған.

Ырылдайды ыржиып,

Көк төбетше қабаған.

Оқ тиіп, тәннен қан ақса,

Тұнығына тас атып,

Жараңды тілмен жалаған.

Бірі сатып, бір алып,

Досын жаулап, мәз болар,

Тапқандай алтын даладан.

Бауыр, өкпе, жаны бар,

Ұят пен нысап, ары бар,

Обал мен сауап айырар

Табылу қиын жан адам.

Пенде болып еріксіз,

Солған гүлдей көріксіз,

Торға түсіп шатылдық,

Өтірік шағым жаладан.

Ойдағы жоқты өсіріп,

Үсті-үстіне жамаған.

Осымен кетсек кесіліп,

Жабырқап жүрек күрсінер

Айыға алмай наладан –

Болғаныменен айыпсыз,

Айырып ата-анадан,

Бәйшешек желі өрістен,

Бір ағаштан өніскен,

Тай-құлындай тебіскен,

Қарындас, апа-ағадан,

Үй серігің тілектес,

(Жаны бөлек, жүректес)

Күнәсіз сәби баладан!

Өкпелетіп, елірдің,

Қалдырып санның көңілін,

Аямай қатты сабаған.

Тығылуға жерім жоқ,

Жабысты-ау жала желім боп,

Саяны қайдан таба алам?!

Күннен-күнге толғанып,

Тоқсан түрлі ойланып,

Бір тұйыққа қамалам.

Салғанын тағдыр көрейін,

Аздап серігіп, желейін,

Адасып қалмай қарадан.

Көптен төзім етсем де,

Айтпауға серт жасырып,

Бір ойдан жүз ой ашынып,

Асып бір кеттің шамадан.

***

Адам емес, аңдарсың,

Қатар өскен паңдарсың!

Кісі сату – өнер деп,

Ойланбай кезек келер деп,

Талайдың басын жалмарсың.

Бәсін артық төлер деп,

Куәлік сөйлеп шеберлеп,

Білінбей жүріп жайғарсың.

Өтірік, пәле жабам деп,

Қайтсем де қылмыс табам деп,

Әуелден пәре алғансың.

Боп еді нендей жазығым?

Құрбылық болсын арызым:

Жалғанды жинап дәулет қып,

Неше жыл байып айдарсың?

Көзіңді жұмып арам жеп,

Адалдан тапқан тағам деп,

Үнемдеп қанша шайнарсың?

Жерлерің кеңіп жайдары,

«Егін егіп» пайдалы,

Орынына немесе,

Іштерің күліп, жайнарсың.

Қоймасаңдар осылай,

Құдайыңнан шошымай,

Жазықсызды шулатып,

Досыңа сұмдық сайларсың.

Бүркеніп шәлі басыңа,

Бояу жағып қасыңа,

Болсаң-дағы сұрқия,

Бір-ақ рет алдарсың.

Пәле-жала, сұмдыққа,

Шыңнан құлап өлсең де,

Жаныңды қойып, замғарсың...

Адамдықтың ары үшін

Құйса да алтын бармайсың.

Әділеттің заңы үшін

Кимелейтін түсінбей,

Сиырдан жаман малдарсың,

Біреудің атқан таңы үшін,

Мінездерің мәлім ғой,

Өліп бір кете жаздарсың.

Құрбының жерік қаны үшін

Азуларың ақсиған

Шошқа тұмсық аңдарсың!

Кешегі қатар, тең едім,

Ортаңда жалғыз мен едім.

Арада қалыс бір ғаділ

Бұл сөзімді аңғарсын.

Бір елде туған төл едің,

Жүрегің барып, аямай,

Оларды қайтіп қарғарсың?!

Бүгін араз болсам да,

Әттең, дүние, заман-ай,

Кешегі тату жандарсың.

Кеудеге найза таяды-ай,

Көз қарайып барады-ай,

Арманды кімге арнарсың?!

Тарылды көкірек, тарылды,

Жиырылып әлем аядай,

Сенісер дос табылмай,

Енді кімді қармарсың!

Көре алмаған көп құрбы,

Сенермін бе сендерге, –

Біржолата көрмеуге

Топырақ шашып қалғансың!

Ойлап бір тұрсақ татуды,

Жауласып бүгін басыңды,

Ашылды сырың, ашылды,

Опасыз, зұлым, жалғансың!

Боялсын көкірек қанменен,

Тербелейін сілкіне,

Сырласып сары таңменен,

Өз жүрегім алдансын,

Қызыл тілден у болып,

Көздегі жасым су болып,

Тізіліп сөзім парлансын.

Басынан кешкен қолға алып,

Саналы жігіт ойланып,

Ішімде бықсып жүргенше,

Тысқа бір шығып талдансын.

Көки бер, мейлің, күлгенің,

Досжарлық назын білмедің,

Бізден де бетер зарларсың,

Кәсібіңді қоймасаң,

Қанағат етіп тоймасаң,

Жас балаң да үйренер,

Біріңнен-бірің қоздарсың.

Қара жер де жиренер,

Өзіңді тауып бір келер...

Біздер үшін түк етпес,

Жасаған ием құр етпес,

Ақырын өзі оңғарсын!

***

Ал сөйлейін, жараңдар,

Тыңдап бір құлақ салыңдар.

Бәрің мендей мұңлысың,

Бастарыңа зарың бар...

Бәріңнен қиын сол – ана

Жалғызымды көрсем деп,

Апарып азық берсем деп,

Еңіреп-жылап, мөлтеңдеп,

Тор терезе сыртында

Көрініп көзге қараңдар.

Жолықтыру бергенде,

Бөбегің іздеп келгенде,

Көкешім келдім деп,

Қанатын жазып, далаңдар.

Кішкентай көзі жаудырап,

Нәзік тілі балдырап,

Өз білгенін баяндар.

Қабағын шытып қамығып,

Тәртіпке қатаң бағынып,

Тентектігі басылып,

Сабыр ұстап, жай аңдар.

«Жүрсеңші үйге» дегендей,

Сағынып, аңсап келгендей.

Жас жүрегі күрсініп,

Ол да уайым жегендей,

Кетерде қимай аялдар.

Сол бір минөт қиын-ды,

Табақтан тартып сыйыңды,

Көз алдыңнан шұбырар

Қилы-қилы замандар.

Кері ауылға айтқанда.

Жол-жөнекей кәрі ана,

Солқылдап жылап төгіліп,

Жете алмай үйге салаңдар.

Сондықтанда ойланып,

Мойын созып қорланып,

Арт жағыңа жалтақтап,

Мұңлы көзің алаңдар.

Жатқанменен еріксіз,

Қаның қашып көріксіз,

Өтініш, арыз, сауал бар.

Айтайын десең хабарлап,

Қоршап бір ұрған қамауға ап,

Шойын есік, дуал бар.

Жас жүрегің өкініп,

Ыссы жас ыршып секініп.

Кездесер қыспақ аралдар.

Ұзақ түнге күрсініп,

Тұла денең түршігіп,

Қымтап бір жатар аяздар.

Қайырға біткен кемедей,

Көлкілдеп жасың телегей,

Алды-артың сонда саяздар.

Қамала берсек тұйыққа,

Мінбекші бейнет иыққа.

Жабыса түспек жалпылдап,

Көңілге шерлі жамаулар.

Қаңсырап, дертке боялып,

Ұйқыдан шошып оянып,

Тағылған өсек, жалам бар.

Шақырлатып есікті,

Иттен де әрмен «несіпте»,

Шақырушы дікілдеп,

Қасапшыша жалаңдар.

Қажырлы жүрек кез болып,

Өтірік шағым кез болып,

Мұсылман түгіл, тірі жан,

Мұндайға тап боп қалмаңдар.

Күйемен бүркеп әр ісін,

Досыңды сатып пәре үшін,

Дүние көріп алмаңдар,

Берсе де алтын жала үшін,

Адамның әділ баласын

Тозаққа тірі салмаңдар.

Істесең қылмыс қолыңмен,

Арман не кетсең соныңмен?!

Күнәсіз жанып өртендік,

Аллаға нендей шараң бар?!

Біреу аттан жығылса,

Бағы бір сынып құбылса,

Мәз боласың балаша,

Бықсып шығар табаң бар.

Өз қандарың емес пе,

Әркімге кезек келмес пе?!

Қарқылдап несін күлесің,

Болса санаң, – қазаң бар!

***

Мен тербейін теңселе,

Көңілді шерлі мұңымды-ай.

Аллам басқа салған соң,

Айтпай да қайтем шынымды-ай.

Тергеу ісі күн санап,

Жүріп те жатыр қиындай.

Тігілді жала торланып,

Айтайын десем торланып,

Отыр денем шымырлай.

Еріксіз жанда баға жоқ,

Жыртылмаған жаға жоқ,

Жалғыз бақыр тиындай.

Тергеуші білмес түсініп,

Барқырап, сөгіп, ісініп,

Кісімсініп, бүлігіп,

Қанша айтсам сырымды-ай.

Бақ тайған соң, деген ғой,

Қисая түсер қырың да-ай.

Растық сөзің іске аспас,

Қайтпекші көңілің суынбай.

Ажалдан өзің сабыр ет

Біз сияқты құлыңды-ай.

Шырылдатты қыспақтап,

Бөріше ұлып, тыштақтап,

Мына бір өңшең пәлекет,

Қыжыңдаумен мыжыңдай.

Жарылсаңшы, жан-жүрек,

Жұмсақ кеулім елжіреп,

Тар кеудеме сығылмай.

Сарна да зарла, қызыл тіл,

Тіс астына бұғынбай.

Шыжымайды май-дағы

Қазанға салып қуырмай.

Табалама, қатар-тең,

Тарылды аймақ, бой мең-зең,

Ат та бір шаппас жығылмай.

Түн көрпесін жамылып,

Мүлгіп ой мен сабылып,

Жүрек сорлы секірер,

Есік ашса зуылдай.

Кешегі қымбат бостандық,

Амалы бар ма, бос қалып,

Бейнеленіп сен тұрсың

Соғып бір өткен құйындай.

«Ер қаруы – тәуекел»,

Іс бітпейді ежелден

Бір иеге сыйынбай.

Өзен болмас сарқырап,

Таудан бұлақ құйылмай.

Қолыңда затың жарқырап,

Дәулет баста мол болса,

Дос қашсын ба, жиылмай.

Кез болмай ма ер басы

Тапшылық пен барлыққа,

Сондықтан, көңілім, тарлықпа,

Бірінен-бірі туылмай.

Қызықты күннің саласы,

Жер мен көктей арасы.

Ынтықтырып сен тұрсың,

Сыңқылдап күліп жымыңдай.

Болдың арман, еркіндік,

Сергідік кейде желпіндік,

Бос жүріппіз ұғынбай.

Ата-ананың қадірі

Жоғары екен бәрінен.

Ақыл сөзі балаға

Зәмзәмнің күміс суындай.

Кешегі алған сүйген жар,

Енді ұқтық мән-жайын

Тасқа бір тиді маңдайым,

Екенсің хордың қызындай.

Екі-үш апа-қарындас,

Өрен-жаран бауырлас

Сағынудан жаңылмас.

Қол бұлғалап сен тұрсың,

Батырдың жібек туындай.

Дидарларың сурет боп,

Көз алдымда шұбырды-ай.

Денсаулығы жалғыздың

Шүкірлік,ойға алғыздың,

Екенсің күннің нұрындай.

Анда-санда ауылдан

Жолығуға келген ел,

Айығып жүрек ауырған,

Әсерің тиіп, мәз етер,

Алтынның астам буындай.

Негізің – затты көргенің,

Сол емес пе бергенің –

Бір ауыз сәлем біздерге

Шексіз дүние құнындай.

«Халық қалай» дегенде,

Қуанысып қаламыз, –

Енесі келген желіге

Шұрқырасып құлындай.

Тергеудің келіп алдында,

Танымай да қалдым ба?

Отыр екен куәлер

Теріс қарап, бұрылмай,

Сәлемдесті күбірлеп,

Қымсынып алдым дірілдеп.

Сүйтсе-дағы үркеді,

Ет-жүрегім жылынбай.

Көңілдері тасқындап,

Өсегін жиған тапсырмақ.

Пікірлерін байқасам,

Сұр жыланның сұрындай.

Куәнің сөзін бас шұлғып,

«Құп» тыңдайды тергеуші,

Маужырап ұйып шыбындай.

Аққа қара жапсырмақ,

Сүйтіп бізді састырмақ.

Ар-ұяты ұрсын ба,

Минөтке жүз құбылмай?!

Болған соң төбет үршесі,

Өз «қасиетін» білсеші,

Күшік итше шәуілдеп,

Үй артына тығылмай.

Жағымсынып, дәуірлеп,

Айтсын деп ием «тәуір» деп,

Тайсалмай шапса не етеді,

Қисалаңдап ұрынбай?!

***

Осылайша өксумен

Өткізбеспіз өмірді.

Өзімді деп қателік,

Сақта, тәңірім, көбіңді.

Кеуілге жат кім білсін

Ғажаптың ісі – өлімді.

Тар түрмеде жатсам да,

Жеткіншек пен сол ана

Үзбей бір тұрды келуді.

Бөбектің балдыр бір тілі

Босатып кетті көңілді.

Қимай қарап жаутаңдап,

Ол сұраған сықылды

Хал-жайым мен жөнімді.

От салғандай кеудеге,

Шымырлатты жүректі,

Майыстырды белімді.

Бірдеңе деп мұң шағып,

Көбейтіп отыр шерімді.

Еске алдым сол сәтте

Құрбы мен құрдас теңімді.

Ұмытуға орын жоқ

Кешегі жолдас Керімді.

Татулықты атқарып,

Мұндай қыспақ жерлерде

Көзіме талай көрінді.

Тағы-тағы, ел-жұртым,

Ұмытпаспыз біз-дағы

Көрсеткен көмектеріңді.

Айта бар деп тапсырдым

Келген, кеткен кісіден

Алғыс, рахым сезімді.

Әз ағаның орнына,

Ораз жеңгем сен едің.

Сізді ұмытпау мен үшін

Серттен де артық сенімді.

Ана менен жас бөбек

Кете алмай қиып, тұр жылап,

Ілбідім әрең мен шыдап,

Ішке бір тартып демімді.

Күйреп, сынып, бір жағы

Қабырғамның сөгілді.

Олар кетіп, мен қалдым,

Лаулап, жүрек, сен жандың.

Үңгірге келе етпеттеп,

Көзден моншақ төгілді.

Теріп ап жатты жолдасым,

Құм болып жігер егілді.

Дұрыс көрдім сол кезде

Бұдан-дағы өлуді,

Алымсағын тағдырдың,

Есептеп, «мә» деп, беруді.

Күйдіресің, балқисың,

От-жалын боп шалқисың.

Есі шыққан сұм жүрек,

Табамыз қайдан еміңді?!

Әлі алдымнан көлбеңдеп,

«Көкем үшін келгем» деп,

Берер бейне жас бота,

Жұмсам да қатты көзімді.

Кәрі кемпір, қартаң шал,

Екі-үш апа – құйрық-жал,

Бөгелдім қимай, Құралдым,

Қарайлап, қалқам, өзіңді.

Ептеп сабыр, егілмей,

Шыдайын дедім берілмей,

Тоқтау бір салып төзімді.

Куәлар келген шұбырып,

Қараша шулап жиылып,

Өтірік шатып, тәңір атып,

Құтыра түсіп елірді.

Ұсынады «ұста» деп,

(Ескертіп қоям : «қыспа тек» ).

Екі басы қып-қызыл

Жанып бір тұрған темірді.

Тергеу ісі ашулы,

Куәнің қолы басулы.

Шығарады әр сағат

Маңдайдан суық терімді.

Қамай түсті анталап,

Бәрі жала – бәрі у,

Бетін бүркеп, қалқалап,

Ал дейді жатқан тегінді.

Арқала дейді мойынға,

Іскілеп тығып қойынға.

Сүйегімді сырнаудай

Шымырлатып кемірді.

Ентіктіріп – қамшылап,

Ақса да қаның тамшылап,

Қос өкпемнен тебінді.

Өстіп өксіп өтем бе?

Несін тудық бекерге,

Келтіре ме немесе

Ел көрерлік көзімді?!

Айуанға назың өтер ме,

Кім түсінсе, сол алсын,

Саналыға беремін,

Қондырар алтын мекенге,

Кездесер талай сөзімді.

Арпалыста – жан талас,

Басынан кешпей байқамас,

Күн көру заңы – тайталас,

Опасыз тұрмыс, өмір-ді.

Біріңді-бірің арқалас,

Бүтінде де жамап қой.

Саналы ердің белгісі –

Қымтар ашық жеріңді.

Нашардың болмас жөнді ісі,

Келсе келер үлгісі,

Қастықпен әкеп осындай,

Тірідей «ки»деп кебінді.

Бетсіз, арсыз, япырмай,

Кім сезген мұндай жебірді?!

***

Ойлап па едік кеше біз

Тас төсекке жатам деп?

Түнде бір түске енді ме

Оржанай дәмін татам деп.

Алып келіп қамады,

Қылмысың тым шатаң деп.

Ішкі үйдің тәртібі

Қысып та жатыр қатаң кеп.

Көз ілмей таңды атырам,

Кеудені басты запыран,

Аяққа түсті тақау кеп.

Расында да қорқасың,

Басымызды шатар деп.

Денем зілдей әрі ауыр,

Құнжыңдайсың, қарауыл,

«Жығылдың ба, попал!»деп.

Мазалайды жас жүрек,

«Әділет бар ма, қашан?!»деп.

Ермегім болып құмалақ,

Бірікпей жүр дұмалап.

Алладан ақырын тосам кеп.

Тілегімді адал ұқ,

Көп қарадым қадалып,

Өскен ауылым Қапал деп.

Жайшылықта ескермес,

Көз жіберем, «Ешкіөлмес»,

Көрінер ме екен жотаң деп.

Тапсырамын, Құражан.

Аулыма сәлем сұраған,

«Жанашырлар, тұр аман».

Кем емес тілің балдан бір,

Үйдегі қартты алдандыр,

Келеді жалғыз ботаң деп.

Наши рекомендации