АдалдыҚ тҮбі жеҢеді

Білмей таңның атқанын,

Батқанын білмей кештің де,

Үнсіз жалғыз жатқаным,

Керегім жоқ ешкімге.

Дәурен өтті дауылдай,

Алды-артына қарамай.

Түсінер жан табылмай,

Қалғаным ба жарамай?

Байқамаппын өткенді,

Бір күнгідей болмады.

Қазан ұрып мезгілсіз,

Көңілдің гүлі солған-ды.

Тіл қатса біреу өзіме,

Тағдыр жазса сол-дағы.

Намыс оты жеп мені,

Басыма пәле орнады.

Жақын досым, Фатимам,

Сыбырлайсың маған не?

Көңіліңді аһ ұрған

Түсінемін, амал не...

Қолдан келер жоқ шара,

Сөйлеп жағым қарысты.

Жанды жинап жатса да,

Бөре алмаспын намысты.

Қараңғы тартты күн неге,

Байлады дұшпан бағымды.

Отырмын жалғыз түрмеде,

Күтумен арай таңымды.

Жанымды менің мазалап,

Тергеуші қатты тергейді.

Өзінше мені «жазалап»,

Тыныштық бір бермейді.

Сұрақтан сұрақ туады,

Түпсіз бір терең, түбі жоқ.

Әдейі артып күнәні,

Босатар, сірә, түрі жоқ.

Оған да қояр жоқ кінәм,

Осылай шығар заңы да.

Болашағым боп тұман,

Айналып кетті-ау сағымға.

Тар қапаста жатырмын,

Бергісіз итке өмірім.

Ортасында отырмын

Тірі менен өлінің.

БАҚЫТЖАНҒА

Қабылда сәлем, құлыным,

Жалынып, сұрап алғаным.

Жазықсыз жанның бірімін,

Жаман ой ойлап қалмағын.

Жартысы болған жанымның,

Намысы болған арымның,

Жан балам, сені сағындым,

Тағдырға қатты арындым.

Санаулы ғұмыр қалғанда

Көретін бұл күнім бе?!

Сен бұған, ұлым, арланба,

Ақталамын түбінде.

Біреуге жасап қиянат,

Жамандық еткен жоқ едім.

Іс шығар кеткен бұл ағат,

Түскенін басқа көремін.

Шыдағын мұның бәріне,

Сабыр ет, жаным, төзе біл.

Десем де саған, әриене,

Өртенер от боп өзегім.

Өмірің – биік асқар тау,

Шыға біл, күнім, өрмелеп.

Жаман кісіден туғандай

Бола көрмегін бір кебек.

Қызығыңды көрсем деп,

Қызғыштай қорғап өсірдім.

«Елдің ұлы бол сен!» –деп

Қаттырақ айтсам, кешіргін.

Бұл оңай емес, байқадым,

Жасыма, балам, жасыма.

Ақталып бір күн қайтамын,

Әкеңді күткен асыға.

***

Сағындым сары даламды,

Сағындым саумал самалды.

Сағындым Алатауымды,

Алматы – әсем қаламды.

Көк тіреген шыңымды,

Жұпар атқан гүлімді,

Салқын шәрбат суыңды,

Қызығы мол шуыңды, –

Сағындым, бәрін сағындым,

Байланғаны-ай бағымның.

Қинайтындай соншалық,

Бұл тағдырға не қылдым?!

Кеткені-ай лезде бағамның,

Тас үйге босқа қамалдым.

Осы ма екен шынымен

Таусылғаны амалдың?

Өтірік, өсек, жаланың

Құрбаны болып барамын.

Тасқа барып тірелді

Тасыған таудай талабым.

Сайран құрып жүруші ем

Алатаудың төрінде.

Биікке ұшып, самғаушы ем

Қыран құстай көгімде.

Бір күндей бәрі болмады,

Басыма бұлт орнады.

Көңілімді торлады,

Қолдан келмей еш нәрсе,

Бұралаң тартты жол-дағы.

Ойлап тұрсам, япыр-ай,

Іс екен бұл «қолдағы».

Еңбек етіп жасымнан,

Шындыққа ғана бас ұрғам.

Біреуді салып біреуге,

Қулығым жоқ-ты асырған.

Сонда да болса көп кінә

«Табылып» жатыр басымнан.

Сіңірген еңбек бос қалып,

Жатырмын цемент жастанып.

Көрсем де талай қызықты,

Көрмеген едім мастанып.

Қызыққа мынау қараңыз:

«Қылмыскер, – дейді, – Асқаров!»

Мұнысы несі, мұнысы?

Дұрысы қайда, дұрысы?

Тоқтады неге күлісім?

Өзгерді неге жүрісім?

Тар қапаста ауасы аз,

Тарылды-ау әбден тынысым.

Құдай басқа бермесін,

Көрген күнің құрысын.

***

Егіліп жігер құм болды,

Еңбегім еш, тұл болды.

Дос дегенім сұм болды,

Күн дегенім түн болды.

Адалдығым еш болды,

Ойлағаным кеш болды.

Білмей қалай жүргенбіз

Бірдей ғой деп бес қолды.

Бел қайыспас нар едім,

Екі айтпайтын жан едім.

Не етсем екен, япыр-ай,

Бұл тағдырдың әлегін?!

***

Асықпаңдар, менен үміт үзбеңдер,

Іздесеңдер, жақсылықты іздеңдер.

Маңайыма жолай алмай жүргендер,

«Құлап өлсін» деп,

Алдыма тосты құз-белдер.

Маңдайыма жолай алмай жүргендер,

Іш мерез боп ішіне сырын түйгендер,

«Жеңдік біз» деп,

Сыртымнан босқа күлмеңдер.

Аз емес екен нақақтан-нақақ күйгендер,

Аз емес екен нақақтан-нақақ күйгендер,

Бақыты тайып, маңдайы тасқа тигендер.

Адалмын – шыным!

Адалдық түбі жеңеді,

Аман болсын достықтың қадірін білгендер.

ШОЛПАНҒА

Жазықсыз әкең кетті алыс жолға,

Өтуде әрбір күні темір торда.

Перзенттің үлкені едің, Шолпан жаным,

Дәл қазір ештеме жоқ біздің қолда.

Қамықпа, қапа болма, Шолпан балам,

Жан едің көңілің бір ортаймаған.

Бар қызық таусылды да біз көретін,

Алаңдап жалғыз қалды Фатима анаң.

Фатима анаң сенің ақ сүт берген,

Еркем ең, елігім ең соған ерген.

Анаңды құрметтеп,

Жаса, қызым,

Болса егер жақсылығың қолдан келген.

Әкеңнің қадірлесең алтын басын,

Жылама, көзіңнен жас сарқылмасын.

Әке орнына әке бол. Фатиманы

Аймала, анда-санда мауқын басып.

Әкеңді қажыды ғой дей көрмегін,

Менің де оңай емес бой бермегім.

Ешкімменен ісім жоқ,

Анда-санда

Осылай өлең жазу болды ермегім.

Айман, Зифа, Света, Жанат, Гауһар,

Ақылым сол әзірше сендерге айтар:

Көңілді босатпаңдар,

Халқым менің

Адалдық, ақтығымды әлі-ақ байқар.

Анасын сыйламаған адам оңбас,

Көмектес, Фатимаға болғың жолдас.

Ынтымақ ең үлкен күш осындайда,

Жұмылып бір-біріңді демеп, қолдас.

Ту ұста Фатиманы бәрің болып,

Көңілі көрмесінші жарым болып.

Өзімнен жоғары оны бағалаймын,

Жүруші еді жанымда сәнім болып.

Сыйлаңдар Сарыны да құрметтеп,

Адам сыйлау, Шолпаным, ұлы мектеп.

Жүреді ол кейін еске ап сендерді де,

Қиын кезде қадірімді біліп ед деп.

ФАТИМАҒА

Фатима, аманбысың, асыл жарым?

Мен қайда болсам-дағы қасыңдамын.

Ер жігіттің басына не түспейді,

Сен мені ойлай берме, жасымағын.

Төзім берсін,шыдайық қиналуға,

Мен саған, айтшы, бақыт сыйладым ба?

Әлде сен бақыттырақ болар ма едің

Тұрмысты басқаменен құрғаныңда?

Тал бойынан ешқашан мін таппадым,

Көтеріп маған дауыс, тіл қатпадың.

Өзімді бақыттымын деп санаймын

Тұрғанда аман-есен ұрпақтарым.

Өмірдің қияларын бастық біз де,

Белестен неше қилы астық біз де.

Өкшеге шөңге кірсе шыдадық қой,

Жұғардай жамандықтан қаштық біз де.

Сенен артық адамды табармын ба,

Білмеймін саған бақыт бере алдым ба?

Фатима, ар-ожданым таза менің,

Жүреміз әлі-ақ жайнап ел алдында.

***

Үш метр ұзындығы, ені екеу,

Өрілген қабырғасы тастан бекем.

Жанып тұр жалғыз лампа сығырайған,

Амал не, шыдап жату қиын екен.

Келгенде алпыс беске жасым менің,

Төменге домалады тасым менің.

Көретін қасіретім осы ма еді,

Жаламен істі болды басым менің.

Қайтейін жаси беріп жаман шалша,

Амалсыз шыдаймын ғой басқа салса.

Қалуым тар қапаста мүмкін емес,

Үйірге қосылармын бұйрық болса.

Жазықсыз кінәлайды неге мені,

Еңбегім енді қашан еленеді?

Қышуы қанғандай боп дұшпандардың,

Достарым күйзелгендей болды-ау, тегі.

Көктегі ақиық ем самғап ұшқан,

Тұзағын мықтап маған салды дұшпан.

Болса егер қателігім мойындар ем,

Мен емес жан сауғалап қорқып-пысқан.

***

Есіңді жи, ақылға кел, Фатимам,

Пайда бермес бос қайғырып, аһ ұрған.

Балаларға бас-көз болғын мен жоқта,

Есің бар ғой, кенде емессің ақылдан.

Жалғызы едің сен біреудің, Фатима,

Мені ойлап миыңды көп қатырма.

Тағдыр маған жазған шығар, қайтейін,

Түрменің де дәмін біраз татуға.

Қиындықты көп көріп ек жастан біз,

Ел-жұртыма белгілі еді басқан із.

Таққан мынау жаласына қарашы,

Мен білмеймін, қалай қара басамыз?

Өлерімді білетіннің бірі едім,

Арамдыққа баспаушы едік бір елі.

Ақты қалай қара деуге болады?

Қарап тұрып шошиды адам жүрегі!

Фатимажан, саған арнап жазамын,

Уақытша көрер бұл да азабым.

Әлдекімнің жаласынан қорықпаймын,

Аман болсын ұлын сүйер қазағым.

Елімді ойлап сөгіледі қабырғам,

Намысым мен арым артық жанымнан.

Елім, жұртым, ақтығыма сеніңдер,

Ұлың едім адалдыққа табынған.

Сен арқылы елге сәлем жолдаймын,

Жарты жолда егіледі бордай кім!

Қазір, мейлі, кім не десе, о десін,

Тірі болсам, өзімді өзім қорғаймын.

***

Ай толды тұтқынға мен алынғалы,

Қапаста қайғы-қасірет жамылғалы.

Өзімде ұйқы да жоқ, күлкі де жоқ,

«Қылмыскер» деген пәле тағылғалы.

Құдайым салды бүгін басқа бәрін,

Білмеймін үй ішімнің еш хабарын.

Отырмын он ойланып, жүз толғанып,

Түсінбей бөлек қамап тастағанын.

Партия қатарында көп жыл болып,

Атына кір жуытпай, жүрдім қорып...

Күзетші екі көзін алмай менен,

Сыртымнан күндіз-түні отыр торып.

Бәрі де еңбегімнің ескерілмей,

Көңілім аңғал-саңғал – көшкен үйдей.

Шынымен дүниеқоңыз болғаным ба

Көз тоймас баяғының мешкейіндей?

Әркімнің жетіп жатыр сандырағы,

Адамның көңілін босқа қалдырады.

Арымды арашалап аламын деп,

Күн өтпей, Асанбайың қалжырады...

Қатты тиіп өсектің сандырағы,

Ішім күйіп, жүрегім қан жылады.

Қанша ғұмыр бар дейсің...

Қайран ұлың,

Орынынан сан тұрып, сан құлады.

Ешкім мұнда қолтықтан демемейді,

Ұяты жоқ сатқындар не демейді.

Елім үшін қаншама терді төктім,

Еңбегімді неліктен елемейді?!

***

Құрсау темір,

Ой быт-шыт,

Көңіл ала...

Күзетші жүр күзетіп мені ғана.

Не көрсем де шыдаймын,

Амал нешік,

Оралсам болды аман семьяма.

Мақсатым тірліктегі осы болды,

Отырмын өткен жайға сілтеп қолды.

«Өтірік өрге баспас» деген бар ғой,

Беретін шығар бір күн құдай жолды.

Кезінде жас құрғырдың келіп қалған,

Не сұмдық сөз сөйлетпей, ерікті алған?!

Мен – атан үйірінен саяқ кетіп,

Амалсыз шөл далада шөгіп қалған.

АЙСАРБАЙҒА

Тұйғының торға түсіп шырылдайды,

Артыма мойынымды бұру қайғы.

Тілемен дұшпанға да бұл күнімді,

Сөз етпе отыру мен тұру жайлы.

Басымнан өткен жайды, Қайсар құрбым,

Босансам аман-есен, айтам бір күн.

Сұраған бауырларға дұғай сәлем,

Осылай етті мені тағдыр шіркін.

Аман ба өзім өскен ауыл-аймақ?

Ашуың келмес бұған қалай қайнап:

Қыранның шымшық құрлы жоқ қауқары

Ешкімге сес көрсетіп жасар айбат.

Шындыққа өтіп едім табынумен,

Отырмын аққа күйе жағылумен.

Күнімді ептеп-септеп өткіземін,

Елімді, өздеріңді сағынумен.

***

Туған жердің туы биік болсын деп,

Жері егінге, қыры малға толсын деп,

Еңбек еттім жанымды бір аямай,

Ел басына бақыт құсы қонсын деп.

Кешір, менің білместігім болса егер,

Еткен ісің еңбегіңмен өлшенер.

Туған жердің туын көкке көтерді,

Көп адамдар мен сүйенер, мен сенер.

Мен солардың бірі болып жүрген ем,

Жаман екен жауын тани білмеген.

Елім үшін жаным құрбан деп жүріп,

Қапылыста бір-ақ шықтым түрмеден.

***

Партияның айтқанын орындадым,

О, халқым!

Мен өзіңнің қолындамын.

Мені ешкім алған беттен тайдыра алмас,

Өлсем де Лениннің жолындамын.

Қуанып бақытымның таңдарына,

Биіктік шыққандай ем заңғарына.

Мәскеуден үн қатпады неге біреу,

Шынымен көзден таса болғаным ба?

Бәлкім, мен өзім емес, басқамын да,

О, елім!

Шын ұмыта бастадың ба?

Түсімде көкті шарлап жүрсем-дағы,

Түрмеде жатам көзді ашқанымда.

Өмірден мен кеткенмен қалар белгі,

Кеудем толған орден мен медәл еді.

Қатарда жүре берсем болмас па еді,

Тырысып, ел басқарып нем бар еді?

Күн көрсем де болмай ма тезек теріп,

Бір басыма білмеймін не жетпеді.

Жан-тәніммен беріліп партияға,

Сонша жыл хатшы болу қажет пе еді?

Бір себебі тимеді-ау, бар ма амалым,

Аман шығу түрмеден – арман-әнім.

Болса ақиқат – босанам!

Жалғыз ғана

«Қылмыскер» деген сөзге арланамын.

Мен біреуді шақырып адалдыққа,

Қалай барам өз басым арамдыққа?

Арың мен ұятыңды белге буып,

Жата ма жалған сөйлеу адамдыққа?!

Анамнан екі емес, бір тудым ғой,

Сондықтан кісілікке ұмтылдым ғой...

Болмады соның бәрі бір күнгідей,

Миымды мазалайды мың түрлі ой...

АРА НАН

Интернатта қара нанды жеп едім,

Бірақ оны қара екен демедім.

Аш кезіңде жегеніңіз бір басқа,

Оның дәмін әлі ұмытпай келемін.

Түрмеде де неше түрлі бар адам,

Қорегіміз – бидай ботқа, қара нан.

Тойып жесек арманымыз болмайды,

Сол арманға жетпей жүрміз қалаған.

Шәй дегені атала су, жоқ шара,

Аш болсаң да өзіңді өзің тоқ сана.

Қажымағын, қайғырмағын, сыр берме,

Жыламағын, мейлі ұрып-соқса да.

Қиналамын бұл Алланың ісіне,

Түбіне мен жете алмаймын түсіне.

Осы жерден аман-есен жүргенім

Деп ойлаймын қара нанның күші де.

***

Ел ағасы болғанда,

Егде тартып қалғанда,

Басымды қырау шалғанда

Көретін бұл күнім бе

Мынау дүние жалғанда?!

Жетпіс жасқа толғанда

Суық дене тоңғанда,

Беттің әрі оңғанда

Түрмеде жалғыз отырмын,

Бұдан артық сор бар ма?!

Пайғамбар жастан асқанда,

Бойымнан қуат қашқанда,

Ақылымды айтып жастарға

Отырар кезде,

Құдайым

Бейнетін маған тосқан ба?

Күш-қуатым біткенде,

Өмірден сый күткенде,

Торға түскен қырандай,

Тағдырыма қуанбай,

Не жазығым бар еді

Азаптап, қинап сұрардай?!

***

Тығып қойды түрмеге,

Бітпейтін іс бұл неге?

Дей алмайсың бірдеңе.

Түрменің іші қараңғы,

Соқыр етер адамды,

Шығармайды күнге де.

***

Жем болып жанын сатқан жамандарға,

Отырмын тас бөлмеде, амал бар ма?

Кеткен соң астыдан тақ, қолдан тізгін,

Сенуің қиын кейбір адамдарға.

Дегенмен құм ете алмас жігерімді,

Талап етем мені ақтап, жіберуді.

Тайсалмай өмір үшін күресемін,

Өмірден үзбей ешбір күдерімді.

Халқымның жүгін талай көтергенмін,

Амал не, азаппенен өтер кей күн.

Күн сайын айтар маған:

– Мойында! – деп.

Күн сайын:

–Таққан кінәң бекер!– деймін.

Жақсылық келмейтұғын қолдарынан,

Сұмдарды кешірмеймін тон жамылған.

Тәңірім маған билік берсе бір күн,

Өшімді алар едім сол залымнан.

Елге еңбек еткеніме мақтанамын,

Айыбым – әділікті жақтағаным.

Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам,

Сенімім зор, мен әлі-ақ ақталамын.

адалдыҚ тҮбі жеҢеді - student2.ru

БҮРКІТ ЫСҚАҚОВ

(1924–1991)

Ақын, филология ғылымының кандидаты, әдебиеттанушы-ғалым Бүркіт Ибрагимұлы Ысқақов 1924 жылдың төртінші қарашасында Қарағанды облысы, Нұра ауданы, Көкмөлдір ауылында дүниеге келген.

1950 жылы саяси көзқарасы үшін қудалауға ұшыраған. «Жас қалам» үйірмесі мен «ЕСЕП» (Елін сүйген ерлер партиясы) партиясын құрғаны үшін сотталған. Содан 1951 жылы жаппай қуғын-сүргін тұсында «Үкіметке қарсы үгіт жүргізіп жүр» деген жаламен жазықсыз жазаланып, 25 жылға бас еркіндігінен айырылған.

1991 жылдың 22 қаңтарында Алматы қаласында дүниеден өткен.

ДУШАР БОП БЕЙНЕТ СОРЫМА

Душар боп бейнет сорыма,

Кәріне кез боп тағдырдың,

Тұтқынның түсіп сорына,

Басыма бұғау салдырдым.

Қайғының қара қанжары

Қадалып ғазиз жүрекке,

Жараланып жас жаным,

Отырмын оймен түнекте.

Жақыным, жарым, жолдасым

Жаныма бірі келмейді.

Ойлай ма әлде өз басын,

Білмеймін, әлде сенбейді?

Тергеуші сонша шұқшиып,

Тесіле терең тергейді.

Прокурор да түксиіп,

Шырайын жылы бермейді.

Надзиратель дегендер,

Ала көзбен қарайды.

«Бұл – айыпкер» дегенге,

Әлдекімге санайды.

Салмағы жоқ сөзімнің,

Айтқанменен «пәлен» деп.

Ақтығымды өзімнің

Берейін немен дәлелдеп?

Жазықсызбын, жарандар,

Көңілде жоқ түк кірім.

Нанбасаңдар, қараңдар

Жүрегімнің түкпірін.

Наши рекомендации