Сөйлегендердің сөздерінен 1 страница
Халиманың жан жары Әзілхан Нұршайықовтың
зират басында айтқан сөзі
Қымбатты Халима!
Бүгін он бес машинаға тиеліп, бір қауым адам Сенің басыңа келдік. Келгендердің ішінде сенің достарың, бауырларың, туыстарың, жақындарың бар. Өзіңмен бірге жетім балалар үйінде, интернатта болған құрбы қыздарың бар. Жақсы көршілерің бар. Өзіңе ет жақын бөле-бауырың Ғабдісәнә міне отыр. Қасында Мәрияш келінің бар.
Сол сияқты балаларың, немерелерің тегіс саған сәлем бере келді.
Мінеки, сенің басыңа бүгін ақ отау орнатылды. Екеуміз ең алғаш қосылғанда отауымыз болмаған еді. Бірімізді біріміз жетектеп жүріп, жеті жыл бойы жекеменшік пәтерінде тұрып келдік. Жеті жылдан кейін мені Павлодар облыстық газетіне редактор етіп жібергенде ғана "өз үйіміз, өлең төсегіміз" жеке пәтеріміз болып еді. Саған, міне балаларыңның күш-қуатымен бір жылдың ішінде мынадай ақ отау орнатылды. Бұл күмбезді көтеруге балаларың сонау Ақтаудан (Маңғыстаудан) алпыс тонна ақ тас алып келді.
Қазақтың қаралы шаңыраққа көмектесу жөніндегі тамаша салты бойынша ағайын, дос, туыстар, бейтаныс азаматтар әркім өз әлінше үлес қосты. Біз оны "Халима қоры" деп атадық. Сол қорға қосылған қаражатпен осы күмбезді көтердік. Мен оларға сенің атыңнан да, өз атымнан да алғыс айттым. Мына дос-туыстарың сенің басыңа орнатылған ақ отауға құтты болсын айтуға жиналды. "Отауыңның іргесі берік, жатқан жері жайлы болсын!" деп айтуға келді.
Сен өзің бар кезінде адамгершілігі үшін, діни имандылығы үшін, дүниеқор еместігі үшін жақсы көрген бауырың Асылхан қажы да ортамызда. Асекең бұрын қағардағы молда болса, қазір қажы атағына ие болған. "Мен қайтыс болғанда жаназамды Асылхан бауырым шығарсын" деп едің. Асылхан бауырың сенің жаназаңа қатынасты. Қырқында саған арнап дұға оқыды. Міне, бүгін, жылың өткізілер алдында тағы да дұға оқуға келіп тұр.
Ендігі сөзді өзіңе дұға оқуға сүйікті бауырын Асылханға беремін.
(Құран оқылады).
* * *
Мұхтар АЙТҚАЗИН,
медицина ғылымының кандидаты, дәрігер
Бүгін апамыздың күмбезін көріп, қуанып қайттым. Ел қызығарлықтай, қасынан өтіп бара жатқан жұрт қайырылып қарарлықтай дүние болған екен. Өзі жақсы болса, ол кісіге өлгеннен кейінгі көрсетілетін құрмет те күшті болмақ қой. Соның бір мысалын осы күмбезден көріп тұрмын. Маңдайшасына "Халима күмбезі" деп жазылса, отаудың сыртқы үш қабырғасының дөдегелеріне Халима есімі үш рет жазылған. Осының өзінің көрушілерге айтар біраз сыры бардай, көрсетер үлгісі бардай.
Апамыздың қырқына сөйлеген сөзімде ол кісінің арғы ағасы Қарахан батырдың Шыңғыс тауының бір бөктерінде ақ бейіті тұрғанын айтқан едім. Енді, міне, Алатаудың иығында Қарахан ағамыздың шөбересі Халиманың ақ күмбезіне жиналып отырмыз.
Сендей жақсы қызды дүниеге әкелген халқың аман болсын, Халима aпa!
Ендігі сөз құран оқып, қатым шығару үшін Асылхан қажыға беріледі.
* * *
Асылхан ӨМІРЗАҚҰЛЫ,
қажы, молда
Халима апамыздың жаны жәннатта болады деп айтуымызға толық мүмкіндік бар. Мен пайғамбар немесе көріпкел әулие емеспін. Жәннатта болады дейтін себебім: Расул Алла ғалайссәлем дүниеден өткен адамдардың жәннатқа баратындарының үш белгісі болады деген екен. Бірінші белгісі жан берерде айқайлап, ойбайламау, бақырып-шақырмау болса керек. Тек жаман адамдар ғана айғайлап, ойбайлап өлетін болса керек. Өзін де, өзгені де қинамай жан тәсілімін жасау дейді. Екінші белгісі — өлген адамға жаназа оқылғанда оған жиналған адам ұш саптан аз болмауы керек екен. Ал Халима апамыздың жаназасына жиналған жұрттың көптігі сондай: үлкен аулаға сыймай, арт жақтағылар көшені кернеп тұрды. Үш қана емес, он үш саптан асып, отыз сапқа жететіндей болды. Оны өздеріңіз көрдіңіздер. Ал үшінші белгісі – өлімді мойындау екен. Халима апамыздың бала-шағасымен қоштасып, пәленше сүйегіме түссін, түгенше жаназамды шығарсын деп айтып кетуі үшінші шарттың орындалуы, апамыздың үш шартты да орындауы деп ойлаймын.
Ал енді Әзілхан ағамыздың Халима апамыз туралы жазған "Мәңгілік махаббат жыры" татулықтың, достықтың, сыйластықтың, махаббаттың нұрыңдай шалқыды. Жұрт бұл тамаша жырды теледидардан тыңдады, радиодан естіді. Бүкіл қазақ халқына үлгі, өнеге болып таралды. Үлгі болды.
Бұл дүние жалған. Сондықтан жалған дүниеде адамдар бір-бірімен жағаласпай, тату дос болып өтуі керек. Осының да өнегелі үлгісін Халима апамыздың өмірінен көреміз. Бәріміз де Халима апамыздың ғажап өмірінен үлгі алайық.
Сіздің махаббатыңыз, достығыңыз, тату-тәтті өмір кешуіңіз кішіпейілдігіңіз, сыпайылығыңыз, кеңпейілдігіңіз ұлтымыздың ұрпағына дарысын, Халима aпa!
(Құран оқылады).
* * *
Мыңбай РӘШ,
ақын
Біз университетте оқығанда Мұхтар Әуезов сынды ұлы ұстаздардан дәріс алдық. Бір ғұлама ұстамыз Темірғали Нұртазин болды. Сіз сонау Павлодарда жүргенде, очерктеріңізді оқып, бір күні сабақта бізге былай деген еді: "Түбінде осы жігіт ең мықты жазушы болып шығады!".
Сол кісінің айтқаны келді. Сіз атақты жазушы болдыңыз. Сіз халыққа керексіз: Халық Сізден тағы да жақсы, жаңа шығармалар күтеді. Халықтың осы үмітін орындау үшін Сіздің берік болуыңыз керек, Әз аға.
Халима апамыздың мәңгілік махаббаты Сізге қуат берсін. Асекең қажының жаңағы айтқанындай: апамыздың жаны жәннатта болсын.
* * *
Керейхан АМАНЖОЛОВ,
профессор, әскери ғылымының академигі
Кей адам өмірден өтсе, артында бітпейтін дау қалады. Енді бір адам өткенде артында береке қалдырады. Біреу балаларына үлгі-өнеге қалдырады. Тағы сол сияқты.
Халекең — біздің қадірлі құдағиымыз. Біз құда болғалы отыз жыл болып қалды. Халима құдағидың қолынан талай рет дәм таттық. Береке, бірлігіміз болды бүгінгі дейін. Қазір де төрге шығып, құдағидың бар кезіндегідей отырмыз.
Ac қабыл болсын дейміз бүгінгі. Алла риза болсын дейміз. Құдағидың нұры екі дүниеде шалқысын дейміз. Артында қалған ел-жұртына, туған-туысқанына Алла береке, бірлік берсін дейміз. Бала-шағасы, үрім-бұтағы аман болсын дейміз. Құдамыздың дені сау болсын дейміз. Сол жақсылықты бәріңізге де тілейміз.
Енді бүгін қаралы күннің ақырғы күні. Қазақтың дәстүрі бойынша бүгін құдамызға шапан жабуға рұқсат етіңіздер. Әрқашан ауырмай-сырқамай, ұлтыңызға қайрат беретін тұлға болып жүре беріңіз, қымбатты құдамыз, Әз аға!
* * *
Ғабдолсәнә САДЫҚОВ,
техника ғылымының кандидаты
Мен Халима апайдың бауыры боламын. Менің әкем мен Халиманың шешесі бірге туған. Халима апай өмірдегі парызын молынан ақтап, өмірдің неше алуан қиыншылықтарын көріп өткен адам. Бірақ, артында жақсы балалары қалды. Әз ағаң қалды. Әз ағаң барда Халима апай жоқ деп айта алмаймыз. Сондықтан, Әз аға, Сізге құдай қуат берсін! Балалар бақытты болып, ұзақ өмір сүрсін!
* * *
Мәрияш ЖАҚЫПОВА,
медицина ғылымының кандидаты, дәрігер
Мен Халима тәтемнің келінімін.
Аға мен тәтем баласын ертіп, Павлодардан көшіп келгенде біздің үйге түсті. Он төрт шаршы метр кішкене үйге он адам бірнеше ай бірге тұрғанбыз. Бұрын араласып көрмеген кісілермен қалай бірлесіп тұрар екенбіз деп, мен қысылып жүрдім. Сол уақытта тәтемнің адамгершілігі, сабырлы, салиқалы кісі екенін көрдім. Тәтем өзінің төрт баласын ғана тәрбиелеп қойған жоқ. Оның үстіне біздің екі баламызды да қоса тәрбиеледі. Ғабдол екеуіміз де тәтемнен өнеге үйрендік. Бір рет қабақ шытқанын бір рет те ренішті сөз сөйлегенін көргеніміз жоқ. Ғалым деген кішкене баламызды тәтемнің қолына тастап, мен де қызметке шығып кеттім. Сонда тәтем екі үйдің жанына тамақ жасап, түсте, кешке күтіп отырады. Сонда "шаршадым" деген сөз бір рет аузынан шыққан жоқ. Қайта, кейде, жұмыстан ренжіп қайтқанымызда, тәтемнің қасына келгеннен кейін жұмыстағы барлық реніш, қиындығымызды ұмытып кететінбіз. Тәтемде айналасындағы адамдардың жанын жадыратып жіберетін керемет бір қасиет бар еді. Біз тәтемнің сол қасиетін өз жүрегімізге сіңіруге тырыстық.
Ал, енді мына жолдасым айтады: өзінің әкесімен тәтемнің шешесінің әкесі Ақмолда деген кісі өте ғұлама ғалым, керемет шипагер болған кісі екен. Шөптен дәрі жасап, емдеп, жазып жіберетін, жоғалып кеткен малды да, адамды да қай жерде жүргенін тауып айтатын ағасына ұқсайтын еді. Бірақ, тәтем бойындағы ондай қасиеттерін жұртқа жариялап айта бермейтін. Үн-түнсіз жүре беретін.
Аға көп ауырып жүрді. Тәтем жаны қалмай күтті. Біз тәтем өліп қалады деп ойлағанымыз жоқ, ағадан айырылып қаламыз ба деп қорқушы едік. Тәтем ағаны барлық сырқатынан сауықтырды да, ағаны артына тастап, өзі кетіп қалды." Ағаларың өлгенше мен өлейін" деп маған бірнеше рет айтқаны бар еді. Тәтемнің сол тілегі қабыл болды.
Ал, аға, сізге айтарым: – қазақтың ешбір азаматы әйелін сіздей ардақтаған жоқ. Тәтемнің ақ ниетіне Сіздің адалдығыңыз үйлесіп, тәтемнің атын бір жыл ішінде жалпақ жұртқа жайдыңыз. Бұрынғы өткен атақты ғашықтардан асырмасаңыз, кем түсірген жоқсыз. Тәтемнің адамгершілік асыл қасиеттері барлық қазақ әйелдеріне, сіздің тәтеме деген махаббатыңыз барлық қазақ еркектеріне үлгі болғандай.
Балаларыңыз Жанардан бастап, Өзіңіз сан рет шөпілдетіп сүйген, ақырғы сәтіңізді титімдей ернін бетіңізге тигізген тәтті шөбереңіз кішкене Халимаға дейін Өзіңіздей өнегелі, жігерлі, дарынды болсын, ардақты тәте, аяулы тәте!
* * *
Шадыбай АБДУЛЛАЕВ,
медицина ғылымының докторы, профессор, академик
Құрметті ағайындар!
Менің Әзекеңді білгеніме 52 жыл болды. "Социалистік Қазақстан" газетінде бұл кісі қызмет жасады. Қазақстанның ең ардақты, қадірлі қаламгерлерімен тізе қосып, еңбек етті. Содан өсті. Әлемге әйгілі болды.
Әзекеңнің аса зор атаққа ие болуының себебі Халекеңнің өмір бойы жәрдемі болды. Мен артық айтамын ба деп қорқып та тұрмын. Бірақ, артық болмас. Халекең Әзекеңнің ең бірінші оқушысы, редакторы, ақылшысы болды.
Халекең ең алдымен, Әзекеңмен қол ұстасып жүріп, ЖенПИ-ді бітіріп алды. Салт басты, сабау қамшылы қыздар сияқты емес, төрт баламен жүріп бітірді. Институттың әр курсын бітірген сайын Әзекеңе бір перзент сыйлап отырды. Жана айттым ғой "салт басты қыздар" деп, сол қыздарының көбінен озық оқып, ойдағыдай диплом алды.
Жеке меншікті суық үйде пәтерде тұрғанда бұл кісілердің бірінші баласы Жанарға суық тиіп, өкпесі қабынды. Ол кезде ең күшті дәрі, әрі колға түспейтін дефицит дәрі пенициллин еді. Соны таба алмай Әзекеңдер қатты қиналды. Менің бір таныстарым арқылы (жездем дәріхананың меңгерушісі болатын) әрең тауып, баланы зорға дегенде аман алып қалдық.
Сол оқиғаны Халекең өмір бойы ұмытқан жоқ. Мені көрген сайын: "Жанарымның жанын алып қалған Шадыбайым!" деп құшақтап бетімнен сүюші еді. Халекеңнің осындай, жақсылықты ұмытпайтын ерекше бір қасиеті болушы еді. Бүгін көрген жақсылығын ертең ұмытып кететін әйелдер аз ба? Ондай еркектер қаншама!
Төрт баламен жүріп, институтты жақсы бітіруі Халекеңнің бірінші ерлігі дер едім.
Институт бітірген жоғары білімді әйелдер аз ба? Көп қой. Бірақ, солардың күйеулеріне Халима апамыздай көмектескен қайсысы бар? "Жоқ!" десем, өтірік айтқандық болмас деп ойлаймын.
Дипломды әйелдердің көпшілігі мансапқор болды. Күйеулерімен жарыса мекемеге барып қызмет істеп, қызмет дәрежесін көтеру үшін жанталасты.
Ал Халима апамыз қайтті? Біраз жыл қызмет істегеннен кейін мұғалімдікті тастап, бар өмірін Әзекеңе көмекші болуға арнады. Қазақ ақын-жазушыларының әйелдерінің ішінде күйеуіне Халима апамдай көмектескен ешкім жоқ шытар деп ойлаймын.
Біреуге көмектесе білуге де білім, парасат керек. Жеті жасынан жетім қалып, үнемі жоқшылықта өссе де, дүниеқор болмаған. Киім, тамақ, кітаптан өзге ештеңеге көңіл аудармаған. Бар білімін, санасын, қажыр-қайратын балаларын тәрбиелеп, Әзекеңді әлпештеуге жұмсаған және жемісті етіп жұмсаған.
Мінеки, Халекеңнің екінші ерлігі деп осыны айтамын!
Екеу ғана ма? Жоқ, Халекеңнің будан басқа оттай лаулаған патриоттық ерлігі және бар. Ол Халекеңнің онжылдықты бітіре салып, өзі тіленіп әскерге аттануы. Бұл азаматтық әрі патриоттық ерлік. Жасы он сегізге толар-толмаста Отан қорғау үшін қан майданға құлшынуы осы күні жастардың бойынан табыла қояр ма екен? Әй, – табылмас та. Әрбір әйел осындай үш ерлік жасай берсе, қазақтардың мұртын балта шаппас еді деп ойлаймын!
Мінеки, жұдырықтай қазақ, әйелінің осы үш ерлігіне қалай бас имессің?! Қалай тәнті болмассың?!
* * *
Меңсафа ІЛИЯШЕВА,
қарт ұстаз
Мен де Семейдің қызымын. Халималар №11 қазақ орта мектебінде оқығанда, мен №16 қазақ орта мектебінде оқыдым.
1941 жылы соғыс басталды. Екі мектептегі ұл балалардың бәрі әскерге кетті. Қыздар ғана қалдық. Екі мектепте де бала саны азайды. Оның үстіне әскерден жіберілген жаралыларға Семейден госпиталь ашу керек болды. №11 мектепті госпитальға айналдырды да, қыздарын біздің мектепке әкеліп қосты. Екі мектеп бір мектепке айналды. Мінеки, Халима екеуміз сол 1941 жылдан жолдас болдық. Бірге оқыдық, бірге жүрдік. Ол интернатта жатты, мен ағамның үйінде болдым. Соғыстан кейін Алматыда және табыстық. Менің Халиманы білгеніме 60 жыл болды. 1942 жылы интернаттағы қыз балалардың бәрі өздері тіленіп, әскерге кетті.
Халима сондай адамгершілігі мол, жүзі жылы, жүрісі салмақты қыз болды. Қыз болып шошаңдауды, жеңілтектік жасауды білген жоқ. Сол бала күнінен мейірбан, мейірімді еді. Халимамен бір сөйлескенің кісіге қуаныш беретін еді.
Алпыс сегізінші жылы біз Семейден Алматыға көшіп келдік. Сонда Халима бізді үйіне шақырып, ерулік берді. Бізбен қоса осындағы Семей қыздары мен ұлдарының бәрін шақырды. Орынкеш Мысырова жолдасы Жақанмен бірге, Қабдісіләм Есіркегенов бұрын политехникалық институттың ректоры болған, әйелі Меңке екеуі. Осы Ишан Жағыпарова (Ишағыны біз бұрын Ишан деп атайтынбыз), осы Сәки Бекбаева жолдасы Мәуліт марқұм екеуі. Тағы біреулер бар, иә, Ақылбай Насырханов келіншегі Зәрәмен. Сонсоң мен, жолдасым Хамит Аужанов екеуміз. Айтпақшы, Аманов Төлеубай бар, Нұрсипатпен бірге. Айтпақшы, біздің досымыз Мәкен Кәріпжанова күйеуі Әшім екеуі бірге болған. Барлығы жиырма шақты адам.
Ерулікке шақырған Халиманың үйінде бас қосып, бәріміз Семейде өткен балалық шатымызды еске түсіріп, мәз-мәйрам болғанбыз.
Халиманың ерулігінде болғанымызда Әзекеңнің айтқан әзіл әңгімелері әлі күнге дейін есімде. Әсіресе, "Қызыл көрпенің" қызығын тыңдағанбыз. Сол "Қызыл көрпені" ақыры "Махаббат, қызық мол жылдар" деген романға айналдырды ғой Әзекең. Роман жақсы болып шықты. Жақсы болуына Халиманың көмегі аз болған жоқ. Ол романды бәріміз күйеулерімізбен таласып отырып оқыдық қой.
Енді Халиманың өзім аңғарған кейбір қасиеттерін айтайын.
Халима ешқашан дүниеқор болған жоқ. Қыз күнінен сондай еді. Дүниесін біреу ұрлап жатса, оған да күйіп-піспейтін.
Бір жолғы мейрам қарсаңында мектептің үздік оқушысы ретінде Халимаға көйлектік 5 метр қымбат мата тиді. Ол кезде жақсы матаның атын да білмейміз ғой.
Халимаға тиген сол сыйлық матаны өзімен бірге бөлмеде жатқан қыз ұрлап алды. Оның ұрлағанын Халима да, бәрімізде білдік. Білсе де Халима ол қызбен шаңқылдап ұрыс шығарған жоқ.
Бар айтқаны:
— Өзімнен сұрасаң да мен ол бұлды саған беретін едім ғой, Әсима, — деді.
Әсима деген бір судырақ, су жұқпас, сумақай қызымыз болатын.
Ұрлаған қыз ол матаны бірнеше күннен кейін қайтып берді, бір жақын үйіне апарып тастаған екен.
— Мен ойнап алып едім, — деді ұялмастан.
Бірақ, ол матаны Халима қайта алмады.
— Сен қызыққан екенсің, өзің ала ғой, — деп Халима қайтып келген матаны ұры қыздың қолына ұстатты.
— Өзің қайтесің? — деп біз шу ете түстік.
— Алда тағы да мейрамдар бар ғой. Сонда тағы да бұл тисе көйлек етіп тігіп алармын, — деді.
Халима үнемі үздік оқитындықтан отан мейрам сайын, тоқсан сайын сыйлық берілетін. Ол сыйлықтарын Халима дос қыздарымен үнемі бөлісіп отыратын. Ақша тисе "Киноға барыңдар" деп қыздарға беретін. Өзі ешқайда бармайтын.
Жаңағы ұры қыз не болды дейсіздер ғой? Ештеңе болған жоқ. Ыржалаңдап ортамызда жүре берді. Егер Халимадан басқа біреу болса, ол қызбен шаштан жұлысып, шаңқылдасып ұрысар еді. Одан кейін оны комсомол жиналысына салғызар еді. Немесе директорға шатым жасап, ұры қызды оқудан шығартуға тырысар еді. Халима өйтпеді. Оның осындай мінездері дос-жолдастарының арасында беделін арттыра түсті.
Мен де әдебиет мұғалімі болдым ғой. Әдеби образ дегеннен хабарым бар. Образ оймен жасалады. Жазушы бас кейіпкердің жағымды бейнесін жасау үшін оның басына барлық жатымды қылықтарды үйіп-төгеді.
Ал Халиманың тұла бойы тұнып тұрған образ еді. Оған ештеңе қоспай-ақ жүріс-тұрысын, мінез-құлқын сол қалпында айтып берсе, образдан әлдеқайда артық болып шығар еді.
Біз, оның достары, Халиманы өлгенді өтірік мақтайтын әдетпен мақтап жатқанымыз жоқ. Қанша мақтасақ та бойындағы бар асыл қасиеттерді айтып жеткізе алмай жатырмыз.
Сенің асыл бейнең біздің жүрегімде жүреді, Халима!
Тағы бір мысал айта кетейін.
Халималар әскерге алынғанда бүкіл мектеп болып, оларды эшелонға шығарып салдық. Майданға кетіп бара жатқан кейбір қыздар маған кінә қойды.
— Сен ағаң обком секретарь! болғаннан кейін бізден бөлініп, үйде қалып барасың ғой. Бізді шығарып салуға не бетіңмен келдің? — десті.
Менің ағайым Рымбек Ілияшев ол кезде облыстық партия комитетінің екінші секретары болатын.
Пойыз қозғаларда олар маған қолдарын да бермеді.
Халима өйткен жоқ. Қасыма келіп, өзі қолын ұсынды. Содан кейін бетімнен сүйді. Мен оны құшағыма алып, еңіреп жылап жібердім. "Жылама" деп Халима көзімнің жасын сүртті.
Қызыл вагонды эшелон ырғала қозғалып, достарымды алысқа алып кетті. Менің ішім удай ашып, олардан қалып қойғаныма өкіндім.
Менің денсаулығым жақсы еді. Ал Халима сырқатын сездірмей, қыздарға бас болып, майданға кетті. Оның жүрегіндегі патриоттық сезім менікінен әлдеқайда күшті екен! Әскерге негізінен балалар үйінің қыздары ғана кетті. Әке-шешелері бар қыздар қалып қойды. Солардың бірі болып, Халиманың затын ұрлаған Әсима да үйде қалды.
Біздің бірсыпырамыз, Сәки екеуміз сияқты, ақсақалдарымызды алдыға салып, алдақашан "жұтып" алдық. Ал сен Әзекеңді артқа тастап, барар жерге бұрын кеттің, баяғы майданға кеткеніндей. Бұл да сенің ақылдылығың ғой, Халима!
Сен артыңа төрт бала, бес немере, бір шөбере қалдырдың. Қазақтың әр әйелі артына осындай ұрпақ, үлгі, өнеге қалдырса, ұлтымыз өсіп, үнжыртамыз жоғары болар еді. Ұрпағың, өнегелерің өркен жайып, өрістей берсін, қымбатты дос, қадірлі Халима!
Ал енді Әзекең туралы бір ауыз сөз айта кетейін.
Бәріміз де күйеуімізді құрметтедік қой. Олар да бізді жақсы көрген шығар. Бірақ, біз бұрын өлсек тірі қалған күйеулеріміз бізді, Халиманы жоқтаған Сіздей жоқтай алмас еді. "Қатын өлді — қамшының сабы сынды" деп жүре берер еді. Жанталасып, жаңа "қамшы" іздер еді.
Ал енді сіздің Халиманы жоқтауыңыз ұлтқа өнеге болғандай болды.
Мен өзім қазақ теледидарының "Ақжүніс" бағдарламасының бірде-бір хабарын бос жібермеймін. Көріп, тыңдап отырамын. Сонда Сіздің Халима туралы сөзіңізді тыңдағанда төбем көкке жеткендей болды. Мың рахмет Сізге.
Бәріміз де бұлаңдап өстік. Жігіт таңдадық. Жігітіміз сұлу, сымбатты, бойшаң болса екен дедік. Халима, сен сұлу едің, көрікті едің. Қандай керемет жігіт болса да, сен көңіл құрығын салсаң, ешқайсысы тырп етпес еді. Сол көп сымбатты жігіттердің ішінен сенің көзге қораш, бойы да биік емес, шынашақтай Әзекенді таңдай білгеніңе таң қаламын.
Бұл да Сенің саралығың еді, Халима! Енді сен сүйген, Сен ғана емес, бүкіл қазақ халқына сүйікті болған жан жарын — Әзілханың — Әзекең аман болсын, Халимам!
* * *
Сәки БЕКБАЕВА,
қарт ұстаз