Бәрімізге үлгі-өнеге

Өткен жылы"Семей таңы"газетінің бірнеше санында жарық көрген белгілі жазушы Әзілхан Нұршайықовтың жан жары Халимаға арналған естелігін оқып, үлкен ойға қалдым. Ерінің халқы үшін қызмет еткен ел азаматы болып қалыптасуына бар ғұмырын арнаған аяулы ана бейнесі бүгінгі қыз-келіншектерге үлгі-өнеге десем, артық айтқан болмас. Өйткені естелікте көрсетілгендей, Әзілхан атамен тек қуанышта ғана емес, қиын-қыстау кезенді қайыспай көтере білген Халима апайдың қажырлылығы, Құдай қосқан қосағына деген қамқорлығы естелікті оқыған әрбір жанды тебірентпей қоймайды.

Олай деуімнің себебі де жоқ емес. Өйткені қыздарымыз бен келіншектеріміз қалталы, маң сабы биік жігіт-желендерге құмар-ақ Ақшаларына қызыққан бойжеткендеріміз олардың жан дүниелеріне терең бойлап, өмірлік серік болсам деп ойламайды. Сондықтан азаматтардың басына күн туа қалса, оларды тағдыр тәлкегіне тастап, айналып кететіндері қаншама десеңізші. Осының салдарынан қаншама бала жетім қалып, қаншама еркек ертеңінен күдер үзіп арақтың соңына түсті. Бір сәттік байлыққа бой алғызбай, қолда барға қанағат тұтып, барды бөле жегенге не жетсін. Әрбір болашақ ана атаның жары, арқа сүйері бола білген, ата салтын берік ұстаған Халима апайдай бола білуге ұмтылса, нұр үстіне нұр болар еді. Әзілхан Нұршайықов атамыздың "Халимасын" оқыған әр қазақ қызы менің пікіріме ортақтаса алатынына кәміл сенемін.

Ә. Садықов

Семей қаласы.

("Семей таңы", 7(1780), 13 ақпан, 2004ж.)

Қымбатты Әзілхан аға!

"Халимаға хатты" бірден сүйсіне оқып шықтым. Айтары анық, бояуы қанық, тұлғасы бөлек туынды екен. Құттықтаймын!

Ақынның "меніне" оқушы ортақтасса, авторға онан артық қуаныш бар ма?! Сіздің "меніңіз" көптің көзайымына айналғалы тұр!

Бұл шуақты да, қуатты, айтары мол, тәрбиелік мәні зор аса бағалы еңбек.

Тек Президентке хатты бұл жерге кірістірмесе де болады. Асығыс жаздым. Толық пікірді ауызша айтармын. (Мына бала күтіп қалмасын деп).

Өзіңіздің саулығыңыз бен амандық, абыройыңызды бір Алладан тілеуші

Сәбит бауырыңыз ДОСАНОВ.

13.01.2005.

ІІІ ТАРАУ

ЛЕБІЗДЕР

(2001 жылы 4-қыркүйекте Халиманың қырқын өткізгенде сөйлегендердің диктофонға жазылып алынған сөздерінен үзінділер)

Мұхтар АЙТҚАЗИН,

медицина ғылымының кандидаты, дәрігер

Әз ағаңның жан жары, біздің апамыз, қазақ елінің анасындай болған адамның бірі Халима тәтеміздің қайтыс болғанына бүгін қырық күн толды. Өмірден өткен адамды дүркін-дүркін еске алу жетісіне, қырқына, жылына жиналу ата салтымыз. Бүгін сол дәстүр бойынша Әз ағаңның дастарқанында бас қосып отырмыз.

Ру жағынан келгенде біз Халима апаймен туыс боп келеміз. Халима апаның арғы атасы Қарахан батыр, бергі атасы Өзбақан да, сол сияқты біздің арғы атамыз Ақтайлақ би де, Байғара би де Сыбанның Шектібай деген руынан тарайды. Бұл рудың ата жұрты қазіргі Абай ауданындағы Құндызды Жүрекадыр деген жер. Сол жерде Қарахан бейіті деген ақ бейіт бар. Оның қасында Қарахан шілігі немесе Қызыл шілік деп аталатын қалың шілік бар. Сол шілікті оңтүстікке қарай кесіп өтсең, төбе басында Өзбақан ауылының орны бар. Бұл ауыл мен ақ бейіттің арасы жарты шақырым жер. Өзбақан Қараханның екінші ұлы болса керек, Өзбақанның ұлы Қалиәкпар Халима тәтеміздің әкесі.

Халима тәтемнің біздің апайымыз екенін кейін білдік. Алғашында "Махаббат, қызық мол жылдар" романын жазған белгілі жазушы Әзілхан ағамыздың жолдасы деп құрметтейтін едік. Артынан өз апамыз болып шықты. Оны білгеніміз былай болды.

Әзілхан ата бірнеше рет инфаркт боп ауырды. Мен бас дәрігер боп істейтін ауруханада емделді. Ылғи реанимация бөлімінде жатты. Сол кезде апай күндіз-түні реанимация бөлімінің есігі мен терезесін күзетеді екен. Тан атпай, сағат алтыда келіп, палата терезесіне жабысып, үңіліп ішке қараумен туратын болса керек. Дәміл-дәміл есік жаққа барып, дәрігерлерден Әз атаңның халін сұрайды.

Бір күні реанимация бөлімінің меңгерушісі Марат Әбдірахманов келіп, маған осы жайды айтты:

— Апайды аядым. Аяғандықтан реанимация бөліміне бөтен ешкімді кіргізуге болмаса да, ол кісіні бір рет палатаға кіргіздім. Бірақ, ол кісі сонда да үйіне қайтпады. Терезе батып, Әзілхан ағайға телміріп қараумен болды. Мұндай оқиға бұрын ешқашан болған жоқ еді, — деді дәрігер.

Бұл хабарды естіп, мен де қатты толқыдым. Содан кейін ақылдасып, реанимация бөлімінің бір палатасын Әз ағаң екеуіне босатып бердік. Апай Әз атанды күні-түні күтумен болды. Медбикеден кем қызмет еткен жоқ. Сөйтіп, бәріміз Әз атанды жазып ауруханадан шығардық. Апай жолдасын өзі қолтықтап, үйіне алып кетті.

Осы оқиғадан кейін Халима тәтейдің өз апайым екенін білдім. Ол кісі жетім балалар үйінде өсіп, бой жетіпті. Соғысқа қатысыпты. Артынан Әзілхан ағамызға қосылыпты.

Апамыз келмеске аттанып кеткенімен, Әз атаң ортамызда. Соған шүкіршілік етеміз. Әз атаңның балаларымен бірлесіп, ұзақ өмір сүруін тілейміз. Бүгін апайды еске алып отырмыз.

Топырағың торқа болсын, Халима aпa!

* * *

Асылхан ӨМІРЗАҚҰЛЫ,

қажы, молда

Қадірменді Әзекеңнің, Халима апамыздың дос-туыстары! Біріншіден, осы дастарқан басына жиналып отырған бәріңіздің аман-сау болып, қадамдарыңызға гүл бітіп, бәріңізге Алланың рахметы жаусын деп тілеймін. Екіншіден, өмір деген өткінші. Бүгін бар адам ертең жоқ. Сондықтан осы қысқа өмірде адамдардың бір-бірін сыйлап өтуі парыз. Бәріміз бір-бірімізді қадірлеп өтейік деймін.

Халима апайды мен де көрдім. Иман жүзді бетінен адамгершілік нұры төгіліп тұрғандай кісі еді. Мейірбан адам екені бірден аңғарылатын.

Апамызбен алдымен Мырзабек Дүйсенов марқұм ағамыздың үйінде кездестік. Қасында Әз ағаң бар. Мырзабек ағамыз бұл кісілердің досы екен. Екеуі де қатты қайғырып, марқұм ағамыздың өмірден өтіп кеткеніне өкініш білдірді.

Екінші рет бұл кісілердің жиені қайтыс болғанда бірге болдық. Бір-бірімізге тағы да ризашылық білдірдік.

Сол ризашылығының белгісі ретінде Халима апам: "Мен өмірден өткенде жаназамды Асылхан бауырыма шығартыңдар" деп Әзілхан ағамызға айтып кетіпті. Сол кісінің осы өсиетін орындап, енді құран бағыштауыма рұқсат етіңіздер.

Жаның жәннатта болсын Халима aпa!

* * *

Тұрсынбек КӘКІШЕВ,

жазушы, профессор, университет ұстазы

Әз ағаңның жаңағы оқыған сөздерінің бәрі рас, бәрі дұрыс, бәрі шын!

Әз ағандар Керекуден Алматыға қайта көшіп келгеннен бастап, біздің аяқ-табағымыз араласты. Тіпті, сонау, университетте оқып жүрген студент кезімізден басталған таныстығымыз тағы бар. Содан бері бір-бірімізді қадірлеп, құрметтеп келе жатқан ағайындармыз. Доспыз. Ал біздің достық туымызды жарқыратып көрсетуге Халима апамыз өте шебер болатын. Біз, Әз ағаң екеуміз әзілдесе береміз.

"Сіз менің апам арқылы ардақты адам болдыңыз. Әйтпесе айдалада қалатын едіңіз" — деген кездерім де болды, Әз атаңа. Онда Халима:

— Қой, бауырым, ондай сөзді айтпа! — деп мені тоқтатып тастайтын.

Ол Халима апамның қазақ әйелдердің күйеулерін құрметтейтін әдетімен айтыла салған сөз емес, алтын апамның

Әз ағаңа деген өмірі кіршік шалмаған мөлдір махаббатының биік парасатпен ұштасуының белгісіндей сезілетін.

Әз ағаң екеуміздің кейде шекісіп қалатын сәттеріміз де кездесетін. Жасыратын ештеңе жоқ. Адам болған соң адамның өз пікірі, ойы болады ғой. Сонымыз сәйкеспей қалатын. Сондайда біздің арамызды алшақтатпай, жағыстырып, табыстырып отыратын Халима апамыз еді. Әсіресе, мені інім деп, бауырым деп, қолтығымнан демейтін адам Халима апайым болатын. Сол кісіге сенетінмін.

Әрине, мынау қызу өмір қызық екен. Кеше мен топырақ сала алмадым. Келгеннен кейін естідім. Сол сенім Халима апайдың бұл дүниеден өткенін сездірмейтін сияқты. Көзіңмен көріп, топырақ салмағаннан кейін өлді деп ойлау қиын тәрізді. Сосын бір себебі ол кісі өте аяулы адам болғаннан кейін, қадірлі апамыз болғаннан кейін де қимайтын шығармыз. Сондықтан болар мен жаңа қырқына келе жатқанда да, үйде отырғанда да апамды өлді деп ойлай алмадым.

Әз аға, әлгінде Халима апам туралы айтқан естелігіңізде, Атыраудан келген тағы басқа жақтардан келген хаттарды оқып жатырсыз. Сізге Солтүстік Қазақстан облысының Қожаберген ауылынан, Сегіз серінің ауылынан, әсіресе, Сегіз серінің ұрпақтары отырған Әлімжан ауылындағы ақсақалдардан дұғай-дұғай сәлем әкелдім. Олардың сізге Халима апамның қайтыс болуына байланысты шын жүректен айтқан көңіл айтуларын жеткіземін. Олардың кейбіреулерінің осы сөзді сөйлесіп отырғанымызда көздеріне жас алған сәті бар. Бұған қоса айта кетейін. Сол жерде былтырғы Сәбеңнің — Сәбит Мұқановтың 100 жылдық тойында газеттерде, радиодан теледидардан сөз сөйлеген адамдарды да еске алды олар. Сол сияқты дүниеден өтіп кеткен адамдардың бәрін ел қадағалап отырады екен. Оның ішінде Сізге айрықша қам көңілмен көңіл білдіріп жатқан ағайындарымыз болды. Ол жақтың адамдарының сырты салқын болғанымен, іші жылы ғой. Сол жан жылуын, сізге деген сүйіспеншілігін олар айтып отырды. Қазақ даласының қай жерінде болмасын Сізге деген ықылас бар. Мен Мағжан ауданында да болдым. Ауданның әкімі Серік Тіленов деген жігіт сізді атап отыр. Ол кісінің жан жарынан айырылып қалғаны қиын болған екен деп, қабырғасы қайысқанын білдірді. Жүрген жерімнің бәрінде Сізге деген осындай сезімді көрдім. Менің Сізбен жақын екенімді жұрт білетін сияқты. Сіз бен Халиманы атай отырып, олар маған да көңіл айтқандай болды. Өйткені Халима апай сөз жоқ әйелдердің ішіндегі данасы, кемеңгері еді. Әйелдердің талайын көріп жүрміз ғой. Ал апамыз болса, олардан он рет өзгеше кісі еді. Қазақ ондай адамдарды көш ілгері деп атайды. Екеуміз бірігіп алып, Сізге жабылушы едік қой. Сіз — Ақбұзаудың, мен — Ақмоланың, Халима апам Абайдың, Абай ауданының түлегі екенімізді айтысып, әзілдесіп отыратын кездерміз болатын. Енді өмір осылай болғаннан кейін де бұл қалжыңымыз тиылмас, әзілдесіп отырармыз. Сол кезде Халима апамыз да қасымызда болар. Анау Халимадан қалған жүзігің құтты болсын, қайырлы болсын. Сыртқы көрінісімен алдап жүретін адамдар көп қой. Олар ертерек ойластырып алдын ала айтып қояды. Ал Сіз сияқты адамдар махаббатқа беріктігін енді ғана дәлелдеп жатыр. Халима апай туралы жаңағы айтқан сөздеріңізді естігенде жан тебіреніп отырды. Апамның анау өзіңізге, балаларына айтқан өсиетінің жаңалық екенін ұғып отырмыз. Сондықтан, осы отырған халықтың атынан, өзіміздің атымыздан айтарымыз, мықты болыңыз! Халима апамның өзі де айтып кетіпті ғой "Жылама!" деп. Жұрт көзінше жыламаңыз. Әлгі айтқаныңыздай оңаша қалып, күңіренуіңізге болады. Ол адамдық психологияға сияды. Апамыз бардағыдай жарқылдап, әзілдеп отырыңыз. Ол балаларыңызға да, басқаларымызға да, тіпті Өзіңізге де жеңіл болады. Сондықтан берік болыңыз. Сабырлы, салиқалы, әрі әзілқой қалпыңызда қалыңыз.

Ең соңында айтарым: жатқан жеріңіз жайлы болсын, Халима aпa! Керейден тумаса да, өзегі бір өз апам!

* * *

Асқар РАХМАТУЛЛИН,

бұрынғы 100-атқыштар бригадасының ардагері, полковник

Ардақты жолдастар!

Менің артдивизион командирі болғанымды жаңа Әзілхан ініміз айтып кетті. Мен тек қана бір пунктті айтайын деп тұрмын. Мен дивизион командирі болсам, бізде үш батарея болатұғын. Оның біреуі артта, қалған екеуі алда болды. Біздің 100-ші бригада көп елді пункттерді, жекелеген қалаларды жаудан азат етті. Молодой Туд, Невель, Великие Луки, Старая Выжевкат.б. елді мекенді жаудан босату ұрыстарында талай жігіттеріміз сол жерлерде қалып қойды. Жаумен ең қатты күрескен жеріміз Молодой Туд болды. Егерде 8-гвардиялық дивизия Волоколамск қаласының іргесінде жаудың 50 танкін жойған болса, біздің 100-бриғадаға қарсы 30 танк шықты. Біздің жігіттер жау танктерімен жақсы күресе білді, олардың 13 танкісін өртеп жіберді. Рымбек Байсейітов 3 танкті күйретті. Әзілхан Нұршайықов және басқа артиллеристеріміз бірнеше танктен құртты.

Бірақ, соғыс болғаннан кейін шығынсыз болмайды. Осы шайқастарда жоғалтқан жолдастарымызды ешқашан ұмытуымыз мүмкін емес. Әзілхан Нұршайықов пен Халима бәріміз жыл сайын Невель, Брестке барып, сол жерлерде қайтыс болған жолдастарымыздың топырағын сипап, қабірлеріне гүл қойып қайтып отырдық.

Сол сапарларда Әзілхан мен Халима екеуі біздің бұрынғы 100-бригаданың негізінде құрылған 1-атқыштар дивизиясының командирі генерал-майор Андрей Иософович Карпелюкпен ерекше дос болып кетті. Генерал Әзілхан мен Халиманы бізден бөліп алып, Киевтегі үйіне қонаққа шақырды. Әзілхан мен Халима екеуі Брест қаһарман қорғанының музейінде бір ай болып, өздеріне керекті материалдарын алып, Брест обкомының көмегімен біз соғысқан Белоруссия жерін аралап қайтқаннан кейін Киевке соғып, генералдың үйінде қонақта болды. Әскери атағы Әзілханнан әлдеқайда үлкен батальон, полк, артдивизион командирлерінің бірде-бірі генерал үйінің босағасын аттаған жоқ. Генерал бұл екі кіші командирді ерекше жақсы көрді. Әзілхан аға сержант болса, Халима сержант екеуі де кіші командир. Әзілхан зеңбірек командирі болса, Халима алғашында байланысшылар бөлімінің кейін әскери цензура қыздарының командирі болды. Мен ойлаймын, егер Халима алты шепте ұзақ болса, Мәншүк немесе Әлия сияқты Батыр қыздарымыздың бірі болатын еді. Халиманың патриоттығы, білімі, жігерлілігі сол дәрежеге жеткізуге тиіс болатын. Мұны біздің генералымыз Карпелюк те бағалай білді. Оған Карпелюктің: "Егер сіз біздің дивизияда болған болсаңыз, мен сізді Кеңестер Одағының Батыры ататын беруге ұсынар едім" деген сөзі дәлел. Бұл сөзді ол Брест іргесіндегі Старовыжевск қаласының басшылары жасаған қабылдау банкетінде айтты.

Киевте қонақ болып қайтқаннан кейін де генерал мен екі сержант арасындағы байланыс үзілген жоқ. Жыл сайын күзде, Алматының алмасы піскен кезде Халима тоқпақтай қызыл алмалардан Киевтегі генералдың үйіне сәлемдеме жіберіп отырды. Халиманың жарты пұттық посылка жәшігін көтеріп, поштаға келгенін бір жолы өз көзіммен көрдім.

Екі сержантқа генерал да қарыздар болып қалған жоқ. Үнемі хат жазып, сәлемдеме жіберіп отырды. Бір жолы Халимаға генералдан "Киев" деген тамаша үлкен альбом келді. Бір жолы генерал Әзілханға Украинаның ең қымбат коньягін жіберді. Ол коньякті Әзілхан ішіп қойған шығар. Ал "Киев" альбомы Әзілхан кітаптарының ең жоғарғы жағында құрметпен сақтаулы тұр. Солай ғой, Әзілхан?

— Дәл солай, Асеке! Так точно!

Ал, енді Невельге (Невель — Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың сүйегі жерленген Псков облысындағы қала) барғанымызды айтайын. Халима Невельге барар алдында өзінше дайындалыпты. Алдымен, Алматыдағы "Москва" дүкеніне барып, әрқайсысын 50 данадан Мәншүк пен Әлияның значоктарын сатып алыпты. Мәншүктің станокты пулемет қасында түрегеп тұрғаны, Әлияның снайперлік винтовканың оптикалық приборынан сығалап, жауды нысанаға алып тұрғаны бейнеленген значоктар шыққан сол кезде. Халима соларды арнайы сатып алып, Невельге барғанда Невель халқына, Новосокольникиге (Новосокольники сол облыстағы Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова жерленген жер) барғанда сол жердің тұрғындарына үлестірді. Халима үлестірген сол сыйлыққа жергілікті адамдар орден алғандай қуанды. Ал сол значоктарды сатып алып, алып бару Халимадан басқа біздің ешқайсымыздың ойымызға келмепті.

Енді бір қызық әңгіме айтайын.

Невель қаласының орталығындағы үлкен алаңда полковник Әбілқайыр Баймолдин мен Мәншүк Мәметова қатар жерленген. Ағалы-қарындас болып, бірге жатыр.

Невельге келгеннен кейін бәріміз әскери зиратқа барып, өлген жауынгерлерге тауап еттік. Сонда Халима Мәншүктің құлпытасын құшақтап, көзінен жас моншақтатқанда бәрімізді қоса жылатты. Екі қабырғаға да гүл қойдық. Содан кейін Халима сумкасынан қызыл бұлдан тігілген кішкентай қалталар шығарды да, оның біріне Мәншүк қабырының қасынан, екіншісіне 100-бригаданың командирі болып жүргенде оққа ұшқан полковник Баймолдин Әбілқайырдың басынан топырақ алып, толтырып алды. Әлияның басына барғанымызда Халима сумкасынан тағы бір қызыл қалта шығарып, Әлия сүйегі жатқан жерден де топырақ алды.

— Айналайын, құрдасым-ай! — деп Халима Әлия ескерткішінің басында да қатты тебіренді.

Артынан сұрасақ Әлия да, Халима да 1925 жылы туған екен ғой. Бір сөздің ретінде:

— Халима, мына кішкентай қызыл дорбаларды қайдан алдың? — деп сұрадық біз.

Сөйтсек оларды Халима Алматыда өз қолымен тігіп әкелген екен.

— Неге қызыл матадан тіктің? Неге ақ немесе қара емес?—дедік.

— Адам қаны қызыл ғой. Сондықтан қызыл қалталар тігіп әкелдім, — деді Халима.

Біз Невельден қайтып келгеннен кейін Әзілхан теледидардан сөз сөйледі. Біздің Невель сапарымыз жайында көрермендерге баян етті. Сонда ол Әбілқайыр, Мәншүк, Әлия қабырларынан алынған қасиетті топырақ салынған қызыл қалталарды көрермендерге көрсетті. Ол әңгіменің халықтың көңілін босатқан бір тұсы осы болды. Бірақ, Әзілхан қасиетті топырақ салынған қызыл қалталарды кім тіккенін айтқан жоқ. Әйелі туралы айтып жатуды қолайсыз көрген болар. Енді бүгін мен айтып тұрмын.

Великие Луки, Невель, Брестке барғанымызда Халима тек қазақтардың ғана емес, солармен қатар жатқан жауынгерлердің бәрінің басынан бір-бір талдан қалампыр күлін қойды. Мен мұны Халима қарындасымның адал адамгершілігінің, биік парасатының бір белгісі деп есептеймін.

Сол жаққа жүрерімізде Халима менен рұқсат сұрады. Өйткені мен 100-атқыштар биригадасы мен 1-атқыштар дивизиясы ардагерлері кеңесінің төрағасы болатынмын.

— Асқар, ата, сіздерге ілесіп, менің де баруыма бола ма? — деді.

— Неге болмасын, жүр, айналайын, — дедім мен.

Сол сапарда Халиманың генералмен қатар тұрып, дивизия ардагерлерінің ортасында түскен суреттерін ала келген едім. Сол суреттерді бүгін, Халима қарындасымның қырқы күні, Әзілхан інімнің қолына тапсырамын.

Ең соңында айтарым: Халиманың адамгершілік асыл рухы өшпесін! — деймін.

Әумин!

* * *

Жаппар ӨМІРБЕКОВ,

ақын

Наши рекомендации