Ертісім меніҢ, ертісім
Жазғытұрым үздігіп
Қызыл суша жүрмеп ем.
Суат ойып қызығып,
Қыста етегім түрмеп ем.
Тек шілде мен тамызда
Толқыныңа жармасып,
Төсімді тосып аңызға,
Ағыныңмен арбасып.
Жүздім күндіз-түн демей,
Еркелеп, сүңгіп шабақша...
Кете бардым үндемей,
«Қош!» дей алмай қашақша.
Амал жоқ, бүгін жекемін,
Ертісім менің, Ертісім.
Еркелеткен мекенім,
Сорлы ұлыңның дертісің.
***
Жол-жөнекей таныс көп,
Туысқан жоқ, туған жоқ.
Жақын Арқа, алыс көк,
Аят оқыр «дұғаң» жоқ.
Жолдасым көп, досым жоқ,
Жанашыр жоқ, жалғызбын.
Жау сабаса тосын кеп,
«Үні шықпас жалғыздың».
Рақатсыз, қызықсыз
Жас өмірді алғыздық.
Бүгін қалған күдіксіз
Жалғыз досым – жалғыздық.
Долы дүлей тағдырдың,
Дүресінен қансырап,
Севлагта қаңғырдым,
Сыңар тілім нан сұрап.
Енді бездім бәрінен,
Дос та демен, қас демен.
Заманымның зәрінен
Қатты үсінді жас денем.
***
Аспаса да ақылымен, ойымен,
Басқандар көп өзгелерді бойымен.
Ақ сұңқарды тұғырынан тайдырып,
Қарақұстар қалды қанды тойымен...
***
Түсімде елге қайтыппын,
Көрсемші, дүние-ай, өңімде.
Шырқап өлең айтыппын
Шығып тұрып дөніне...
***
Тағдырымның талқысынан безем бе...
Бірнеше жыл түрме болды мекенім.
Кенет төнген мейірімсіз кезеңде
Еркіндік пен бақыт менің не теңім?!
Амал қанша, ғұмыр тезі таразы.
Тіршілікте көрермін де көнермін.
Көне алмасам, күрсінуден наразы
Бола-бола шырағданша сөнермін.
АЙЫМ МҰХАМЕДХАНҰЛЫ
(1916–2004)
Алаш қайраткерлерінің сенімді серігі, ізбасары болған ақын, абайтанушы-ғалым, драматург Қайым Мұхамедханұлы 1916 жылдың 5 қаңтарында Семей қаласында дүниеге келген.
Қазақ КСР Гимнінің авторы, республикалық Абай мұражайының негізін қалаған. Абай шығармаларына текстологиялық талдау жасаған тұңғыш ғалым. Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері.
2004 жылдың 30 маусымында дүниеден өткен.
***
Туған ел – алтын бесік, ұшқан ұям,
Көз жұмылмай тұрғанда қайтып қиям?
Тарта гөр, Семейімнің топырағы,
Төстіктей жеріңе мен еркін сиям...
1952 жыл, Карлаг
БАЛАЛАРЫМА
Сағындым да, сарғайдым да жүдедім,
Қайғы отынан өртенгендей жүрегім.
Көңіл қаяу, жүрек баяу соққанда,
Осы өлеңім – дұғам менен тілегім.
Құлындарым, сендерді ойлап сағынып,
Қалғандаймын кейде есімнен жаңылып.
Ұзақ түнде кірпік қақпай жатқаным,
Көкірегім қарс айырылып, аһ ұрып.
Нені ойлаймын кірпік қақпай жатқанда,
Байлық, атақ, мансап пен бақ, мақтан ба?!
Қаным қайнап, қапаланып күйем бе,
Дүние үшін ар, ұятын сатқанға?
Оларды ойлап: жанбаймын да, күймеймін,
Байлық, атақ, мансапқа бас имеймін.
Қайғы бұлтын серпіп тастар сендер ең,
Басқа менің сүйерім жоқ, сүймеймін.
Бір күндерде сағым қуып сандалдым,
Бала көңіл, алдамшы өмір, алдандым.
Табасына тап болғандай тағдырдың,
Шырмауына түстім келіп жалғанның.
Тастүлектей құлаш ұрдым қиянға,
Өткен өмір өкінішке сия ма?
Торға түстім қанатымнан қайырылып,
Сендер қалдың, темірқанат ұяда.
Құлындарым есен-аман жүр ме екен,
Әкесінің бары-жоғы бір ме екен?
Мүсілимәм, жасын төгіп, мұңайып,
Суретіме көзін сатып тұр ма екен?
Қазыбегім түстің екен не халға,
Араласып жүрсің бе әлде жанжалға?
Тірі жетім секілденіп, қарағым,
Сенің-дағы үсті-басың дал-дал ма?
Розашкам екі көзің мөлдіреп,
Қағылса есік: «Әне, ағам келді» деп.
Есік ашсаң ағаң емес, бөтен боп,
Жүр ме екенсің қашан енді келер деп.
Қайран дүние-ай, өзегімді өртедің,
Жанам-күйем, шердің күйін шертемін.
Ойыма алсам, көзіме жас келеді,
Жәнібегім, айналайын, тентегім.
Көгершіннің баласындай Назымым,
Тірі жанға жоқ қой сенің жазығың.
Тар дүние-ай қыспағында тарығып,
Тыныс бітіп, тұншыққандай қажыдым.
Бекет жаным, томпаң қағып жүгіріп,
Кейде жылап, кейде құлап сүрініп.
Шаршап келіп: алдыма алып сүйгенде,
Қайғы бұлты кетуші еді түріліп.
Тасқа тиіп тасырқады табаным,
Жүрегіме тұр қадалып қаламым.
Дүниеге жаңа келген нәрестем,
Мейірімсіз деме әкеңді, қарағым.
Жүрген күнде еркін басып өмірде,
Қолмен соқтым көріксіз көк темірді.
Күнім түн боп, жігер құм боп жасыдым,
Жалғыздығым енді ғана көрінді.
Жүрек жара, аяқ жара, бел жауыр,
Амалың не сұм таңдырға тас бауыр.
Құлындарым көріскенше күн жақсы,
Бәрінен де сорлы анаңның күні ауыр.
Тіршілікте не көрмейді ғазиз бас,
Кейде шаттық, кейде қайғы, көзде жас.
Шаттығыңа әркім ортақ, дос та көп,
Қайғыңа ортақ шын адал дос табылмас.
Қайғы отына бірдей жанып, күйетін,
Ыстық жүрек, ақ көңілмен сүйетін.
Адал ана, асыл жарым, ардақтым,
Қағыбамдай алдыңа бас иетін.
Жарым болып, жаман атақ тақпадың,
Ана болдың, Ана атыңды ақтадың.
Айнымайтын адал досым, бір өзің:
Фахринұрым, сенсің менің мақтаным.
Мақтанамын сенің биік жаныңа,
Мақтанамын адамшылық арыңа.
Отқа, суға түссең-дағы қажымай,
Жүрегіңде мені сақтағаныңа.
Қайғы бұлты төнсе-дағы басыма,
Жасым жетпей ақ кірсе де шашыма,
Жалын сөнбес, жаным жас боп қайтармын,
Сүйген жарым, жабырқама, жасыма!
Ит боп үріп, мен ешкімді қаппадым,
Қастық жасап, кісіге оқ атпадым.
Алтын көріп, адал жолдан таймадым,
Сұғанақ боп, арам астан татпадым.
Мен кісінің қол созбадым бағына,
Мен ешкімнің таласпадым тағына.
Кең дүниеде жолым даңғыл деп жүріп,
Кез болыппын сүрінетін шағыма.
1952 жыл, шілде,
Карлаг, Теміртау лагері
***
Отырдық тар қапаста күнді санап,
Ұйқысыз өткен түнді жылға балап.
Мөлтілдеп көз жасындай кеп қапсың ғой,
Көзімнен бір-бір ұшқан қайран арақ.
Дейтұғын уақыт жетіп, соқты сағат,
Сағынған сондай күнді, қылмай тағат.
Жарқ етіп, бұлттан шығып күткен күнім,
Аққұсы әділеттің қақса қанат.
Дер едім, сонда, дүние, арманым жоқ,
Тағдырға таба болып қалғаным жоқ.
Көрсеттің қорлығыңды, зорлығыңды,
Кеудемнен жүрегімді алғаның жоқ.
Өр зорлықпен басымнан еркімді алдың,
Әжім салдың бетіме, көркімді алдың.
Аңқылдап ақ көңілмен алданбасқа,
Аузымнан айнымайтын сертімді алдың.
Отқа салдың, отырдым жігер қайнап,
Тордағы арыстандай көзім жайнап.
Шыңдалып шарболаттай шықтым, міне,
Отырмын өзіңменен күліп-ойнап.
1952 жыл,Карлаг