Скери жинаҚҚа арналҒан аныҚтама

Халима Қалиәкпарқызы Өзбақанова 1925 жылы 10 мамырда бұрынғы Семей облысының Абай ауданында, Жүрекадыр деген жердегі Құндызды ауылында туған. Есейгеннен кейін комсомолға өту үшін үш жасын үлкейтіп, 1922 жылы тудым деп жаздырған.

Ол Абай ауданында туып, балалық шағының бас жағын Аягөз қаласында өткізді. 1932 жылғы аштықта әке-шешесі бірдей қайтыс болып, бес жасар сіңлісі Ханымхан екеуі балалар үйіне өткізілді. Сол жылы Аягөзден Семей қаласындағы төртінші нөмерлі балалар үйіне жіберіледі. Одан бесінші балалар үйіне ауыстырылады. Қайда барса да сіңлісін қасынан қалдырмай, қолынан жетектеп жүреді. Бірақ сіңлісі қайтыс болады.

Бұл балалар үйінде Халима төрт жыл болады, бастауыш мектепті бітіреді. Балалар үйінде одан жоғары класс жоқ. Сондықтан ол Семей қаласында 1936 жылы жаңадан ашылған он бірінші нөмірлі қазақ орта мектебінің интернатына ауыстырылады. Бесінші кластан оныншыға дейін үздік оқып, 1942 жылы ол мектепті бітіреді.

Балалар үйінде өскен қыздар өте патриот еді. Олар Отан соғысы басталған күннен бастап, Отан қорғаушылар қатарында болуды арман етеді. Военкоматқа үсті-үстіне өтініштер жазады. Ақыры олардың тілегі қабыл болып, 1942 жылы 10-класты бітіре сала, әскерге алынады. Олар: Орынкеш Мысырова, Халима Өзбақанова, Хантай Елубаева, Ишан (Ишағы) Жағыпарова, Шәкәр Ботаханова, Бикен Садуақасова, Зифа Әркешева және бір қыз (аты-жөні есімде жоқ), барлығы 8 патриот қыз екен. Оларды кезінде военкоматтағылар "Семей сегіз патриоты" деп атаса керек.

Бірақ, олардың өтініштері орындалып, әскерге алынғандарымен, соғыс жүріп жатқан Батысқа қарай емес, жым-жырт тұрған Шығысқа қарай жөнелтіледі. Бұл қыздардың көңілін күпті етеді.

Әскерге алынған әскер эшелоны Чита облысының Борзя деген стансасына келгенде О. Мысырова, X. Өзбақанова, Ш. Ботаханова, Б. Садуақасова төртеуін сол жерге әскери бөлімге қалдырып кетеді. Мұнда олар Забайкалье әскери округына қарасты 12-әуе әскерлері армиясының 581 -байланыс батальонына қалдырылады. Сол жерде радистер дайындайтын қысқа мерзімді курстан өтеді. Жасынан зерек Халима жақсы радистка болып шығады.

Бірақ, бала күнінен бауыры ауыратын сырқат Халиманың әскердің ауыр қызметіне денсаулығы жарамайды. 3-4 айдан кейін лазаретте төсек тартып, жатып қалады. Өзі басшы болып үгіттеген қыздардың қатарынан қалмау үшін тырмысып жүріп, Семейде әскери комиссиядан өтіп кеткенімен, оның елеулі ауру екені анықталады. Армиялық әскери комиссия қолына "Әскер қызметіне жарамсыз" деген ақ билет беріп, Халиманы елге қайтарады.

Аталас алыс туыстарын сағалап, Халима өзінің сәбилік шағы өткен Аягөз қаласына келеді. Немере апайын тауып, соның үйіне орналасады. Әскерге барып, ауырып, "ақ билет" алып келгенін де ешкімге айтпайды. "Мен қайтсем де майданға барып, Отанға көмектесуім керек" деген ой көкейінен кетпейді.

Орта мектепті үздік бітірген аттестатын көрсетіп, аудандық НКГБ-ға қызметке орналасады. Сол қызметте жүріп, өзін майданға жіберуді өтініп, аудандық военкоматқа қайта-қайта өтініш береді. Өзінің әскерге алынғаны Семей военкоматына мәлім. Сондықтан Семейге көп аялдамай, Аягөзге артқан. Мұнда военкомат оның "ақ билетпен" әскерден қайтқанын білмейді. Сондықтан бұл жерден қайтадан әскерге алынуға да болады. Ешқандай қысылмай арыз бере беруге болады. Отан қорғауға бару қылмыс емес қой. Оның патриоттық өтініштері әскерге шақырылған жігіттер алдында. Ол жас жігіттерге жігер береді.

Военкоматқа өтініп коймай жүріп, ол 1943 жылы СССР Мемлекеттік Қауіпсіздік Комиссариатының Мәскеу қаласы мен Мәскеу облыстық басқармасының қарамағына әскери қызметке жіберіледі. Онда Мәскеу қаласындағы Бас поштаның әскери цензурасына Совет Армиясындағы түркі тілдес халықтар жауынгерлерінің хаттарын тексеруші (цензор) қызметіне тағайындалады. Мұнда әр ұлттан шақырылған қыздар ғана қызмет істейді. Олар ресми түрде "Цензор қыздар ротасы" деп аталады.

Мұнда Халима, алғашында, арнаулы қысқа курстан өткеннен кейін, кіші сержант, одан кейін сержант атағын алады. Әскери атақ берілгенімен, цензор қыздарға әскери форма берілмейді. Олардың бәрі жай киімімен жүреді. Сондықтан оның әскери бейнеде /формада/ түскен суреті жоқ.

Ұлы Отан соғысы аяқталғанға дейін сержант Өзбақанова осы қызметте болады. "Германияны жеңгені үшін" медалімен наградталады.

Соғыс біткен кезде Халиманың бала күнгі ауруы асқынып, госпитальға түседі. Онда жыл жарымдай емделеді. Госпиталь дәрігерлері оны екінші топтағы мүгедектер қатарына көшіреді. Айына 240 сом зейнетақы тағайындайды. Сөйтіп, 1946 жылдың күзіне қарай Халима әскерден босап, Қазақстанға қайтады.

Елге келгеннен кейін, зейнеткерлік билетін тығып тастап (мүгедекпін деуге ұялады) Семей облысының Шар ауданына қарасты Суықбұлақ деген жердегі Новотаубинко аулындағы орталау мектепке орыс тілінің мұғалімі болып тағайындалды. Сәки Бекбаев (қазір Алматыда тұрады), Дания Бөркенова (Семейде), Зейнеп Төребаева (Семейде) сияқты мұғалімдермен бірге қызмет істеді.

Халима екеуміз 1939 жылы Семей қаласында таныстық. Мен Абай атындағы педучилищеде болдым, ол 11-інші қазақ орта мектебінде оқитын. Бір-бірімізді жақсы көрдік. Үнемі хат жазып тұрдық. Ол жыл жарым Мәскеуде госпитальда жатқанда да байланыс үзілген жоқ. 1947 жылы 5 маусымда екеуміз ерлі-зайыпты болып қосылдық.

Екеуміз қосылғаннан кейін, 1952 жылы Халима Қыздар педагогикалық институтын бітірді.

Төртінші бала туғаннан кейін Халима маған ұсыныс жасады:

— Мен енді өз балаларымызды тәрбиелеумен шұғылданайын, сенің журналистік-жазушылық қызметіңе көмектесейін, мұғалімдік қызметті қояйын, — деді.

Екеуміз осыған келістік.

1992 жылы менің төрт томдығымның алғашқы екі томы жарыққа шыққан еді. (Нарық тауқыметінің салдарынан соңғы екі томы мүлде шықпай қалды). Халима екеуміз сол екі томдықтың әрқайсысынан 100 кітаптан сатып алдық.

Қазақ салты бойынша адам өмірден өткенде қайтыс болған кісіден ескерткіш ретінде орамал таратылады кішкентай қалта орамалы. Біз екеуміз өлгенде орамал орнына кітап таратылсын деп келістік.

Келісті де, бірінші томға ("Махаббат, қызық мол жылдарға") Халима өз қолымен қолтаңба жазды: өзі туралы азын-аулақ мәлімет беріп, тірілердің ұзақ өмір сүруіне тілектестік білдіріп, қолын қойды. Екінші томға ("Ақиқат пен аңыз") мен де сондай қолтаңба түсірдім. Сексеннен аспаспыз деп, екеуміз де қолтаңбамызды өз қолымызбен 80 кітапқа жаздық. Халима қайтыс болғанда өзі қол қойған 80 кітапты жұртқа тегіс өз қолыммен таратып бердім. Ал қырқын өткізгенде "Өмір өрнектері" кітабымның қырық данасын Халиманы ұмытпай еске алуға келгендерге алғыс ретінде үлестірдім. Жылын бергенде "Жұлдыз" журналында шыққан "Халима" хикаясының 100 данасын кітапша етіп тағы да тараттым.

100 дана кітапша деп отырғаным Халиманың әйелдік, аналық, азаматтық қасиеттерін айтып, қырқын өткізген сөз сөйлегенмін. Кейін ол сөзім "Жұлдыз" журналында жарияланған. Жұртқа кітапша етіп үлестіргенім де, Президенттің оқып, жоғарыда айтылған жақсы баға бергені де сол хикая. Ол естелік-хикаяны менің аға досым, әрі кейіпкерім ардақты Бауыржан Момышұлының баласы, белгілі жазушы Бақытжан Момышұлы бауырым орыс тіліне аударып берді. Ол "Простор" журналының жақындағы нөмірлерінің бірінде басылмақ1. Ол естелік-хикая қазір ағылшын тіліне және аударылып жатыр.

Ол өте кішіпейіл болды. Мақтану, масаттану деген табиғатына мүлде жат еді.

— Сен де Ұлы Отан соғысының ардагерісің. Мәскеу соғыс біткенге дейін майданның алғы шебі болды. Сен екі жыл алғы' шепте отырып, әскери қызмет атқардың ғой! — десем:

— Мені қойшы — ана Әлия мен Мәншүк сияқты нағыз алғы шепте бола алмадым. Болсам екен деп қаншама тырысып едім! Амал не? Екі жыл Мәскеуде әскери цензор болып, хат тексеріп, бір жарым жыл ауырып, ауруханада жатқаннан басқа ештеңе бітіргенім жоқ. Бала күнімнен бастап сырқаттан шықпадым. Егер "ақ билет" беріп, Борзядан қайтарып жібермесе, жапондармен соғысқа мен де қатысатын едім. Оған да қолым жетпеді. Бір жерде өліп қалмай, осы күнге аман жеткеніме таңмын. Мені бұл күнге жеткізген екеуміздің бір-бірімізге деген махаббатымыз болар деп ойлаймын. Мықты майдангер болмасам да осыған разымын! - деп жауап беретін еді ол.

Оның сол сөзі шындық болатын. Расында, махаббат бізді үнемі ілгері ұмтылдырды. Ең үлгілі ерлі-зайыптылар арасында болатын шексіз сыйластыққа қолымызды жеткізді.

Ойлап қарасаң:

Жеті жумақ та, алтын тақ, та — ӘЙЕЛ екен!

Еркектің байлығы да, бақыты да — ӘЙЕЛ екен!

Жаның сүйген жақсы жарға жететін ЕШТЕҢЕ жоқ екен!

ӘДЕБИЕТТЕР:

Ә. Нұршайықов. Әуезовпен бірге болған бес күн. ("Екі естелік" кітабында), 1985, 83-85 беттер;

А.Нуршаихов. Портреты. А.-А., 1986, стр. 427;

К. Омаров, Л. Кузминский. Махаббат, қызық мол жылдар. Деректі фильм, 1994;

И. Жағыпарова. Жеңіс жауқазындары. "Қазақстан әйелдері" журналы, 1995, №5;

Қазақстан қаһарман қыздары. Көп сериялы "Қазақстан Ұлы Отан соғысында" бейнефильмінің 12-сериясы. Қазақ теледидары,1985;

Жауынгер — жазушы Әзілхан Нұршайықов. Бейнефильм. 1995;

Ә.Нұршайықов. Өткелдер. Өмірбаяндық роман. "Жұлдыз" журналы, 1997, №2, 3, 4 және №4, 5. 1998;

Б. Ерманова. "Асыл — Ажар" — Махаббат, қызық мол жылдар. Бейнефильм. Казак теледидары, 1997;

Біз екеуміз. Бейне-фильм. Қазақ теледидары, 1999;

Ә. Нұршайықов. Қаламгер. Эпистолярлық роман, 2000;

Б. Баймухамедова. Дневник типичного представителя. А., 2000, стр. 87-89;

Ә. Нұршайықов. Халима. Мәңгілік махаббат жыры. Жұлдыз, 2002, №3.

26.04.2003 жыл. Алматы

Ә.Нұршайықов

Наши рекомендации