Жоғары білім сапасын бағалау жүйесінің жоғары тиімділігін қамтамасыз ету

Уәкілетті органның тізіліміне енгізілген аккредиттеу ұйымдары жоғары оқу орындарын аккредиттеуді жүргізеді.

2020 жылға қарай ұлттық аккредиттеу органдары Аккредиттеу агенттіктерінің тізіліміне енеді (Еуропалық сапаны қамтамасыз ету агенттіктерінің тізілімі).

2012 жылдан бастап аккредиттеуді коммерциялық емес үкіметтік емес аккредиттеу агенттіктері жүзеге асырады.

ЖОО-ын ұлттық аккредиттеуден өтуге уәждейтін шарттар әзірленеді. Атап айтқанда, Уәкілетті органның тізіліміне енгізілген агенттіктерде институционалдық және арнайы аккредиттеуден өткен ЖОО-лар аккредиттеу мерзімінде аккредиттеу бағдарламалары бойынша мемлекеттік аттестаттаудан босатылады. Олар өзіндік үлгідегі дипломдар бере алады, анағұрлым жоғары деңгейдегі бағдарламаларды іске асыра алады, мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқыта алады.

2015 жылдан бастап ЖОО мен колледждер үшін мемлекеттік аттестаттау ұлттық институционалды аккредиттеуге толық ауысады. Мемлекеттік бақылауды мемлекеттік органдар лицензиялық тексерістер нысанында жүзеге асырады.

Ұлттық ЖОО-лар ұлттық аккредиттеумен қатар халықаралық мамандандырылған аккредиттеуден өтеді.

Қазақстандық ЖОО-лардың 65 %-ы халықаралық стандарттарға сәйкес тәуелсіз ұлттық институционалды аккредиттеуден өтеді. Сонымен қатар ЖОО-лар тәуелсіз ұлттық мамандандырылған аккредиттеуден өтетін болады.

Ұлттық тәуелсіз рейтингтер өткізуде мемлекеттік қаржылық қолдау көрсетіледі.

Қазақстанның ЖОО-лары әлемнің үздік университеттерінің рейтингіне қатысады. Кемінде екі ЖОО әлемнің үздік университеттерінің рейтингінде аталады.

ЖОО-ның материалдық-техникалық базасын дамытуды қамтамасыз ету

2014 жылдан бастап жыл сайын оқу-зертханалық базасы жаңартылатын ЖОО-лардың үлесі 10 %-ға көбейеді. ЖОО-лардың материалдық-техникалық базасын дамыту үшін мемлекеттік-жеке әріптестік есебінен қаражат тартылатын болады.

Жоғары оқу орындарының құрылымдық бөлімшелері болатын 4 Орталық құрылады: Бизнес-инновациялық орталық (жоғары білім мен инновациялар аймағы); Жұмысшы кәсібінің орталығы және Дәнекерлеу орталығы; Тамақ технологиялары бойынша шағын цехы бар азық-түлік қауіпсіздігі орталығы, конкурс негізінде Аудармашылар бюросы.

Оқу-әдістемелік құралдарды әзірлеу және оларды басып шығару, оқулықтарды мемлекеттік тілге аудару, ЖОО кітапханаларын қажетті оқу әдебиетімен толықтыру қамтамасыз етіледі. Қазақстандық оқулықтармен қатар таңдаулы шетелдік оқулықтар қолданылады, әсіресе экономикалық, техникалық және жаратылыстану ғылымдары бойынша.

Білімнің, ғылымның және өндірістің кірігуін қамтамасыз ету, зияткерлік меншік пен технологиялардың өнімдерін коммерцияландыру үшін жағдай жасау. Жоғары білікті ғылыми және ғылыми-педагог кадрларды даярлау

Ескерту. Тарауға өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 02.11.2012 № 423 Жарлығымен.

Іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді, басқа ғылыми-техникалық, тәжірибе-конструкторлық жұмыстарды ұйымдастыру мен жүргізуде қатысатын зерттеу университеттері құрылады, олардың даму бағдарламаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді. Зерттеу университеттерінің негізгі міндеті жоғары және жоғары білімнен кейінгі білім деңгейлерінің барлығында ғылыми қызметпен білім беру процесін біріктіру болады. Зерттеу университеті жоғары және жоғары білімнен кейінгі білім бағдарламаларын әзірлеу мен іске асыруға, сондай-ақ оқуға қабылдау кезінде бейінді бағыттың қосымша талаптарын белгілеуге құқылы.

Білім мен ғылымның бірігуі жекелеген ғылыми-зерттеу институттарын заңдық дербестік құқығымен жетекші зерттеу университеттердің құрамына беру арқылы жүзеге асырылады.

Елдің индустриялық-инновациялық даму бағыттарын іске асыру үшін жоғары оқу орындары негізінде инновациялық құрылымдар құру үшін базалық ЖОО-ны айқындау тетіктері әзірленеді:

бизнес-инкубаторлар, оның ішінде:

2013 жылы – «Энергетика» бағыты бойынша; 2014 жылы – «Мұнай өңдеу және мұнай-газ секторының инфрақұрылымы»; 2015 жылы – «Химия өнеркәсібі»;

технопарктер, оның ішінде:

2013 жылы – «Металлургия және дайын металл өнімдерін өндіру» бағыты бойынша; 2014 жылы – «Машина жасау»; 2015 жылы – «Жеңіл өнеркәсіп»;

ғылыми әзірлемелер мен технологияларды коммерцияландыру орталықтары.

Еліміздің жетекші ЖОО-лары жанынан жоғары білікті ғылыми-педагог кадрларды даярлау және инновациялық қызметті дамыту мақсатында ғылыми зерттеулер жүргізу, зияткерлік меншік құқығын қорғауды одан әрі қамтамасыз ете отырып, зияткерлік меншіктің бәсекеге қабілетті өнімдерін жасау үшін ғылыми және жобалық-конструкторлық ұйымдардың бірлескен құрылымдық бөлімшелері ашылады: 2011 жылы – 5 бірлескен құрылымдық бөлімше; 2012 жылы – 8, 2013 жылы – 10, 2014 жылы – 12, 2015 жылы – 15.

Жеке меншік секторды ғылыми және инновациялық қызметке тарту бойынша оларды экономикалық ынталандыру шаралары әзірленген.

Студенттік және дипломдық жұмыстарды дайындау үшін 5 ұлттық және 15 инженерлік зертхананың зертханалық жабдықтарына кең қолжетімділік қамтамасыз етіледі.

2015 жылдан бастап Назарбаев Университеті жоғары кәсіби мамандар мен жас ғалымдарды оқытып шығарады. Назарбаев Университетінің тәжірибесі біртіндеп елдің жұмыс істеп тұрған жоғары оқу орындарына енгізіледі.

2016 жылдан бастап:

жетекші шетелдік әріптес жоғары оқу орындарымен бірлесіп, білім беру бағдарламалары әзірленеді;

жоғары технологиялық және ғылымды қажетсінетін өнім жасау үшін экономиканың басым бағыттарында ғылыми зерттеулер жүргізіледі;

әріптес университеттермен және шетелдік ғылыми орталықтармен бірлесу жүзеге асырылады.

Нәтижесінде, іргелі және қолданбалы зерттеулерді кеңейту үшін университеттердің маңызды ғылыми әлеуеті тиімді қолданылады, олардың кешенділік және практикалық нәтижелілігі артады.

Мір бойы оқу

Ескерту. Кіші бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 02.11.2012 № 423 Жарлығымен.

Мақсаты:

Өмір бойы білім алу жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету.

Міндеті:

Баршаға арналған білім, өмір бойы білім алу үшін жағдай жасау.

Нысаналы индикатор:

Барлық жастағылар үшін білім берудің әртүрлі нысандары мен типтерін енгізу.

Өмір бойы оқу білім алудың барлық деңгейінде адамның білім алуға деген қажеттіліктерін қанағаттандырудың түрлі мүмкіндіктерін жасау есебінен жүзеге асырылады.

2020 жылға қарай өмір бойы оқу үшін жасына, білімі мен кәсіби біліктілік деңгейіне қарамастан жағдайлар жасалатын болады.

Жасына және әлеуметтік жағдайына қарамастан барша халыққа техникалық және кәсіптік, жоғары білім жүйесінде оқытудың түрлі нысаны және білім беру қызметтерін жекеше берушілер арқылы (қашықтықтан оқыту, қайта біліктілік беру, формалды, формалды емес, инклюзивті қысқа мерзімді курстар) жаңа базалық дағдыларды игеруді қоса алғанда, негізгі дағдыларды игеру мен жетілдіру мүмкіндігі ұсынылатын болады. Оқу орындарымен, сондай-ақ әлеуметтік әріптестермен бірлесіп, өндірістен қол үзбей оқыту қарастырылатын болады.

Білім беру ұйымдарында 2016 жылдан бастап мүмкіндіктері шектеулі адамдарды кәсіби даярлау үшін жағдайлар жасалатын болады, модульдік білім беру бағдарламалары жасалады.

Өндірісте жұмыс істей жүріп, адам өзі оқытудың түрлерін, қарқынын және мерзімін таңдап, білім алу процесін дербестендіре алады. Білім алушылардың тәуелсіз коммерциялық емес агенттіктерде өздерінің алған біліктілік деңгейін бағалаудан өтіп, сертификаттар алуы арқылы мемлекеттік және жекеше білім беру қызметтерін ұсынушыларды оқыту нәтижелерін тануда тиімді шаралар әзірленетін болады.

Өмір бойы оқыту оқытудың формалды және формалды емес нысандарының тұтастай спектрін, инклюзивті білім беруді қоса алғанда, мектеп жасына дейінгі жастан бастап зейнеткерлікке шығу жасынан кейінгі оқытуды қамтитын болады.

Инклюзивті білімді дамыту тиісті бейіндегі мамандарын даярлауды жүзеге асыратын жоғары оқу орындарының жанынан консультациялық-практикалық орталықтардың құрылуына ықпал етеді.

Жұмыс берушілер оқу бағдарламаларын қоса қаржыландыруға және әрбір қызметкердің үздіксіз білімге қатысуына мүмкіндік беретін икемді сызбаларды дайындауға тартылады.

Барша қазақстандық азаматтар мемлекеттік тілді толық меңгергенге дейін тілдерді меңгерудің халықаралық стандарттары негізінде мемлекеттік тілді үздіксіз оқытатын «Балабақша - мектеп, колледж – жоғары оқу орындары» жүйесі құрылатын болады.

Қазақстан азаматтары (оқушылар, студенттер, магистранттар, түрлі сала қызметкерлері) мен Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік азаматтар үшін сертификат бере отырып, қазақ тілін білу деңгейін бағалау жүйесі – Қазтест енгізіледі.

Наши рекомендации