ХалыҚтыҢ сҮйікті жазушысы

ЗІЛХАН АҒА!

«Мәңгілік махаббат жыры» атты еңбегіңізбен танысу үшін үйіңізге арнайы іздеп барып, өз қолыңыздан кітапқа қолтаңбаңызды жаздыртып, арнайы мөріңізді бастырып алғанмын. Сонда әсіресе сіздің маған жазып берген естелік тілектеріңіз төбемді көкке жеткізгендей әсер берді! Әуелі сол үшін де Сізге көп-көп рахмет!

«Роман» жанрын қалам тартатын жазушы өз қиялымен өрбіте беруіне болады. Ал Сіз бұл тұрғыда, Әз аға, шындықтан ауытқымайтын нағыз жауынгер жазушысыз! Бұл мақтау емес, ақиқат! Сондықтан болар, халық сіздің қаламыңыздан тараған еңбектерді ерекше сүйсініп, ондағы әр бір кейіпкерді сан жыл өтсе де саналарында сақтап келеді...

Әз аға, Сіздің еңбектеріңіз адами қасиеттен ада болып бара жатқан мына заманның жастарына жол сілтейтін «компас» іспетті. «Мәңгілік махаббат жыры» кітабын оқып шыққанымда осындай түйінге келдім. Абай ағамыз «Махаббатпен жаратқан адамзатты» демекші, махаббаттан жаратылған жанымыз үнемі махаббатпен өмір сүріп, махаббатпен көз жұмуы тиіс деп білемін...

Нендей нәрсеге ниет етсең де шынайы ықылас пен махаббат болмаса, көздеген ойды қайталанбас құбылысқа, иә құндылыққа айналдыру екі талай... Қарапайым оқуға да, киім күтіміне, ас даярлауға да жаныңның жылуы қажет емес пе... Бірақ, сол орыны толмас, қайталанбас махаббатты дер кезінде бағалай, қадірлей білу — парасаттылық, дархандық әрі даналық деп білемін!... Сіздегі бұл қасиеттер, жан жарыңызбен бірге өткізген ғұмырыңыздың әрбір сәттерін санаңызда сақтап келгендігіңізден аңғарылады...

Халима апамыз нағыз бақытты адам! Мен өз афоризмдерімде: «Сүйе білмейтін адамға қадіріңді кетіргенше, бағалай білетін адамның бағы бол!» деп жазғанмын. Сіз ол кісінің «бақытты» болсаңыз, жеңгеміз Сіздің «бағыңыз» болған екен!

Жан-дүниесімен беріле сүйіп көрмегендер — нағыз қауіпті, қорқынышты жандар. Өйткені, сезімнен жұрдай ең азы сүйсінуді білмейтіндердің жақсылыққа, мейірімге жаны жат келетіні шындық. Сезімнен жұрдай адам, жан-дүниеңді сезіне білмейді. Сүю — әркімге беріле бермейтін тың қабілет, қасиет, өнер, бақ!..

Бүгінгі заманғы ерлі-зайыптылардың зәрулігі — жарға адал болу, қолынан келгенінше бір-біріне ықылас білдіріп, қуаныш сыйлау десем артық айтпаған болар едім. Адамның жүрегіне сезім нұрын себуге асығып, көңіліне қарап, қабатын бағып, қатар қиналып, бірге қуанып, қасында жүрмесең алаңдап, жаныңның жалғыз серті мен серігі ретінде бағаламай тұрып, санаңды сағынышпен сабылтып, ғашықтықтың дертін кешпей, жаныңнан жалын еспей, «сүйдім-ау» — деу далбаса...

Қазіргі адамдардың арасында сыйға — сый, сыраға — балды ғана күтетіндер басым... Олар махаббатты жеткізуді, туындатуды, қалыптастыруды, дамытуды емес, көбіне талап етуді қалайтын секемсіз, сезімсіз жандар...

Сезімсіз тіршілік иесі — «тұл». Оның ішіндегі пірі «махаббатсыз» адамның адам болып сақталуы екі талай екеніне ешкім дау келтірмесі анық. Абай ағамыз да:

Махаббатсыз дүние бос,

Хайуанға оны қосыңдар

— деп бекер айтпаған.

Қазір ер адамдардан азаматтық абырой кеткен заман... Қыздардың көңіліне қарау, сыйлау сынды қасиет олар үшін келемежге айналған...

Қыз жүрегі қашанда нәзік қой. Олар әдемі үміт пен армандардың жетегінде жүреді. Сондықтан болар, нәзік жандар қатарында кейде ақиқатты алдамшы дүниеден ажырата алмай жүргендер көп. Сіздің қаламыңыздан туған құндылықтар өмірдің дәл осы ойсыраған тұсына қажетті дүние. Кітап атын «Мәңгілік махаббат жыры» деп атауыңыздың өзі ерекше мәнге толы. «Махаббат» мәңгі және мәңгілік тақырып. Ұрпақтан-ұрпаққа, ғасырдан-ғасырға ұласып отыратын сезімнің — киесі, өмір сүру құпиясын шешуші кілт. Ол туралы Алланың ақиқат кітабында да айтылған. Оны Абайдан артық туралап талдау мүмкін емес... «Адамшылықтың алды — махаббат, ғаделет сезім. Бұлардың керек емес жері жоқ, кіріспей тұтын да жері жоқ. Ол — Жаратқан тәңірісінің ісі. Айғыр биеге ие болмақ та махаббат сезім бар.

Бұл ғаделет, махаббат сезім кімде көбірек болса, ол кісі — ғалым, сол ғақил...» («Қырық бесінші қара соз». Абай).

Бойына махаббат ұяламаған адамда адами қасиет болмайды. Жер бетіне келудің өзі махаббаттың барлық түрін сезіне отырып, соның сырымен, соның ғажайыбымен, соның сұлулығымен, соның мүмкіндігімен Алланың құдіретін, шеберлігін тану...

Құдіретті күшті мойындап, махаббаттан түсінген мән-мағына арқылы Жаратқанға мақтау — мадақ айту...

Әз аға, жазушы ретінде де әрі Халима апамыздың тәңір қосқан теңі ретінде де өз ісіңізбен Сіз жастар жастықтың ғана еншісі деп білетін махаббаттың қай жаста да баяны бар екенін дәлелдеген тұлғасыз. Осы ұлық сезімнің символы ретінде Халима апамызға арнап ақ күмбез орнатудың өзі әсерлі қадам. Бұған дейін Сіздің жасыңыздағы еш адам ондай ерлікке барған емес. Өз ғашығына күмбез орнату құрметі өткен ғасырларда ғана болған құбылыс. Әрі ол жастар мен орта буындардың қолтаңбасы болатын. Пайғамбар жастан әлде қашан асып кеткеніңізге қарамастан, жаңа ғасырда осы үрдісті қайта жаңғырту ерекше ерлік, үлкен үлгі! Тағдырларыңыздан алынған тәлімді осындай ғұмырлы тақырыпқа тамаша тегеурін еткеніңіздің өзі адамзат фәлсафасына қажетті қазына. Сізге сол үшін де ерекше ықыласпен басымды ием! Алла разы болсын! Ұлағат еткен Ұлық сезім ұрпақтарыңызға жалғассын!

Жазира Байжұмақызы ҚАЛЕНОВА,

ААҚ«Хабар» Агенттігі.

«CaspioNet» телеарнасы қазақ редакциясының редакторы,

журналистер одағының мүшесі.

13.01.2010 жыл, Алматы.

* * *

Наши рекомендации