Сені кімге теңермін? 5 страница

Есіңе еш алмадың.

Елу төрт жыл ішінде,

Көңіліме дақ салмадың.

Періштедей адамды,

Сұм ажал, қалай жалмадың?!

Артыңда қалып асылдың,

Күндіз-түні зарладым.

Басқан, тұрған жерінді

Көңілменен шарладым.

Суреттерің алдымда,

Соған ылғи қараймын.

Ақсия күлген бейнеңді

Тірі күнге балаймын.

Суретіңді сүйемін,

Айналайын, арайлым!

Одан өзге мен сорлы,

Не нәрсеге жараймын?!

19.08.2003.

Самолетте

Самолетте Сені ойлап,

Семейге келе жатырмын.

Сыңарсыз қалған аққудай

Жалғыз келем — пақырмын.

Жүруші едік әрқашан,

Қатар түзеп екеуміз.

Самолет, пойыз, машинамен,

Самғаушы едік бұрын біз.

Сағынамын, амал жоқ,

Ол күндер кетті келмеске.

Жөнелді жүйткіп, алыстап,

Қайырылып сәлем бермеске.

Семей біздің сүйікті,

Бесігіміз ғой тербелген.

Жоқтық, қиын күндерде

Жігер берген, дем берген.

Анамыз — Ертіс суынан

Тарыққанда нәр берген.

Училище, интернат

Білім берген, әр берген.

Бұрынғы Совет көшесі137

Асыр салған жеріміз еді.

Гоголь кітапханасы138

Шығатын төріміз еді.

"Пролеткино", "Востокқа"139

Жиі баратын едік.

Кейде Аралға140 шығып,

Жұртқа көз салатын едік.

Сол Совет көшесінен

Екеуміз соғысқа кеттік.

Төрт жыл ажалмен алысып,

Аман-сау Семейге жеттік.

Енді мен сол жерлерден

Сенің ізіңді іздеймін.

Бір белгі табылар деген

Үмітімді үзбеймін!

Барып бас исем деймін

Сенің интернатыңа.

Өзіңді маған қосып,

Жеткізген мұратыма.

Сен қып-қызыл гүл едің,

Интернат бағында өскен.

Аштықтан аман сақтап,

Тіршілік бағынды шешкен.

Барып есігін ашсам,

Шегі жоқ ризалық күймен.

Тұтқасын ұстасам деймін,

Сенің саусағың тиген.

Жас кезім қайта оралып

Арылып басымнан мұң

Жарқ етіп Сен алдымнан

Шыға келер ме екенсің?!

Көңілім құстай ұшып,

Семейге самғап келем.

Жастық шақ, алыстап кеткен,

Мен саған сәлем берем!

10.09.2003.

Саусақ пенен құлаққа,

Сырға, жүзік салмадың.

Сәнденіп, сұлулануды,

Кәперіңе алмадың.

"Ақ саусақ" боп қолыңды,

Жылы суға малмадың.

Қалт етсе кітап оқудан,

Өмірі бір қалмадың.

Бетің мен ерніңді бояп,

Көзіңе сүрме салмадың.

Табиғи еш талмадың.

Сояу қызыл тырнақ жасап,

Саусағыңды ұзартпадың.

Шампан мен шарап ішіп,

Бетіңді қызартпадың.

Мода қуып, мың құбылып,

Етекті шолтитпадың.

Кеудені ашып тастап,

Төсіңді қомпитпадың.

Қолыңды сілтемедің,

Сөйлесең, онды-солды.

Әрқашан әдеп сақтау

Өзгермес салтың болды.

Біліммен, оймен оздың

Өзіңнің қатарыңнан.

Өмірде жоқ болсаң да,

Өзіңе мен табынам!

11.09.2003.

Жүз жылдық тойы болды,

Колледждің141 мен оқыған.

Талпынып, талаптанып,

Ой, өнер, білім тоқыған.

Мұхтар, Қаныш, Әлкей аға

Оқыпты олар да сонда.

Жүсіпбек пен Шәкен142 де бар

Өнерлері басқан оңға.

Шырақбек пен Әбдіхамит143

Жас шәкірт болыпты сонда.

Батырлар мен Ерлер шыққан

Және де мен тұрмын сонда.

Колледж қабырғасына,

Қойылды ескерткіш тақта.

Тізіліп шыға келдік,

Ақ мата алынған шақта.

Ұлылармен бірге тұрмын,

Сенер сенбесті білмеймін.

Аң-таң боп қалып,

Не жымиып, не күлмеймін.

Қасқайып мүсін Мұхаң тұр144

Бет-бейнесі етене таныс.

Біртіндеп көз алдыма келді

Өткен күндер — арттағы, алыс.

...Біз Баянауылдан қайтып,

Түнде Керекуге келдік.

Таңертең Мұхаңа барып,145

Иіліп, сәлем бердік.

—Мынау Арнұр146 деген бала,

Өзіңізге сәлем берді.

Біздің үйден дәм татуға,

Арнайы шақыра келді. —

Дедім мен жайлап,

Ізетпен Мұхаңа қарап.

Бес күн бірге болған,

Сапарлас жолдасқа санап.

—Пәлі! — деді Мұхаң,

Неге біз бармаймыз.

Ардың нұры шақырса

Әрине, қалмаймыз!

Осылай деп Мұхаң

Қонақ боп біздің үйге келді.

Қасына Ернары147 мен

Атқосшы Әбдірәшит148 ерді.

Шляпасын қояр жер таппай

Мен сонда сасқалақтадым.

Сен иіліп, сәлем беріп,

Ағаны төрге нұсқадың.

Ұлы Мұхтар — ұлт Мұхтар,

Таудай боп отырды төрде!

Неткен біз бақытты едік,

Домалаған тасымыз өрге!

—Қай жердің қызысың? — деп,

Ол Саған назар аударды.

—Қайда оқып, қайда өстің? — деп

Сөзін және жалғады.

—Семей жақтанмын, аға,

Абай ауданында тудым

— Дедің де Сен маған,

Ақырын бетіңді бұрдың.

"Ар жағын сен айт" деген,

Ишараңды ұқтым.

Жетімдік, Детдом,

Интернат жайын,

Мұхаңа баяндап шықтым.

—Соғыстан да аман қайтып,

ЖенПИ-ді бітірді, — дедім.

Мұхан тебірене тыңдады,

Ішіне тартып демін.

—Бақытсыздықтан өтіпсің,

Қарағым, — деп басын иді.

—Енді әмісе, бақытты бол! — деп,

Шақырып, маңдайыңнан сүйді

Жеңгейге сәлемдеме салып,

Ернарға костюм бердің. —

Мына қымызды, аға,

Жолда ішіңіздер, — дедің.

Дедің де бір бидон қымыз,

Үш стақан сеткаға салдың.

Сенің бір тапқырлығыңа,

Мен мүлде таңданып қалдым.

Бас изеп, Мұхаңның оған,

Риза болғанын көрдім.

Осы бір ғажайып сәтті

Ойыма кестедей өрдім...

Сол күндер ойыма түсіп,

Еріксіз тебірендім мен.

Жайнадым өз-өзімнен,

Қасымда тұрғандай Сен!,

Класта Қанекең тұр,

Заманмен иықтасып.

Оған да сәлем бердім,

Иіліп, кеуде басып.

Нұр шашып екі көзден,

Әлекең жымияды.

Осындай даналарды

Өлдіге кім қияды?

Сан рет қол алыстым

Ардақты149 Әлекеңмен.150

Түсті ойға: ағаға арнап,

Қызмет еткенің Сен.

...Екеуміз Сарыағашта151

Люксте жатыр едік.

Көрдік те Әлкенді

Төменде сәлем бердік.

Үстінде орын болмай,

Төменге жайғасыпты.

Бөлмесі қараңғылау,

Қолайсыз екен, тіпті.

Шақырып бөлмемізге,

шай бердік Әлекеңе.

— Жақсы екен нөмірлерің! —

Деді ол, бәрекелді.

Екі-үш күн Әлекеңмен

Жүздесіп бірге жүрдік.

Жаяулап, ұзақ жортып

Жақсылап сейіл құрдық.

Босамай жайлы орындар,

Әлекең жатып қалды.

Сонда, Сен, ағаны аяп,

Маған бір ақыл салдың.

— Қайтуға бізге үйге,

Алты күн уақыт қалды.

Сен бүгін қасыңа ал

Ағамыз — пайғамбарды.

Мен Ташкент барамын да

Асықпай жата тұрам.

Қуанып, қарсы алады

Жан достар: Хантай, Мұқан.152

Осылай келістік те,

Сен Ташкент жүріп кеттің.

Сырласып Әлекеңмен

Мен рахат күйге жеттім!..

Бар еді-ау, айналайын,

Әр алуан адамдығың.

Семейде соның бірі

Есіме түсті бүгін

Бір күлгенің жымиып,

Бір қаралық еді ғой, Халима!

Бір қарасаң қиылып,

Кетуші еді еріп бой, Халима!

Бір ауыз жылы сөзің

Сарыарқа самалыңдай еді, Халима!

Бір берген уәдең берік

Қытайдың қамалыңдай еді, Халима!

Бір қолға алған ісің,

Тастай боп тынатын еді, Халима!

Бір саусақ қозғағаның

Сурет боп шығатын еді, Халима!

Бір ине шанышқанын

Кесте боп төгілетін еді, Халима!

Дачада басқан жерің

Гүл болып егілетін еді, X а л и м а!

Сен жанап өткен ағаш

Жапырақ шашатын еді, Халима!

Сен жетектеп әкелген суға,

Құмарын басатын еді, Халима!

Бір минут толғанғаның

Үйге құт әкелуші еді, Халима!

Іздеген әр затымды,

Айтпастан әперуші едің, Халима!

Созсам — қол, жүрсем — аяқ,

Кеудемде жүрегім едің, Халима!

Өмір деген сарайдағы,

Мызғымас тірегім едің, Халима!

Керегінде Сен менің

Энциклопедиям едің, Халима!

—Мен қазір айтып берем,

Асықпай жаза бер, — дедің, Халима!

Кей сөздің мәнін де айтар,

Дап-дайын сөздігім едің, Халима!

Мен Саған риза болып:

"Айналайын білгішім!" дедім, Халима!

—Қойшы, деп қолыңды сермеп,

Мақтаныш білдірмедің, Халима!

Ауырсам, түн бойы бағып,

Көзіңді ілдірмедің, Халима!

Жарқырап көзге түспей,

Жұпыны жүретін едің, Халима!

Басқалар қарқылдап жатса,

Жымиып күлетін едің, Халима!

Дәстүрдің, жөн-жобаның

Бәрін де білетін едің, Халима!

Бұлжытпай, өз әлінше,

Орындап жүретін едің, Халима!

Не жақсы, не жаманды,

Ішіңнен білетін едің, Халима!

Ақылды сөзді ғана,

Құлаққа ілетін едің, Халима!

Санап жеткізе алмаспын,

Барлық қасиетіңді, Халима!

Жұртқа жақсылық жасаумен,

Жалынды жүрегің тыңды, Халима!

Қайтейін, амалым не,

Мен сорлы боп қалдым мұңды.

Әйелдер көп болса екен:

Қазақта Халима сынды!

15.09.2003.

Сенің барлық киімің,

Тізіліп, гардеробта тұр, Халима!

Тұлыпқа үңілген сиырдай,

Әрқайсысын сипаймын құр, Халима!

Көйлегінің жағасынан,

Күн сайын иіскеймін, Халима!

Сен қымсынатын шығар деп,

Етегіне тиіспеймін, Халима!

"Тарт қолыңды Кореядан!"153

Әр нәрсенің уақыты бар!"

Деуші едің қолымды тиып,

Сол әзіліңе болдым зар, Халима!

— Күндіз ұят болады! — деп,

Тіпті, сүйіспейтін едің, Халима!

Көңілің қалмасын деп,

Мен саған тиіспейтін едім, Халима!

Тек ылғи түндерде ғана,

Сүйіп, құшатын едім, Халима!

Төсіңнен тоят алып,

Қыран боп ұшатын едім, Халима!

Күн сайын қуаттанып,

Алысқа самғайтын едім, Халима!

Роман, повесть, очекті

Жазудан танбайтын едім, Халима!

Мен жазған бар шығарманың

Қосалқы авторы болдың, Халима!

Сенің қосқан ақылыңмен,

Әдеби кемтігім толы, Халима!

Сен аса жүйрік едің,

Барлық әдебиетке, Халима!

Мұғалім болып ауылды,

Бастадың мәдениетке, Халима!

Мені бар көмегіңмен,

Бақытты еттің, Халима!

Тек Сенің арқанда ғана,

Мен үлкен атаққа жеттім, Халима!

Бұл ерен еңбегіңді,

Ешқашан ұмытпаймын, Халима!

Алтын атыңа Сенің

Мәңгі кір жуытпаймын, Халима!

16.09.2003.

Сен менің байлағым едің,

Байлығымнан айырылдым, Халима!

Сен менің қанатым едің,

Қанатымнан қайырылдым, Халима!

Сен менің бақытым едің,

Басымнан ұшып кеттің, Халима!

Сен менің қуанышым едің,

Енді қайғылы еттің, Халима!

Сен менің шабытым едің,

Шабытым сарқылып қалды, Халима!

Сен түпсіз теңізім едің,

Теңізім тартылып қалды, Халима!

Сен шексіз ақылым едің,

Ақылым кеміп қалды, Халима!

Сен барда толықтау едім,

Салмағым кеміп қалды, Халима!

Сен барда ағайын көп еді,

Ағайын арылып қалды, Халима!

Сен маған кең дүние едің,

Дүнием тарылып қалды, Халима!

Сен менің тұлпарым едің,

Тұлпарым мерт болды, Халима!

Тек қана Өзіңді ойлау —

Арылмас дерт болды, Халима!

Бүгін көйлегіңді сипап,

Көзіме жас алдым тағы, Халима!

Тек қана Әйел екен ғой,

Барлық еркектің бағы, Халима!

21.09.2003.

Халат туралы жыр

Бүгін Сенің пальтоңның

Тағы да жағасын сүйдім.

Қасында тұрған өзімнің

Халатымды алып кидім

Халат бойымды жылытып,

Денеме қызу берді.

Тарихы есіме түсіп,

Қозғады іштегі шерді.

... Сен онда ауруханада,

Бір жолы ауырып жаттың.

Телефон соғып маған,

Көңілсіз жауап қаттың.

—Әй, Әзілхан-ау, маған

Сен ұрыспашы, — дедің.

—Неге ұрысамын, жаным,

Сөзіңді айта бер, — дедім.

— Таңертең халат киіп,

УЗИ-ге бардым.

Сол жерде аурухананың

Халатын жоғалтып алдым.

Орныма тастап кетіп ем,

Шықсам, ұшты-күйді жоқ

Іздедім заркүриян боп,

Ішіме түскендей шоқ.

Медбике басшысына,

Әлі айтқаным жоқ.

Аларып қарайды ғой,

Көзімен атқандай оқ.

"Өзің ұрладың" деп, ол

Ойлар деп ұяламын.

"Төле!" деп дікілдер деп,

Қысылып, ұяламын.

Орнына өткізуге

Халатыңды бересің бе?

Үн-түнсіз, жаным тыныш,

Болар еді менің мүлде.

—Ол үшін әбігер боп,

Қысылма, айналайын.

Бұйымтай халатыңды

Мен қазір апарайын, -

Дедім де ауруханаға

Халатты алып бардым.

Балбұл боп жүзің жайнап,

Сен ессіз қуанып қалдың.

— Жаңасын әперем! — деп, —

Үйге барғаннан кейін.

Еді ғой, айналайын,

Адалдыққа жаның бейім.

Айтқаныңды орындап,

Маған халат әпердің кейін.

Міне, сол халатыңа

Оранам өлгенге дейін!

Бұл халаттың әр жібінен

Сенің қызуың келеді.

Қалдырған әрбір затың,

Жаныма қуат береді!

Мен оларды сипағанда,

Қасымда Сен бардай көрем.

Әр затыңды жоғалтпай,

Өлгенде құшақтап өлем!

24.09.2003.

Сен соңғы сәтіңде мені

Жарты сағат құшақтап жаттың.

Сөйлеуге тіл жоқ, тек қана

Жүрегің маған үн қатты.

Кеудеңе кеудем тиіп,

Жүректер қоштасып жатты.

Өмірі естілмеген

Ыңқылың жаныма батты.

Ышқынып, талпындың да,

Төсектен тұра алмадың.

Содан соң дүниеге,

Мойын бұра алмадың.

Өкінем, сонда неге,

Кеудеңді көтермедім деп.

Әлде тірі қалатын ба едің,

Болып сол көмегім сеп?

Көрдім ау, көзім шыққыр,

Жанталас сәтіңді Сенің.

Жаным жаныңмен бірге,

Неліктен шықпады менің?!

Неліктен зар еңіреп,

Мен Сенің артында қалдым?

Неліктен, Тағдыр ау, менің

Басыма зор қайғы салдың?

"Бірге тумақ болса да,

Бірге өлмек — жоқ!" деген.

"Жан бөлек" деген және де

Аталар сөзі рас екен!

24.09.2003.

Той туралы жыр

Кешке қызық той болды:

Театрға жұрт жиылып.

Үлкен, кіші, кәрі, жас —

Семейдің халқы құйылып.

Өзіңе мәлім театр,

Атын қойған Абайдың.

Мәдениетке шөлдеген

Сусыны болған талайдың.

Үйі зәулім, тамаша,

Жаңартылып салынған.

Көз тоймайтын көрікті,

Жасауға іші малынған.

Есіңде болар қыздармен

"Еңлікті..." келіп көргенің.

Еңлік пен Көбек өлгенде

Егіліп, жылай бергенің...

Сол сахнаға мен шығып,

Қысқаша сөз сөйледім.

Халықтың қол соғуы

Ғажап болды — көргенім!

Колледж154 жайлы сөйледім,

Көңілім сәл бұзылып.

Он жеті қыз қаз-қатар,

Артымда тұрды тізіліп.

Бас сыйлығым баяғы —

Хандар киген зер шапан.

Он жеті зат апарғам

Біреуі "УНИС"155 машинкам.

Бір барғанда Мәскеуге,

өзің сатып әперген.

Алматыға екеуміз

Қуанышпен әкелген).

Соларды жұртқа көрсетіп,

Иесіне қыздар таратты.

Сыйлық, экспонаттарды

Сүйсіне қауым жаратты.

Өзің туған ауылың —

"Жүрекадырдың" қызы

Шағанға156 сағат сыйладым

Колледждің жұлдызы.

Сіңліңе сағат таққанда,

Ұстадым оның білегін.

Өзіңді көріп тұрғандай,

Лүпілдеп кетті жүрегім.

Сіңліңді Саған балап,

Ақырын бетінен сүйдім.

"Шіркін, неге Сен емессің?" деп,

Өртеніп, ішімнен күйдім

.

Сахнада тұрып, тойға деп,

Шашу шаштым зал жаққа.

Жүз визитка157 апарғам,

Ұмтылды жұрт алмаққа.

"Шашу!" Шашу!" "Шашу!" деп,

Он жеті қыз таратты.

Суретім бар визиткам

Жұртты өзіне қаратты.

Жұрт жабыла қарады,

Бір-бірлеп қолға барғасын.

Әуезов, Назарбаев,

Олжастың қолтаңбасын158

.

Бердім екі суретіңді,

Кітапша етіп жасалған.

"Жазушының жары!" деп,

Училищеден үлгі алған.

Зал түрегеп қол соқты,

Мен орныма жеткенше.

Отырмады ешбірі

Мен бас иіп, ізет еткенше!

Мақтанды деп ойлама,

Менің айтқан мұнымды.

Өзіңе ғана оңаша,

Жеткізгенім шынымды.

Алматы, Шымкент,

Таразда Сан шапалақ соғылған.

Мен де аздап атақтымын!

Демей-ақ қой: "Неғылған?"

Менің колледжімнің тойы,

Осылай өтті дүркіреп,

Біз театрдан шыққанда,

Ақ жауын жауды сіркіреп

Бұл менің отчетым ғой,

Тек Өзіңе деген, Халима!

Қабыл ал өскен жерің —

Семейден сәлем, Халима!

12.09.2003.

Семей қаласы,

"Семей" қонақүйі,

№ 318 люкс.

Наши рекомендации