ЖалҒыз Әпкем жамалҚанҒа
Еске алмай неге өзіңді тұра аламын,
Жаралдық еміп сүтін бір ананың.
Кенеттен кеткенде өліп әкем марқұм,
Тәтетай әлі есімде жылағаның.
Әке өліп, берекесі қашты ауылдың,
Рақымсыз соқты аямай тас бауыр күн.
Кез болдың мал иесі бір топасқа,
Қамы үшін жесір шеше, жас бауырдың.
Әкем де өзің, ағам да панасынам,
Тұңғышы едің әкем мен анашымның.
«Жарылқамас жат адам өзі өлтірмес»,
Күн түскенде басыма жанашырым.
1963 жыл, Күчар «Сексентам» лагері
ЖАРТАС
Сұры жартас түсің суық ызғарлы,
Ұшарыңа кірпігі жас қыз барды.
«Қош бол пәни дүние» деп құлады,
Өмір одан аз тірлігін қызғанды.
Кетті «Тәңір» өзі берген қызын-ап,
Қалды арша бір бұрымын үзіп-ап.
Жігіт өзін жіпке асып өлтірген,
Сол заманның салт-санасы «қызық-ақ».
Күңіренді құзар шыңдар жаңғырып,
Құны-перен шапқылайды ел шаң қылып.
«Қыз құлапты терең суға жартастан»,
Деп, кейінгі жүрді ұрпақ ән қылып.
Екі жасты айырыпты қатал заң,
Бұл аңызды ұққам ерте атамнан.
«Бір ауқатты кәрі адамға бармай қыз,
Әкесінен дейтін теріс бата алған.
Сол жартаста бар дейді әлі қан ізі,
Халқымыздың қастерлі бұл аңызы.
Отыра қап өткен сайын үлкендер,
«Бісміллә» деп оқиды «ағузы».
Құлап өлген аз емес қыз құздардан,
Жарығына талай қызды мұз да алған.
«Қияметте» көріспесек боп кетті олар,
Қара басын бәс тіккізген ізгі арман.
Жартас-жартас шошынамын жасымнан,
«Құлай ма» деп өтсем қорқам қасыңнан.
Қуса-дағы жеткізбеген арманы,
Әпкеміз құлап өлді тасыңнан.
1965 жыл, Күчар
ТҮНГІ ОЙ
Ақырғы нұрын күл рең,
Жоғалды алып күн ғайып.
Алыстым оймен түнімен,
Жатырмын жалғыз мұңайып.
Жұлдызға зеңгір самсап көк,
Жылжиды баяу ай маңғаз.
Жеткенде әрең аңсап көп,
Тез өте шықты-ау, қайран жаз.
Барады өмірім қыс-түнге,
Жаз, көктем кетіп айналып.
Жөңкілген мұхит үстінде,
Жеп кетер екен қай балық?
«Шолпан» деп есек қырғызған,
Аяғын құшпа «сарт» тыңда.
Жаңылып әлде жұлдыздан,
Баянсыз суда ақтым ба?
Жазда да мейлі қыста да,
Күткендей жанмын ғашығын.
Науқастай бейне ұстама,
Құтырып өтті-ау ғасырым.
Барады зырлап ай алыс,
Ілесе алмай бұлт қалып.
Кеудеме толып аяныш,
Қалыппын ұйықтап бұлттанып.
Бұлттанған көңілім нөсер боп,
Жастығыма жауып жас.
Кездейсоқ пәле кесел көп,
Байқа, жерді тауып бас.
1967 жыл, Күчар
АБІР БАСЫНДАҒЫ ОЙ
Далада сүркей құм басқан,
Сұр төбешік тұр қабыр.
Айнала жым-жырт мұңды аспан,
Естілмейді ешбір ду-дабыр.
Жандар бұл – қалды құм басып,
Айырылған жерден, үйірден.
Өткіздік бірге сырласып,
Төбеден күндер түйілген.
Ойласам соны түршігем,
Жат жерде қашан қадірің.
Ұрланып іштей күрсінем,
Кім құштар оның қабірін?
Болмады жоқтау жылауда,
Азынап боран кетті үдеп.
Ол қайтып енді шығар ма?
Тереңге көмді тепкілеп.
Тұр тосып асқар тау мына,
Тұр тосып құп-қу далалар.
Алыста қалған ауылына,
Қайтқан құс хабар ала бар.
Қайтқан құс хабар ала бар,
Қазаны жеткіз асыға.
Жарының жанын жаралар,
Салғызып бүркей басына.
«Келеді әкем ертең» деп,
Түс көрген шошыр баласы.
Қан құсып қалар зертең боп,
Тілеген күн-түн анасы.
Үйірген құмды жел өкпек,
Ақыры бір күн басылар.
Ақ жаңбыр құйып шелектеп,
Қабірден ақ гүл ашылар.
1967 жыл, Күчар (Сексентам) лагері
БЕЙМАЗА ТІРЛІК
Беймаза тірлік күнелтем,
Көбейіп шаштың ақтары.
Кетеміз мәңгі күн ертең,
Тіршілік дәурен қап бәрі,
Қабірің сенің қай жақта,
Тауда ма, ойда кім білер.
Өлу хақ, қалған тірінің.
Өзегін қайғы тілгілер,
Жұбайың болса ұл-қызың.
Ол жақсы-ақ, кәрі-жас та өлер,
Салт жүріп сөнсе жұлдызың,
Кім өксіп жылап жас төгер?
1974 жыл, Ауат-Құралдөң лагері
БАРЛЫҒЫМ
Барлығым биік асқарым,
Бұлт ойнап жүр-ау төбеңде.
Өзіңде өткен жас шағым,
Көре алмай өстіп өтем бе?
Табаным шыт-шыт жарылып,
Құриды діңкем тер басып.
Көп үміт күттім сарылып,
Жеткізбей кетті-ау белді асып.
Шіліңгір ыстық сор шөлге,
Көндірді тағдыр тау құсын.
Ұмытам неге өлсем де,
Көрмедім көп жыл саумысың?
Барлығым, биік асқарым,
Сай-салаң тұр-ау мәуе боп.
Жыртылып бүтін аспаның,
Зулапты бір кез әуеде оқ.
Шошынып үрікті киігің,
Көйлегің отқа күйіпті.
Барлығым, менің биігім,
Бәрінен маған сүйікті.
Адам ба, әлде, аш қасқыр,
Жүгірді неге шуылдай.
Ін қылып бәрін нас басқыр,
Қазды екен қалай суырдай.
Тәй Кәңсан дей ме Жиіңгаңсан,
Неғылам елдің мен шыңын.
Жасақты жаулар Кет кеткейін,
Бермеймін Барлық меншігім.
Асандай кезіп жер-көктен,
«Жерұйық» сендей таппаспын.
Туғанмын анам тербеткен,
Асқарым биік ақбас шың.
1969 жыл, Күчар «Сексентам» лагері
АЛЫСТАҒЫ ОТТАР
Азаматтың ой дүниесі жатыр шалқып теңіз боп,
Тентіредім қараңғыда «табамын» деп сені іздеп.
Бұлдыраған көз ұшында көрінеді, қараңдайды көрініп,
Жел қайығым кетпесе екен толқын соғып көміліп.
Салдым мейлі қайығымды шошымастан суға мен,
«Ақ қар, көк мұз, сары аязда» анам мені туған ең,
Таудай толқын шапсыса да, ескегімді есем мен.
Ата-бабам теңізші еді, су бойында төселген,
Баста теңіз алыс жолға толқыныңнан шегінбен,
Болдым құса талай жылдан шығайыншы шерімнен.
Жеткен жерде қалсын денем шөбің болып өсейін.
Аз ба айырылған жыл дегенің жабырқадым сағындым,
Жарқ етесің жоқ боласың көбігіндей сабынның.
Көрген түстің жоқ есебі оянамын жоқ бәрі,
Қараңғыда қашады алыс жылтылдайды оттары.
«Жетем» деймін қуған сайын алыстайды көрініп,
Арс еткенде асау толқын кетем суға көміліп.
Дауыл күнгі балықшыдай су үстінде адасқан,
Кетермін бе алыстағы от қосыла алмай бөлініп?
1974 жыл, Ауат-Құралдөң лагері