Бап. Билiктi асыра пайдалану 29 страница

4. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, соғыс уақытында жасалған іс-әрекеттер - он бес жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға не өлім жазасына жазаланады.

439-бап. Бастыққа қатысты күш қолдану әрекеттерi

1. Бастықтың әскери қызмет мiндеттерiн орындауы кезiнде немесе осы мiндеттердi орындауға байланысты оған қатысты жасалған ұрып-соғу, денсаулыққа жеңiл зиян келтiру немесе өзге де күш қолдану - бір мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

2. Мынадай:

1) адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған;

2) қару қолданып;

3) денсаулыққа ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтiріп жасалған дәл сол іс-әрекеттер - үш жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, қылмыстық топ жасаған, ұрыс жағдайында немесе төтенше жағдай кезінде жасалған, сол сияқты адам өліміне әкеп соққан іс-әрекеттер - он жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады.

4. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, соғыс уақытында жасалған іс-әрекеттер - он бес жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға не өлім жазасына жазаланады.

440-бап. Әскери қызметшiлер арасында бағыныштылық қатынастар болмаған кезде олардың арасындағы өзара қарым-қатынастардың жарғылық қағидаларын бұзу

1. Әскери қызметшiлер арасында бағыныштылық қатынастар болмаған кезде олардың арасындағы өзара қарым-қатынастардың жарғылық қағидаларын жәбiрленушiнi ұрып-соғудан, денсаулығына жеңiл зиян келтіруден немесе өзге де күш қолданудан көрінген не оның абыройы мен қадiр-қасиетiн түсіруге немесе қорлауға байланысты бұзу - үш жүз айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не жетпіс бес тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.

2. Бірнеше рет жасалған дәл сол іс-әрекет - бес жүз айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не тоқсан тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.

3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген:

1) екi немесе одан да көп адамға қатысты;

2) адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған;

3) қару немесе арнайы құралдар қолданып;

4) денсаулыққа ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтiріп жасалған іс-әрекеттер - төрт жылдан сегіз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

4. Осы баптың бiрiншi, екiншi немесе үшінші бөлiктерiнде көзделген, қылмыстық топ жасаған не адам өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан іс-әрекеттер - сегіз жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

441-бап. Бөлімді немесе қызмет орнын өз бетімен тастап кету

1. Бейбіт уақытта жасалған, бөлімді немесе қызмет орнын өз бетімен тастап кету, сол сияқты қызметке дәлелсіз себептермен мерзімінде келмеу, егер өз бетімен болмаушылық бес тәуліктен асып кетсе, бірақ бір айдан ұзаққа созылмаса, - бес жүз айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не тоқсан тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.

2. Дәл сол іс-әрекеттер, егер өз бетімен болмаушылық бір айдан ұзаққа созылса, - екі мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

3. Қызмет бабымен сеніп тапсырылған қарумен жасалған не адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған, бөлімді немесе қызмет орнын өз бетімен тастап кету, егер өз бетімен болмаушылық бір тәуліктен ұзаққа созылса, - бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

4. Ұрыс жағдайында немесе төтенше жағдай кезінде жасалған, бөлімді немесе қызмет орнын өз бетімен тастап кету, егер өз бетімен болмаушылық бір тәуліктен ұзаққа созылса, - бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

5. Ұзақтығына қарамастан, соғыс уақытында бөлімді немесе қызмет орнын өз бетімен тастап кету - он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Ескерту. Осы баптың бірінші, екінші немесе үшінші бөліктерінде көзделген іс-әрекетті жасаған әскери қызметші, егер бұл іс-әрекет ауыр және өзге де мән-жайлардың тоғысу салдары болып табылса, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін.

442-бап. Қашқындық

1. Қашқындық, яғни әскери қызметтен жалтару мақсатында бөлiмдi немесе қызмет орнын өз бетімен тастап кету, сол сияқты осындай мақсатпен қызметке келмеу - бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

2. Қызмет бабымен сенiп тапсырылған қарумен қашу, сол сияқты алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған қашқындық - үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, ұрыс жағдайында немесе төтенше жағдай кезінде жасалған іс-әрекеттер - он жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады.

4. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, соғыс уақытында жасалған іс-әрекеттер - он жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға не өлім жазасына жазаланады.

Ескерту. Осы баптың бiрiншi немесе екінші бөлiктерінде көзделген қашқындықты жасаған әскери қызметшiні, егер қашқындық ауыр мән-жайлардың тоғысу салдары болып табылса, сот қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкiн.

443-бап. Әскери қызметті атқарудан жалтару немесе бас тарту

1. Әскери қызметшiнiң аурумын деп жалған сылтаурату немесе өзiне қандай да бiр болмасын зақым келтiру (дене мүшесiн зақымдау) не денсаулығына өзге де зиян келтiру немесе жалған құжат жасау немесе өзгеше алдау жолымен әскери қызмет мiндеттерiн орындаудан жалтаруы, сол сияқты әскери қызметті атқарудан бас тартуы - бес жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не тоқсан тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.

2. Ұрыс жағдайында немесе төтенше жағдай кезінде жасалған дәл сол іс-әрекеттер - он жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады.

3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, соғыс уақытында жасалған іс-әрекеттер - он жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға не өлім жазасына жазаланады.

444-бап. Жауынгерлiк кезекшiлiктi атқару қағидаларын бұзу

1. Қазақстан Республикасына кенеттен жасалған шабуылды уақтылы байқау және оған тойтарыс беру бойынша не оның қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету бойынша жауынгерлiк кезекшiлiктi (жауынгерлiк қызметті) атқару қағидаларын бұзу, егер бұл іс-әрекет мемлекеттiң мүдделерiне елеулі зиян келтiруге әкеп соқса немесе әкеп соғуы мүмкiн болса, - екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

2. Ауыр зардаптарға әкеп соққан дәл сол іс-әрекет - үш жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, ұрыс жағдайында немесе соғыс уақытында жасалған іс-әрекеттер - он жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмiр бойына бас бостандығынан айыруға не өлiм жазасына жазаланады.

Ескерту. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген іс-әрекеттi алғаш рет жасаған әскери қызметшiні, жеңiлдететiн мән-жайлар болған кезде, сот қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкiн.

445-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын күзету жөніндегі қағидаларды бұзу

1. Шекаралық нарядтың құрамына кiретiн немесе Мемлекеттік шекараны күзету жөніндегі өзге де мiндеттерді орындайтын адамның Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын күзету жөніндегі қағидаларды бұзуы, оның ішінде өткізу пункттерінде бұзуы, егер бұл іс-әрекет мемлекет қауіпсіздігі мүдделерiне елеулі зиян келтiруге әкеп соқса немесе әкеп соғуы мүмкін болса, - екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

2. Ауыр зардаптарға әкеп соққан не алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған дәл сол іс-әрекет - бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Ескерту. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген іс-әрекеттi алғаш рет жасаған әскери қызметшi, жеңiлдететiн мән-жайлар болған кезде, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкiн.

446-бап. Қарауыл (вахта) қызметiн атқарудың жарғылық қағидаларын бұзу

1. Қарауыл (вахта) құрамына кiретiн адамның қарауыл (вахта) қызметiнiң жарғылық қағидаларын бұзуы, егер бұл іс-әрекет қарауыл (вахта) күзететiн объектiлерге зиян келтiруге немесе өзге де зиянды зардаптардың болуына әкеп соқса, - екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

2. Ауыр зардаптарға әкеп соққан не адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған дәл сол іс-әрекет - екі жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Ескерту. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген іс-әрекеттi алғаш рет жасаған әскери қызметшi, жеңiлдететiн мән-жайлар болған кезде, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкiн.

447-бап. Iшкi қызмет атқарудың немесе гарнизонда патруль болудың жарғылық қағидаларын бұзу

1. Бөлiмнiң тәулiктiк нарядына (қарауыл мен вахтадан басқа) кiретiн адамның iшкi қызмет атқарудың жарғылық қағидаларын бұзуы, сол сияқты патруль нарядының құрамына кіретін адамның гарнизонда патруль болудың жарғылық қағидаларын және осы қағидаларды дамытуға шығарылған бұйрықтар мен өкiмдердi бұзуы, егер олар зиянды зардаптарға әкеп соқса, олардың алдын алу осы адамның мiндетiне кіретін болса, - бес жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не тоқсан тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.

2. Ауыр зардаптарға әкеп соққан не адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған дәл сол іс-әрекеттер - бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Ескерту. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген іс-әрекеттердi алғаш рет жасаған әскери қызметшi, жеңiлдететiн мән-жайлар болған кезде, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкiн.

448-бап. Бақылаушы қызметін атқару қағидаларын бұзу

1. Бақылау функцияларын жүзеге асыратын әскери қызметшілердің бақылаушы қызметін атқару қағидаларын бұзуы, егер бұл іс-әрекет азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтарына немесе заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтірсе, - бес жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не тоқсан тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.

2. Ауыр зардаптарға әкеп соққан не адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған дәл сол іс-әрекет - бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Ескерту. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген іс-әрекеттi алғаш рет жасаған әскери қызметшi, жеңiлдететiн мән-жайлар болған кезде, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкiн.

449-бап. Қоғамдық тәртіпті сақтау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызмет атқару қағидаларын бұзу

1. Қоғамдық тәртіпті сақтау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі әскери нарядтың құрамына кіретін адамның қызмет атқару қағидаларын бұзуы, егер бұл іс-әрекет азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірсе, - бір жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не қырық бес тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.

2. Ауыр зардаптарға әкеп соққан не адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған дәл сол іс-әрекет - бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, төтенше жағдай кезінде жасалған іс-әрекеттер - үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Наши рекомендации