Азақ халқының шешендік дискурсына тән ерекшеліктер
Тіл мәдениетінің биік шыңы, ең жетілген түрі – шешендік өнер болып табылады. Қазіргі шешендік сөз үлгілерінің ерекшеліктерін ескере отырып, ғалым М.Серғалиев бес түрлі шартын атап көрсетеді: шешендік – тілге, сөзге тікелей қатысты құбылыс; ешбір сөз мақсатсыз қолданылмайды; хабар жеткізу тәрізді мақсат қарабайыр ғана орындалмай, ол міндетті түрде сезімге әсер етуі арқылы эмоциялық қызмет атқарады; белгілі бір ойдың ақиқаттығын дәлелдейді;тыңдармандарды немесе оқырманды әлдебір әрекетке ең болмағанда жауап беруге, тіпті талас айтуға жетелейді [46, 4 б.].
Адам сөйлеген кезде өзіне керекті ақпаратты толығымен қайтадан бастап баяндамайды. Тыңдаушы үшін де, өзі үшін де бұрыннан таныс нәрсені мейлінше азайтып, көп болса екі-үш сөзбен жеткізуге тырысады. Сондықтан ықшам, қысқа сөйлеу арқылы коммуниканттар ауызша сөзге тән бірінші шарт үнемдеу заңын орындап отырады. Мұның бастауы, негізі қазақ шешендік сөздерінде жатыр. Осындай шешендік сөздер ерекше сипатқа ие.
белгілі бір кеңістікті қамтиды
белсенді әрекетке құрылады
интерактивтік қатысым болады
ақпарат беруге негізделеді
Шешендік сөйлеушінің тыңдаушыға, тыңдаушының сөйлеушіге
ықпалы басым
дискурс эмоционалдық мазмұн басым
үн, ырғақ, интонацияға да қатысты болады
бейвербалды құбылыстар да кездеседі
салыстыру қасиеті көрсетіледі
сөйлеудің еркінділігі басым
сөйлеудің жылдамдығы айрықша көрінеді
қайталамалар жиі қолданылады
Шешендік сөздерді қолданылу сипатына қарай да былайша топтап көрсетуге болады:
– шешендік сөз – эгоцентристік сөз. Қарым-қатынас жағдайында шешен (сөйлеуші) өз сөзін үнемі тыңдаушысының білім қорын, қабілетін ескере отырып құрады.
– шешендік сөз – әлеуметтік мәнділігіне шектеу жасалмайтын, жалпыхалыққа түсінікті сөз.
– шешендік сөз – алдын-ала дайындалмаған арнайы сөз.
Шешендік дискурс міндетті түрде ситуацияға, бізді қоршаған әлемде не немен қалай байланысатындығын білдіретін білімдер құрылымына сүйену арқылы жүзеге асады. Бірнеше кезеңдерді қамтиды:
1-кезең : берілген сұрақ, хабарды сұрыптау
2-кезең : аялық білім, қолданылатын амал-тәсілді таңдау
3-кезең : келесі мүмкіндік
4-кезең : қайтарылған жауап
Жоғарыда берілгендей, шешендік сөздер дискурсында оқиға төрт кезең арқылы жүзеге асырылады.
Бірінші кезең берілген сұрақтың шешеннің санасында сұрыпталып, сыртқа шыққанға дейінгі аралығын қамтиды(берілген сұрақ, хабарды сұрыптау); екінші кезең оқиғаның жүзеге асырылуына орай қолданылатын амал-тәсілдер (аялық білім, қолданылатын амал-тәсілді таңдау); үшінші кезең келесі мүмкіндік; төртінші кезең қайтарылған жауап.
Шешендік сөздермен қатар қолданылатын классикалық риториканың инвенция, диспозиция, элокуция сынды бөлімдері жайлы да ерекше айтып өтуге болады. Бұл бөлімдерде ең алдымен шешендік ойдың жарыққа шыққанға дейінгі кезеңі ерекше назарда болады. Шешеннің санасында айтылатын ойдың қалайша берілуі, оның дұрыс шешімге ие болуы сынды мәселелер жүреді. Шешеннің санасында ойлану-толғану нәтижесінде біртұтас дүние, мәтін жарыққа шығады. Тыңдаушы шешеннің берген сұрақтарына толық, қанағаттанарлық жауап бергенде, мәселе шешімін тапқанда ғана қарым-қатынас сәтті аяқталады.
Ендігі ретте жоғарыда айтылған инвенция, диспозиция, элокуция бөлімдеріне жеке-жеке тоқталып, оны сызба арқылы былайша көрсете кетейік:
ҰҒЫМ диспозиция
↓ ↓
ЗАТ инвенция → СӨЗ элокуция
Инвенция – болашақта жүзеге асатын коммуникацияның, берілетін ақпараттың ойда сұрыпталуы, сипатталуы.
Диспозиция – шешендік сөздің сөйлеуге дейінгі аралығын қамтиды.
Элокуция – шешендік сөздің санада қорытылған жиынтығы нәтижесінде сөзге айналып, сипаттау, баяндау, пайымдау сынды тәсілдер арқылы коммуникативтік процесс екіжақты диалог түрінде жүзеге асып аяқталады. Көрсетілген осы үш кезеңнің шешендік дискурста берілуіне нақты мысалдар арқылы тоқталайық:
Бөлтірік ауылының бір кісісі ұрлыққа түсуді қартайғанша қоймапты. Үйіне шешен келіп отырған күннің кешінде әлгі шал ұрлық жолына әзірлене бастайды. Бөлтіріктің қолға түсіп қаласыз ғой дегеніне шал:
– Бүгінгі түн шырттай қараңғы болады, кім көре қояды дейсің,– дейді.
– Аппақ сақал қараңғыда айдай боп көрінеді, - депті сонда шешен.
Сақал намысына батқан қария сол күні райынан қайтқан екен.,–дейді халық
[ 40, 120 б. ].
Берілген шешендік дискурстың инвенция бөлімі ретінде Бөлтірік ауылының бір кісісінің ұрлыққа баруды алдын-ала ойластыруын көрсетуге болады.
Шалдың ұрлық жолына әзірлене бастауы, Бөлтірікпен тікелей әңгімеге араласқанға дейінгі кезеңі диспозиция болып есептеледі.
Шалдың іс-әрекетінің жиынтығы сөзге айналып, Бөлтірікпен екеуінің арасында коммуникативтік процесс екіжақты диалог түрінде іске асырылады. Бұл кезең элокуция деп аталады.
Сөйлеуші мен тыңдаушының өзара тіл табысуын (стратегия деп атап) сөз стратегиясын ғалым Н.Уәлиев ынтымақты, ынтымақсыз деп бөліп қарастырады [ 2 , 290 б. ]. Ынтымақсыз стратегияға жанжал (конфликті), ұрыс-керіс, қорқыту-үркіту, алдау, өтірікке бару, тура жауаптан қашқақтау т.б. жат қылықтар, ал ынтымақты стратегияның негізіне сенім, ынталылық, шынайылық, қайырымдылық т.б. тәрізді жағымды құбылыстарды жатқызады.
Шешендік сөздер көбіне диалог түрінде көрініс тауып, сөйлеуші мен тыңдаушының өзара тіл табысуын мақсат етеді. Мұнда дау-дамай, түрлі жанжалдар негізінен жер мен мал, жесір дауына қатысты болып, соңында ынтымақпен аяқталады. Демек мұнда ғалым Н.Уәлиев атап көрсеткен ынтымақты стратегия кеңінен көрініс береді. Осыған орай мына бір шешендік сөзден мысал келтіре кетейік:
Ұлы жүздің жігітіне атастырып қойған Орта жүздің бір қызы өз елінің бір жігітімен қашып кетеді. Соған байланысты Ұлы жүз жағының жігіттері Орта жүз ауылдарынан барымталап жылқы айдап алады. Ақыры Ұлы жүздің биі Төле мен Орта жүздің биі Қазыбек айтысады.
Аға болып алдымен туасың,
Алдымен жылқымды неге қуасың?–
дейді Қаз дауысты Қазыбек.
Артымнан ерген еркемсің,
Ағаңның көзі тірісінде
« Жеңгеңді неге ерітесің?» – дейді Төле би ашуланып. Сонда екі жағының да сөзін тыңдап отырған Әйтеке би былай депті:
– Сабыр етіңдер, билер! Ашу бар жерде ақыл тұрмайды.
Ашу деген ағын су,
Алдын ашсаң арқырар,
Ақыл деген дария,
Алдын тоссаң тоқырар.
Кісі бірге туыспау керек,
Туысқан соң сөз қуыспау керек.
Сөз қуған пәлеге жолығады,
Жол қуған олжаға жолығады.
Төле, сен жылқыны қайыр,
Қазыбек сен жесірін қайыр!
Әйтекенің шешімін екі жағы да қабылдап , ауысқан адамын, малдарын бір-біріне қайырып, ел арасы тыныс болыпты деседі [ 40,, 92 б.].
Берілген шешендік сөзде дау-дамаймен басталған оқиға соңында
ынтымақпен аяқталып, дұрыс шешімін табады.