Бір жолдасымныҢ баласы Өлгенде жҰбатуым

Басың көтер, Мұзатай,

Сал құлақты сөзіме.

Жақсы ұғын, еске ұстап,

Айналып қара өзіңе.

Адам өлмек ежелден,

Мәңгілік жоқ дүние жүзінде.

Қанаты бүгін сұңқар жоқ,

О да мұңды кезінде.

Тұяғы бүтін тұлпар жоқ,

Кездессе қорлық көзіне.

Жоғары-төмен қарашы,

Кең-тарлықты санашы.

Түспей кеткен бір жан жоқ,

Тәңірдің құрған тезіне.

Туды деген – бір атақ,

Өлді деген – екі атақ.

Нәрестеге зар болған,

Жылап көзі қан болған.

Шығара алмай әке атын,

Жүрген көп басы боп шатақ.

Жоғарыға қараумен,

Пікір жол ғой санаумен.

Төменгіге көз салып,

Шүкірмін деп аңдаумен.

Сенде шүкір ет сабыр ғып,

Тағылды саған әке ат.

Әке деген ат алдың,

Балалы жан атандың.

Бір балаға зар болған,

Көбін көрдің қатардың.

Ең жақсы Адам пайғамбар,

Ол да ұлға болған зар.

Артта тұяқ қала алмай,

Дүниеден көз жұмды.

Қамына кіріп сапардың,

Соны ойға сал, Мұсатай.

Жұбанып жақсы сөзбенен,

Отыз екі жас өмірде.

Көрдің көпті көзбенен,

Қайырын сұра артының.

Болуын күтіп өзгемен,

Екі арыс аман болғанда.

Жүдеме қайғы өзгеден,

Басың аман құтылсаң,

Емес пе бала сөз деген.

1932 жыл, 19 иүн,

Ақмола түрмесі

ТАСБОЛАТ БАЛАСЫ СӘЛЕНГЕ

Сәленжан, сәлем хатың тиді қолға,

Тілек сол тарлық бетті өзің онда.

Көзіме қарасының көрінгенде,

Тоқтаттым көзден жасты әрең зорға.

Кеңдікте қадыр тану өте қиын,

Шын достық көрінеді екен түссе торға.

Жүректің бауыр еті дейтін жаным,

Үкішім тәтесі едің кеңдік жолда.

Тар жолда бір көріну естен кетпес,

Ерік күн тисе-дағы екі қолға.

Сен көзіме түскенде, Үкіш түсіп,

Есімді жинай алдым әрең зорға.

Құлыным Үкіш, Қамаш бөлінгені –

Тұрмыстың тарлық беті көрінгені.

Мың түрлі ой түгел қасірет жоқ боп шықты,

Пар болмай бір минутке көрінгені.

Тірідей жетім деген сол болмай ма,

Болса да мұң-мұқтажы терілгені.

Туыстың жаны ашыған жөні басқа,

Болмас қой мейірімдісі жерінгені.

Көндірер құлынымды тұрмыс тоқпақ,

Шарасыз жағдайына берілгені.

Бар тілек қайда жүрсе аман болсын,

Туысқа бөтен емес телінгені.

Арман ой ойлай берсем қабат-қабат,

Бұл жолда жалғыз басым ісі нақақ.

Ауырлық басқа түсті мың шүкірлік,

Ізгіге дұшпандары пәле жаппақ.

Бұл сабақ білім алдым көзім көріп,

Күнәмнің етсін Тәңірім кірін аппақ.

Жүсіптің мұрасы ғой қайғырмаймын,

Жалғыз-ақ жан сақтау жол қалтақ-құлтақ.

Бұл сөзім пендешілік тарылғанда,

Шын құлмын күнә жолым арылғанда.

Құлшылық менен түзу атқарылмай,

Қара мол жүрек тесіп жарылғанда.

Бар мақсұт алу деген ой болды ма?

Күндіз-түн, ертеңді-кеш сарылғанда.

Тәңірім қыяметте жарылғасын,

Ер-әйел, үлкен-кіші зар қылғанда.

Жатырмын қу тақтайға кигіз төсеп,

Бір көрпе құс төсекке болад есеп.

Толғанып, кең айланып бір түн ұйқы,

Саналмақ бір жылдыққа болып есеп.

Қара су түйір-түйір тарысы бар,

Түбінде аз ұн сепкен кесек-кесек.

Балықтың бас сүйегі, омыртқасы,

Бұлдырлап кездеседі кейде жесек.

Сол неғмат зарыққанға үлкен тамақ,

Қате емес сар қымызға бірдей десек.

Бит, бүрге, қандалалар қанды сорып,

Рахат түнде ұйқы жоқ жатып көрсек.

Бұлтиып шаққан жерді ісіреді,

Тырнағың тие қалса қылып кесек.

Бұл қасірет тарлық дүние тірлігінде,

Кездескен барлық, жоқтық тірлігімде.

Ырызық қалай жазса солай болмақ,

Парық жоқ адал-арам түрлігінде.

Тәңірдің кеңдігі мол, қаһары зор,

Кезектеспек екеуі кемді күнде.

Бір тарлыққа екі рет кеңдік бары,

Көз көрген өз сөзінен ерте күнде.

Сенеді жүрек соған өте иланып,

Денемнен кетсе жан қалмай мүлде.

Хош боп тұр, жаным Сәлен, бауыр етім,

Таза еді кіршігі жоқ ақ ниетің.

Көнем де бұл тағдырға мойын ұсынып,

Қараумен сарғаярда бұл көз етім.

Соңының қайырын берсін жалғыз Ие,

Жалғанда тілеуім жоқ артық күтім.

Сәлем де мені деген үй ішіне,

Жалғанда тілеуім жоқ артық күтім.

Сәлем де мені деген үй ішіне,

Көтеріп көңілімді қағаз түрттім.

Сөзімді оқып түсін қателеспей,

Дегендей маңызынан жеміс күттім.

ТАРИХИ УАҚИҒА

(көз көргендер)

Неше мың жаратылған адам ұлы,

Көп болып бастарында басты мұңы.

Ежелгі жаратылыс заңы сол ғой,

Мәлім іс бір Иеге қанша жылы.

Әр дәурен адам заттан өтіп жатыр,

Бәрі де – бір тіршілік сақтау жолы.

Бір соның жағдайына амал қылып,

Тырбанып, жағаласып күні-түні.

Жоқ болса бар қылуға талаптанып,

Бейнетке бір өз басын саған түрі.

Бар болса көбейтуге шұғылданып,

Қайтсе де бір кесіпте болып мұңы.

Басының пайдасы үшін өз жынысымен,

Біріне дұшпандықты күткен бірі.

Я болмаса достасып, біргелесіп,

Жан қамын солай қамдап еткен түрі.

Адамды тұрмыс билер әкімі сол,

Қайтсе де көндірерлік зорлығы мол.

Кеңдік, тарлық кездесіп сол әсермен,

Реніш, я қуаныш болуы зор.

Адамның сүйегіне сіңіспеген,

Әдеттің қиындығы дәл қолма-қол.

Түсіне алмай жағдайға қателесіп,

Көбіне кездесіп тұр темірден тор.

Құсқа ұқсап тамақ табар заман туды,

Қайтсе де еңбек үшін белін буды.

Еңбек болмай еңбектің жоғын біліп,

Бұл тұрмыс қонысынан жұртты қуды.

Я көшіп, я бұзақы іске кіріп,

Тырысты жан сақтауға кешіп суды.

Не өлу, не бір түрлі кесіп қылу,

Адамды ыхтиярсыз белден буды.

Қазақ ұлы бауырмал адам еді,

Қарасаң терең көзбен жаман еді.

Қараңғылық еңбексіз тамақ іздеп,

Кең қонып, ен жайылып қарап еді.

Тарлықты өмірінде бұрын көрмей,

Әр жерде көшіп, қонып тарап еді.

Меншіл жолын өзде-өзі артық біліп,

Мұны зор кеңдік жол деп санап еді.

Меншігінде болмаған қандай іске,

Өте салқын бәрі де қарап еді.

Жалпы адамға пайдасын есептемей,

Күндіз-түн бір өз басын санап еді.

Бұ-дағы тұрмыс жолға түсінбеуден,

Бір пайдасы артылмай ішіп-жеуден.

Қолда барды жоғалтты, көзін жойды,

Тартынбай бұл білместік ісім деуден.

Жоғалтпасқа қоймады белсенділер,

Көнбесең мынау заңның күші деумен.

Қас түзеудің орнына көз шығарып,

Қорықпад бұл перегиб ісім деуден.

Сол салдардан жоғалып қолда бар күн,

Аштықты ұшырады ісіп кеуден.

Өлген өліп, өлмеген көзін жұмды,

Тартынбай мынау арам кесіп деуден.

Сондай уақыт тоздырды быт-шыт қылып,

Өлудің шарасына қарсы тұрып.

Көпшілік қисын қарап беттері ауды,

Жан сақтау жағдайына мойынын бұрып.

Біреу адал кесіппен шұғылданса,

Біреу арам кесіпті машық қылып.

Маңдай терін ағызды сол ретпен,

Әлді-әлсіз, ауру-сауы бірге жүріп.

Сол салдармен қылмысты жұрттың көбі,

Оңай тамақ табуға ауып дені.

Қара да, ақ та қара неген жеген,

Тұтқында ұрылуда ұшып күлі.

Бәрі де бір Жалғызға зарланады,

Сыртқа теуіп ішіне сыймай мұңы.

Адам ұлы кешірген талай дәуір,

Ішінде сол дәуірдің бұл бір түрі.

Жатырмыз тұтқын үйде мал тәрізді,

Тәңір мен ұлыққа айтып мол арызды.

Мезгілі қабылдықтың қашан болмақ,

Есіркеп, есіне алып хал азыңды.

Көз жаудырап, сарғайып есік күтіп,

Кейде дәрет қылады мол жазынды.

Кілтті есік, тор терезе аңдушы көп,

Тыңдамас жүз қақсасаң мұң-назыңды.

Зарлайсың, жалынасың ағатайлап,

Сездіріп шыдауыңа күй азыңды.

Құдай-ау, кездестірдің мұндай орын,

Көз көрді тарлық жолдың аса зорын.

Көздей тесік сығалап көз сарғайып,

Есіңе қашан кеп ед мұндай форым.

Баққан малдай түгендеп бағып, қағад,

Аз уақыт еркіндікке жетпей қолың.

Ішің өтіп, халың жалын күйдіреді,

Леп шығып, аһ дегенде зарлы форым.

Толғанып олай, былай жүрер жер жоқ,

Елестеп көз алдыңда ажал өлім.

Ыңырсып, құсып, тышып ауру жандар,

Былғаған шамасыздан жатқан жерін.

Дені сау оны көрген басын шайқап,

Қиналып жан ашумен аққан терің.

Сондай халдар өзіңді қажытады,

Дегендей мұнан-дағы өлген көрім.

Өзің де қажығансың ойлап көп ой,

Қорлықтан шіміркеніп бар тұла бой.

Көрген тарлық мұрныңа боқ иіскетіп,

Сасық, пасық, бит, бүрге қоршаған ғой.

Қандала ұйқы бермей қаның сорып,

Шырт ұйқың жүз бөлініп көтертпей бой.

Мейір қанар қызықтар бір нәрсе жоқ,

Сұлап жату, ұйықтау бел алған ғой.

Терең ой барында бар, жолында жоқ,

Үйткен мен бастың қамы жол алған ғой.

Қызықтар балаң, үйің артта қалды,

Көре алмай қарасынан көзің талды.

Мәз болып масайрасып, күліп, ойнап,

Отырған ерікті күн адыра қалды.

Солардың халы, жайы не болды деп,

Қиял ой жүз құбылып мазаңды алды.

Жылайсың іште қапаң сыртқа теуіп,

Әсіресе жан сақтаудың жолы тар-ды.

Жүретін ағатайлап балаңды ойлап,

Мұң, қайғы жүрегіңе жара салды.

Немесе құлыным дер әкең, шешең,

Күңіреніп бір сен үшін тартқан зарды.

Немесе жан сүйгенім серігім дер,

Жалғанда жаны басқа әйел зарлы.

Немесе өте жақын туысқаның,

Сыйласқан аға, іні боп бәрі қалды.

Немесе жан қиярлық дос-жарларың,

Көре алмай жақындамай біздің маңды.

Соны ойлап зарығамыз зар күй тартып,

Құр форым, болмаса не сәнің қалды.

Отырмыз Ақмоланың түрмесінде,

Тәңірдің кездескен соң кермесіне.

Кіші іні, үлкен аға бір туыстай,

Жантая сүйенеміз іргесіне.

Іш пысып, тақтай батып, дене ауырып,

Есіркеу кездестік пе бермесіне?

Кейде ой бөліп, ертегі, әңгіме айтып,

Күліп, ойнап, наз шағып теңдесіне.

Кейде ой түйіп, сөз қатпай, жабырқанар,

Күйеудей өкпе айтқан жеңгесіне.

Құмалақ, таспих, таяқ қолдан түспес,

Бір дауа бола ма деп зердесіне.

Соған кейіп, қуанып шуласамыз,

Ой бөлмей келуі не, келмесі не?

Шынында қолмен бөлген тас пен бұршақ,

Онда білер білім жоқ ойлап тұрсақ.

Оған кейіп, қуану орны жоқ қой,

Терең ойлап шындыққа мойын бұрсақ.

Әншейін бір еркек қой күн батырғыш,

Ой бөлгіш, жұбаныш қой есеп қылсақ.

Болмаса одан келер пайда-зиян,

Жоқтығы әшкере ғой оңдап ұқсақ.

Сөзімнен аз да болса жемісі бар,

Құлақ сап, мимен тыңдап, жақсы ұғынсақ.

Бұл бір леп іштен шерді жазып өткен,

Бізде бар тіпті әлсіреп, халы біткен.

Қайтейік бір Тәңірге жалынамыз,

Басқаның көмегі жоқ іздеп, күткен.

Ей, Тәңірім, өзіңе оңай қиын істер,

Жатырмыз есіркер деп біз үмітпен.

Мақұрым қылмай тілекке жеткіз, Алла,

Дегендей қиыншылық күні біткен.

Күндіз-түн зарланамыз пазылыңмен,

Санама бізден қылмыс болып өткен.

Жастық, мастық өтті ғой басымыздан,

Үлкен аға, кіші іні жасымыздан.

Жүрек ақ бір өзіңе жалынамыз,

Еңіреген көзімізде жасымыз қан.

Бір Тәңірі, өзіңе аян барлық істер,

Бір тамшы су ойласақ асылымыз қан.

Жан беріп, оған лайық дән де беріп,

Жан сақтау шарты ішкен асымыздан.

Сол құлқын маңайтында қызмет етіп,

Атқарар іс аспады басымыздан.

Сұрау – бізден, қабылдау – өзіңнен,

Шығады шын тілекпен жас көзімнен.

Іс санаспай жарлыға Жаратқаным,

Құлдық жолға келгенде біз өзіңнен.

Тілек көп, мақсат ашық, сөзім қысқа,

Азырақ аңдағанға сөзім нұсқа.

Көз көріп, бастан кешкен істі жаздым,

Жолдастар, мейлің таста, мейлің ұста.

1932 жыл, иүл,

Ақмола түрмесі

Наши рекомендации