Сабақтың психологиялық талдауының объекттері
Сабаққа психологиялық талдау жүргізу процесінде педагогикалық рефлексия объекті ретінде ең алдымен, педагогикалық іс-әрекеттің өзіндік түрткілері болып табылады. Зерттеушілердің көрсетуінше, позитивті әлеуметтік-мәнді түрткілермен қатар (жастармен, балалармен, жұмыс істеу тілегі, өз еңбегінің қоғамдық мәнділігін түсіну және т.б.) мұғалімдер педагогикалық іс-әрекетпен емес, керісінше сыртқы жағдайлардың әсерімен (сүйікті пәнмен айналысу мүмкіндігі, мысалы математика, шет тілі, ақыл-ой еңбегімен байланысты кәсіпке деген қызығушылық және т.б.) байланысты түрткілерді жетекшілікке алады. Осыған байланысты, «мен осы іс-әрекетті не үшін атқарамын» деген өз-өзіне қойылған сұраққа жауап оның орындалу сипатына, оның тиімділігінің артуына жағымды әсер етуі мүмкін. Сонымен бірге, мұғалімнің педагогикалық процестің өзінің сипатын, яғни пән мұғалімінің профессиограммасында бейнеленген функцияларды саналы аңғаруы де маңызды. Оларға, бұрын көрсетілгендей, ең алдымен, операционалды-құрылымдық функциялар тобы жатады (конструктивті-жоспарлаушы, ұйымдастырушылық, коммуникативті-оқытушы, зерттеушілік).
Мұғалімнің психологиялық талдау объекті болып табылатын процесс пен сыныптағы өз іс-әрекетінің нәтижесіне эмоционалдық реакциясының маңыздылығы да аз емес. Басқаша айтқанда, мұғалім бұл процесте өзі басқаратын оқушылардың іс-әрекетіне жауап ретінде пайда болатын эмоционалдық күйді саналы аңғара алады. Жағымды эмоционалдық реакциялардың бұл іс-әрекетті нығайтатыны, ал теріс реакциялар деструкциялап , әркеттесу қабілетінен айыратыны белгілі.
Психологиялық талдау барысында рефлексия объекті ретінде педагогикалық іс-әрекеті болса, онда ең алдымен, мұғалімнің өз іс-әрекетінің күшті және әлсіз жақтарын саналы түсінуі туралы айтылады. Бұл жерде, көрсетілгендей, «100 жағдайдың 98-де мұғалімдер өздерінің сәтсіз сабақтарын жиі және мұқият талдайды. Тек екі мұғалім ғана өздерінің сәтсіздіктерін белгілеп отырады, оның өзіне де тек 15 жылдық тәжірибеден кейін, алдарына сәтті сабақ заңдылықтарын табу мақсатын қойғаннан кейін ғана жетеді». Мұғалімнің өзіндік іс-әрекетінің талдауы туралы айта отырып, педагогикалық шеберлікті жетілдіру тұрғысынан мұғалімге сабақты түрлі уақыттық жоспардан, оған дайындық пен оны өткізудің түрлі деңгейлерінде талдау жүргізу керектігін атап өту қажет.
9.2.Сабақты психологиялық талдау деңгейлері (кезеңдері).
Шамалаушы психологиялық талдау. Талдаудың жоспарлары мен объекттері мұғалім іс-әрекетінің түрлі формаларымен, яғни сабаққа дайындықпен, сабақты өткізумен, оның аналитикалық талдауымен, мұғалімнің өткізілген сабақты өзінің бағалауымен теңестірілуі мүмкін Осыған орай сабақты психологиялық талдаудың үш деңгейі бөлінеді: шамалаушы, ағымдық және ретроспективті.
Сабақтың шамалаушы психологиялық талдауы мұғалімнің сабаққа дайындалу кезеңінде жүзеге асырылады. Осы кезеңде мұғалімде ең алдымен, болашақ сабақтың әлі ойдағы, уақыттық және кеңістіктік шектеулерсіз «бейне - түпкі ойы» пайда болады (В.А. Артемовтың терминдері). Содан соң мұғалім іс-әрекетінде болашақ сабаққа маңызды байланыстылардың барлығына мұқият және жан-жақты талдау кезеңі басталады: бағдарламамен ескерілген оқу материалын, қойылған мақсаттар мен міндеттерді, оқытудың таңдалған әдістерін, амал-тәсілдерін және дәрісті өткізу жоспарланған жағдайларды (шәкірттердің белгілі бір тобы, уақыт пен орны және т.б.). Осындай талдау процесінде мұғалім әбден нақты сабақтың, жүзеге асырылуы тиіс «орындау-бейнесінің» жоспарын немесе қысқаша жазбасын дайындайды.
Сабақты алдын ала талдай отырып, мұғалім жалпы, жас ерекшелік, педагогикалық, әлеуметтік психология, оқу пәніне оқыту (математикаға, әдебиетке т.б.) психологиясы салаларынан саналы және мақсатты түрде теоретикалық білімдерді пайдаланады. Осы кезеңде мұғалім алдында оқу процесін ұйымдастырудың негізгі психологиялық проблемалары тұрады. Оларды шешу «оқу білімді табу, шығармашылық меңгеру ретінде үш факторға тәуелді – нені оқытады, кім және қалай оқытады, кімді оқытумен» байланысты. Осы факторлар талдауы мен оларды есепке алу сабақтың өнімділігі мен табыстылығын қамтамасыз етуші тиімді құрал болып табылады.
Бірінші фактор, оқыту процесіне әсер етуші – бұл оқу пәні, оның өзгешелігі. Мысалы, оқу пәні ретінде шет тілінің өзгешілігі сонымен бірге, оқытудың мақсаты мен құралы ретінде де болады. Егер шәкірттер басқа пәндерді игергенде ана тілін құрал ретінде пайдаланса, шет тілін игеруде құралдар мен тәсілдерді меңгеру біртіндеп, сырттан басқарылатын тәсілдер арқылы басқа, неғұрлым күрделіні игеру проблемасы туындайды.
Екінші фактор, білімдерді меңгеруге әсер етуші мұғалімнің даралық-психологиялық және кәсіби ерекшеліктері. Педагогикалық жұмыс мұғалім тұлғасына, оның педагогикалық қабілеттеріне (дидактикалық, академиялық, перцептивті, сөздік, ұйымдастырушылық, өктемшілдік, коммуникативтік және т.б.) жоғары талаптар қояды. Бұл жерде оқу пәнінің өзгешелігінің өзі қандайда бір педагогикалық сапалардың олардың құндылығын арттыра отырып, бірінші орынға жылжыта отырып, оның мәнділігіне әсер етеді. Мысалы, студенттердің пікірінше, шет тілінің оқытушысы үшін коммуникативтік сапалар, топпен жақсы байланыс және ұжымдардағы жағымды эмоционалдық климат неғұрлым құнды болып табылса, физика, математика оқытушылары үшін табыстылық, ерекше ойлау маңызды.
Ақырғы, үшінші фактор – шәкірт тұлғасы, оның жастық және даралық-психологиялық ерекшеліктері, оның ақыл-ойының дамуы, эмоционалдық-еріктік реттелінуі, оның бейімділігі мен қызығушылықтары, оның оқуға қатынасы, оқу материалын меңгеру ерекшеліктері. Айта кетейік, осы фактордың әсер етуі меңгерудің барлық психологиялық компоненттерінде байқалады, олар Н.Д. Левитов бойынша: 1) шәкірттердің оқуға деген жағымды қатынастары; 2) материалмен тікелей сезімдік танысу; 3) ойлау - алынған материалды белсенді қайта өңдеу ретінде; 4) алынған және өңделген материалды есте сақтау.
Шет тілі оқу пәні ретінде, мысалы шәкірттердің психикалық танымдық процестерінің мәнділігіне өзгеше із қалдырады. Мысалға, түйсік пен қабылдау процестерінде жеке тұрғыдан есту және моторлық сезімталдық ерекше маңызды. Шет тілі шәкірттердің қысқа және ұзақ мерзімді есте сақтауларына және т.б. жоғары талап қояды. Оны оқу барысында пайда болатын жағымды эмоциялардың да маңызы үлкен. Осы оқу пәнін игеру шәкірттердің зейіні мен ерік-жігерін ұйымдастыруға үлкен талаптар қояды.
Жоспарланған сабаққа алдын ала талдау жасай отырып, оны ерекшелігі мұғалімге бұрыннан белгілі, нақты топпен байланыстыру маңызды. Мұғалім жүргізілетінса сабақты негіздеу үшін кәсіби білімдерін неғұрлым саналы аңғарып, мақсатқа сай қолданса, сабақ барысында жүзеге асыруды жоспарлаған сәттерге неғұрлым терең және толығырақ талдау жүргізіп, болашақ сабақтың кезеңдеріне неғұрлым дәл болжам жасаса, сонда ол күтпеген жағдайларға соғұрлым аз тап болып, өзіне сенімді бола түседі. Осының барлығы сабақты өткізу табыстылығының кепілдігі болып табылады. Шамалаушы талдау жобалаушы қабілеттерге сүйенеді, осы іскерліктерді жүзеге асырады және оларды дамытады.