XVIII ғасырдағы қазақ әдеби тіліне тән жаңа үлгілер

1. XVIIIғ. қазақ әдеби тілінің нұсқалары

2. XVIIIғ. қазақ әдеби тілінің лексикалық, грамматикалық сипаты

3. XVIII ғасырлардағы ресми құжаттардың тілі мен стилі

Тірек сөздер: жырау, ақындар мектебі, мұсылман діні, араб-парсы сөздері, жаугершілік лексика, әлеуметтік-қоғамдық, тұрмыстық лексика, лексикалық жарыспалық.

XVIII ғасырда қазақ қоғамы үшін ерекше кезең болды. Жоңғар шапқыншылығының салдарынан халықты, елдік дербестікті сақтау мақсатында қазақ елі біртіндеп Ресей патшалығының қол астына ене бастаған. Бұл қоғамдағы елеулі өзгеріс қазақ қауымы қолданған әдеби тілге өзіндік әсерін тигізді.

XVIII ғасырда көркем поэзия өкілдерінің негізгі тақырыптарының ел қорғау; әлеуметтік оқиғалар; мұсылман дініне байланысты болуы. XVIII ғасыр қазақтың ауызша тараған әдеби тілі алдыңғы дәуірлердің жалғасы бола отырып, әрі қарай дамыды, әсіресе, авторлық, даралық айқын сезіледі. Осы кезеңде жыраулық дәстүрмен қатар ақындар мектебі дами бастады.

Жыраудың басты жанры — толғау. Жыраулар тілінде қалыптасқан үлгілер басым болса, ақындарда еркіндік, әрқайсысына тән өзіндік сөз қолданысы басым келеді. Мұның өзі ақындар жырлайтын тақырып ауқымының кең екендігін көрсетеді.

Ал жыраулар мектебінің соңғы әрі ірі өкілі болып Бұхар жырау саналады.

“XVІІІ ғасырдағы қазақтың ауызша тараған әдеби тілі ал­дыңғы дәуірлердің жалғасы бола тұрып, оның әрі қарайғы дамуы, өзгеруі де болып табылады. Әсіресе бұл ғасырда авторлық, даралық айқынырақ сезіле бастайды. Бұл реттен қарағанда Бұхар жыраудың орны ерекше”, — деп атап көрсетеді Р.Сыздықова еңбегінде (Қазақ әдеби тілінің тарихы, 134-б.).

Солай бола тұрса да, Бұхар-өзіне дейінгі поэзия дәстүрін берік ұстанушы, жалғастырушы. Оның дәстүрді жалғастырушылығы мынадан байқалады: 1. Көркемдеуіш элементтерді (-ған жұрнақты есімше мен инверсияланған тіркестерді (тас емшегін жібіткен), тұрақты эпитеттерді (құландар ойнар қу тақыр, т.б.);

2. белгілі сөздер тобының тек эпитетпен келуі (ақ ала орда, еңсесі биік боз орда);

3. өлең қүрылысының 7-8 буынды жыр өлшемімен келуі;

4. сөздер мен сөз тіркестерінің жырдың ортасында, я болмаса басында немесе аяғында қайталанып келуі, т.б.

Бұхар жаңашылдығы неден байқалады дегенде, ең бірінші тіл ұшына оралатыны — жыраудың кең тақырыпта жырлағаны. Екінші бір баса айтар нәрсе — образдарды жаңаша суреттеуі. Бұхар тілінде семантикасы жағынан бір-біріне жанаспайтын сөздер тіркеске түсу барысында ерекше образдар пайда болған, мысалы:

Арғымағын жоғалтып,

Тай жүгірткен заман-ай.

Бұхарда оған дейінгі жырауларға қарағанда араб-парсы сөздері де өте көп кездеседі.

XVIII ғасыр қазақ әдеби тілінің сөздік құрамы қазақтың төл сөздері мен араб, парсы кірме сөздерінен тұрады.

XVIII ғасыр әдеби тілінде жаугершілік лексика, тұрмыстық қарапайым және кәсіби лексика тәрізді топтары өнімді қолданылады.

XVIII ғасыр әдеби тілінде сөз мағыналары сараланып, айқындала түскенмен, лексикалық нормалану толық мәнде болмады, әлі де болса варианттылық күшті екендігі байқалды; жарлы // кедей // байғұс; ағайын // қарындас // ағалас т.б.

XVIII ғасыр кейбір грамматикалық мағыналарды беруде варианттылық орын алды. Мысалы, етістіктің мақсат мағынасындағы -арғы мен -уға, тұйық етістіктің тұлғасы -мақ пен -у, өткен шақ есімше -тұғын және -тын, салыстыру мағынасын беретін жұрнақ -дай және -дайын қатар қолданылады.

XVIII және XIXғ. I-жартысындағы ресми іс қағаздар тілінде қазақ хандары мен сұлтандарының орыс әкімшілігіне әр түрлі мақсатта жазған хаттарының тілі жатады. Бұл құжаттар тілінде әкімдерді дәріптейтін ғизатлу, хұрметлу, мәртебелі т.б. тұрақты эпитеттер міндетті түрде қолданылды. Есімдіктердің септелген түрлері бәңе, бекім, бенден түрінде, ал «деп» көсемшесі «дайу» түрінде, есімшенің -мыш жұрнақты түрі қолданылып, III жақ жіктік тұлға «дүр» формантымен келді. (хан мықтылардүр)

Осы дәуірдегі жазба мұралардың лингвистикалық варианттарын қолымызға қаз-қалпында тидірген ғалым — Б.Әбілқасымов. Ол өзінің “ХУШ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдеби тілінің жазба нұсқалары” (1978) атты еңбегінде қай жағынан болмасын аса құнды осы деректердің тілдік сипатын ашып беруді мақсат тұтады. Жалпы бұл дәуірдегі жазба мұралар әр жерлерде-ақ жарияланған, зерттеушілерге таныс дүниелер.

Ресми іс-қағаздарының тілін арнайы зерттеген Л.Дүйсембекова XVІІІ ғасырдағы мұраларға:

1.Қайып хан елшілерінің қазақтардың Ресеймен тату тұру тілегі туралы мәлімдемесі. 1716 жылғы 13 қыркүйек.

2 Қайып ханның жоңғарларга қарсы бірлесіп аттану үшін әскер жіберу туралы өтініш жасап император І Петрге жазған хаты. 1718 жыл 10 желтоқсан.

3. Кіші жүз ханы Әбілхайырдың өзінің қол астындағы адамдарымен бірге Ресей бодандығына алуды сұрап әйел патша Айна Иоанновнаға жазған хаты. 1730 жыл 8 қыркүйек.

4. Хандар Әбілхайыр мен Сәмекенің, Нұралы сұлтанның, Бопай ханшаның қарақалпақ ханы мен старшындарының өздерінің Ресей бодандығын алғаны туралы императрица Аннаға хаты. 1731 жыл, 2 каңтар.

5. Орынбор комиссиясының бас командирі И.И. Неплюевтің Әбілхайыр ханмен және жоңғар хонтайшысы галдан-Цереннің елшілері Кашкамен, Бурунмен кіші жүздің бодандығы туралы келіссөзі кезінде жүргізілген хаттама 1742 жылғы 27 қыркүйек.

6. Нұралы ханның Орынбор губернаторына хаты. 1773 жылғы 19 қыркүйек.

7. Нұралы ханның Орынбор губернаторына хаты. 1773 жылғы 31 қыркүйек.

8. Нұралы ханның подполковник Симоновқа хаты 1773 жылғы 9 қараша.

9. Айшуақ сұлтанның подполковник Симоновқа хаты. 1773 жылғы 18 желтоқсан.

10. Нұралы ханның ЕИ.Пугачевқа хаты. 1773 жылғы 18 желтоқсан.

11. Досалы сұлтанның Е.И.Пугачевқа хаты. 1773 жылғы 18 желтоқсан.

12 Старшындардың императрица ІІ Екатеринаға өтініші. 1785 жыл 2 шілде.

13. Нұралы ханның барон О.А.Игельстромға хаты. 1785 жыл 21 шілде.

14. Кіші орда старшындарының барон О.А.Игельстромға хаты. 1786 жыл 23 қазан.

15. Орынбор шекара істері экспедициясының Сырым батырды байұлы ұрпағының Бас старшыны етіп бекіту туралы жарлығы. 1787 жыл 23 қазан.

16. Әбдікәрім Оразбаевтың Кавказ наместнигінің билеушісі С.А.Брянчаниковқа хаты. 1790 жыл 4 ақпан.

17. Сырым батырдың императрица ІІ Екатеринаға хабары. 1790 жылғы 11 қыркүйек.

18. Сырым батыр мен қазақ старшындарының Симбирск жоне Уфа наместнигінің генерал-губернаторы А.А.Пеутлингке хаты. 1792 жыл 11 қыркүйек.

19. Жетісудың бас старшинасы Тіленшінің Шерғазы сұлтан­ға жазған ағлам намасы (донесение). 1793 жыл.

20.Қазақ сұлтандары мен старшиналарының Екатерина ІІ-ге жазған ғарыз-намасы (прошение).

Әдебиеттер:

  1. Өмірәлиев Қ. XV-XIXғ. Қазақ поэзиясының тілі. А., 1976
  2. Сүйіншәлиев Қ. VIII-XVIIIғ. қазақ әдебиеті. А., 1989
  3. Қазақ әдеби тілі тарихының проблемалары. А., 1987
  4. Әбілқасымов Б. ХУІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әде­би тілінің жазба нұсқалары. — Алматы, 1988.

7.Лекция тақырыбы мен сұрақтары:

Наши рекомендации