Көп ұлтты Қазақстандағы жан-жақты мәдениеттілікке тәрбиелеудің ерекшеліктері.
Ұлттық тілді, тарихты, мәдени мұраларды, дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды, ұлттық этика мен өнегелі ережелерін игеру ұлттық сананың танымдық бөліктерін құрайды. Ұлттық сана тұлғаның әлеуметтік-психологиялық болмыс бітімінде ерекше орын ала отырып, мазмұны жағынан өзінің өнегелік императиві және тәрбиелік қарымы арқылы анықталады. Белгілі орыс ойшылы Н. Бердяев шынайы ұлттық сананы ұлттың тарихты сақтау, өткенді қайта жаңғырту күшін – сезім деп сипаттады. «Ұлттық сана ... біздің аталарымыз бен әкелеріміз, ата-бабаларымызды біздің өзіміздей, өз болашақ ұрпағымыз сияқты тірідей мойындау. Ұлт өмірі, ұлттық өмір ата-бабаларымызбен байланыс және олардың тағылымына деген құрмет болып табылады. Ұлттылықта әр уақытта дәстүрлік бар» деп жазды ол.
Этномәдени тұтастықты және ұлттық мүддені айқындау жолында ұлшылдық пен ұлтжандылық сезімінің ара жігін аша білу қажет. Көпұлтты мемлекетте өмір сүріп, әлемдік өркениеттен алар орнымызды, жарқын болашағымызды анықтауда толеранттық мінез-құлықты қалыптастыру өзінен-өзі қажет. Егемендік, ұлтаралық қарым-қатынас туралы сөз болғанда жиі кездесетін орыс тілінде бір-біріне жақын мәндес екі ұғым бар, олар – толеранттық және шыдамдылық. А.Зятьковтың бақылауы бойынша, шетелдер сөздігінде «толеранттық» әртүрлі мағыналық сипат береді. Мысалы, ағылшын сөздігінде «Тұлғаны ешбір қарсылықсыз қабылдау және қабылдай алу қабілетінің болуы», француздарда «Өзге адамның бостандығын құрметтеу, оның ойлау бейнесін, мінез-құлқын, саяси және діни көзқарасын сыйлау», қытайда – «Өзге адамға деген кеңпейілділік», арабтарда – «Басқа адамға деген кешірімділік, биязылық», парсылықтарда – «Шыдамдылық, көнуге дайын болу», қазақша педагогикалық және психологиялық сөздікте «Толеранттық – қайсыбір жағымсыз факторға жауап әрекеттің болмауы не бәсеңсуі; оның әсеріне сезгіштіктің төмендеуінің нәтижесі. Мысалы, алаңдауға толеранттық қатерлі жағдаятқа эмоцияның үн қату табалдырығының көтерілуінен көрінеді, ал сырттай – ұстамдылықтан, сабыр сақтаудан, бейімделушілік мүмкіндіктерді төмендетпестен, жағымсыз әсерге ұзақ уақыт төзуге қабілеттіліктен байқалады» деп жалпылама көрсеткен. Бірқатар ғалымдардың ой қорытындылары бойынша педагогикада толеранттыққа берілген анықтама жоқ. Ғылыми әлемде толеранттықтың әртүрлі типтері туралы айтылып, ол тәрбиеге қатысты қолданылып жүр. Мысалы, толеранттықты білімдік, ұлтаралық, діни деп ажырату ұсынылады. Сонымен қатар кейбір зерттеушілер бір мемлекет ауқымындағы мәдениеттердің өзара әрекеттесуі мен бір-біріне ықпал ету үрдісін бейнелейтін «этникалық толеранттық» ұғымы қолданысқа енген деп санайды. Толеранттықты пәндік педагогикалық контексте қарау саясатпен, идеологиялық символдармен ұласып, «Саяси түзетулер» мағынасында қолданылады. Толеранттық ұғымын саясаттанған, идеологизацияланған түрде педагогикалық үрдісте пайдалану толық өз мәнінде болмағандықтан, педагогикалық қолданыста ыңғайсыздық тудырады.
Көпұлтты мемлекетте көпмәдениеттілікке тәрбиелеу барысында толеранттыққа қол жеткізудің мәні зор. Педагогикалық үрдісте толеранттықты өзге мәдениет пен этносқа төзімділікпен қарау деп түсініп, әлеуметтік ортада толерантты тұлғаны тәрбиелеуде «Нендей жағдайға болса да көне тұру», «Көңіл аудармау» дегендей тоқтатуларды пайдалансақ, онша қиындық тудырмайтындай көрінеді. Бірақ, оны тек толеранттыққа тәрбиелеудің қарапайым ғана алғашқы сатысы деуге боларлық. Әсіресе, қазақстандық жағдайда мұндай түсінікте қалатын болсақ, ол ұлтымыздың еңсесін тіктеп көтеруге бөгет жасап отырған құлдық психологияның шырмауынан шығуға кедергі жасауы мүмкін. Біздің ойымызша, қазақ жастарының бойында толеранттыққа тәрбиелеу дегенді өзгелермен өзара түсіністік, сыйластық, белсенді ынтымақтастық, терезесі тең болу деген мағынада түсіну керек. Қазақстан тәрізді өзге ешбір мемлекетте өз тіліне, ұлтына деген қарым-қатынас болмағандықтан, толеранттық тәрбиеде ұлттық құндылық, ұлттық намыс, ұлттық рух, ұлттық қасиет, ұлттық мінезді қалыптастыруға аса назар аудару қажет сияқты. Сондықтан да көпұлтты елімізге толеранттықты тәрбиелеу қалыптасқан патриотизммен түбірлес болуына аса мән беру қажет деген пікірдеміз. Педагогикада интернационалдық тәрбие, азаматтық тәрбие, патриоттық тәрбие бағыты адамгершілік тәрбиесімен үндес келетіндігін байқау қиын емес.
Ұлтаралық толеранттылық, ұлттар арасындағы қарым-қатынас, өзара түсіністік, бір-біріне деген құрмет және сүйіспеншілік негізінде ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетінің көрінісі ретінде айқындалады. ҚР білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасының міндеттерінде «Қазақстандық патриотизмді, толеранттылықты, жоғары мәдениеттілікті, адам құқықтары мен бостандығын құрметтеуге тәрбиелеу» қажеттігі көрсетілген.
Дидактикалық кешенге сілтемелер: