Күй, жүрек! Көл бол, жасым! Өртен, ішім!
Алдымда айнам жатыр бөбек пішін.
Сұм садақ кетсе де үзіп жас жүрегін
Жойған жоқ құлыншағым ерке түсін.
... Тандырған мені есімнен ғашықтық қой,
Бір тынбай сұр жыландай жаным жеген.
Өз бауыры, өз сүйгенін өз өлтірген
Болар ма: сірә, сорлы адам менен.
(“Батыр Баян” поэмасынан).
Ү. Инверсия - сөз орнын ауыстыру (латынша - іnversіo- орын өзгерту, төңкеру)- прозалық, әсіресе поэзиялық шығармларда сөздердің әдеттегі грамматикалық түзілу тәртібінен тыс, орындарын ауыстырып өзгеше тіркестер құру.
Қазағым1, таянды ғой3 қылта мойын2,
Жер, мал кетіп3 бос қалды4 біздің1 қойын2.
Қарашы3 өзіңе-өзің1 көз жүгіртіп2,
Жараспас3 енді1 өзіңе күлкі-ойын2.
(“Қазағым” ).
...Ер Баян1 көмді4 екеуін2 дөң басына3,
Түсірмей3 бір топырақ2 ортасына1.
...Отырды5 топыраққа1 ұзақ3 басын2 қойып4,
Шомылып3 қанды ыстық1 көз жасына2
(“Батыр Баян” поэмасынан).
ҮІ. Эллипсис (грекше-ellepsіs-түсіріп тастау, аттап айту)- сөйлем ішінде не өлең шумағында атап айтпаса да түсінікті кейбір сөздерді әдейі жазбай тастап кету.
...Жел білінбейд, сылдыр... сылдыр... көп қамыс,
Сылдыр... сылдыр... жақындады жат дыбыс.
...Өлер батыр.... тастар оны құм көміп....
Қарға-құзғын үстінде жүрер үңіліп....
Сыздық өлер.... алаш құрыр.... есіл ер ....
Бір мезгілде кетті ме көзі ілініп.
(“Ертегі” поэмасынан).
ҮІІ. Егіздеу (параллелизм) (грекше parallelos – қатар жүру,қатынасу)- екі ұдай нәрсені, құбылысты, ұғымды, сезімді қатар қойып, жұптап суреттеу. Бұл екіге бөлінеді:
а) синтаксистік, ә)психологиялық
а) синтаксистік,
...Шаңқай түсте өткір алтын Күн сұлу,
Жымыңдаған жұлдыздармен түн сұлу.
Толып жатыр түрлі сұлу дүниеде,
Бәрінен де маған, сәулем , сен сұлу.
(“Сен сұлу” ).
...Түріктің кім кеміткен музыкасын,
Фараби тоғыз шекті домбырасын?
Шерткенде тоқсан тоғыз түрлендіріп,
Жұбанып кім тыймаған көздің жасын ?
(“Түркістан” ).
ә) психологиялық
Шашың- толқын, жүрегімнің жарына,
Соғылды да баттым улы зарыма.
Айнам,саған арнап жырлар жазамын,
Қаламымды малып жүрек қанына
(“Жұлдызды жүзік...” ).
Сарғайдым күннен-күнге қуат кеміп,
Қалың ой- қара жылан жүректі еміп.
Ақырын бітіп барам жанған шамдай,
Көзіме ыстық жастар мөлт-мөлт келіп.
(“Сарғайдым” ).
Мағжан Жұмабаев
1893 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Булаев ауданы, ”Молодежный” совхозында дүниеге келген. Қазір осы совхоз Мағжан есімімен аталады. Ауыл мұғалімінен хат танып, сауат ашады.
1905-10 жылдары Қызылжардағы медреседе оқиды. Осында Фирдоуси, Низами, Омар Хаяйм, Низами, Науаи секілді ақындардың дастандарын түп нұсқадан оқып үйренеді.
1910 жылы білімін жетілдіру үшін Уфадағы Медресе-Ғалияға келеді. Осында татар халқының аяулы ұлы Ғ.Ибрагимовпен танысады. Ғ.Ибрагимовтың қамқорлығымен 1912 жылы Қазан қаласында Мағжанның ”Шолпан” деген атпен тұңғыш өлеңдер жинағы жарық көреді.
1913-16 жылдары Омбыдағы мұғалімдер семинариясына түседі.
1912-15 жылдары Мағжан осында А.Байтұрсыновпен, М.Дулатовпен кездеседіОлар Мағжанның еуропалық білім алуына, орыс тілін үйреніп, мәдениетімен етене жақын танысуына көп себін тигізген.
1916-19 жылдарда Мағжан ауылында болады. ”Бостандық туы ” газетінде істейді.
1922 жылы Мағжан қазақ совет қайраткері Нәзір Төреқұловтың шақыртуымен Ташкентке қоныс аударады. Осында Түркістан Компартиясы Орталық Комитетінің органы ”Ақ жол” газетінде жұмыс істейді.
1920-27 жылдары М.Жұмабаев шығармашылық биікке көтерілген кез болады.
1922 жылы Қазанда, 1923 жылы Ташкентте ақынның өлеңдер жинағы жарық көреді.
1923 –27 жылдары Москвадағы Жоғары әдебиет көркемөнер институтында оқиды. В.Брюсов басқарған осы институттуа оқып жүргенде орыс әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармаларымен батыс Европа елдерінің әдебиетін терең зерттеп оқиды.
Алайда осы кезеңдерде ақынның ескішіл, байшыл, ұлтшыл деген әр түрлі атпен қаралана бастаған кездері еді. Мағжан 1925 жылы Москвада оқып жүргенде “Алқа ” деген әдеби үйірме құрған еді.Жаулары осыны контрреволюциялық ұйым құрды деп санағандықтан, жаламен 1929 жылы 10 жылға абақтыға кесіледі. М.Горькийдің араша түсуімен 1936 жылы босанғанымен бостандықтағы өмірі ұзаққа бармайды. Петропавл қаласында мектепте уақытша істеп жүрген мұғалімдік қызметінен босатылған соң,1937 жылы наурыз айында Алматыға келеді.
Бұл кезде Алматыда біреудің үстінен біреу жала жазып, бірін-бірі ұстатып жатқан кез болатын.
1937 жылдың 30 желтоқсанында ұсталып, 1938 жылы 19 наурызда Ежов баскесерлерінің шешімімен “жапон шпионы” деген таңбамен атылды.
Мағжан Жұмабаевтың шығармаларының басылуы:
1. ”Шолпан” жинағы. Қазан 1912 жыл.
2. ”Мағжан Жұмабаевтың өлеңдері ”
Қазан 1922 жыл.
3. ”Мағжан Жұмабайұлының өлеңдері”
Ташкент 1923 жыл.
4. ”Мағжан Жұмабаев. Шығармалары”
Алматы, ”Жазушы” 1989 жыл.
5. ”Мағжан Жұмабаев”. таңдамалы.
Алматы,”Ғылым” 1992 жыл.
6. ”Мағжан Жұмабаев. Шығармалары”
Анкара,Түрік мәдениетін зерттеу институты
1993 жыл.
7. ”Мағжан Жұмабаев. Шығармалары”
Алматы ,”Білім” 1995 жыл.
Мағжан Жұмабаевтың шығармалары:
І. Өлеңдері
жазылу мерзіміне қарай :
1. 1911-17 жылдар,
2. 1917-22 жылдар,
3. 1923-37 жылдар деп топтауға болады.
ІІ. Поэмалары
1. ”Қорқыт ”
2. ”Ертегі ”
3. ”Оқжетпестің қиясында ”
4. ”Қойлыбайдың қобызы ”
5. ”Батыр Баян”
6. ”Жүсіп хан ”
7. ”Қаныш бай қиссасы”
8. ”Өтірік ертек”
9. ”Тоқсанның тобы ”
10. ”Толғау”
ІІІ. Әңгіме
1. ”Шолпанның күнәсі”
ІҮ. Аудармалары
1. Көңілде қайғы қалдырмас (Арабтан)
2. Бала мен құс (орысшадан)
3. Ертеңгі сәулелер (орысшадан)
4. Шалдың үміті (Кольцовтан)
5. Екі бетің сұлу қыз (Гейнеден)
6. Тұтқын (Лермонтовтан)
7. Орман патшасы (Гетеден)
8. М.Горькийден
а) Жұртын сүйген жүрек.
ә) Сұңқар жыры
б) Ана
в) Темірді жұмсартқан ана
г) Хан мен ұлы
9.В.Ивановтан
а) Бала
ә) Өз өмірімнен әңгіме (М.Горькийге арналған)
б) Темірбай
в) Жолығу
г) Сай
10.Ақбозат (Мамин Сибиряктан)
11.Большевик баласы (П.Дороховтан)
Ү.Ғылыми еңбектері
1. Педагогика
ҮІ.Мақалалары
1. Бірінші май мейрамы
2. Жазылашақ оқу құралдары һәм мектебіміз.
3. Сайлау
4. Ақан сері
5. Бернияз Күлеев
6. Базар жырау
7. Әбубәкір ақсақал Дибаев
8. Наурыз
Мағжан Жұмабаев туралы жазылған еңбектерден
...Әдебиеті жаңа аяқтанып, әдебиет тілі енді жасалынып келе жатқан жұртта Мағжандай ақындардың қызметі зор екені анық. Осы күнге дейін Түркістанда қойшылар тілі саналып келген, ресми қағаздар жазуға, кітаптар жазуға жарамсыз делініп келген қазақ-қырғыз тілі іске асуы былай тұрсын, өнерге асатын, бай, жатық, таза ,өткір, әдемі тіл екенін Мағжан өлеңдері көрсете алады.
С.Қожанұлы
...Мағжан - алдымен сыршыл ақын. Мағжан сөзіндей ”тілге жұмсақ, жүрекке жылы тиетін” үлбіреген нәзік әуез қазақтың бұрынғы ақындарында болған емес. Мағжан не жазса да сырлы, көркем, сәнді жазады.
Ж.Аймауытов
...Өлеңге тәтті күй, нәзік сезім, майда тіл тудыру жағынан Мағжаннан артық қызмет істегені жоқ. Мағжан өлеңдерінің оқушының сезімін де, ойын да тәрбиелейтін өзгеше артық күші бар.
”Еңбекші қазақ” газеті
1923жыл, январь.
...Қазақ жазушыларынан, әрине, Абайды сүйемін.
Бұдан соң Мағжанды сүйемін. Европалығын, жарқырағын, әшекейін сүйемін. Қазақ ақындарының қара қордалы ауылында туып, европадағы мәдениет пен сұлулық сарайына барып, жайлауы жарасқан арқа қызын көргендей боламын.
Мағжан - культурасы зор ақын. Сыртқы кестенің келісімді мен күйшілдігіне қарағанда, бұл бір заманның шегінен асқандай. Бүгінгі күннің бар жазушыларының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз Мағжанның сөзі. Одан басқамыздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін.
М.Әуезов
...М.Жұмабаев - ақын. Оның құдіретті лирикасы Абайдан соңғы дәуірдегі қазақтың ауыз әдебиетіне де, жазба әдебиетіне де өзінің ықпалын үздіксіз жүргізіп келді. Қазақтың қазіргі өлең тілінде ғажайып сұлу сөз ұстасының әсем әуенінің сиқырлы сазы әрдайым естіліп тұратын сияқты.
Хайролла Махмудов
...Мағжан ғалым, тәжірибелі шебер оқытушы еді. Лекциялық сабақта болсын, практикалық сабақта болсын, ол қағазға, кітапқа қарамайтын. Сөз арасында келтіретін мысал өлеңдері мен әңгімелерді түгел жатқа айтатын. Декламация оқып тұрған тәрізді барлық нәшін, сипатын, қимылын келтіріп айтатын.
Б.Кенжебаев
Ақындық жағына келгенде, Мағжан, әрине қазақтың күшті ақындарынан саналады. Қазақтың тілін байыту ретінде, әдебиетіне түрлер енгізу ретінде Мағжанның еңбегі көп. Абайдан кейін тіл өнегесіне Мағжаннан асқан ақын қазақта жоқ.
С.Мұқанов
..Ақын өзен, тұнған теңіз дүниесі де ақын өмірінің бір шындығы секілді. Судағы қуаныштың қалай басталып, қалай аяқталғаны алты жолдық өлеңді ұзақ хикаяға айналдырып жібергендей. Жырдың архитектоникалық бейнесі мен музыкалық үндестігі сондай сұлу келісім тапқан, өз деміңмен бірге жаралған дүниедей сезінесің.(“Толқын” өлеңі)
Ә.Тәжібаев
...Мағжан Жұмабаевтың творчестволық жолы-ақынның өз өмірі тәріздес бұралаңы болса да, буырқанған шабытты ізденістері мол, нағыз поэзия биігіне самғаған, оның нелер асқақ асуларынан асқан жомарт жемісті жол.
Ш.Елеукенов
Поэзия әлемінде айрықша із қалдырған, өзіндік үлкен өнер, өрнек тудырған, терең сырға, ұшқыр қиялға толы өлең дүниесін кейінгіге аманат етіп қалдырған ақын - Мағжан Жұмабаев.
М.Базарбаев
Алматы облыстық академик Ш.Смағұлов атындағы мектеп-интернатының 11 “Ә” сыныбының оқушысы Бақытнұрқызы Әдемінің “М.Жұмабаев поэзиясында троп пен фигура түрлерінің қолданылуы” тақырыбында жазған ғылыми жұмысына
ПІКІР
Қазақ поэзиясында өзіндік жол салып, өз қолтаңбасын айқындап кеткен ерен жүйрік, сыршыл ақын Мағжан Жұмабаев поэзиясының көркемдігі туралы жазылған бұл еңбек ақын шығармаларымен таныс оқырман мен мағжантануда зерттеу еңбек жазып жүрген ізденушілер үшін соншалық үлкен жаңалық болып көрінбеуі мүмкін.
Алайда, талапты жастың таным тамырында әдебиет пәнінен алған білімі өз әсерін беріп, Мағжанның сыршыл да көркем, суретті де сұлу поэзиясын зерттеуге қадам жасауы қуантады.
Балаң зерттеуші Мағжан өлеңдерінің ішкі қуатына назар аударады. Өлең тілінің өмір суретін көрсетудегі тереңдігі мен бейнелілігіне ,
өлеңдегі әдеби көркемдегіш құралдардың (теңеу мен эпитет, троп пен фигура) қолданылуына орынды талдаулар жасап, нақты мысалдармен тұжырымдай білген.
Ақын шығармаларын зерттеу барысында мағжандық сөз қолданыстары мен образдар, соны тіркестер де ұмыт қалмаған. Олардың ақын ойын жеткізудегі қажеттілігі мен мазмұндылығына ерекше тоқталған.
Жалпы көркем шығармаға әдебиет теориясы тұрғысынан талдау жасауға көп зерттеушілердің батылы бара бермейді. Осындай күрделі тақырыпқа оқушы батыл барып, өз пайымдауларын орнықты жеткізуге тырысқан. Бұл еңбекте оқушы әдебиет пәнінен, теориясынан алған біршама білімі барлығын байқатады.
Оқушының өлеңді талдай білетіндігін және ондағы негізгі сүбелі мәселелерді анықтап көрсете алатындығын көруімізге әбден болады.
Жас зерттеуші Мағжан поэзиясының көркемдігін, тамаша образдылық сипаттарын ашуда жақсы еңбек еткен.
Әділов Б.Т
қазақ әдебиет пәнінің мұғалімі,
Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері.
15.ХІІ.2004 жыл