Айтыстың көркемдік ерекшелігі 1 страница

Өлшеусіз талант әрі әнші екі саңлақтың шешен сөздері – өзінің көркемдік жағынан күні бүгінге дейін үлгі. Бұл айтыстың сөздері анықтық, тазалық, дәлдік жағынан болсын, көркемдік, сұлулық жағынан болсын қазақ поэзиясының төрінен орын алады. Үздік теңеу, эпитет, жалпы троп пен фигураның бұл айтыстан небір шұрайлылары табылады.

Ақиық, мұзбалақпын жерге түспес, Кең қолтық арғымақпын алқымы іспес, –

деген жолдардағы эпитеттік метафоралар, "қырандай желді күнгі аспандаймын" деген жолдағы теңеу үздік образдар екені сөзсіз. Біржан өзін де, біреуді де дәріптегенде, өте шебер және көбірек қолданатын әдісі – метафора, әсіресе оның ұлғайған түрі. Сол көркем сөз айшықтарын екі ақын да өз арман-мұраттарын, мұң-шерін айтып беру үшін шебер пайдалана білген. Біржан сөздеріндегі алуан түрлі эпитет, метафоралар, Сара сөзіндегі үздік теңеулер соны да көркем. Біржан мен Сара айтыстарында ақындық көркем тілдің және бір түрі — ирония мен сарказмды шебер де ұтымды қолданған. Әсіресе айтыстың соңында Сараның Жиенқұлды шақыр деген жеріндегі сөз, сөйлем құрылысын алсақ, түгелдей ирония, сарказмға құрылады.

Көрінсін Біржан салға ай секілді, Ақ құйрық көңіл ашар шай секілді, Ұсынса, қол жетпейтін арғымағым, Біржанға баламаймын тай секілді...

Мұнда сөйлемнің сыртқы құрылысы көркем, асыра мақтау болса да, ішкі мазмұнында Жиенқұлдың шын суреті мен шын қасиеті бұл мақтауды жоққа шығарады да, оны иронияға (әжуаға) айналдырады. Мұнда сырт жағынан болса да мақтау бар. Ал екінші үзіндіде Сара Жиенқұлды ашық шенейді:

Қонжиып мінер Құла жорға барса, Келе алмас ол шірігің қорғаласа, Ол бізді шын масқара қылар сонда, Қорс етіп бармаймын деп үйде қалса.

Алдыңғы үзіндіде ішкі мазмұнына сыртқы құрылысы керісінше келсе, соңғы үзіндіде өзінің барлық күйін ашық, улы сарказммен айтып, Жиенқұлды өлтіре сынайды. Сол арқылы өз басын малға сатып, сүймеген адамына бергелі отырған айналасына да наразылығын білдіреді. Сөйтіп, "Біржан мен Сара" айтысының негізгі түйіні – әйелдің бас бостандығы. Өткен ғасырда екі саңлақтың үн қосып, әйелдің бас бостандығын жырға арқау етуі, ескі феодалдық салтқа қарсы шығуы өз дәуірі үшін прогресшіл идея еді. Құрылысы, түрі жағынан алғанда, бұл айтыс – салт айтыстың ең биігі.

Айтыс — Дәстүр

Айтыс - әдебиет жанры болғанымен, ертеден қалыптасқан халықтық дәстүрдің үлкен түрі. Ойын, той, ас, қыз ұзату, келін түсіру сияқты қазақ тойлары жүйрік ат, білекті палуандармен бірге айтыс ақындары да қатысып, олар айтыс арқылы той қызығы мен мәртебесін көтере түскен. Әрине мұндай жерде айтыстардың өз мақсаты, талабы, шарты бар. Көшпелі елдің қызық-қуанышын бөлісіп келген айтыс халқымыздың сан алуан ойын-той, әр түрлі дәстүрлі думандарда қуана қызықтайтын театры іспеттес болған. Жұрт көпшілік алдында сөз сайысына түскен екі ақынның жеңіске жету жолындағы тапқырлықтары мен алғырлықтарына куә болып, солардың біреуінің намысын жыртып, тілеуін тілейтін жанкүйеріне айналады. Бұған айтыстың сауықшылдық, эстетикалық ләззат беретін сипаттары да айтарлықтай қызмет атқарады. “Аттың жалы, түйенің қомында” дегендей көп дайындықты керек етпейтін айтыс кез келген жерде өте береді де, мұның тыңдаушысы да, бағасын беріп төрелік айтушысы да халық немесе қадірлі ел ақсақалдары болады. Айтыстың дәстүрлі өнерге айналуына көшпелі өмір салты тікелей әсер еткені байқалады. Көшпелі елде шілдехана, ойын-тойға ерекше мән беріліп, қонақ кәдеден бастап, кішігірім ауыл айтыстары да өтіп отырған. Бұлар ертеңгі көрнекті айтысқа бастайтын дайындық тәрізді бүкілхалықтық сипат алған. Арқалы айтыс ақындары бірін-бірі іздеп келіп айтысатын дәстүрге жалғасты. Бір де бір үлкен жиын, ас-той ақындар айтысынсыз өтпейтін болды. Бұл дәстүр айтыстың сан алуан мазмұнды, мол ауқымды жанрға ұласуына қолайлы жағдай жасады.

Айтыс ақындары

Қазақ қоғамында ақынның ақын болып танылуы да тек айтыс арқылы жүзеге асқан. Көбіне-көп айтыста жеңілген ақын өткен айтысты ел арасына таратуға міндетті саналған. Сөйтіп, бір-біріне логикалық ой-жүйемен терең жымдасқан екі ақынның өлеңдері біртұтас дүниеге, қисса, дастан секілді желілі шығармаға айналған. Айтыс ақындарының ұғымында өлең белгілі бір кісіге қонатын өнер саналған. Кемпірбай, Базар, Бұдабай, Бақтыбай, Сүйінбай, Жамбыл тәрізді ақындар өлеңнің “киесі бар, иесі бар” деп білген. Мысалы, Бұдабай, Бақтыбай, Жанақ ақындар түсінде бір ақсақалды әулиенің “өлең аласың ба, көген аласың ба?” деген таңдатуынан соң, өздерінің өлеңді қалағандарын айтады. Бұл табиғатынан осы өнер түріне бейім жаратылған ақындардың ой-қиялының жемісі болуы да ғажап емес.

Өнер жарысы

Айтыс – ақынның талантын шыңдайтын үлкен өнер жарысы. Өткен ғасырда Жанақ, Сабырбай, Шөже, Сүйінбай сияқты ғажайып айтыс ақындары болған. Бұл үлкен дәстүрді қазір Әсия, Әселхан, Қонысбай, Баянғали, Әлфия, Абаш, Мұхамеджан сияқты айтыс ақындары жалғастырып келе жатыр.

Жанры

Айтыстың алғашқы бұлақ көзі тұрмыс-салт жырларындағы “Жар-жар” мен “Бәдік” жырларынан басталған. Кейін қыз бен жігіт айтысына да (қайым өлең) ұласқан. Келелі ақындар айтысы — екі дай жұрттың ортасында бетпе-бет отырып, қолма-қол шығарылып айтылады. Қазақ айтыстары жанрлық сипаты жағынан түре айтыс, сүре айтыс болып екіге бөлінеді. Алғашқысына бір-бір ауыз өлеңмен қайырылатын айтыстар жатса (“Жар-жар”, “Бәдік”), кейінгісіне келелі, кесек ақындар айтысы енеді (“Ақсұлу мен Кеншімбай”, “Әсет пен Ырысжан”, “Сүйінбай мен Қатаған”, “Жамбыл мен Құлмамбет”, “Молда Мұса мен Манат қыз”, “Кемпірбай мен Шөже”, “Орынбай мен Тоғжан”, “Біржан мен Сара” тағы басқа). Айтыс мазмұндық сипатына қарай, әдет-ғұрып айтысы және ақындар айтысына жүйеленеді. Соңғысы тақырып аясына қарай жұмбақ айтыс, мадақ айтыс, тағы басқа болып жіктеледі.

Маңызы

Айтыстың негізгі салмағы да, түйіні де өмір шындығы. Бетпе-бет келген екі ақын да сол орайда жеңудің сан алуан жолдарын, амал-тәсілдерін қарастырады. Ә дегеннен амандасу, ел жағдайын сұраудың өзінде айтыс боларлық түйін, сын тағарлық мәселелер іздестіріледі. Қарсыластардың қай-қайсысы да негізгі уәж, аталы ойларын бірден жайып салмай, аңысын аңдап, құрылған тор, айлалы қақпанға түсіруді көздейді. Оның алдын орап, матап, шырмап, қисынды да уәжді сөзбен тоспақ болады. Машығы мол, айла-тәсілі көп, аталы сөзді орнымен қолдана білген ақын ғана мәрелі жеңіске жетеді. Суырып салма өлеңге ысылған, ағыл-тегіл жыр иесі айтыста сөз таппағаннан жеңілмейді, аталы сөзден, жүйелі ойдан, бұлтартпас шындықтан тосылады. Мұны қанша өкінішті болса да жұрт алдында ашық мойындауға, кейінгі жырлау кезінде жасырмай айтуға мәжбүр болған. Бұл шыншылдық ойды “Аталы сөзге арсыз жауап қайырады” деген мәтелімен айтыстың әділ қазысы болған халық өзі түйіндеп отырған.

Көне деректер

Айтыс түркі елдерінде көне дәуірден белгілі. Махмұд Қашқаридің “Диуани-лұғат-ат түрк” атты еңбегіндегі “Жаз бен Қыстың айтысы”, Қожа Ахмет Иасауидің “Диуани хикметіндегі” Жұмақ пен Дозақтың айтысы” бұл жанрдың ғасырлар қойнауына жол тартатынын аңғартады.

Әуезовтың зерттеу еңбегі

«Қазақ әдебиетінің тарихына» енген (1-том, 2-кітап, 1960, 671-714-беттер). Ал Әуезовтің 1948 жылы жазған «Айтыс өлеңдері» атты еңбегінде ол «Совет ақындарының айтысы» деген атпен берілген. Еңбекте автор қазақ халқының ежелден келе жатқан төл өнері - айтыстың жаңа заман, жаңа кезеңдегі өзіндік ерекшеліктерін айқындайды. Егер өткен дәуірлердегі айтыстарда ақынның негізгі арқа сүйері ру, ата-баба сияқты ескі әдет-салттар болса, кейінгі ақындар өздерінің елі, ұжымшар, аудан, қала, облыс жайын тілге тиек етеді. Сол арқылы сын мен өзара сынды өткірлеп, өрістете түседі. 1922 жылы Семейдің екі ақыны (Иса мен Нүрлыбек)бірі қала, екіншісі ауыл атынан айтысқанын, «Шашубайдың қасқырмен айтысын» (1932) мысалға келтіріп, айтыс өнерінің жаңаша мазмұн, түр сипатқа ие бола бастағанын сөз етеді.Осы сияқты «Қасқыр мен қойдың айтысы», «Қарагер ат пен директордың айтысы», «Бай мен кедей айтысы» туралы, 1939 жылы Алматыда өткен Нартай мен Нүрлыбектің айтысына және 1943 жылы республикалық көлемде өткен үлкен айтыстың кейбіріне қысқаша тоқталады. Жазушы кеңес кезеңіндегі айтыстарда қоғамдық-әлеуметтік, шаруашылық мәселелері мейлінше кең, терең толғаныспен сөз болатынын атап көрсетеді.[3]

Әуезовтың айтыс туралы ой-пікірлері

Әуезовтің айтыс жанры туралы сүбелі еңбегінің бірі - 1946 жылы Жамбылдың 100 жылдық мерейтойында жасаған «Жамбылдың айтыстағы өнері» дейтін баяндамасы («ҚазКСР ғылым академиясының хабарлары. Әдебиет сериясы», 1948, N2 55). Бұл еңбегінде автор ақындар айтысының үш халықта - қазақ, қырғыз, қарақалпақтарда бар екенін айтады. Ақындар айтысына ұқсас жанрдың көшпелі араб тайпаларында бар екеніне (мұғалақат) тоқталып, қазір ірі жанр ретінде жоқ болғанмен, ертерек уақыттарда Еуропа халықтарында да айтысқа ұқсас жанрлар болғанын атап көрсетеді. Айтыскер ақынға тән қасиеттер ретінде алғыр импровизаторлық қасиет, дүниетанымның кеңдігі, тапқырлық, батылдық тағы басқа қасиеттерді санамалап айтқан. Жамбыл айтыскерлігін мысалға ала отырып, айтыстағы демократиялық үрдістің дамуын және жыршылық дәстүрдің айтыс ішіне кіру ерекшеліктерін талдаған. Айтыс жанры - 19 ғасырда Ш. Уәлиханов, В. Радловтардан басталған үлкен ғылыми-зерттеу тарихы бар жанр. Әуезовтің әсіресе 50-жылдардағы зерттеулері бұл саланы жаңа сапалық биікке көтерді. Қазақ КСР Ғылым академиясының М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының 1960, 1964 жылдары шығарған «Қазақ әдебиеті тарихында» (1-том, 1,2-кітаптар) дәстүрлі айтысқа және кеңес дәуіріндегі айтыстарға арналған тарауларында айтыс жанрының зерттелуі туралы салиқалы ойлар келтірілген. Ондағы «Айтыс» тарауын, 60-жылдарда шыққан 3 томдық «Айтыс» жинағының алғы сөздерін Әуезов жазып, айтыс поэтикасы туралы озық ойлар, тартымды тұжырымдар айтқан. Айтыстың жиналуына, зерттелуіне қал-қадерінше еңбек сіңірген алғашқы ғалымдар Ш. Уәлиханов, В. Радлов, Ә. Диваевтардың еңбектеріне тоқталған. Әуезовтің «Ақындар айтысы - көпшілік алдында, тындаушы, сыншы журттың көз алдында туып, орындалады. Әнмен не әр ақынның арнаулы сарынымен: қобыз- ға, домбыраға, гармонға қосылып айтылады.Ақындардың бірі жеңіп, бірінің жеңілгеніне төрелік айтушы да сол жиынның өзі болады» деген пікірлерін айтыс поэтикасының негізі, әліппесі деу керек. Тыңдаушы орта жайындағы пікірлері де әлі күнге дейін өте маңызды. «Оның үстіне, көбінесе, тыңдаушы жұрт екі жақ болып, екі ақынның туысы, тілеулесі, жақын ортасы болады. Сондықтан тартыс, талас тек екі ақын арасында ғана емес, бәсеке тілеулестік екі жарылған жиында да болады» деген қағидалар усынады. «Осы айтылған ерекшеліктердің барлығы, ақындар айтысын, тыңдаушы көпшілік үшін әр кезде театрлық, драмалық аса қызу әсері бар, өнер түріне айналдырады» деп, айтыста драматизм элементтері, театрлық белгілер бар екеніне ден қояды. Әуезов ақындар айтысы салт айтысының дамуы негізінде шыққанын, 16-18 ғасырлардағы ақындар айтысының бізге жетпегенін айтады. Арабтардағы«мұғаллақат», Үндістан, Иран елдерінде «мұшайра» жанрлары талданған Еуропа халықтарындағы импровизация белгілері бар әдеби фактілер келтірілген. Ақындар айтысы (қазіргідей, бірден жазып алынбаған)дәл айтылған қалпында сақталмайды, айтушылар ақынның өзі, одан ұғып алған басқа ақындар,шәкірттері негізін сақтай отыра жырлайды, бірақ бәрібір өзгеріске үшырап, редакцияланады. Жеңу мен жеңілу мәселесіне талдау жасалып, құр шешендіктен, төкпеліктен гөрі логикалық қарым негізгі себеп екенін дәлелдеген. Айтыстың тақырыбы мен идеясына келгенде, таптың, халықтың мәселелерін қарап, ақынның идеялық көзқарастарынан барып туындайтын айтыскерлік бітім, шығармашылық ерекшеліктері талданады. Әуезов айтысты негізінде - әдет-салт айтысы және ақындар айтысы - деп екі түрге жіктеген. Ақындар айтысын -түре айтыс және сүре айтысқа бөлді. Ғалымның айтыс түрлеріне берген анықтамалары әлі күнге айтыс түрлерін ажыратудағы негізгі пікір болыпмкеледі. Түре айтыстың бір шумақ өлеңін екі түрге ажыратқан. Бірі - қайым өлең, екіншісі - қара өлең. Әдет-салт айтыстары «аса ескісі, жекелеген айтыс емес, топ-топ болып айтысқан, салттан туған, ескілікті наным әдеттерден туған айтыс» деп, бұл айтыстарды діни салт айтыстарына (бәдік), үйлену салт айтыстарына (жар-жар) жіктеген. «... әдет-салт айтыстарында «жеңу», «жеңілу» сияқты қорытындылар болмайды» дейді. Ақындар айтысына тусуші ақындардың өзіндік стилі, ерекшеліктері болғанымен, көп ақындарға тән тақырыптар, мотивтер болатынын айта келіп, ең алдымен көп жағдайда ақындар алдымен өздерін мадақтайтынын,белгілі бір ру, тайпаның мүддесін көздейтіндігін,белгілі бір әлеуметтік топтың жоқшысы болатындығын айтады. Бір топ ақындар ауқатты үстем тап өкілдерінің мүддесін көздесе, екінші бір топ ақындардың жалпы халық мүддесіне жақын тұратынын мысалдармен дәлелдеген. Бұл еңбекте Жамбыл, Құлмамбет, Майкөт, Сүйінбай, Біржан-Сара айтыстарына баға беріліп талданған. Тараудың соңында діни айтыстардың табиғатына тоқталады.«Қазақ әдебиеті тарихының» 1-томының 2-кітабындағы «Айтыс» тарауында кеңес дәуіріндегі айтыстар қаралады. Бул дәуірдегі айтыстың дәстүрлі айтыспен қарым-қатынасы, ұқсайтын, ұқсамайтын жақтары қарастырылып, осы ерекшеліктерді тудыратын себептер айтылған. Қоғамдағы ірі өзгерістерге, белгілі оқиғаларға байланысты жаңа тақырыптардың тууы, ақындардың өзіне баға берудегі өзгешеліктер, жаңа жағдай туғызған ақындық этика нормалары, шаруашылық мәселелерін тақырып ету, белгілі оқиға, тақырыпқа бейімдеп айтысу, жазып айтысу тағы басқа айтыс проблемаларын Әуезовтің зерттеулерінен көреміз. Кеңес өкіметі кезіндегі ақындар айтысы туралы ойларын сол кездегі идеологиялық талаптарға сәйкес талдаған жерлері де бар. Иса Байзақов, Шашубай Қошқарбаев, Нұрлыбек Баймуратов, Көшен Елеуов, Нартай Бекежанов тағы басқа ақындардың айтыскерлік ерекшеліктеріне жан-жақты баға берілген. Әуезов 1943 жылы Алматыда өткен 1-республикалық ақындар айтысына ғылыми қорытынды жасап, баға берді. 1961 жылы өткен халық ақындарының республикалық мәслихатын да басқарады. Осы күнге дейін Әуезовтің айтыс жанры туралы, әсіресе айтыс поэтикасы туралы зерттеулері қазақ әдебиеттану ғылымындағы ең озық еңбектер болып саналады.

"Айтыс аяқталды, жұмыс жалғасуда" мақала

«Литературная газетада» 1959 жылы 24 ақпанда жарияланған. Мәскеудегі Орталық әдебиетшілер үйінде өзбек әдебиетін талқылау туралы жиында Әуезов бұл туысынан әдебиеттің сол кездегі жағдайы мен дамуы жөнінде келелі пікір қозғап, салиқалы ойлар айтқан. Орыс әдебиет сыншысы А. Караваева сынаған П. Қадыровтың«Үш тамыр» романына өзінің жылы пікірін білдірген. Сондай-ақ Әуезов бүкіл өзбек әдебиетінің жай-күйіне де әділ баға беріп, оның алдағы уақытта даму процесі туралы нақты ұсыныстарын ортаға салған. КСРО кезінде ұлттық әдебиеттің одақтас республикалар әдебиеті мен өнерінің он күндігін өткізіп туру дәстүрі ұлттық әдебиетті дамытуға игі ықпалын тигізген еді. Ол ұлттық әдебиеттің жетістік-кемшіліктерін кеңінен талдауға мүмкіндік берді. Сөйтіп жазушы немесе ақын өз шығармасына назар аударылғанын бірден сезінді. Сондықтан Әуезовтің бұл мақаласы бауырлас өзбек қаламгерлеріне шабыт беріп, жаңа шығармаларын терең құлшыныспен жазуға жетелегені анық.

Айтыс өлеңдері

«Айтыс өлеңдері», жазушының зерттеу еңбегі. 1948 жылы шыққан «Қазақ әдебиетінің тарихына» (1-том, 237-267-беттер) арнап жазған. Кейін Әуезовтің «Әр жылдар ойлары» атты (1959, 318-359-беттер), 12 томдық (11-том, 1969, 421-471-беттер), 20 томдық (17-том, 1985, 279-336-беттер) шығармалар жинағына енген. Ал 1960жылы шыққан «Қазақ әдебиетінің тарихына (1-том, 1-кітап, 671-714-беттер) енген нұсқасында айтыс өлендерінің жиналып, зерттелуі жайлы және басқа аздаған толықтырулар қосылған. 1948 жылы нұсқадағы «Совет ақындарының айтысы» атты тарауы «Қазақ әдебиетінің тарихы» 1-том, 2-кітабына (1964, 194-240-беттер)«Айтыс» деген атаумен еніп, оны О. Нұрмағамбетова жалғастырып, толықтырған. Айтыс өлеңдері туралы Әуезов алғаш рет 1927 жылы шыққан «Әдебиет тарихы» кітабында және 1939-1940 жылдары Л. Соболевпен бірге жазған «Қазақ халқының эпосы мен фольклоры» («Эпос и фольклор казахского народа») атты еңбегінде қысқаша тоқталған. Әуезов кейінгі зерттеуінде айтыс өлеңдерінің жиналып, зерттелу тарихына және басқа халықтардың ауыз әдебиетінде кездесетін кейбір ұқсас жанрларына қысқаша шолу жасап, қазақ айтыс өлеңдерінің өзіндік әр алуан ерекшелік, өзгешеліктерін ашып айқындайды.Айтыс өлеңдері ауыз әдебиетінің сонау ескі замандардан келе жатқан ең көне әрі кең тараған мол түрі болумен қатар, онда халық театр өнерінің де «анық, дәл үрығы бар деуге болады» деген пікір айтады. Айтыс өлендерін автор әдет-салт айтысы және ақындар айтысы деп, үлкен екі түрге бөліп, әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, талдаулар жасайды. Әдет-салт айтысын өте ескіден келе жатқан түрлі наным, салттан туған, топ-топ болып айтысатын «бәдік айтыс» және «жар-жар» деп екі түрге бөліп қарастырады. Ақындар айтысын сыртқы көлеміне, түр ерекшелігіне қарай «түре айтыс» және «сүре айтыс» деп екі топқа бөліп, түре айтыстың өзін «қайым өлең», «қара өлең» деп екі үлгіге жіктейді. Мұнда жазушы айтыс өнерінің жүйрігі ретінде аты шыққан Біржан, Сара, Майкөт, Сүйінбай, Құлмамбет, Шөже, Жамбыл, Әсет, Ырысжан,Кемпірбай, Шәдітәре, Манат қыз, Түбек тағы басқа ақындар айтысының кейбір үлгілеріне тоқталған.[4]

"Ақан сері – Ақтоқты" – Ғабит Мүсіреповтың 1941 жазған тарихи шығармасы. Пьеса қазақ әдебиетінің дараматургия саласындағы шоқтығы биік туындылардың біріне айналды. Шығармада ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген қазақ халқының әйгілі әнші-композиторы, әрі ақыны, сал-серісі Ақан Қорамсаұлының өмірін суреттейтін және замана шындығын танытатын тарихи шындық сипатталады. Бұл пьеса 4 перделі, 5 суретті драма. Драматург осы шығармасының 2 түрлі нұсқасын жазған. Пьеса романтизм үлгісінде жазылған. Пьесада Ақанның кішкентайынан бастап өнер жолына шығуы,тыныс-тіршілігі түгелімен көрініс табады. Ақан жас кезінде көбінесе махаббатты, сұлулықты жырласа, есейе келе сүйіспеншілік тақырыбына ел мәселесі де қосылады. Ол бай-болыстардың қараңғы халыққа көрсеткен озбырлығын, қастандығын ашық түрде айтады. Қазақ елінің Ресей қосылу тарихының маңызын тереңнен түсіне алмады және осы жайлар кейбір қайшылықтарға да әкеліп соқтырды.Өмірде Ақан серінің өз басының қайғы-қасіреті де көп болған адам. Оның сүйіп қосылған жарының өмірі қысқа болып, жалғыз ұлы мылқау болады. Ақтоқтыдай сұлу қызға ғашық болып, үйленбек мұратына жете алмайды. Сөйтіп ол Ұрқия деген қызға үйленіп, үш айдан кейін шешек ауруынан ол да қайтыс болады. Бір басына осы жылы қайғы тым ауыр тиеді. Оның қыран құсы Қараторғай өледі. Қасқырға салған уды жеп тазысы да өледі. Құлагердей пырағы опасыз байлардың қолынан мерт болады. Ақан патшаның отаршыларынан да опасыздық, зорлық көріп, туған жерінен айырылып, жалғыз мылқау ұлын қасына алып, мұңлы жүрегіне домбырасы жұбаныш болып, елден безіп, көл жағасында қайғырып күн кешеді. Оған елдің «Ақан сері перінің қызымен көңіл қосыпты» деген сөздері жаралы жүрегіне бата түседі. Ақан Қорамсаұлы өмірден осындай ауыр қайғы-қасірет пен азап көреді. Ол қартайып, ұзақ уақыт науқастанып 1913 жылы жездесінің қолында қайтыс болады. «Ақан сері - Ақтоқты» трагедиясы жайлы қазақ зиялыларының пікірлерін назарларыңызға ұсынамыз.

Қабдеш Жұмаділов: «Ғабеңнің прозасы өз алдына. Ал әдебиеттегі үлкен қыры – драматургтігі. Кейде «Жазушының прозасы мықты ма, әлде драматургиясы мықты ма?» деп ойлаймын. Қарап тұрсаң, екеуі тең түсетіндей.Мысалы, «Қозы Көрпеш– Баян сұлу», «Ақан сері–Ақтоқты», «Қыз Жібек» пьесалары қандай! Басқа біреудің қолына түскенде, «жібекті түте алмаған жүн етеді» демекші, бүлдіріп алар ма еді? Осы туындылардың бәрін Ғабиттің жазғаны дұрыс болды. Қас шебердің қолына түскен халықтың асыл қазынасының қайта ел алдына шыққанының өзі бір бақыт дер едім. Ғабеңнің драматургиялық шығармаларының сонау 1930 жылдардан бері сахнадан түспеуі – қазақ фольклорымен, тұрмысымен байланысты болуында. Мәселен, Ақан сері – халқымыздың ұғымында көрнекті бейне. Оның басындағы трагедияны көрсету, Ақтоқтымен арадағы махаббатты бейнелеуі сәтті шыққан. Ал «Қозы Көрпеш–Баян сұлуы» – шедевр туынды. Бір міні жоқ. «Ақан сері–Ақтоқтыда» заман ағымына байланысты бір-ақ әттеген-ай бар. Ол уақытта дінді, хазіреттерді жамандау сәнге айналғандықтан, Ақанның ұстазы болған Науан хазіретті жағымсыз бейнелеген Ғабең де сол араға кішкене «ілініп» қалған. Шындығында, Науан хазірет – үлкен қайраткер болған адам. Кейін Ақан сері жайлы роман жазған Сәкен Жүнісов те Науан хазіретті ұнамсыз кейіпкер ретінде бейнеледі. Болашақ ұрпақ осы қателікті түзететін шығар.»

Наши рекомендации