Жастардың рухани қалыптасуының әлеуметтік мәселелері
Қандай мемлекет болмасын өзінің даму барысында басынан бірқатар өтпелі кезеңдерді өткізетіні белгілі. Бұл тарихи даму заңдылығы және ол барлық елдер үшін ортақ аксиома. Трансформациялану процесі немесе өтпелі кезең қиындығы сол мемлекет ішінде өтіп жатқан реформалардың деңгейі мен тереңдігіне байланысты. Міне, осындай құбылыс ұзақ жылдар бойы Кеңес Одағының құрамдас бөлігі болып келген Қазақстанды да айналып өтпеді. Жалпы қоғамдағы өзгерістер жайлы ой шерткенде, бірінші кезекте азаматтардың материалдық жағдайы туралы көп айтылып, олардың рухани құндылықтары шет қалатыны бар. Шын мәнінде, қандай да болмасын қоғамдық өзгерістер барысында өз қалпына қайта келуі қиын, әлсіз буын осы рухани сала болып табылады.Міне, дәл осылай Кеңестер Одағы ыдырағаннан кейін Қазақстан қоғамының, әсіресе жастар буынының дүниетанымы бірден өзгеріп шыға келді. Осындай жағдайда Қазақстан Республикасының қалыптасуында кеңестік дәуірдегі және одан кейінгі жастардың арасындағы рухани сабақтастық үзіліп, қазіргі таңда нарықтық экономикаға бейімделе бастаған тәуелсіз жаңа буын өкілдері өсіп жетілуде.Өз кезегінде соңғы он төрт жылда Қазақстан Республикасының экономикалық, қоғамдық-саяси өміріндегі елеулі өзгерістер қоғамның, соның ішінде жастардың да дүниетанымына әсерін тигізгені рас.Бүгінгі жас буынның бағыт-бағдары ертеңгі мемлекеттігіміздің кепілі болуымен қатар қоғамның прогрессивті дамуына белгілі бір мөлшерде ықпал ететін әлеуметтік топ құру мақсатымен ұштасуы шарт. Жалпы еліміздегі қалыптасқан экономикалық және саяси жүйе жастардың құндылықтарын түбірінен өзгертті және де бұл өзгерістерге толыққанды оң баға беру әлі ерте. Дегенмен, тәуелсіз мемлекет, оның саяси және экономикалық институттарымен қоса жаңа буын өкілдері дүниеге келіп өздерінің ерекше дүниетанымдық көзқарасымен, мәдениетімен, салт-санасымен жаңа ағымда өсіп жетілуде деген үміт те жоқ емес.Осы орайда Қазақстан жастары жайында қазіргі қоғамда бірқатар сұрақтардың туындауы заңды. Атап айтқанда Қазақстан жастарының қазіргі жағдайы мен болашағы қандай болмақ? Қоғамның саяси өмірінде жастардың орны қандай? Жастардың патриоттық сана-сезімін қалай көтереміз? Болашақтың кепілі болатын жас буын өкілдерінің қазіргі қоғамдағы орны мен ролі қандай болуы керек? Міне, осы және басқа да мәселелер дәл бүгін шешімін табуы керек.Осындай еліміздің баянды болашағы үшін өмірлік маңызы бар сұрақтар жоғары мемлекеттік деңгейде, ғылыми тұрғыдан кешенді түрде зерттелініп, жастарды нарықтық заманда қорғай алатын біртұтас бағдарламалар мен құқықтық нормалар қабылдаудың қажеттігі туындайды.Әрине, бұл бағытта осы уақытқа дейін мемлекет тарапынан атқарылған істер аз емес. Айталық мемлекетімізде «Жастар туралы» заң қабылданып, «Қазақстан республикасының жастар саясаты туралы» концепциясы және тағы басқа да мемлекеттік құжаттар, бағдарламалар мен іс-шаралар жүзеге асырылуда.Алайда, жастардың бүгінгі таңда қоғамымыздағы ең ірі әлеуметтік-демографиялық топ екендігін ескерсек, жоғарыда аталған шаралардың жеткіліксіз екендігін және де аталмыш проблеманың тиімді шешілуін қамтамасыз етуге жеткіліксіз екендігін көреміз.Жастар әлеуметтік-демографиялық топ ретінде өзіндік ерекшеліктерге ие. Бұл ерекшеліктер ең алдымен қоғамның обьективті процестерінен туындап, болашақта жастар мәселесін қайшылыққа әкеп тіреуі мүмкін. Жастар – қоғамның саяси, мәдени және әлеуметтік-экономикалық салаларының толыққанды қалыптасуына және оның тұрақтылығына ықпал ететін негізгі әлеуметтік-демографиялық топ. Демократиялық даму жағдайында жастар мен қоғамның өзара қарым-қатынасы еркін түрде өрбиді. Бұл мәселе өз кезегінде жастар мен қоғамның бір-біріне өзара ықпалы мен тәуелділігін айқындайтын фактор болып табылады.Демек, демократияның Қазақстандағы ертеңгі күні бүгінгі жастардың, ал олардың ертеңгі тағдыры қазіргі қоғамның қолында. Алайда, өз бетімен жүріп үйренген жас сананы жүйелендіру оңай шаруа емес. Себебі, жылдам уақыт аралығында өзгерген бұрынғы идеология мен рухани ұстанымдар, бірегей дүниетаным, әлеуметтік мәдени өзгерістер тікелей және жанама түрде қоғамда рухани бос кеңістіктің пайда болуына әкелді. Осындай рухани бос кеңістіктің орнын толтыру өтпелі кезеңде көптеген қиыншылықтарды да ала келгені шындық.Оның үстіне мәселенің қиындығы белгілі бір бағдарламалар немесе жоспарлар жасаумен шешілмейді. Өйткені, қазіргі таңда кеңестік дәуірде өмір сүрген жастармен бүгінгі тәуелсіз Қазақстан жастары арасында рухани сабақтастық үзілген. Кеңестік жүйедегі қалыптасқан колликтивизмге негізделген мемлекеттік идеиология бір мезетте құрдымға кетіп, оның орнына «өз күніңді өзің көр», яғни индивидуализмге бет бұру біршама қиындықтар туғызды.Демократиялық ашық қоғам құруға дайын болмаған қоғамда саяси мәдениет кенжелеп ауылдық жерлердегі мәдениет ошақтары, кино клубтар талан таражға түсіп, ұстағанның қолында кетті. Қалалық жерлерде үлкен завод, фабрикалардың жұмыс істеуі қиынға соғып, тоқтағаны тоқтап, өндіріс ошақтарды қаржыландыру тежеліп, әркім өз күнін көруге бет алғаны бар. Бұл жай өз кезегінде қоғамдағы жұмыссыздықтың көбеюі мен бос жүрген жастардың ішімдікке үйір болып, нашақорлыққа салыну тенденциясына әкеп соқты.Әрине, осындай жағымсыз ішкі факторлардың өршіп тұрған шағында жастардың патриоттық, ұлтжандылық, отансүйгіштік туралы сөз қозғаудың өзі орынсыз еді. Өйткені, қиын-қыстау кезде патриоттық тәрбиеден гөрі, одан да «маңызды» экономикалық-саяси реформаларды іске қосу, жұмыссыздықты азайту проблемалары бірінші орнында болғаны рас.Қазақстан жастарының саяси мәдениетін трансформациялау – қиын және ұзақ процесс. Оны қазіргі жағдайынан белсенді, демократиялық мәдениетке ауыстыру – жастардың санасына ересек ұрпақ тәжірибесі негізінде қалыптасатын жаңашылдыққа тән дәстүрлі құндылықтар жүйесін құрумен түйіндес. Бұл процесті декретпен немесе заңдармен жылдамдату мүмкін емес. Оның өзіне тән заңды эволюциясы бар.