ТуҒан жер мен елге сӘлем хат
Ассалаумағалайкум, халық-қарындас!
Қарт ата, қарт ана мен жеткіншек жас!
Ат атап ешбіріңді айырмаймын,
Сәлемім дін қарындас бәріне хас.
Ардақты амансыз ба, үлкен аға!
Дұғакөй тілектес, шал, кемпір, ана.
Барсыз ба бәріңіз де сау-саламат
Кейінгі келін-кепшік, бала-шаға.
Ардақты аманбысың, асыл Отан!
Түгел ме тегіс кәрі-жасың Отан.
Мәз болып құр денеңе отырмысың,
Кеудеңде бар ма бүтін басың, Отан.
Ардақты аманбысың, туған жерім!
Жастықта сауық-сайран құрған жерім.
Бесқопа, Торғай, Тосын сала бойы,
Кірімді кіндік кесіп, жуған жерім.
Ардақты аманбысың, қайран елім!
Сауығым, сала бойы сайран елім.
Бір күнде әркім білген Бестау едің,
Бұл күнде болып тұрсың, ойран елім.
Ардақты аманбысың, Алалы тау!
Өлкейек бойындағы салалы тау.
Анадай төсін ашып аймалаған,
Алдыңда есігімнің Молалы тау.
Ардақты аманбысың, Жалғыз тауым!
Секілді жеке өсіп-піскен қауын.
Басына анда-санда бір шыққанда,
Қандырып қайтушы едің көздің жауын.
Ардақты аманбысың, қыстау-сорлар!
Айналған алабыңа мың сан қойлар.
Қыр елі Сыр елімен қатар жайлап,
Ас беріп, неше дүркін болған тойлар.
Ардақты аманбысың, құм-көлдерім!
Жайлаған жаз жадырап көп елдерім.
Ауданы алтыншы ауыл асыл Отан,
Егінжай еркін жатқан сары белдерім.
Ардақты аманбысың, Үшқарасу!
Көпшілік бар ма жиын бұрынғы ну?
Медресе, мешіт және мектеп ашып,
Орнатқан ордам едің, басына ту.
Шырақшы сайлап едік күту үшін,
Мешітті тәрбиелеп тұту үшін.
Жастарға тағылым беріп тәрбиелеп,
Құлшылық бір Аллаға ету үшін.
Жегіздің жемісіңді дін оқылып,
Күңіреніп жеті сайын жұма оқылып.
Екі гайт тәулігіне меллаттойы,
Тілекпен тараушы еді дұға қылып.
Басыңда бақыт құсың болған күнде,
Төрт жағың құбыла боп тұрған күнде.
Ырзалықпен шүкір-ана той етпеп пе едік,
Он жылға камил жасың толған күнде.
Алып едік халықтың дұға-ихласын,
Қожа-ишан ғалымдардың фатихасын.
Илаһи ұзағынан сүйіндір деп,
Төгіп ед көп халайық көздің жасын.
Бұл күнде бар ма, азаншы молдаларың,
Жайнамаз, мінбар, таяқ, шалмаларың.
Алдағы әрне болса аманатсып,
Өзіңе-өзі қожа болсын жарық.
1929 жыл
ТҰТҚЫНДАРДЫҢ 1-МҮНӘЖАТЫ
Жаратқан жан бар құдірет,
Жанабына бұл рет.
Иәиллаһа, иллалло
Кәлима айттым бір рет.
Пайғамбарым Мұхаммед.
Күндіз-түні көп айттым
Шафағат тілеп сан рет,
Зікір, тәшфит жана да
Гәллил айттым мың рет.
Біздің қазақ баласы,
Жалпы қоғам данасы,
Құдайға құл қашаннан,
Хақ расулге шын үммет.
Шахит болсақ біздерге,
Жақсылықты кәміл іздерге.
Кәләм шарипте бер еді,
Фарыз көп міндет.
Қадірін білмей дәулеттің,
Бастағы бақыт, сәулеттің.
Біздің қазақ білмеймін
Болдық па ғаси әлде шет.
Қалыңға түсіп қамалып,
Қотырға шиқан жамалып
Кездесіп тұр бұл кезде,
Басымызға бір індет.
Емдейтін мұны табиб жоқ,
Дұғасы қабыл хабиб жоқ.
Шипасы мұның табылып,
Шығар ма екен бұл індет.
Оңай қылсаң қиынды,
Шешсең темір түйінді.
Қиын емес өзіңе,
Шын шипа қыл құдірет.
Шын көңілмен жылаймыз,
Көздің жасын бұлаймыз.
Болашақ қауіп-қатерден,
Біз құлыңды халас ет. (Әмин).
ТҰТҚЫНДАРДЫҢ 2-МҮНӘЖАТЫ
Ия, раббым, қабыл айла көздің жасын,
Қалдырма қасіретте мүмін басын,
Пендеңнің гуна сұмдық фиғылынан
Шулатып шұбыртқанын, кәрі-жасын.
Тауфихқа қайтып енді тәубә еттік,
Танисың бұл құлыңның ихласын.
Сифатың қаламыңа ғафу раихт
Еркіңде бәрі өзіңнің не қыласың.
Болған іс бізге мүшкіл өзіңе аян,
Тау-тасты әмір етсең, құм қыласың.
Қараңғы, қалың тұман қаптаса да,
Нұр беріп, түнді раушан күн қыласың.
Тамызсаң рахымыңның бір тамшысын,
Дария шұқыр, шөлді көл қыласың.
Тарыққан таппай тамшы біз бір құлың,
Мархабат қашан енді бір қыласың.
Бұйрықты уақыт сағат бар шығар деп,
Күтеміз біз де хақтың рәдасын.
1929 жыл
ОШТАСУ
Хош Торғай, тоқсан сала туған жерім,
Кірімді кіндік кесіп, жуған жерім.
Сарыторғай, Сары Тосын сала бойы,
Ардақты асыл отан, асқар белім.
Алысып балалықта асық ойнап,
Жастықта сауық-сайран құрған жерім.
Келгенше қырық жасқа жүз түрленіп,
Аллаға белді мықтап буған жерім.
Көз қимай, көңіл бармай, тілім келмей,
Тұрса да қоштасамын, қайран елім.
Сөз жазып ашық хатқа екі-үш ауыз,
Шығардым жол үстінде іштің шерін.
Баршаңа дұғай сәлем артқы халық,
Хастаймын дін-қарындас жалпы халық.
Керуен жол үстінде біз барамыз,
Көзде – жас, ойда – уайым, көңіл – ғарып.
Болжаусыз бастағы бұл түскен тұман,
Аяқтап ашылады қайда барып?
Рахманның рахматынан үміт үзу,
Пәндаға басы жұмыр емес лайық.
Ағытса әділ өкімет ақтан шешіп,
Қуаныш кірер кернеп, жүрек жарып.
«Белгі жоқ өткен күнде» дегендей боп,
Жетілер жем жегендей жетім, арық.
Күңіренген көп тілегі қабыл болсып,
Илләһи алды-артымыз болсын жарық.
Наурызым, Батпаққара, Торғайменен,
Қарсақпай қашығырақ қалдың менен.
Ежелден Ырғыз елі ата көршім,
Шегініп кейін тұрсын, сен де менен.
Бұл нешік, тілек қабыл болмады ма,
Махрұм болдың халқым, мұнша неден?
Мен бұған жәбірленіп, жатырқаман,
Бұл мирас бұрын көрген бабам Шеген.
Оралған олар-дағы ордасына,
Байтұрсын Сібір кетіп Ақтаспенен.
Үміт көп әуелі Алла өкіметтен,
Нақақтан күйдірмес деп тіпті неден.
Хайыр хош, тілектес боп тұрыңыздар,
Тар соқпақ, тайғақ кешу бұл бір кезең.
Майқарау, Шұбалаң мен ескі Тосын,
Наурызым екішекті мекен, қосым.
Қарсақпай ауданынан бес махалла,
Нақия қолдан ашқан нағыз досым.
Елу төрт дін ұясы мешіттерім,
Күңіренген азанменен көңіл хошым.
Мухаззин – мұнарада, мінберде – имам,
Әрқашан сіздерменен ақыл, күшім.
Мінажат мұңды мақам мұң-зарларын,
Илләһи ғаршыға асып махбұл болсын.
***
Өкімет қамқор ата, халық баласы,
Еңбекші, кедей, батырақ нақ баласы.
Бай, кулак, атқа мінер, құйыршық деп,
Ат қою саясаттың тап қарасы.
Қыран көз қырын салып қарағанда,
Табылар олардың да тап-тазасы.
Үміт көп, өкіметтен шешер деген,
Ашылып алдағы істің ақ-қарасы.