Достарым отырмыз біз абаҚтыда

Достарым, отырмыз біз абақтыда,

Қатулы бәрімізде қабақ мұнда.

Қабаған иттей Колчак жендеттері

Бермейді мезгілінде тамақты да.

Тойдырдың бит пен бүрге, қандаланы,

Күн жырлап, түндерге түн жалғанады.

Отырмыз бұл қапаста сәуле көрмей,

Мәдидің елге естілмей салған әні.

«Сары алтын – сабыр түбі» деген сөз бар,

Бойласа, мұңға терең, қайғы қоздар.

Ойменен тым қамығып, жасымаңдар,

«Елім» деп еңіреген саңлақ боздар.

Жақсы інім, Нығметім, қыран құсым,

Мәңгіге өлмеуі хақ ұранды ісің.

Күн туып жендеттердің торы қирап

Соңыңа еліңді ертіп тұрармысың.

Тіліңнің балы тамған бұлбұл інім,

Арналған елің үшін мол білімің.

Сыйынсаң тәуекелге тәңір жақтар,

Бәрі де ұмыт болар бұл күніңнің.

Ертең-ақ ел ерлері беріп қолын,

Құтқарар бізді бақыт ашып жолын.

Әрдайым жігер берші, бәрімізге,

Байқайтын батырым ең оңы-солын.

Айдалдым Атбасарға ана жылы,

Халыққа мұң боп келген қара жылы.

Тұрғандай әлі менің құлағымда,

Сондағы сарнап салған дала жыры.

Қалың ел ақ патшаға айбат шегіп,

Бар қазақ атқа отырды әскерге еніп.

Топтанса исі қазақ балалары

Ленин де берер теңдік бізге әкеліп.

Сондықтан қазір босқа торықпайық,

Сұңқардай құзға өрлеп қалықтайық.

Жау бізді жоя да алмас, соя да алмас

Күрестен тек өзіміз жалықпайық.

достарым отырмыз біз абаҚтыда - student2.ru

ОЛЖАБАЙ НҰРАЛЫҰЛЫ

(1881–1935)

Саққұлақ шешеннің немересі Нұралыұлы Олжабай Ерейментаудағы Қоржын көлінің жағасындағы ежелден Бөгенбай батыр, кейін оның немересі Бапан би ауылы деп аталатын елді мекенде 1881 (жылқы) жылдың 8 наурыз күні дүниеге келді.

1935 жылдың 25 сәуір күні қайтыс болған.

ТҰТҚЫН

(А.С.Пушкинше)

Тұтқын жатыр қамаулы үйде қарысып,

Дөңбекшиді жүрегімен алысып.

Жүйрік қиял оң мен солға шарқ ұрып,

Үміт, қауіп бір орында жарысып.

Құр қиялдан басқа түк жоқ айналар,

Кейде қара бұлт басқа кеп байланар.

Кейде үміттің жалқын нұры жалындап,

Жанға сая жай тапқандай жайланар.

Жігер, қайрат бір орынға жиналып,

Ойды кернеп, жан сезімі қиналып.

Кейде өзіңе, кейде өзгеге кіжініп,

Не үшін былай болдым мен деп ойланып.

Қиратқандай қарсыласқан тау-тасты,

Мың шатаққа киліктіріп бір басты.

Еркін күнің, елің-жерің елестеп,

Албастыдай алпарысқан ой басты.

Күнде ертеңмен үміт көзге елестеп,

Үміт, қауіп, уайыммен жүдеттіріп, мұң асты.

Құр қиялдар жүдетті ғой жүректі,

Миды жедік, ойды жедік, не бітті?

Әркім еккен егінінің дәнін жеп,

Көретұғын жер осы ғой қызықты.

Қандай халде болсаң-дағы аяныш,

Тағдыр деген – адамзатқа таяныш.

***

Тәуекелге таяндағы, қажыма,

Тұрса-дағы дәл алдында таудай іс,

Біреу неген, біреу деген кісіміз,

Құтылуда бар ынтамыз, күшіміз.

Кейбіріміз шенқұмардың құрбаны,

Болмаса да еш жазықты ісіміз.

Жаңа жолға түсіне алмай беттеген,

Сорлы қазақ елі соқыр жетпеген.

Тәсіл қылып Некең еккен мерез дерт,

Сүтпен берген жалақорлық кетпеген.

Кей шенқұмар соқыр жұртпен бірге ығып,

Жала-өсектен босана алмай тұншығып,

Сүйгенін сымдай, сүймегенін жұп-жуан,

Күн сәулесін көрсетпей тұр жақсығып.

1926 жыл

КҮЙІНІШ

Туысқаным, елім-жұртым, досыма,

Жазда жазып, қыста қысқан қысыма.

Күнге қарай күнде желкен мінезің,

Сыр шығарды-ау ықтиярсыз сыртыма.

Күнім шырай тартқанда сен бет беріп,

Малды-жанды ортаға сап серт беріп.

Күнім сұрғылт тартқанда, сен сырт беріп

Нандым, шаптым, талай ердім алдауға.

Жаным құрбан, елім, сенен қалмауға

Ел қамын жер Едігесі болсам да,

Жауда қалсам, көздің қырын салмауға.

Қайда қашқан? – маңайымда бірі жоқ,

Жан салатын жау жүректі ерім жоқ.

Өкпелеуге оларға да орын жоқ,

Хайырын көрер, шырай берер күнім жоқ.

Надандықта хайуандай ғып жіберді-ау,

Жойып тұр ғой жанашырлық жігерді-ау.

Көзге шырай, сырттан сырдақ тартатын,

Таба алмассың мұндай арсыз шеберді-ау!

Мұндай жұртта қандай адам оңады?

Жылы жүрек мұздай суып тоңады.

Көрге кірмей құтылмайтын болған соң,

Тұтқын болып ортасында тұрады.

1926 жыл, Ақкөл – Жайылма

АНАМА

Ана – жаным, сенің орының өзгеше,

Қолға түспес қымбаттымсың іздесе.

Басқа жанға күнің біткен, қуарған,

Маған әлі тіршілігің неше есе.

Ана – жаным, дұғагөйім таяныш,

Қандай халде болсам-дағы аяныш.

Жетім күнде көз жасымен өсірген,

Тілеп, жылап, тәрбиелеп ерте-кеш.

Қалың қайғы, қара күндер ішінде,

Жазылмайтын ауыр жара үстінде.

Паруана боп бетке қақпай әлпештеп,

Айнымайтын ақ тілектің үстінде.

Ақ жүрегің кіршігі жоқ сүттен ақ,

Майдан жұмсақ, балдан тәттірек.

Бір минутты бос еткізбей тілектен,

Өмірінің өр басына келген шақ.

Сенен қымбат ешбір адам жоқ маған,

Гауһарымсың жүрегімде сақтаған.

Қатын-балам, туысқаным-туғаным,

Қайсы сіздей жүрегімен ақ маған?

Бас ауырса, жанды құрбан қылатын,

Түзде жүрсем, аңсап, шөлдеп тұратын.

Аттанарда садақа айтып, сәт таңдап,

Сылап-сипап, дұға үшкіріп қалатын.

Үйге келсем: «Түс», – деп тосып тұратын.

Тамақ ішсем: «Іш», – деп асын қоятын.

Махаббатты жылы жүрек жүзбенен,

Мәңгі сүю жүрегінде қалатын.

Сүйткен, ана, айырылатын күн жақын,

Таба алмадым сізден маған кім жақын.

Жел жағымда қорғанымсың таянған,

Сіз өлген соң мағандағы көр жақын.

Таусылмайтын нәрсе бар ма өмірде?

Айырылмайтын еш нәрсе жоқ көңілде.

Уа, дүние, өтерсің де кетерсің,

Ақ тілегің бірге кірер көріме!

ДАЙҒА АРЫЗЫМ

Қырық алтыда жасым бар, жылым – жылқы,

Адасумен түзелмей жүрген құлқы.

Сайраңдап өткен күнім – ойран екен,

Есім жиып, келіпті өмір қырқы.

Қырық деген сұм өмір қырықты ойды,

Іштен қулап қойыпты тұла бойды.

У ішкендей өткенге өкінсем де,

Алдамшы өмір алғанын бермей қойды.

Күз болғанда көкорай қуарғандай,

Шаш, сақалға ақ кірді суалғандай.

Қызу күшім, қызықты өмір өтіп,

Итермелеп есіктен шығарғандай.

Есікті ашсам, ар жағы салқын дала,

Қанекей, таба алсамшы басқа пана!

Іс бітті, қуда кетті қолға түспей,

Есім жиып, есалаң болдым нала.

Япырау, анау қандай, мынау қандай,

Адасып айдалада қалған жандай.

Тәуір-ақ сені дос деп сеніп едім,

Артыңа кеткенің бе бір қайырылмай?

Жан оңар ма тоналған салқын күнде?

Бой да суық, ой суық – бір шерменде.

Балдай деген дүние удай екен.

Зақым тиген жаралы шер кеудемде.

Дүниеде мен термеген не боқ қалды?

Бүкіл қорда жиналып ішке барды,

Артым – шаң, алдым – тұман, бас айналып,

Ем таба алмай уланған жүрек жанды.

Бұл зарымды кетемін кімге шағып?

Оңдырсын өткен күнім мені не ғып?

Неше түрлі сасықпен сатпақтаған,

Жаман иісі жанды өртеп, жүрек жарып.

Көксегенім жас шағым, күнім емес,

Былғанышпен бұл өткен өмір емес.

Есімді жинамаған есер күнім,

Еске түссе, адамға не дегізбес?

Ешбір дауа таба алмай ой сандалып,

Қайғырғанмен қайтпасын анық біліп.

Бір Құдайдан басқадан ем таба алмай,

Қара жүзбен жабыстым өзіңе көп.

Зарыққанды жарылқаушы жалғыз өзің,

Қапа боп қайғыратын келді кезім.

Азық жимай жаныма азап жиып,

Әлек еткен бір жанмын өзіме өзім.

Сенен басқа нәрседен күдер үздім,

Опасызын өмірдің әбден сездім.

Беті жара қапалы қашқыныңды,

Ант ішкізіп алдыңа алып келдім.

Кешу сенде, жалынып жылау менде,

Айтқаныңды қылмаған мен бір пенде.

Пазылыңа ал мені аяп мейірім сал,

Не демедім, не жемедім өткен күнде.

Мен несіне жан болып тудым екен?

Жасымда өлмей, неге өсіп жүрдім екен?

Жалғанды жалған демей жандос көріп,

Соңына сонша неге ердім екен?

Мен несіне жалғанда сендім екен?

Тізгінді неге еркіне бердім екен?

Өткен күнге өкініп, тәубе қылсам,

Жалынсам, жаппар ием кешер ме екен?

Кешер тәңірім, кеспейін үмітімді,

Жазығым болса-дағы таудай мінді,

Рахматың мол, пазылың кең мейірбанды,

Таянып, жойып тұрмын қауіпімді!

1927 жыл, Аққөл – Жайылма

БІКЕНГЕ

Сағындым ғой Абақандай інімді,

Хатыңды алып, амандығың білінді.

Бұлт астынан жарқ еткен күндей-ақ,

Саулығыңа шаттық жылытты бойымды.

Өткен күндер көз алдыма елестеп,

Қиялыма айнадай боп көрінді.

Қаяусыз дос, қажымаған бауырым,

Іш-тысыңа иманымдай сенімді.

Кеңдікте де, тарлықта да бір қалыпта,

Күнің үшін өзгертпеген пейілді,

Қаршадайдан қасыма еріп, қасарып,

Жан аямай көп сіңірдің теріңді.

Күлсем, күлдің, жылағанда жыладың,

Өткізгенде толқындалған өмірді.

Бозбала боп, қыз бала боп қуғаның,

Мас бурадай аз күн құрдық сейілді.

Ұят-ардан, шаруа-малдан безініп,

Жағаладық қызойнақтай жиынды.

Өтті-кетті, тәтті базар тарқады,

Өкінгенмен қайта қайтпас күнімді,

Одан өтіп, ер де жетіп, ел билеп,

Оңды-солды елге салдық оңыңды.

Ойын түбі шынға айналып, шыдамай,

Елдің іші бізге қарсы бүлінді.

Айғай-жарыс, қылдық алыс жығуға,

Білім, білек кейде теріс ұрынды.

Ел биледік, сөз сөйледік қағусыз,

Заманына, соңымыз деп сиымды.

Мен – піріңмін, көп былғадым жолсызға,

Жойғандай боп адамшылық құныңды.

Артқа қарап, айнаны алып қарасақ,

Көрмеймісің шым-шытырық жолымды.

Ол күнәнің бәрі менде – мен ұстаз,

Бере алмадым адамшылық ғылымды.

Одан көрі, ес жинадық бермейтін,

Ел күткендей, іс еткендей орынды.

Халыққа өтеп өткен күннің борышын,

Біразырақ еңбек еттік тиімді.

Салқындықты біз де жойып үйлестік,

Елдің іші бізге қарай жылынды.

Құтырғандық елде емес, бізде екен,

Ес жиған соң өзімізге сезілді.

Өмір өрін сондай халмен тауысып,

Ойға қарай көрдім аққан жолымды.

Құдиғандай құйрықтан ап сор соқты,

Домалаумен бұрылтпады мойнымды.

Ойға қарай соғып қырсық бұл басты,

Соққысынан жан әлсіреп сүйрелді.

Жат ел-жерге, тірі көрге түсіріп,

Ауыртпалық сор маңдайға жиылды.

Күн көруге, жөн жүруге күй қалмай,

Ем таба алмай, ақыл жолдан бұрылды.

Қандасымнан, жан досымнан айырылып,

Қайғылы оқпен, кеуде шоқпен күйінді.

Елім қайда, көрмей тұрмас сен қайда?

Тарқататын, дертті болған шерімді.

Бір біз емес, жалпылаған әлеумет,

Сұрапылдай сүрін үрген ығыңды.

Таянышым жалғыз ием болмаса,

Кімге шағам, кім тыңдайды мұңымды?

Елді билеп, сан сапырған күн бітіп,

Сұмырай тұрмыс басқа жаңа киілді.

Жас күніме, мас күніме кездеспей,

Кеш күніме, бос күніме үйілді.

Көтере алмай ауыр жүкті ой қажып,

Беріп жатыр неше түрлі сиымды.

Бұл да бітер, ол да біткен сияқты,

Қайта келмес өкінішті күнімді.

Көрісетін, күлісетін күн болса,

Одан басқа тілек жоқ бізде енді.

Күн осылай, жазмыш солай, бауырым,

Тағдыр тастай жылжымастай құрылды.

Ием иер, ерік тиер күн болса,

Кешсе тағдыр, шеше шиін түйінді.

Қыстың жазы, күннің түні кезекті,

Жер көгерер, мал семірер тойымды.

Рахматынан үміт үзбес шын мүминмін,

Жойса тұзақ, берсе жұмақ орынды,

Жұбанамын, қуанамын, уанам,

Қажытпаймын, қайратқа артып бойымды.

Мәз болармыз жазы болса жан кіріп,

Тұрмыс ашса жылышырай қойыңды.

Кел, бауырым, қолыңды бер, құшақтат,

Көргенімдей көрісейін өзіңді.

Үш мың шақырым болса-дағы арамыз,

Міне, сүйдім бетке тақап еріңді.

Мейірім салар, мейір қанар күн болар,

Сабыр беріп кешіктірсе елімді!

1930 жыл,Тайсойған құмы,

Қызылқоға ауданы, Гурьев облысы

МОЛДАЖАНҒА

(Молдажан Жадаев (1879–1949) замандасы, туысы)

Бірінші хат

Сағынған құрдасыма сәлем бізден,

Қуандым хатыңды алып мен де сізден.

Ет пен тері айырылмай тірі жүрміз,

Тұрмыста не көрмейді пенде деген?

Тәңір берген сиына-ризалық қой,

Мұңминге бір борышты сенім деген.

Аттың басын тартпаған асау кезде,

Нелер сұмдық көрмедің «жауыз» менен?

Бірінші – Алла, екінші – ел кешпесе,

Құдайыма барармын не бетіммен?

Сүйткен мені мақтауға сиғызғаның,

Тысқарылау кетеді әділ жөннен.

«Жоғалған сабы алтын деп пышақтың»,

Жөн емес «пәленім» деп мақтай берген.

Оданда қымбат нәрсе – жанбауырлық,

Дамылсыз шіркін жүрек соны іздеген.

Төл едің бір жыл туған жылқы жылда.

Жаралған жылқы мінез желік желмен,

Сен анау, мен мынадай алып қашқан,

Аттай-ақ ауыздықпен жерді сүзген.

Орынына жұмсай алмай өмірің өтті,

Жан едің табиғаттың сиы тиген.

Сөзіңнің жетегіне ерген болсаң,

Бәйге алатын жан едің қатар төрден.

Заман тиып тиылған тәубе болмас,

Өзіңді өзің тоқтатсайшы терең оймен.

Құрдасым, батам да осы, төрем де осы,

Қайта айналма айғырдай боғын иіскеген.

Сөз қисыны солайырақ кеткен шығар,

Бір есердің адасқан кесірінен.

Ақылды айтпадым ба, алмадың ба –

Ол жері бізге жұмбақ шешілмеген.

Жылқы ыққан доңыз жылғы сұрапылдай,

Қандай мал қалды адаспай үйірінен?

Сол үшін өткен-кеткен күннің бәрі кешу,

Енді қайтпай жоғалсын сол бетімен.

Сәлем айт ел ел мен жерім, бауырыма,

Жыр арқылы естісін, сіздің тілден.

Өзім жоқ болсам-дағы сөзім кезіп,

Көрісіп қандасыммен, ел, жеріммен.

Түн болса, ол да өтіп, таң атпай ма?

Өмірдің жазы болып, қысы болып,

Ыстық пенен суықтан дәм татпай ма?

Өлмеген құл көрмей ме талай күйді?

Рахат берсе, мехнатын таратпай ма?

Үміт кескен Жүсіпті Жақып көрген,

Жоқты бар қылам десе, жаратпай ма?

1930 жыл, Гурьев қаласы

Екінші хат

Сұлудың біткен шағы кемпір болып,

Ай жүзі қара болып қалған солып.

Бір кезде қумай құсы айналған бас,

Бұл күнде былғанып жүр қарға қонып.

Сұлудың сағынатын түрі қалған жоқ,

Тұрмыстың тұс-тұсынан тоқпағы ұрып,

Айырылып өткір ойдан, жарық мидан,

Қалың шер, қалың қайғы тұман тұрып.

Адасқан балапандай ұясынан,

Сарғайып сандалғаннан әлі құрсын.

Бір кезде мал жемейтін қаудай шірік.

Қартайып, көрік өліп, білім сөніп,

Тоздырғыш табиғаттың заңын көріп.

Мазақтап тағдыр басты қуаламақ,

Біресе ойға, біресе қырға сүйреп.

Жалғыз-ақ төркін жұрты есінде әлі,

Сағынып сары майдай жүрегі еріп,

Қарағым, қарындасым, қайран халқым,

Қайтейін, қайғырамын халім құрып.

Айнала анталаған құрбы-құрдас,

Аға-іні, келін-жеңге қызығыңды.

Бәріңмен көріскенде ойнап-күліп,

Болса да қандай қасым қандасымнан,

Жүрегім шыдар ма еді тұрса келіп?

Арманым-бауырларым, аман көрсем,

Кеудеме басар едім сүйіп-құшып.

Төркіндеп төркініме көріскенше,

Қалмасам жарар еді ажал келіп.

Болады көріскенше кім бар, кім жоқ?

Барады ойға қарай өмір төніп.

Төбеңе төрт аяғы ойнақтасын,

Осынша алыс жерге мені беріп!

Жездеңнің өжетіне жарар күйі жоқ,

Сонда да дамыл бермес күнде керіп.

Тастаса талақ қылып қуанар ем,

Көмілсем төркінімнің қолында өліп!

1930 жыл, Гурьев қаласы

МЕН ДЕ ӨТЕРМІН

Шіркін-ай өткен өмір – түс қой көрген,

Елестеп көз алдыңа бәрі келген.

Ілескен не берсе де, бірі де жоқ,

Сонша өмірден бойыма не бар ерген?

Замандас, сыйлас, құрдас, қайран қандас,

Ортаңда қаздай қалқып өмір сүрген.

Айырылып туған елден, туған жерден,

Адасқан жан сияқты түзде жүрген.

Солардың бірін көрмей, көзден жат боп,

Толды ғой сорлы кеуде қалың шермен.

Ортаңда сайран қылып өскен басым,

Бұл күнде бөтен жерде қаңғып жүрген.

Жүдеткен мазақ емес ел мен жерім,

Сағынып екі көзге әлім келген.

Жұмақтай туған жерім болса-дағы

Рахат саналады бейнет көрген.

Не көрсең де ел ішінде, арман бар ма?

Жақсы-жаман болса да өз еліңнен.

Қарындас, аға-іні, құрбы-құрдас,

Қалайша мейірім қанар жат ел, жерден?

Қызық күн, жемісті өмір артта қалып,

Енді біз – бір көсеген көрген күннен.

Қайтадан жат болуға сағынбаймын,

Жан жоқ жақын ұрқын іздеп келген.

Дүниеден жылай-жылай мен де өтермін,

Дауасыз әм шарасыз мұңды дертпен!

1930 жыл

Наши рекомендации