Азақ тілі сабағында оқушылардың орындайтын өздік жұмыстары
Қазіргі заман талабына сай жаңа технологияларды пайдалану оқушылардың өз бетімен жұмыс істеуін ұйымдастыруда тигізер пайдасы зор. Оқушылардың өздік жұмысы - мұғалімнің қажетті нұсқаулары бойынша оқушылардың оқу жұмысының жеке дара және ұжымдық түрі.
Өздік тапсырмаларды орындау барысында оқушылардан белсенді ойлау, әр түрлі танымдық тапсырмаларды орындау талап етіледі. Осының нәтижесінде оқушылар өздігінінен бақылауды үйренеді, оларда тапсырылған істі орындаудағы жауапкершілік сезім, еңбексүйгіштік, табандылық, ұйымшылдық, бір-біріне деген жолдастық көмек қалыптасады.
Қазақ тілі сабағының дидактикалық мақсатына қарай өздік жұмыстар:
1) жаңа материалдарды оқып үйренуге дайындық,
2) жаңа материалды оқып үйрену,
3) бекіту,
4) қайталап пысықтау,
5) бақылау деп бөлуге болады.
Қазақ тілі пәнін оқытудың мақсаты – оқушылардың жеке бас ерекшелігіне қарай қабілетін аша отыра, осы пәнді теориялық және тәжірибелік жағынан сараланған түрде даралап оқыту, сөйлестіру, жазу мәдениетін жетілдіру, өзіндік ой-пікірін дамыту.
Оқушылардың өзіндік жұмыстарын қазақ тілін оқыту процесінде қолдануда көрнекті ғалым және әдіскер В.В.Голубковтың оқыту жұмыстарының қандай түрі болса да даралап алмай барлық оқу-тәрбие жұмысымен етене байланыста алғанда ғана тиімді, маңызды болады деген пікір айтқан болатын. Сондықтан:
1. Жай жоспар жасаудан түрлі тақырыптарға шығарма жазуға дейін, шығармашылық шығармадан – оқушылардың өз шығармашылығына дейін;
2. Көркем мәтінді қарапайым талдаудан мазмұн мен форма бірлікте алып тұтас талдауға дейін;
3. Оқулықпен істейтін қарапайым жұмыстан 2-3 қосымша оқулықтарды пайдаланып, шығармашылық жұмыс істеуге дейін;
4. Лекция жоспарын жасауға конспект, тезис, реферат жасауға дейін;
5. Мұғалімнің сұрақтарына жауап беруден баяндама, диспутқа дейін барлық жұмыс жүйелі түрде, оқушыны өз бетінше жұмыстан білім алуға үйретуді мақсат етіп ұйымдастырылуы керек.
Оқушылардың қазақ тілі сабағында өздік орындайтын жазбаша жұмыстарының түрлері.
1.Шығарма жаздыру – дәстүрлі оқытуда да, тәжірибеде де ежелден келе жатқан әдіс. Оқытуды технологияландыру кезеңі оныњ тың жолдарынан, ұтымды әдістемесінен ізденуді талап етеді. Оқушылардың өз бетімен жұмысына негізделген шағын шығарма түрлері арқылы оқушының өз бетімен жұмыс жүргізуі – сол тың жолдардың бірі.
Оқушылардың өзіндік орындайтын жұмыстарының ішінде шығарма басты орын алады. Шығармадан оны жазған жеке оқушының өзіндік даралығы: жазып отырған тақырыбына көзқарасы, түсінігі, ой-пікірі, бұларды өзінше дәлелдеп жеткізу ерекшелігі айқын танылады. Оқушылардың өз бетінше жұмыстарында шығарма жұмыстары тақырыбы жағынан дұрыс таңдалып алынатын болса, оның оқушылар үшін білімдік те, тәрбиелік те маңызы зор.
Шығарма жазу оқушылардың шындыққа нақты қатысын қалыптастырады, еңбек үсінде өздерінің ой өрісін, тіл байлығын, шамаларын байқауына жағдай жасйды. Өз күшіне сенімін арттырады. Сонымен бірге шығарма мұғалімнің оқушының жеке басын: ерекшелігі мен икемділік қабілетін т.б. тануын да үлкен мүмкіндік береді.
2. Диктант жаздырту. Диктант дәстүрлі оқыту үрдісінде де ежелден келе жатқан жазба жұмыстардың бір саласына жатады. Диктанттың бірнеше түрі іс-тәжірибеде пайдаланылып келеді.
Олар: терме диктанты, бақылау диктанты, көру диктанты, түсіндірмелі диктант, сөздік диктанты, өздік диктанты, ескерту диктанты, ерікті диктант, шығармашылық диктант.
Диктанттарды жүргізудің басты мақсаты төмендегідей сараланады:
1) қазақ тілінен алған білімдерін тәжірибеде пайдалана білу дағдыларын жетілдіру;
2) сауаттылыққа, жазу мәдениетіне баулу;
3) көркем мәтін негізінде әдеби тілдерін ұстарту;
4) білімді өз ізденістері арқылы алу, өзін-өзі тану іс-әрекеттерін ұйымдастыру;
5) тіл дамытуға негізделген шығармашылық диктанттар технологиясын жетілдіру.
Қайталау кезінде өткен білімді тек еске түсіріп қана қоймайды, оқушылар бұрын назарға алмаған мәселелерге жаңаша қарап, білімдерін толықтыра түседі. Мұғалім жұмыстың алдымен мақсатын айтады, оны орындаудың жолдарын түсіндіріп, нұсқау береді. Оқушыларойларын жинақтап, тақырып бойынша пікір-сыр жазуға талаптанады.
1. Оқулық бойынша өзіндік жұмыс.
Жалпы кітап, оның ішінде оқулықтардың ең алдымен білімдік маңызы өте зор. Оқушыларды өзіндік жұмыс істеуге үйретуде оқулықпен қоса хрестоматия да – мұғалімнің көмекшісі. Сабақтың сапасын жақсартып, оқушылардың үлгерімін арттыру мәселесі сабақта оқулықтың рөлін көтерумен тікелей байланысты. Мұны тәжірибе айқын көрсетіп жүр. Өз тәжірибемде шәкірттеріме ең алдымен оқулықты сүю сезімін тәрбиелеуге тырыстым. Ол үшін бірінші сабақтан бастап-ақ балаларды жаңа оқулықтың мұқабасымен, оның аты және авторларымен таныстырып өттік. Сонымен қатар әрбір өтілетін тақырыптар бойынша оқушыларға қосымша түсіндірме сөздіктерді де пайдалануға тырыстырттық.
Оқулық пен қосымша кітаптарды сабақта пайдалану ісі, негізінен үш бағытта жүрді: а) жаңа материалды түсіндіру процесінде кітаптан нақты деректер келтіру қажет болғанда; ә) мұғалім теориялық материалды түсіндірмей тұрып немесе түсіндіріп болған соң, сол теориялық материалдарды игерту мақсатымен оқушыларға өз бетінше жұмыс жүргізген кезде; б) оқушылардың іскерлігі мен дағдыларын дамыту жөнінде оларға әртүрлі жаттығулар орындатқан уақытта оқулық пайдаланылды.
2. Оқулықты жаңа материалды өтумен байланысты пайдалану.
Оқушы өзіндік тек мұғалімнің көмегімен ғана емес, сонымен бірге кітап арқылы да толықтырып, кеңейтиіп отырады. Оқулықтарда мұғалімнің түсіндіруінсіз-ақ өз бетінше үйреніп, оқушылардың меңгеріп алуына болатын жеңіл материалдар кездесіп отырады. Міне, осыларды оқушылар кітап бойынша өзіндік үйренуіне үнемі баулып отырдым. Ол үшін әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолдандық. Оқулықта шебер де түсінікті жазылған материалдар аз кездеспейді. Сондай материалдарды баяндай келіп, оқушылардың көзін жеткізерліктей әсерлі болу үшін кейде кітапқа сүйендік: кітаптың ең тиімді жерлерін оқып беріп, оқушылардың назарын оқулықта келтірілген мысалдар мен ережелерге аударып отырады.
Жаңа материалды түсіндіріп болған соң сыныпқа «енді бұл мәселе туралы оқулықтарыңда не деген екен?» не «қандай мысалдар келтірген екен?» деп, оқулыққа бағыттадық. Кітаптың тиісті бетін, параграфын, абзацын көрсеттік. Осыдан кейін әлгі материал оқылып, бойынша қорытындыланды. Кей кездерде жаңа материалды түсіндіргенде, жеңілдеу ескертулерді қалдырып кетіп, оларды сол сабақтың үстінде оқушыларға оқулық бойынша өзіндік меңгеруді міндеттедік. Оқулықтағы ең маңызды, ауыр деген кейбір ұғымдар мен ережелерге назар аударып, оларға сүйеніп отыру да жақсы нәтижелер берді. Кей кездері жаңа материалды түсіндіргенде оқулықтағы жаттығуды орындату, жаттығу жинақтары, сөздіктерді пайдалану жұмыстарымен ұштастырдық.
3. Теориялық материалды түсіндіру алдында не соңында өткізілетін өзіндік жұмыс. Оқушылардың оқулық бойынша істейтін өзіндік жұмысы көбінесе жаңа материалды түсіндіріп болған соң жүргіздік. Бұл жұмысты өткізбес бұрын, оқушылармен әңгімелесе отырып, олардың жаңа материалды қаншалықты түсінгенін айқындау керек. Егер оқушылардың жауабында кемшіліктер болса, өздерінше таптыртып, түзеттірдік. Оқулық бойынша өзіндік істейтін жұмыстарды былай топтайды:
1) Оқытылған материалдағы негізгі ойды айқындап, оны оқулықтан оқып беру не өз сөзімен баяндап шығу.
2) Айқындалған негізгі ойды дәлелдірек өз мысалдарымен келтіру. Көркем әдебиет бойынша мысалдар теріп жаздырту.
3) Тұтас материалдарды немесе оның жеке бөлімдерін төмендегіше түрде ауызша, жазбаша жоспарлау: а) сұрақтар түрінде; ә) жеке бөлімдерге ат қою; б) мәтіннен цитаталар келтіру; в) тезис жазу; г) тиісті орфограммаға байланысты сөздер мен сөйлемдер көшіріп жазу т.б. Тәжірибеде тапсырманы оқушылар қиналмай-ақ орындап отырды.
Тапсырманы көбінесе сынапта тексердік. Ережені жатқа айтқызумен қатар, мысал келтіруін талап етіп отырдық. Мұндай жағдайда оқушылар жаңа материалды өз бетінше үйрене отырып, грамматикалық ереженің мәнін жақсы ұғып, берік игеріп алды. Ең бастысы, өтілген материалға байланысты мысалдарды сабақта өздеріне ойлап тапқыздық. Оларды көбінесе мектеп өмірінен немесе өздері оқыған, жаттап алған материалдардан келтіртуге тырыстырттық.
4. Әр алуан жаттығуларды орындағанда кітап бойынша жұмыс істеу. Жаңа материалды игерумен байланысты әр алуан жаттығулар жүргізу сияқты оқушыларға өз бетінше орындайтын тапсырмалар берудің маңызы зор. Ондағы мақсат – іскерлігі мен дағдыларын қалыптастырып, дамыта түсу.
Сондықтан ондай тапсырмаларды үйрету және тәрбиелеу сипатында болуы қажет. Оқушылардың кiтап бойынша жасайтын өзіндік жұмысы сабақ үстiнде жүзеге асырылады.
Ол үшiн мұғалім жаңа материалды баяндап, оқушылардың бiлiмiн ауызша тексеруге уақытты мейлiнше үнемдей жұмсайды да, ал оқушылардың өз бетінше орындайтын жұмысына көбiрек көңiл бөліндi. Оқушылардың өз бетінше iстейтiн жұмысын күрделендiре түсу керек. Ол үшiн алуан тәсiлдiр колдануға болады.
Жаңа материалды түсіндiру процесiнiң өзiнде-ақ оқушылардың бұрынғы бiлiмдерiне сүйене отырып, жетекшi сұраулар қою арқылы олардың логикалық ойлау қабiлетiн жетiлдiре түсуге көмектесеміз.