Сыныптардағы мазмұндама жұмыстарының ерекшеліктері

Оқушылардың тілін ұстартуға арналған жазбаша жұмыстардың түрлері өте көп. Жазбаша жұмыстар сауаттылық үшін де, алған білімдерін тексеруде де қолайлы болып келеді. Жазбаша жұмыстар оқушыларды ойлау еңбегін дағдыландырады, қосымша материалдарды пайдалану машықтарын жетілдіреді. Себебі, балалардың жазбаша жұмыстарды орындау кезінде асықпай ойлауға, ойланып жазуға, мүмкіндігі көп болады, ауызекі сөйлеуде ондай жағдайлар бола бермейді. Ауызша сөйлегенге қарағанда балалар жазба жұмыстарында да небір айшықты, шешен сөздерді пайдалана алады, тіл кестесінің бедері үшін ізденеді, жазғандарын мұқият оқып, қайта түзетуге мүмкіндік алады.

Мазмұндаманың түрлері мұғалімнің оқу-тәрбие мақсатына байланысты өзгеріп отырады. Ал оқушылар әңгіме мазмұнын қалай меңгергені білгісі келсе, мәтінге жуық оқиғаларды толық қамтыған мазмұндаманы алып қалады. Тақырыптың ең негізгі дәні, түйіндерін жаздырғысы келсе, «Еңбек бәрінде жеңбек» деген тақырыпты алып, сол бойынша тұжырымды да қысқа мазмұндама жаздыруда аса тиімді. Себебі бала ең негізгісін, ең керегін бөліп ала білуге дағдыланады, бұның өзі оқушының білімдерін тиянақтайды, ойын ұғынықты етіп жазуға жетектейді.

Шығармашылық бағыттағы мазмұндамаларды 1-4 сыныптарда жүргізуде тиімді. Әсіресе, шешендік қақтығыстар, Сырым мен қазыбек би жыраулар мұраларына байланысты мазмұндама оқушыларды шешендікке, көркем сөйлеуге баулиды. Осы тақырыптарға жаздыратын мазмұндама күрделі болып келеді, себебі олардан шешендік сөздердің дәнін сақтау, сұлбасын нақты беру талап етіледі. Бала жұмыстарын жеңілдету мақсатында, әрі шешендік оралымдардың ұтымды, тапқыр сөздердің оқушы жадында жақсы қалуы үшін, мұғалім үлестірме көмектерде таратады. Бұл үлестірме көмектерде мазмұндамаға міндетті түрде пайдаланатын шешендік оралымдар, жекелеген образды сөздер беріледі.

Мазмұндаманы бағалауда оқушы жұмысының мәтін мазмұны мен негізгі ойға сәйкестігі, тақырыптың толық ашылуы, баяндау жүйесі ескеріліп, сөздік қорының деңгейіне, сөйлем құрылысына, мәтіннің стильдік біртектілігіне, шеберлігіне назар аударылады. Мәтін мазмұнын айтып бергенде, оқушылар мұғалімнің баяндағанын қайталап қоймай, мәтін мазмұнын өз беттерінше меңгеріп, өз сөздерімен құрастыруы талап етеді. Атап айтқанда, оқушы жазған мазмұндама мәтініне мынандай талап қойылуы тиіс:

1. Оқушының өз ойы болуы;

2. Өз жанына қосымша оқиға қосуы;

3. Өздігінен қорытынды жасау;

4. Мәтін формасын өзгерте мазмұндау, яғни,1 жақ, осы шақ формасында немесе керісінше мазмұндау;

5. Қысқарта мазмұндау, яғни, берілген мәтіннің тек түйінді, негізгі мәселелерін ғана мазмұндау, қажетсіз деп табылған детальдарды қысқарту;

6. Кеңейте мазмұндау, яғни, мәтін мазмұнына байланысты дәйексөз (цитата) және эпиграф келтіре отырып мазмұндау; 7. Берілген мәтін мазмұнына лайықты ой қорытындысын жасау; Мазмұндама жаздыру арқылы оқушылардың тілдік материалдарды орынды қолдана білуге, жазбаша сөйлеудің ерекшелігін, мәтіннің синтаксистік құрылысын меңгертуге, ең басты қайта жасау қиялын дамытуға игі ықпал етеді. Осындай білім дағдыларын қалыптастыруда мазмұндаманың мынандай түрлерін жүргізуге болады:

1.Дайын мәтін бойынша мазмұндама;

2.Сурет бойынша мазмұндама;

3.Аяқталмаған мәтін бойынша мазмұндама.

Мазмұндама мен шығармаға екі баға: біріншісі жұмыстың мазмұны мен көркемдік сапасы, тіл шұрайлығы үшін, ал екіншісі грамматикалық сауаттылығы үшін қойылады.

Орытынды

Мазмұндама оқушының мәтінді ұғынуына, тіл заңдылықтарына орай ойын, сапасын тереңдетіп, ой – пікірін жүйелі жазбаша шығармашылықпен жеткізуге баулиды. Білімін көтереді, эстетикалық сезімін, талғамын, ұлттық танымын байытады. Шығармашылық жұмыстар – оқушылардың тілін дамыту барысындағы тәжірибелік жұмыстардың бірі.Оқушылардан өз ойын, пікірін орамды түрмен дәлді әрі нақты, әсерлі де жүйелі жеткізе алатын сауатты адам тәрбиелеу, оның түрлі тәсілдері мен амалдарын меңгере отырып, жазу жұмысына үйрету болмақ.

Мазмұндама – тіл дамыту жұмыстарының ішінде оқушылардың өзіндік ойын, тілін, сөйлеу мәнерін қалыптастыру ісіне тікелей қатысы бар пәрменді жұмыс түрі. Шығарма жазу арқылы оқушылардың тақырыпты өз бетінше әңгімелей білуге, жоспар жасап, мәтінді жоспарға сай жүйелі айта білу, ойын жинақтап, белгілі мәселе төңірегінде өз пікірін жеткізуге жаттығады. Ойды екінші біреуге түсінікті, нақты, жүйелі айтып, не жазып жеткізу үшін мектеп оқушыларына да мынадай дағдылар қалыптастырылады: естіген, оқыған, айтылған мәселені есте сақтап, сапалы түсіне білу; бір мәселе не тақырып жөнінде өз ойын басқаға нақты, дәл, жаттық, әсерлі жеткізіп айта білу; ойын сауатты, мәдениетті, жүйелі жаза білу.

«Мазмұндама жұмысы, оның түрлерін, тұлғаларын үйретудің кезеңдері мен әдіс-тәсілдері қалай?» деген мәселелер қазіргі әдіскерлер мен мұғалімдердің тәжірибесінде әр түрлі қарастырылып келеді. Әр сынып оушыларының жас және білім ерекшелігіне байланысты шығарманың көлемі мен мазмұны анықталған жоқ. Сондай-ақ әдебиет пен тілге байланысты теориялық біліміне сәйкес шығарманың түрлері мен формаларының қайсысын жаздырып жаттықтыру да бір жүйеде емес. Әр мұғалім өзінің тәжірибесіне байланысты шығарманы өзінше ұйымдастырып келеді. Мазмұндама жұмысын оқушының тілін дамыту мақсаты бойынша қарастырсақ, онда шығарма оқушыны жазбаша сөйлеуге, яғни ойын жазбаша түрде бере білуге үйрету болып табылады. Сондай-ақ кейбір әдістемелік пікірлерге мазмұндама мен шығарма аралығында аталған екеуіне де жатпайтын жазу жұмыстары бар деп есептейді. Атап айтқанда, жазу жұмысының бұл түрін М.А.Рыбникова «Күрделенген мазмұндама» деп атайды.

Жазу жұмысының ішіндегі мазмұндама жұмысына баға беру, оның әдіс-тәсілдерін анықтауға тілшілерден гөрі (қазақ тілі бойынша) әдебиетшілер (әдебиет пәні бойынша) белсенді қатысады. Тіпті шығарма жұмысын әдебиетті оқытудың, әдебиеттен берілетін теориялық-практикалық білім берудің бірден-бір жолы деп қарастырады.

Әр мұғалім мазмұндаманы не үшін жаздыруына, яғни мақстына байланысты оның түрін де, көлем мен мазмұнын да анықтайды. Көркем шығарма жазушының жеке шығармашылығы болғанымен, өзінің шеберлігін, тілдің қарым-қатынасқа түсу қалыбын танытады. Сондықтан түптеп келгенде көркем шығарманы тану, білу дегеніміз тілдің қызметінің бір қырын игеру болып шығады. Сондықтан қазақ тілі пәні болсын, әдебиет пәні болсын, шығарма – екеуіне де ортақ тәжірибелік жұмыс, бірақ екі пәннің өзіндік ерекшелігіне байланысты шығарманы орындау, даярлау бағытында да өзгешелік, ерекшеліктері бар. Біз шығарма жұмысын әр пәнге байланысты бөліп көрсетуді емес, оқушының жазбаша сөйлеу әрекетін шығарма жұмысы арқылы дамытудың әдіс-тәсілдерін қарастырдық.

Мазмұндама дегеніміз – оқушылардың тілдік және әдебиеттік білімдері мен өзінің таным, түйсік, көзқарасының тәжірибелеріне сүйене отырып өз ойын жүйелі, әдеби тіл қалыбында бере білуге машықтандыратын жазбаша тәжірибелік жұмысының бірі. Қазақ тілі әдебиеті пәндерінен шығарма жаздырудың мақсаты мен міндеті осы мазмұннан туындамақ.

Қорыта айтқанда, мазмұндама оқушылардың көркем шығарамашылық қабілетін дамытуда ерекше рөл атқарады. Көркем сөздің, көркем ойдың, ұшқыр қиялдың құдіреті сол: сөздің тазалығын, шынайылығын қалыптастыратын, адамның психикасын дамытатан сиқыр күш, жан бар онда. Балаға көркем сөз өнерін үйретудің, баулудың ең басты қажеттілігі – осында. Оқушылардың жазбаша тілін дамытуда мазмұндама мен шығарма жаздырудың алар орны ерекше. Әсіресе, бастауыш мектептерде жүргізілетін тіл дамыту жұмыстарында мазмұндаманың мәні зор.

Мазмұндама:

1. Оқушылардың әдеби тілдік нормаға сәйкес өз ойларын жеткізе білуге үйретеді.

2. Сөздік қорын молайтады.

3. Ой-өрісін кеңейтуге жәрдемдеседі.

4. Өз бетімен жұмыс жасауға дағдыландырады.

5. Оқуда кездескен қиындықтарды жеңе білуге үйретеді.

Жұмыстың бұл түрлері балалардың тілін дамытуға, ойларын байланыстырып сөйлеуге үйретуде, тіпті әрбір мәдениетті адамға қажетті іскерлік пен дағдылардың қалыптасуына көп әсері бар. Сондықтан да мектепте мазмұндама жұмыстары жиі өткізілуі тиіс. Ал мазмұндама жазуда балалардың қызығуын арттыру үшін аталған түрлердің барлығын қолдану қажет.

Наши рекомендации