Тақырып Күрделі сөздің түрлерін айқындау тарихынан
кіріккен сөз тілімізде шағын, ол тілдің көне заманында пайда болған; сөз естілуінше емес, түбірін сақтап жазу принципіне құрылғанда, оның жасалуы мүмкін емес, сондықтын кіріккен сөздерді біріккен сөздерден бөліп алып қарау негізсіз деген пікір айтылуда, біздіңше, бұл тіл фактісі емес, ой тарапынан алынған тұжырым болса керек. Осыған орай кіріккен сөздерді үшке бөлуге болады: Бірінші – байырғы сөздерден кіріккендер: кекілдірік, белбеу, ашудас, күндіз, алжапқыш т.б. Екінші – бірі байырғы, екіншісі басқа тілден еніп кірігіп кеткендер: қолғабыс, шонжар, алаңғасар, шалап, қарақат, баяндама т.б. Үшінші басқа тілден енген сөздер: шаһнама, мұрап, жексенбі, дүйсенбі т.б.
Жасалу тәсілі, құрылымдық, мағыналық ерекшелігі жағынан кіріккен сөздердің күрделі сөздердің басқа түрлерінен өзіндік айырмашылығы барлығы, біздіңше, шүбә тудырмайды; олай болса кіріккен сөз, біріккен, құранды, құрама сөздерден бөлініп, күрделі сөздің өзалды жеке түрі ретінде қаралуы керек.
Біріккен сөздер. Бұған қарабауыр, асқазан, ұлтабар, көксерке, аққайран, мысыққұйрық, түйетабан, итмұрын, сиырбүлдірген, ақсақал, балажан, бозбала, жарымжан, саңырауқұлақ, көкнайза, қылтамақ, албасты, көнтері, аққұла, екіқабат, есерсоқ, көнетоз, қарақұс, шашбау, аққу, меңдуана тәрізді алуан түрлі сөздер жатады.
Сөзге тән бір қасиет – оның екінші бір сөздің пайда болуына ұйытқы болуы десек, біріккен сөздер де бұл қасиеттен мүлде құралақан емес. Біріншіден, бұлар кейбір жұрнақтар арқылы туынды сөздің жасалуына негіз болады, мысалы, ақсақалды, аққудай т.б. Екіншіден, кейбір терминдік атаулардың құрылымын жасауға қатысады, мысалы: піл, тасбақа, құдыз егеуқұйрық, орман сусары, жеңіл өнеркәсіп т.б. Осылар тәрізді қызыл қарақат, жасыл құрбақа тәрізді күрделі атаулардың пайда болуы да бұлардың бойында басқа сөздердің жасалуына негіз боларлық қасиеттің болуын дәлелдейді. Күрделі сөздердің басқа түрлері тәрізді біріккен сөздер де сөздердің еркін тіркесі тәрізді сөйлеу я жазу процесі үстінде құрастырылмай, қалыпты сөздер тәрізді даяр күйінде, бұрыннан жасалып қалған қалпында қолданылады.
Міне, осы аталған межелік белгілер біріккен сөздің де лексикалық тұлға болуының куәсі болмақ.
Біріккен сөздердің құрылымы оны құрастырушы компоненттердің жай біріктірілуінен жасалады; ондағы сөздердің дыбыс құрамына да, буын құрамына да ешқандай өзгеріс кірмейді, сол әуел бастағы қалпында қалады.
Енді жеке мысалдарға талдау жасау арқылы осылардың кейбір жасалу, қалыптасу ерекшеліктеріне нақтылы тоқталайық. Біріккен сөздердің жиі кездесетін бір түріне итмұрын, бұзаубас, қоянтобық, түйетабан тәрізді сөздер жатады. Мәселен, итмұрын, затында, өсімдіктің белгілі бір түріне берілген атау, сыртқы формасы иттің тұмсығына ұқсас болғандықтан, соған орайлас аталған. Затында оның итке де, мұрынға да ешбір қатысы жоқ.
Мысыққұйрық – бұл шөптің белгілі бір түріне берілген атау, формасы мысықтың құйрығына ұқсас болғандықтан, соған орайлас аталған.
Осылар тәрізді егеуқұйрық, бұзаубас, қоянқұйрық, биеқарын, текесақал, қарғатұяқ т.б. алуан түрлі атаулар да осылайша ұқсас заттардың атауларынан пайда болған.
Біріккен сөздердің екінші бір үлгісіне – қарабауыр, қарақұлақ, қарақұйрық, тазқара тәрізді сөздер жатады.
Мәселен, қарабауыр – затында, аңға берілген атау; үсті қылаң, бауыр жүні қара, басқа жерінен ерекше бір көзге түсетін белгісі осы болғандықтан, соған орайлас аталған. Қарақұлақ, қарақұйрық, тазқара тәрізді атаулар да міне, осылайша пайда болған.
Біріккен сөздердің бұл аталған түрлері кейін басқа да біріккен сөздердің жасалуына үлгі болып, оның құрамы үнемі толығып, артып отырған.
Біріккен сөздердің үшінші бір түріне – ақсақал, жарымжан, заржақ, кемтар, арамтамақ, көнетоз, аққұла, біржола, қонақжай, бірбеткей, көкжелке, екіқабат, бірсыдырғы тәрізді сөздер жатқызылуға тиісті. Бұлардың да компоненттері ешқандай дыбыстық өзгерістерге ұшырамаған, буын құрамын да толық сақтаған; білдіретін ұғымы мен беретін мағынасы да құрамындағы сөздердің лексикалық мағынасынан басқаша болып қалыптасқан, бұл да бір ғана зат я құбылыстың атауы болады.
Біріккен сөздердің төртінші бір түріне – қарақұс, аққу, шашбау, баспасөз, басқұр тәрізді сөздер жатпақ. Бұлардың да сыңарлары әуел бастағы түр-тұрпатын толық сақтаған, буын құрамы да берік, құрылымын бұзбай үнемі бірге жұмсалады, қаншама сөзден тұрмасын бір ұғымды білдіріп, бір ғана заттың атауы болады.
Тіл мамандары, әдетте, күрделі сөздердің арғы тегін сөздердің еркін тіркесімен байланыстырады.
Сөздердің еркін тіркесі компоненттерінің соңғысы бағындырушы, ал бастапқы оған бағынушы сөз болып, бастапқы сөз соңғы объекті мәнінде тұрған сөздің түсі, көлемі, сипаты, мекені, тегі, қызметі тағы басқа сол сияқты түрліше қасиеттерін айқындап, аралары синтаксистік байланыстың белгілі-белгілі үлгілері бойынша грамматикалық байланысқа түсетіні мәлім. Аққу, қарақұс тәрізді сөздерге келсек, бұлардың да сыңарлары басында осындай байланыста болып, кейіннен жұбын бұзбай, үнемі бірге қолданудан компоненттері орын- орындарында әбден бекініп, ол байланыс мәнін мүлде жойған. Құрамындағы сөздер жеке сөз табы, сөйлемге дербес мүше болу қасиетінен де айырылған; компоненттері жеке-жеке емес, бір екпінге иеленіп, айырым емес, бір ритмикалық екпінмен айтылатын болып кеткен. Бұған олар басынан идиомалану, лексикалану, оған қосымша грамматикалану процестерін өткізу барысында келіп жеткен.
Бұлардың төркіні сөз тіркесі болғандығына оларды құрастырушы компоненттердің лексикалық сипаты да толық айғақ болғандай. Өйткені бұлардың компоненттері де сөздердің еркін тіркесі сыңарлары тәрізді басқа сөздермен қарым-қатынасқа түсуге өте қабілетті, логикалық жағынан үйлесімді сөздер болып келеді.
Біріккен сөздің көпшілігінің соңғы компоненті өзі бейнеленіп тұрған объектіге тікелей қатысы бар, белгілі дәрежеде соны білдіретін сөз болады. Оның мәні, мәселен, аққу, қарақұс тәрізді сөздердің құс баласына қатысты екені, ал көксағыз, асқабақ сияқты біріккен сөз түрлерінің есімдік атаулары екенін соңғы компоненттерінен-ақ білуге болса, аққоз, аютабан, бұзаубас, балақыз, егеуқұйрық, бізтұмсық тәрізді біріккен сөз атауларының есімдік, жәндік атаулары болатынын олардың соңғы компоненттерінен білу мүмкін болмайды. Өйткені бірқазан, қарабай, ақсары, аққоз, аютабан, бұзаубас, балақыз тәрізді біріккен сөздер сөздердің еркін тіркесінен емес, басқаша жолмен, яғни жоғарыда айтылғандай, метафоралық қолданыс немесе бойында бар ерекше бір белгі-қасиеті бойынша пайда болған.
Сонымен, проблема – біріккен сөздің жоғарыда аталған түрі мен лексикаланған тіркестің арақатынасын ажырату. Бұл күрделі де, қиын да проблема. Өйткені, екеуі де негізі, сөздердің еркін тіркесі.
Затында, біріккен сөз құрылымдық сипаты ғана емес, сонымен қабат білдіретін ұғымы мен беретін мағынасы, сондай-ақ лексика-грамматикалық, грамматикалық мағынасы жағынан да сөз тіркесінен басқаша болып қалыптасқан, яғни ол сөз тіркесінен мүлде қол үзіп, басқа категорияға, яғни лексикалық категорияға көшіп кеткен де, ал лексикаланған тіркес сөздердің еркін тіркесімен байланысын мүлде үзбеген, қайта оның кейбір қасиетін бойында сақтаған.
Біріккен сөз түрлерінің құрылымы берік-бекем. Ол сыртқы түр-тұрпаты ғана емес, білдіретін ұғымы мен беретін мағына жағынан да құрастырушы компоненттерге жай ғана бөле салуға келмейді. Компоненттері әбден орнығып, бір-бірімен қалыптасып қалған, демек, ол бір бүтін тұлға ретінде қолданылады. Оған, біріншіден, оның білдіретін жалпы мағынасына нұқсан келтірмейінше, компоненттерін жекелеп, яғни бірін екіншісінен бөліп қолдануға келмеуі, әр қолданысында тыңнан құрастырып жатуды қажет етпей, сол қалыптасып, орнығып қалған даяр күйінде қолдануға болуы; екіншіден, лексика-семантикалық, лексика-грамматикалық мағынасы жағынан да іштей ажыратып қарауға келмеуі; үшіншіден, сол тұтасқан қалпында сөйлем ішінде де жұбын жазбай, бір ғана мүшенің қызметінде жұмсалуы, төртіншіден, бас-басына жеке-жеке емес, бір акцентуациялық екпінмен айтылуы, бесіншіден, күрделі яғни терминологиялық атауларды құрауға да қатысуы дәлел болмақ.