Пышан жӘлмендеҰлы

(1884–1921)

Ақын, сазгер Пышан Жәлмендеұлы 1884 жылы Талдықорғанның Қаратал ауданы, Байшегір ауылында дүниеге келген.

18 жасында болыс болған. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін де ел басқарған. 1921 жылы жаламен абақтыға қамалып, өлім жазасына кесілген. Оның артында қалған сырлы, сазды әндері ел аузынан жиналып, нотаға түсірілген. «Қайша», «Дүние-ай», «Ала қарға», «Қыз Балқия», «Дүние, шіркін, өтеді бір күн», «Әшіргүл-Зейнеп», сондай-ақ, абақтыда жатқанда шығарған «Баласы Жәлменденің Пышан едім» атты шығармасы бар.

1921 жылы дүние салған. Талдықорған қаласының маңындағы «Шәйқорған» деген жерге жерленген.

АРЫСТАНЫ ЕДІМ АДАМНЫҢ

Қолыма хат жазуға алдым қалам,

Көкіректе дайын нәпсі, қайғы санам.

Ауылдан мен шыққалы үш ай болды,

Үйдегі не болды екен қатын-балам?

Болса егер құдіретім көнер ме едім,

Осыдан елді тірі көрер ме едім?

Саулықтың көктемдегі қозысындай

Артымнан, бала-шаға, ерер ме едің?

Дүние-ай, үйге барып науқастанып,

Қолыңнан, әйел, сусын берер ме едің?

Ауырып төсегімде үш күн жатып,

Онан соң ажал жетіп өлер ме едім?

Пышанның жаназасы болыпты деп,

«Бауырымдап», ағайындар, келер ме едің?

Дүние, сені арман қылмас едім,

Бір молда жаназа оқып, көрер ме едің?!

Баласы Байқоржынның қайран Саяқбай,

Бір кезде мінбеп пе едік алтын таққа-ай?!

Құдайдың құдіреті қандай күшті,

Мінекей, пенде болдық бұл уақытта-ай!

Өкіметтің, байқасаң, заңы қатты,

Күндіз-түні сұрайды дамыл таппай.

Сәлем де сиыршының Аманына,

Сен де болыс болып ең заманыңда.

Қаз табан тас баспаған жүйрік едім,

Қадалды темір тікен табаныма.

Жатырмын абақтыда, үш ай болды,

Шығуға бұдан закон табамын ба?

Сердәлі, сен де аман бол, қайран Саяқ,

Жылаймын уайым қып сендерді аяп.

Өкіметтің, байқасаң, заңы қатты,

Мен кеткесін сендерге тұр ғой таяп.

Бар еді аз ауылым – Алтын Қортық,

Бір түнде аралаушы ем желіп-жортып.

Көрінді өкіметтің заңы қатты,

Осыдан да барамын қатты қорқып.

Ауылым мен шыққанда қыстауда еді,

Жирені Нұрқұсанның ұстауда еді.

Көрінді бүгінгінің заңы қатты,

Сегіз солдат сұрақ алып, қысты-ау мені.

Ауылым Бесағаштың сағасында,

Сәлем де Мырзабайдың баласына.

Қосылған он бес жастан Ғайша жолдас,

Жәудіреп екі көзің қаласың ба?

Бесағаш, Шиліқарын арасы бір,

Жаныма орыс-қазақ таласып жүр.

Егерде олай-бұлай болып кетсем,

Баласы Мырзабайдың қарасып жүр.

Ауылым Шиліқарын етегінде,

Күрең ат Нұрқұсанның жетегінде.

Жүз байтал, сегіз нарға келген Ғайша,

Көре алмай дидарыңды кетемін бе?

Сәлем де жалайырдың Қарғасына,

Құдай-ау, береке бер мал-басыма.

Сәлем де Балаұлы Қожақмет,

Түбінде Алмалының жолдасыма.

Сәлем де үш қайтара дұғай-дұғай

Өзіммен бірге өскен сырласыма.

Дүние, көзім жетті жалғаныңа,

Тірлікте кім көнбейді салғаныңа.

Өз жасым жиырмадан асқаннан соң,

Ілесті он бес жігіт жан-жағыма.

Аржаққа Үрімжанмен алысқанға,

Ешбір жан шыдамап ед зардабыма.

Пышан мен Жәлмендені көреміз деп,

Жиылды талай арғын барғанымда.

Мыңды алған, жүзді қуып, қыран едім,

Қайрылып қанатымнан қалғаным ба?

Бұл күнде абақтыға қор қылғанша,

Сол күнде, құдай, мені алмадың ба?

Баласы Жәлдемденің, өзім – Пышан,

Табамын мұны қайдан жаман тусам?

Жасымнан еш жамандық көрмеп едім,

Келгенде отыз жеті бұл бір нышан.

Кекілін кер бестінің кесіп алдым,

Ғайшаны сағынғанда есіме алдым.

Мен жесем Бәйшегірдің малын жедім,

Товарищ өкіметтің несін алдым?

Ауырым Шиліқарын маңайында,

Әніне Ғайшажанның салайын ба?

Қосылған он бес жастан Ғайша жолдас,

Алдыңда шам-шырақ боп жанайын ба?

Ауылым Әупілдектің етегінде,

Шығар қасқа ат Нұрқұсанның жетегінде.

Он жылқы, жүз қой беріп алған атым,

Бір мінбей бұл дүниеден өтемін бе?

Ғайшадан айналайын, ақыл-ойлым,

Қызығыңа, Ғайшажан, қашан тойдым!

Үйге әкеліп ең алғаш түсіргенде,

Тойыңа он бес бие, жүз қой сойдым.

Басымнан отыз жеті аттап кетті,

Үстімнен арыз-өсек қаптап кетті.

Арқадағы ағайын, жекжаттарым

Қаратып қара жерге тастап кетті.

Ауылым Қараталдың бойын қыстар,

Ғайшажан барқытпенен тымақ тыстар.

Осы жерде олай-бұлай болып кетсем,

Қолынан Ғайшажанның кімдер ұстар?

Сиынам арғы атама Арық – Тыным,

Жан өткен бұдан бұрын неше ғылым.

Аруақ шалған қасиетті бабам едің,

Сақтай көр өзің оңлап, жарықтығым.

Таң сарғайып атады түндік жарып,

Ұйқым менің келмейді бүгін нағып?

Әжі атамның аруағы – жолбарысы,

Қайда кеттің сыртымнан жүрген бағып?!

Атам кірді түсіме,

Қорқу кірді ішіме.

Арыстаны едім адамның,

Сенбей де қалдым күшіме.

Көтер, Ғайша, басыңды,

Тыя көр көзден жасыңды.

От болып жанған жүрегім,

Су сепкендей басылды.

АЙША

(Пышанның әні)

Жәлменденің баласы Пышан едім,

Мекелайдың тұсында кісі-ақ едім.

Кісі ақысы кісіге кетпейді екен,

Талай жанды тар жерде қысап едім.

Қайырмасы:

Көтерші, Ғайша, басыңды,

Күннің көзі ашылды.

Дариядай көңілім

Су сепкендей басылды.

Мен кеткенде ауылым жайлауда еді,

Нұрғисаның күреңі байлауда еді.

Мамық төсек, құс жастық жатқанымда,

Сегіз солдат келді де, «айда!» деді.

Қайырмасы.

Сегіз солдат келді де тұра қалды,

Мылтығына оқ салып, бұрап алды.

Нұрғисаның достығы осы емес пе, –

Он бес күнге аттырмай сұрап алды!

Қайырмасы.

Жүк көтерер қара нар артылғанда,

Көлдің орны сай болар тартылғанда.

Келгеннен-ақ шыбын жан сезіп еді,

Шаһабиден қасымда атылғанда.

Қайырмасы.

Қонбаушы едім саз жерге татыр-ау деп,

Алдамаушы ем жылқымды жатыр-ау деп.

Он бес жаста қосылған Балқия қыз,

Атамаушы ем атыңды қатын-ау деп.

Қайырмасы.

Ғайшатайдың қолында ақша шатыр,

Қараңғы үйде қамалып Пышан жатыр.

Сексен түйе, жүз бие беріп алған,

Ғайшатайдың заманы не боп жатыр?

Қайырмасы.

Жылап, Ғайша, көзіңе жас алмағын,

Жасып тұрған көңілді пәс қылмағын.

Сенен, Ғайша, жалғыз-ақ тілейтінім –

Сұңқар орнын қарғаға бастырмағын!

Қайырмасы.

Жәлменденің баласы Пышан болыс,

Жетісудың өң бойын қылдым қоныс.

Нұрғисаның күреңін берсем-дағы,

Бір тиындай көмеді-ау кәпір орыс.

Қайырмасы.

Ұшты, Ғайша, басыңнан бақыт құсың,

Опасы жоқ жігітке дүние құрсын.

Ақырғы рет ауылға айттым сәлем,

Естіген жұрт қол жайып, дұға қылсын.

Қайырмасы.

Сұңқар едім көлдегі,

Сұлтан едім елдегі.

Амалым бар ма Аллаға,

Дәм айдаса пендені.

Өлі тілін тірі алмас,

Пышан енді жүре алмас.

Баяғыдай сайран сап,

Елде ойнап, күле алмас.

пышан жӘлмендеҰлы - student2.ru

Наши рекомендации