Нерге ұмтыл, өнерді біл замандас!

Мен Құлагерді қазақтардан қызғанамын...

Тәуелсіздік тұғырға көтерілгелі, әділетсіздікке ұшыраған ақын-жазушыларымыздың еңбектері жаңартылып, олардың есімін еш қиналмастан айтуға мүмкіншілік туды. Сонау сұрапыл жылдарда қазақ қоғамының қаймағын сыпырып алып кеткен кезең бастан өтті .Сол бір заман құрбандарына айналған Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Шәкәрім Құдайбердіұлы секілді қазақ зиялыларының есімдері қазіргі таңда ерекше аталады. Кезінде осы ардақтыларымыздың есімін де, шығармашылығын халық санасынан өшіруге ұмтылған қитұрқы саясаттың салдары қазақ әдебиеті мен мәдениетіне үлкен нұқсан келтірді. Қайта туған феникс сияқты, алаш ардақтыларының есімі қайта жаңғырды. Олардың еңбектері қайта жарық көріп, шығармаларының том-том кітаптары шықты. Олардың есімдері мемлекетіміздің ірі университеттеріне, көшелері мен мәдениет сарайларына берілді. Әрқайсының еңбегін зерттеп, зерделейтін ғылыми орталықтар жұмыс істеуде. Әдебиет ғылымында Шәкәрімтану, Сәкентану, Ілиястану сияқты ғылыми жұмыстар жаңашыл серпін әкелді. Бүгін біз Жер жәннаты- Жетісу жерінің тумасы Ілияс Жансүгіров жайлы сөз қозғағалы отырмыз.

Бәрімізге ақын, драматург, лирик, прозашы ретінде танымал І.Жансүгіров жайлы не білеміз? Не білмейміз? 1938 жылы репрессияға ұшырап жазықсыз айып тағылған атамызды қазіргі ұрпақ қаншалықты таныды? Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атамыздың атымен аталған университет, музей, мәдениет сарайы, көше атауларының берілу сыры неде? Құлагердей ақынның артында қалған еңбектері қанша? Зерттеліп жатқан ақын өмірі қаншалықты толықтырылды.

нерге ұмтыл, өнерді біл замандас!

І.Жансүгіров 1894 жылы мамыр айының бірінші жұлдызында Қапал уезінің Ақсу болысына қарасты «Қызылтаң» ауылының маңындағы Кіндікқоңыр қыстағында дүниеге келген. Жастайынан анадан айырылған Ілиясты Жансүгір өзі тәрбиелеп, өзі өсіреді. Балаға қатал әке Ілиясты мезгілінде хат танытып, оқуға деген құлшынысын оятып, қазақ арасындағы белгілі ақын – жазушылардың, жыраулардың жыр шумақтарымен, халық ауыз әдебиетімен ерте таныстырады. Бастапқыда әкеден білім алған Ілияс, 1910 жылдан бастап Қасен молдадан сабақ алғаннан кейін, 1912 жылы күзде Қарағаштағы «Мамания» мектебіне оқуға ілінеді. Осы жылдардан бастап алғаш шығармашылық жолын бастайды. Бірақ белгілі себептерге байланысты бұл оқуын да жалғастыра алмайды. Өзінің білімінің аздығын түсінген Ілияс 1920 жылы Ташкент қаласына барып, сондағы мұғалімдер даярлайтын қазақ-қырғыз институтының екі жылдық курсына оқуға түседі. Сол жылдан бастап алғаш журналистік қызметін бастаған ақын «Ақ жол» газетінде кооректор қызметін атқара жүріп, «Жас Алаш » газетінің шығуына үлесін қосқан. Ақын денсауылығының нашарлауы себепті 1921 жылы Белтоған ауылында мұғалімдік қызметке орналасады. Осы уақыттарда ол өз өлеңдерін «Кедей еркі», «Тілші» газеттеріне жіберіп тұрған. Ілияс 1922 жылы Қосшы одағының шақыруымен Алматыға келіп «Тілші» газетінде әдеби қызметкер болып жұмыс жасайды. Ілиястың шыңдалып, ширалған уақыты осы сәттен басталды артық айтпаймыз. Ақын өзінің бос уақытын кітап пен баспа беттеріндегі өзі қатарлас ақындардың мақалаларын оқуға, қиялындағы сан түрлі ойларын қағазға түсірумен айналысқан. Ілияс осы екі жылдың ішінде 50-ге тарта өлең жазған. Алайда, ол білімінің әлі де жетіспейтіндігін сезініп, 1925 жылы Мәскеудегі Коммунистік журналистика институтына оқуға түседі. Осыдан кейін, Ілиястың журналистика саласына деген қызығушылығы одан әрі артып, құлшына жұмыс істейді. Талпыныс пен құлшыныс арқасында ақынның 1928 жылы «Сығанақ» атты тұңғыш кітабы жарық көреді. Кейін «Еңбекші Қазақ» газетінде қызмет атқарып, 1932 жылы 18 мамырда ҚазАПП –тың соңғы жиналысында Қазақстан Кеңес жазушыларының ұйымдастыру комитеті құрылып, Ілиясты төраға етіп сайлады. Құрамында 10 адам жұмыс атқарды. Ілияс атамыз 1935 жылға дейін осы қызметті атқарған. Өмірінің соңғы жылдарында нақтырақ айтсақ, 1935-1937 жылдары көркем әдебиет баспасында поэзия бөлімін басқарыпты.

Ілияс Жансүгіров тек ғана ақын емес, сонымен қатар көпке белгілі сатирикте болған. Оның жазған әр фельетонының астарында белгісіз сыр мен терең ой жатады. Ілияс өзінің фельетондарында көбіне лақап аттармен шығарған көрінеді. Кейбіреуіне көз жүгіртер болсақ, Жа-жа, Сақа, Ағын, Салпаңқұлақ, Матай, Құйқұлақ, Балгер және т.б. Сонымен қатар әр жазған шығармаларына тақырыбы мен мазмұнына сәйкес орынды да ұтқыр атау таба білуі де өзіндік ерекшелігі деуге болады. Сатириктің қазір газет беттерінде кедесіп жүрген фельетондарының жалпы саны 50- ден асады. Айтар болса, «Сөз Қамысбаевқа», «Жарапазан», «Құқ», «Шалқыбай», «Пұшық мұрынға кетік ыдыс» сынды очерктерін атауға болады. Ілиястың сатирасын айтқаннан кейін, айтыскер болғандығын айта кеткен жөн болар. Оның суырып салмалығымен, мысқыл сөздерді орынды қолдана білуі оның біліктілігін көрсетіп тұратындай. Біз ол айтыскер болды деп, ойдан құрап айтып отырған жоқпыз, көп зерттеген тарихшылардың сөзінен іліп алып отырмыз. Айтыс өнерінде жүріп алғаш айтысқандарының бірі 84 жастағы Ысқаққызы Айтолықтың 17 жасында 23 жастағы Ілияспен айтысқандығы жайлы мәліметтер кездескен. Ақын 1928 жылы қайтып оралған кезде , оны ауыл тұрғындары естіп жинала бастаған. Үйге сыймай кеткен адамдардың ішінен «жас ақынмен айтысамын» деп бірер ауыз сөзді бастап жіберген Тойымбала деген ұзын бойлы келген бір жас келіншек еді дейді. Шешінген судан тайынбас деген Ілияс әр сөздің мән-мағынасына, ішкі құпиясы, түп- төркін көздей отырып , оған жауап қайтарады. Бірақ айтыстың соңы алыста жүріп бір-бірін тапқан екі ағайындының жүрек жарды өлеңдерімен аяқталады. Бұл дерек Қабдолдаев Жұманның «Ақынның үнін тыңдаған» деген мақаласында жазылған. Ол өз заманында Орынбай, Кемпірбай, Тазбала, Бала сияқты белді ақындармен айтысып, тілінің ащылығымен, қарымдылығымен көзге түскені біз айтпасақта әдебиет тарихынан белгілі. Ілияс сатирасы көпке үлгі өнеге боларлықтай. Әр фельетоны шынайы өмірге негізделіп жазылған. Сатиралық шығармаларының басқа жанрдағы туындыларынан бөлек «Құқ» деген атпен 1935 жылы 123 беттік еңбегі шықты. Ілияс ақталғаннан кейін 1961-1964 жылдар арасында жарық көрген 6 томдық шығармалар жинағына 1963 жылы «Әңгімелер мен фельетондар» деген атпен 328 беттік көлемде кітап баспадан шыққан.

Ілиястың жан – жақты ақын екені белгілі. Соның дәлелі аудармалары. Ақын 1923 жылдан бастап ол орыс және батыс классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударумен айналысқан. Оның ішінде А.С.Пушкиннің қайтыс болғанына 100 жыл толуына байланысты «Евгений Онегин» романын Ілияс уақытының аздығына қарамастан, 1936 жылы 6 айдың ішінде аударған. Бұл ақынның дарындылығымен талабының биік екенінің тағы бір дәлелі. Ақын бұл шығармамен тоқтамаған бұған дейін, Пушкиннің «Гаврилиада», Лермонтовтың «Шеркестер», Некрасовтың 2 вариантта «Темір жолын» және т.б. белді жазушылардың шығармаларында өз қолтаңбасын қалдырған.

Наши рекомендации