Азіргі заман білім жүйесін реформалаудың негізгі бағыттары 2 страница

В.Ратке ана тiлi мен шетел тiлдерiн оқытудың жаңа әдiстерiн практикада қолданудан жинақтаған тәжiрибелерi негiзiнде жалпы оқыту ұстанымдарын ұсынды. Ұлы чех педагогы Я.А.Коменскийдің педагогикалық жүйесiн жасауда В.Раткенiң педагогикалық қағидалары себепшi болғандығын айтуымыз парыз. Оның мұғалiмдер басшылыққа алуға тиiстi оқытудың жалпы ұстанымдары:

- оқыту жүйелiлiкпен жүргiзiлiп, бiр мезгiлде бiрнеше пәндердi оқытуға болмайды;

- оқытуда қайталауды қолданып отыру;

- оқушыларды алғашқы оқытуды ана тiлiнде жүргiзу;

- оқытуда оқушының табиғи ерекшелiктерiн ескеру;

- оқытуда оқушыларды зорлықпен оқытуға болмайды;

- оқушыға оқу материалы түсiнiктi болуын қадағалау;

- оқытуды жекеден жалпыға, оқу мазмұнын белгiлiден белгiсiзге қарай игеру;

- оқытуда оқушының тәжiрибесiне және индукциялық тәсiлiне сүйену.

В.Раткенiң педагогикалық идеялары ол өлгеннен соң ХIХ ғасырда мектептерде пайдаланыла бастады да, ХХ ғасырдың орта шеңiнде ең жоғары бағасын алды.

Тақырыбы: Оқушы тұлғасы-тәрбиенің объекті және субъекті

Жоспары:

І. Жеке тұлға туралы түсінік.

2. Жеке тұлғаның қалыптасуының философиялық-әдіснамалық негіздері.

1. Тәрбиенің негізгі мақсаты - қалыптасып келе жатқан жеке тұлғаның әлеуметтік тәжірибені меңгеруі, оның жан -жақты үйлесімді дамуы. Жеке тұлғаның даму мен қалыптасу мәселесінің көп ғасырлық тарихы бар. Ол көп аспектілі және әртүрлі ғылымдардың тоғысында қарастырылады. Ертедегі грек ғалымдары жеке тұлғаның дамуына биологиялық факторлармен қоса әлеуметтік факторлар да әсер етеді деп есептеген. Жеке тұлғаның қалыптасуының факторлары туралы идеялар келесі дәуірлердің прогрессивті философиялық және психологиялық-педагогикалык, пікірлерінде өз жалғасын тапқан (Э. Роттердамский, Я. А. Коменский, К. А. Гельвеций, Д. Дидро, А. Дистерверг, К. Д. Ушинский, В. Г, Белинский, Н. Г. Чернышевский, К. Маркс, Ф. Энгельс, 3. Фрейд, Д. Дьюи, Э. Торндайк, Н. К. Крупская, П. П. Блонский, А. С. Макаренко, Л. С. Выготский, Э, И. Моносзон, Л. И. Божович, С. Л. Рубинштейн, В. В. Давыдов т.б.)

Адам- өзіне тән биологиялық құрылысы бар тіршілік иесі, сондықтан табиғат заңдары оның дамуына да әсер етеді. Қоршаған ортаға бейімделіп, өз тіршілігі үшін дайын заттарды пайдаланатын жануарларға қарағанда адам өзіне керектіні өз қолымен жасайды. Адам табиғатының өзгеруі адам өмірінің әлеуметтік жағдайларының әсерінен болады, адамның тектілігі тек биологиялық жағынан ғана емес, сонымен қатар тарихи дамуы нәтижесіндё де пайда болады.

Жеке тұлғадегеніміз әлеуметтік қатынастар мен саналы іс-әрекеттің субъектісі ретіндегі индивид. Жеке тұлғаның ең басты белгісі - оның әлеуметтік мәнінің болуы және оның әлеуметтік функцияларды (қызметтерді) (болмысқа, адамдарға, өзіне, еңбекке, жалпы қоғамға қатысты) атқаруы. Жеке тұлға, сондай-ақ, психологиялық дамудың белгілі бір деңгейіне ие (темперамент, мінез-құлық, қабілеттілік, ақыл-ой дамуының деңгейі, қажеттіліктер, мақсат-мүдделер).

Жеке тұлғаның ең маңызды белгілері - оның саналылығы, жауапкершілігі, бостандығы, қадір-қасиеті, даралығы. Бұл орайда "адам", "жеке тұлға" деген ұғымдардың қатары "даралық" деген ұғыммен толықтырылуы қажет.

Даралық бір адамның басқа бір адамнан, бір тұлғаның басқа бір тұлғадан айырмашылығын, оның ешкімге ұқсамайтынын, өзіне тән ерекшелігі бар екенін сипаттайды. Даралық, әдетте, адамның мінезі мен темпераментінің ерекше белгілері (мысалы, салмақты-жігерлі және мақсатты адам), шығармашылық қызмет іс-әрекеті мен қабілеттілігінің өзгешелігі арқылы ерекшеленеді.

Адам қасиетін түсіндіретін тағы бір ұғым - "индивид". Бұл сөз латын тілінен алынған және оның қазақша баламасы - "жекелік". Ұғым ретінде бұл сөз адамзат тұқымының еш қасиеттері ескерілмеген бір өкілін білдіреді. Бұл орайда әрбір адам индивид болып табылады. "Жеке тұлға" ұғымы мен онымен байланысты бір тектес ғылыми категориялардың мәні осында.

Адамның жеке қасиеттері өмір жолында дамып, қалыптасатын болғандықтан, жеке тұлғаның "дамуы" мен "қалыптасуы" ұғымдарының мәнін ашу педагогика үшін маңызды мәселе болып табылады.

Даму табиғатқа, қоғамға және әрбір жеке тұлғаға тән жалпы қасиет болып табылады. Даму дегеніміз - төменнен жоғарыға, қарапайымнан күрделіге қарай қозғалыс; сатылай эволюциялық ауысу немесе революциялық секіріс түрінде жүзеге асатын жоғары сапалы күйге қарай спиралды өрлеу процесі.

Жеке тұлғаның дамуы дегеніміз, ең алдымен, оның қасиеттері мен сапасындағы сандық өзгерістер процесі. Адам дүниеғе келгеннен соң дене жағынан үлкейеді, яғни оның кейбір дене мүшелері мен нерв жүйесі өседі. Оның тілі тығып, сөздік қоры молаяды. Бала көптеген әлеуметтік-тұрмыстық және моральдык біліктерге, еңбек дағдылары мен әдеттерге ие болады. Алайда, адамның жеке тұлға ретінде дамуындағы ең бастысы - оның бойында болып жатқан сапалық өзгерістер (танымдык, сезім, моральдық-жігерлік т.б.). Мінез-құлықтың реактивті формалары белсенді түрде қалыптасып келе жатқан іс-әрекеттілікке айналады, дербестік пен өз мінез-құлқын билей алу қабілеттілігі артады. Осы және басқа да өзгерістер адамның жеке тұлға ретінде даму процесін сипаттайды.

Сондықтан, даму дегенімізді адамның анатомиялық-физиологиялық жетілуіндегі, оның жүйке жүйесі мен психикасының дамуындағы, содай-ақ танымдық және шығармашылық іс-әрекетіндегі, оның дүниетанымы, өнегелілігі, қоғамдық-саяси көзқарастары мен сенімдерінің кеңеюіндегі орын алатын сандық және сапалық өзгерістердің өзара тығыз байланысты процесі деп түсіну дұрыс. Адамның дамуына ішкі және сыртқы, меңгерілетін және меңгерілмейтін факторлар әсер етеді, олардың арасында мақсатты тәрбие мен білім берудің алар орны ерекше.

Педагогика мен психологияда жеке тұлғаның "қалыптасуы" термині жиі қолданылады. Бұл жеке тұлғаның дамуының нәтижесі дегенді және оның пайда болып, тұтастыққа, бір қалыпты қасиеттерге және сапаларға ие болғанын білдіреді. Қалыптастыру(қалыптасу) дегеніміз - бір нәрсеге пішін (форма) мен тұрақтылық беру; толықтық пен нақты бір түр беру. Бұл арада тұқым қуалаушылықтың мәні өте зор - баланың ата-анасынан немесе ата-бабаларынан қалған биологиялық ерекшеліктердің жиынтығы. Тұқым куалаушылық жер бетіндегі тіршіліктің тарихы және белгілі бір түрдің (біздін жағдайымызда - адамның) өмірінің тарихы анықтайды. Адамның тұқым қуалаушылығын екі түрге бөлуге болады: жалпы адамзаттық (тік жүру бейімділігі, сана, ақыл, сезім мүшелері дамуының бейімділігі, шартсыз рефлекстер, нәсілдік және ұлттық белгілер) және даралық (жүйке жүйесінің түрі, анатомиялық-физиологиялық бейімділіктер).

Ағзаның тектілік негізі немесе генотипі төмендегі нәрселерден тұрады:

- морфологиялық белгілері (сыртқы бейнесінің ерекшеліктері);

- функционалды ерекшеліктер (мысалы, қан тобы);

- адамға тән бейімділіктер (тік жүріп-қозғалу, сөйлеу қабілетінің дамуы, ойлау, еңбек ету қабілеті т.б.):

- жүйке қызметінің, түрі (жүйке процестерінін, күші, олардың қозуы мен тежелуі, шапшаңдық-ширақтылық);

- әрекеттіліктің қандай да бір түрінің анатомиялық-физиологиялық бейімділіктер;

- есту мүшелері, ойлау құрылымы, сезім мүшелері құрылысындағы ерекшеліктер т.б.

Жеке тұлғаның қалыптасуына, сонымен катар, қоршаған орта да әсер етеді - адам және қоғам өміріндегі әлеуметтік-экономикалық, тарихи қалыптасқан жағдайлар. Қоршаған орта макро және микро болып бөлінеді. Макро-орта дегеніміз - адамға әлеуметтік-экономикалық ықпалдардың мол жиынтығы (өндіргіш күштер мен өндірістік қатынастар деңгейі, өмірдің қаржы жағдайлары, мәдениеттің даму деңгейі, бұқаралық ақпараттар құралдары). Микро-орталық дегеніміз -баланың ең жақын карым-қатынас ортасы, ол - адамды әрдайым қоршайтын және оның дамуына әсер ететін өзара байланысты заттар, құбылыстар мен адамдар әлемі. Жеке тұлғаның дамуы мен қалыптасуына, белгілі бір мөлшерде, табиғи немесе географиялық орта (климат), табиғат жағдайлары әсер етеді.

Жеке тұлғаның қалыптасуына әсер ететін факторлардың арасында тәрбие ең маңызды орын алады. Кең мағынада тәрбиені белгілі бір әлеуметтік қызметтер атқаратын қоғамдық құбылыс ретінде қарастыру қажет (ұрпақтан ұрпаққа берілетін әлеуметтік тәжірибе, жалпы адамзаттық мәдениет, т.б.), ал тар педагогикалық мағынада тәрбие дегеніміз - өсіп келе жатқан ұрпаққа жалпы адамзаттық құндылыктарды игерту үшін мұғалім мен оқушылар, балалар мен ата-аналар арасындағы бірлескен іс-әрекеттердің педагогикалық процесін ұйымдастыру.

2. Ғылымда бұрыңғы заманнан бері келе жатқан жеке тұлғаның дамуы мен қалыптасуының биологиялық және әлеуметтік факторларының ара қатынасы туралы пікірталас бітер емес. Осы бір көпғасырлық айтыс нәтижесінде әртүрлі көзкарастар пайда болды. Осы көзқарастардың бірін жақтаушылар адамның дамуын, негізінен, табиғи ерекшеліктер анықтайды деп санайды. Ал тәрбиенің маңызы аз деп есептелінеді. Жеке тұлғаның дамуын түсіндіретін осындай (биологизаторлық) бағыт ерте заманнан бастау алады. Сонау Платон (427-347 ж.ж. б.з.б.) мен Аристотель (384-322 ж.ж. б.з.б.) өз кездерінде-ақ адамдардың қоғамдық міндеттерін олардың табиғаты анықтайды деп санаған. Аристотельдің пікірінше, туылған сәтінен бастап-ақ кейбір адамдар бағыну үшін, ал кейбіреулері билік ету үшін жаралған.

XVI ғасырда пайда болған преформизм (латынша - кайта қүру, өзгерту) деген философиялық, Ол биология саласында үстемдік еткен, адамның жамуы жайлы диалектикаға қарсы философиялық ағым. Бұл бағыт төмендегідей ойды ұстанған: адамның ұрығында-ақ болашақ жеке тұлғаның барлық қасиеттері бар, ал даму олардың тек сандық жағынан артуын ғана білдіреді. Бұл орайда әлеуметтік факторлар мен тәрбиенің маңызы жоққа шығарылған.

Бихевиоризм бағыты да жеке тұлғаның дамуының биологиялық, бастауларын жақтайды. Осы бағыттың негізін салушы американдык психолог және педагог Э.Торндайктің (1874-1949 ж.ж.) пікірінше, жеке тұлғаның барлық қасиеттерін (соның ішінде сана-сезімін, қабілеттілігін) тек тектілік, тұқымқуалаушылық қана анықтайды. Оның ойынша, ақыл-ой қабілеті балаға «көздері, тістері және саусақтары» сияқты дүниеге келгенінен-ақ беріледі. Ол адамды ұрпақтап ұрпаққа сол қалпында берілетін және жеке тұлғаның барлық қасиеттері мен келешегін толығымен анықтайтын «гендердің жинағы немесе батареясы» ғана деп санаған.

Жеке тұлғанның дамуын биологизаторлық жағынан түсіндіру прагматизм бағытына да тән. Прагматизм (грекше-прагма) дегеніміз - іс-әрекет, тәжірибе. Бұл бағыттың негізін салушы - Джон Дьюи (1859-1952 ж.ж.). Америка философы, педагогы Джон Дьюи өзінің даму теориясын баладан туа пайда болған инстинкт және қабілеттерімен дәлелдейді. Дьюидің пікірі бойынша, адамда туысымен-ақ дайын талаптар мен қабілеттер және эмоциялар болады. Сондықтан Дьюи адам табиғатын тәрбие арқылы өзгерту мүмкін емес дейді. Австрия дәрігері Зигмунд Фрей адам-мінез құлқының қозғаушы күштері оның биологиялық тегіне байланысты деп түсіндіреді.

Ендігі бір көзқарастың негізін классикалық түрде ағылшын философы Джон Локк (1632-1704 ж.ж.) салып, француз материалистері оны ары қарай дамытқан. Бұл бағыт бойынша адам өмірінің жағдайлары мен тәрбие жеке тұлғаның қалыптасуының ең басты факторы болып есептелінген. Д. Локктің белгілі бір пайымдауы бойынша баланың жаны дүниеге келген сәтінде таза тақтаға ұқсас (tаbula rаsа) болып келеді және тек оның өмір жағдайлары мен тәрбие ғана жеке тұлғаның белгілі бір қасиеттерінің пайда болуына себепші болады. Осыдан кейін бұл көзқарас социологизаторлық бағыт болып қалыптасты, ал оның өкілдері жеке тұлғаның қалыптасуына әлеуметтік ортанын әсерін бірінші орынға қойып, оның дамуының ішкі заңдылықтарын жоққа шығарады. Олар адамның маңыздылығын кемсітеді.

Прагматиктік педагогика апологеттері және осы уақыттағы түрлі философиялық ағымдар экзистенциализм, неотомизм т.б. жоғарыда айтылған көзқарастарды қуаттай келіп, адамды әлеуметтік жағдайдан бөліп жеке қарастырады. Экзистенциализм жеке адамның дамуын, оның өзін-өзі жетілдіруі, бұған әлеуметтік ортаның қатысы жоқ деп түсіндірсе, ал неотомизм даму процесін діни идеалистік тұрғыдан, демек, құдай жаратқан адам жанының дамуы діни тәрбиенің ықпалымен аяқталады деп сендіреді.

Жеке тұлғаның дамуындағы тұқым қуалаушылық пен ортаның ықпалын бірінші орынға қойып, тәрбиенің күшін жоққа шығаратын бүл теориялар XIX ғасырдың аяғында психологиялық-педагогикалық зерттеулердегі ерекше бір бағыттың пайда болуына себепші болды, бұл бағыт "педология", яғни тура аударғанда ''балалар туралы ғылым", "балатану" деген атқа ие болды. Қазіргі уақытта ғалымдардың көбісі педологияны индивидтің сәби, жас өспірім, жастық шағындағы дамуының жалпы заңдылықтары туралы ғылым ретінде қарастырады. Социалистік құрылыс жағдайларында біздің елімізде педология өкілдері баланың дамуының биогенетикалык заңын белсенді түрде насихаттаған және соған сүйене отырып балалардың әлеуметтік теңсіздігін түсіндіруге тырысқан.

Жеке тұлғаның даму факторлары туралы философиялық және психологиялық-педагогикалық ойдың тарихы материалистік ілімде және оның бір бағытында - материалистік диалектикада өз жалғасын тапқан. Бұл бағыттың өкілдері жеке тұлғаның қалыптасуына әсер ететін факторларды тереңірек зерттеп қана қоймай, сонымен қатар ол факторлардың өзара байланысы мен олардың адамның даму процесіне ықпал ету механизмдерін де ашып керсетті. Коғамның тарихын талдай отырып, олар адамдардың шығармашылық - қайта құру әрекеті өндірістің дамуы мен көркеюіне, әлеуметтік қатынастардың қалыптасуына, ғылыми білімнің молаюына, рухани өмір мен өнегелілік-эстетикалық мәдениеттің баюына себепші болды деп көрсетті.

Осылайша қоғамдық игілікке ие болып және оны дамыта отырып, адам әлеуметтік тіршілік иесі ретінде, жеке тұлға ретінде қалыптасады.

Жеке тұлғаның дамуы мен қалыптасуына сыртқы, қоршаған орта ықпалының мәні зор екендігіне сене отырып, философ-материалистер адамның биологиялық табиғатын жоққа шығармады. Олардың ойынша, адам тікелей табиғи тіршілік иесі, сондықтан ол бойына біткен бейімділіктер ретінде көрініс тапқан табиғи күштерге ие деп сенді. Алайда ол бейімділіктер оның бойында тек лайықты орта мен мақсатты тәрбие бар кезде ғана дами алады.

Сонымен қатар, адамды әлеуметтік тіршілік иесі деп қарастыра отырып, философ-материалистер түқымқуалауылық бағдарламасымен еш байланысы жоқ индивидтің "әлеуметтік тұқымқуалаушылығы" туралы ойды ұстанады. Егер биологиялық бейімділіктер адамға да, жануарларға да тән болса, әлеуметтік тұқымқуалаушылық тек адамға ғана тән.

Материалистік философия қоршаған орта мен биологиялық бейімділіктер қатарында тәрбиеге ерекше орын бөледі, тәрбие - жеке тұлғаның дамуы мен қалыптасуының үшінші факторы. Бұндағы айта кететін жағдайдың бірі - материалистік түсінікте жеке тұлға тек объект ретінде ғана емес, сонымен қатар, ең бастысы, тәрбиенің субъектісі ретінде, өзіндік қайта құру қызмет-әрекетінің субъектісі ретінде қарастырылады.

Дәріс

Тақырыбы: Ресей тарихындағы ағартушылық пен мектептің дамуы

Жоспары:

1. Ежелгі Рустегі мәдениет пен білім беру.

2. Ежелгі славян халықтарының тәрбие мен білім беруі. Киевтік Рустегі (Х-ХIII ғғ.) тәрбие мен оқыту.

3. XVIII ғғ. Ресейдегі жетекші педагогтар – И.И. Бецкой, Ф.И.Янкович де Мириево, Н.И.Новиков, А.Н.Радищев т.б.

4. К.Д.Ушинский – ғылыми педагогиканың негізін салушы.

1687 жылы Мәскеудегі ең бірінші жоғары оқу орны - эллин-гректік, кейіннен славян - грек - латын академиясы болып ашылды. Академияны ашуда білімді ағайынды Лихудылар үлкен еңбек сіңірді. Олар жоғары сыныптарда риторика және философиядан сабақ берді, грек, латын тілінде грамматика мен риторикадан оқулықтар құрастырды. Кейіннен олар Новгородта славян-грек-латын училищесін ашты. Осының үлгісімен XVIII ғасырдың басында Новгород жерінде 14 грамматикалық мектеп ашылды.

Мәскеу академиясы Киев академиясының үлгісімен құрылды. Оның ашылуына еңбек сіңірген Симеон Полоцкий (1629-1680) болды. Ол латын тілді мектепті қолдады. С.Полоцкий өзінен кейін бірнеше оқу кітаптарын “Псалтырь”, “Славян тілінің әліппесі”, т.б. қалдырды. Ол табиғатқа сәйкестік ұстанымын қолдады. Адамды тәрбиелеудің үш кезеңін ұсынды: туғаннан 7 жасқа дейін- адамгершілік тәрбиесі кезеңі, 7 жастан 14 жасқа дейін- практикалық оқыту кезеңі, 14 жастан 21 жасқа дейін- ақыл-ойдың даму және азаматтық тәрбие кезеңі. Жақсы ата-анада жаман баланың болу себебі шектен тыс баланы сүю деп есептеді. Баланың ең алғашқы дағдыларына жете мән берді. Симеон Полоцкий І Петрді тәрбиелеуді қадағалаған.

Полоцкий әлемді құдайдың жазған кітабы ретінде қабылдайды. Мұғалім оқушыны осы кітапты оқуға үйретуі қажет деп көрсетті. Ол оқытуды латын, грек және орыс тілінде жүргізу керектігін айтты.

Бұлардан кейін білім берудің таза шіркеулік-діни кезеңі аяқталып, оқу орнында дінмен қатар, ғылым да оқытыла бастады. Дегенмен ғылыми пәндерді оқытудың өзі де дінге тәуелді болды, барлық ғылым православиелік дін тұрғысынан түсіндірілді.

Мәскеу академиясы XVIII ғасырдың соңына дейін жалғыз жоғары оқу орны болса, кейіннен ол тек діни мекемеге - діни семинарияға айналды.

Бұл академияның қабырғасында М.В.Ломоносов, көрнекті жазушы А.Д.Кантемир, архитектор В.И.Баженов және т.б. мәдениет саласындағы көрнекті қайраткерлер оқыған еді.

XVII ғасырдың екінші жартысында Ресейде оқыту мен тәрбиенің латын тілді, византия-ресейлік, славян-грек-латын, ескі салттық есептік - төрт бағыты сарапталды.

Бұлар Ресейдің алдағы қоғамдық даму жолын бағалау жағынан екі бағытты ұстанды. ХIХ ғасырда олар батыстық бағытты және славяндық бағытты ұстанушылар деп аталды.

Сол кезеңдегі педагогикалық ой-пікірдің жетістігін бейнелейтін белгілі қайраткер Сильвестрдің тілі көркем, мазмұны қызықты жазылған «Домострой» шығармасын атауға болады. «Домострой» үш бөлімнен тұрды.

Бірінші бөлімінде өмірге байланысты діни ақыл-кеңес берілді. Мұнда ата-аналардың басты міндеті балаларына адамгершілік-діни тәрбие беру керек делінді.

Кітаптың екінші бөлімі отбасылық қарым-қатынасқа арналды. Күнделікті тұрмысқа қажетті еңбекке, сауаттылыққа және кітап «ғылымын» үйрену жөнінде кеңес берілді.

«Домостройдың» үшінші бөлімінде үйді жабдықтауға, шаруашылық жұмыстарға қатысты кеңестер берілді.

Ресей XVIII ғасырдың басында ортағасырлық тығырықтан шығып, өзінің экономикасын, саясатын, мәдениетін дамытуды көздеді. Оған білімді мамандар - офицерлер, теңізшілер, артиллеристер, инженерлер, дәрігерлер, ғалымдар, үкімет қызметкерлері, мұғалімдер қажет болды. Осыдан білім саласын жетілдіру қажеттігі пайда болды. Петр I-ші мемлекетті дамыту мақсатымен шіркеуді өз билігіне көндірді. Шіркеу бірден-бір білім бақылау құқынан айырылды. Бұдан былай білімді бақылау мемлекет қарамағына алынды. Сонымен Ресейдегі оқу-ағарту жұмысы үкімет мүддесіне қызмет етуге бағытталды. 1721 жылы Петр I-нің тікелей қатысуымен Феофан Прокопович «Рухани регламент» жасады. Онда мемлекеттің шіркеуге үстемдік етуі бекітілгенмен де, халықты адамгершілікке тәрбиелеп, ақыл-кеңес беру үшін шіркеудің білім деңгейін жетілдіру көзделді. «Рухани регламентте» мемлекеттің мүддесі басым болды. Ф.Прокопович жаңа мектепке ғылыми сипат беруді көздеді, онда түрлі пәндерді оқыту, оқытуды көрнекілікке негіздеу, кітапхананың болуы міндеттелді, өйткені «кітапсыз академияның жаны жоқ» деп көрсетілді.

Академияның оқу жоспарындағы пәндер:

- грамматика тарихпен және жағрафиямен бірге;

- арифметика геометриямен бірге;

- логика мен диалектика бірге;

- риторика мен тақпақ шығаруға жаттығумен бірге;

- физика қысқаша метафизикамен бірге;

- қысқартылған саясат;

- діни оқу (мерзімі 4 жылдан 2 жылға қысқартылды).

Шет тілдері (латын тілін міндетті түрде оқыту, егер мұғалім табылса, грек және еврей тілін оқыту) сабақ уақытындағы екі пәннің арасында оқытылуы тиіс болды.

Оқу мерзіміне 8 жыл бөлінді. Оқуды бітіргендерге дін немесе ғылым жолына түсуге мүмкіндіктер берілді.

“Регламентте” элементарлық мектеп жайы атап өтілді, әр епископ өз үйінде дін иелерінің балаларын оқытып, дін жолына түсетін қызметкерлер даярлауға міндеттелді. Ең бастысы Ф.Прокоповичті толғандырып, мазасыздық тудырған мәселенің бірі - мұғалімдердің саны мен сапасын көтеру болатын. Өкінішке орай Ф.Прокоповичтің идеясы мен пікірлері дін иелері тарапынан қолдау тапқан жоқ, өйткені олар Петр I-нің білімді қайта құруына қарсы болды.

Наши рекомендации