Тақырыбы:Бейінді оқытуды енгізу жағдайларында оқу пәндерінен сабақ берудің қазіргі таңдағы білім беру стратегиясы.

Мақсаты:12 жылдық мектептегі сабақ берудің қазіргі таңдағы технологияларын жүргізуге үйрету.

Студентте қалыптасатын ББД-ББҚ:Бейінді оқытуды енгізуде оқу пәндерінен сабақ берудің қазіргі таңдағы білім беру стратегиясы-құзыреттілік туралы толық түсінік болуы.

Жоспары:

1.Оқу пәндерінің білім беру стандарттарында құзыреттілік тәсілінің орын алуы, жоғары сынып оқушыларының жалпы пәндік құзыреттіліктері.

2. Бейінді оқытудың білім беру үдерісінде құзыреттіліктерді қалыптастыру жолдары.

Орта білім берудің жоғары сатысының функционалдық қызметінің басым бағыты оқушылардың тереңдетілген кәсіптік білім беруге дейінгі даярлығын жүзеге асыру үшін бейіндік оқытуды енгізу болып табылады.

12 жылдық білім беретін мектептегі үдеріс жеке тұлғаға бағдарланған оқыту ұстанымына негізделіп, оқушының жеке ерекшеліктеріне қарай қоғамдағы өзгерістерге бейімделген оқушы – жеке тұлғаны қалыптастыруға бағытталады.

Оқушы – тіршілік иесі ретінде биологиялық тұрғыдан ғана дамып қоймай, танымдық іс-әрекет субьектісі ретінде үздіксіз дамиды. Демек, оқушыға білім бере отырып, біз оқушының жан-жақты дамуына мүмкіндік жасауымыз қажет. Білім беру барысында оқушыны жеке тұлға ретінде ерекшеліктерін ескеру баланың өзін-өзі жан-жақты дамыту мәселесін оңтайлы шешуге мүмкіндік береді. 12 жылдық білім беру жүйесіне көшумен жеке тұлғаның бойында мәдени, рухани құндылық қасиеттерін қалыптастыру, оқыту мен қоса тәрбие беру, оқушының тұлғалық қасиетін көре білу, дамыту аса маңызды орын алады. Оны жүзеге асыру арқылы білім беру жүйесі әлемдік білім кеңістігіне ене алады және ұрпағымыздың жер шарының кез келген жеріне барып қалаған мамандығын игеруіне мүмкіндік береді.

Оқушылар есейген сайын олардың мүддесі мен кәсіби ниеті сәйкес келе бастайды. Белгілі бір пәнге қызығу мен қабілеттілік көрсеткен оқушы өзіне мамандықты нық таңдай алады және тәжірибе көрсеткендей, қандайда бір пәнге қызығу танытпаған оқушылар кәсіпті таңдап алуға қиналып, оны өзгертеді.

Психологиялық және педагогикалық зерттеулер 13-14 жасқа дейін кәсіби ниет пен пәнге деген қызығу арасындағы ешқандай байланыс байқалмайтындығын, ал 14 жастан бастап бейімдік таңдау нақты оқу пәніне деген қызығуымен айқын байланыса бастайтындығын көрсетеді. Бұл байланыс тікелей және нақты (мысалы, физиканы зерделеуге қызығатын оқушы физик болғысы келеді) немесе жалпы сипаты (оқушы техника саласында қызмет істегісі келеді) болуы мүмкін. Жалпы оқушылардың оқу бағдарын таңдап алуына аймақтық әлеуметтік-экономикалық жағдайлар, өзінің жолдастары, отбасы әсер етеді [15].

Орта мекептің 11-12 сыныптарында бейінді оқудан өткен мектеп түлектері қазіргі мектеп түлектерімен салыстырғанда өз мамандықтарын, өмір жолдарын таңдауға және оны тез, табысты меңгеруге әлдеқайда жақсы әзірлікте болмақшы. Бұл - қазіргі тез дамып, тез өзгеріп отырған, талғамы мол уақыт талабы.

Мектеп бітіруші түлек алдында бірнеше сұрақтар туындайды, «Кім боламын?», «Қандай мамандықты таңдап, оқуға барамын?», «15-20 жылдан кейін менің таңдаған мамандығыма деген сұраныс бола ма?», «ХХІ ғасырдың орта шегіне қарай қоғам мамандыққа қандай талап қояды?» деген сан алуан сұрақтар шешімін таба алмауда. Қазіргі таңда оқушы өз таңдауын дұрыс жасай ма әлде таңдауы қате болып шыға ма деген күдік ата-ананы да, оқушы мен ұстазды да толғандырады. Сондықтан да «Кім боламын?» деген сұрақ жанында «қандай болуым керек немесе қажет?» деген сауал туындап отырады. Ал бүгінгі таңда бәсекеге қабілетті болу өте маңызды болып табылады.

Мамандық таңдау өте қиын мәселе. Өйткені таңдаған мамандығың ертеңгі сенің өмірің, яғни сенің болашағың, қоғамның болашағы, елдің ертеңі. Көптеген зерттеулердің қорытындысы бойынша жастардың 40% мамандық таңдау тәртібін білмегендіктен өздерінің икемділігіне, қабілеті мен қызығушылығына сәйкес келмейтін мамандықтарды таңдайтын көрінеді.

«Адам өзінің ыңғайымен, еркімен қызмет ететін зат. Іштен туғаннан-ақ белгілі бір өнерге, қызметке икемді болып туады. Басқаша айтқанда әр адамда бір нәрсе - талап, ыңғай, қабілет, яғни зеректік болады. Біреуі бала оқытуға, біреуі әкім болуға, біреуі дәрігерлікке берілуге, біреуі саудаға, біреуі сөзге ыңғайланып жаралады. Кейде кім өзіне біткен ыңғайына қарай өз жолымен жүріп қызмет етсе, өз басына, әлеуметке де көп пайда келтірмек» - деген Ж.Аймауытовтың мұралы сөзі әлі күнге маңызын жойған емес.

12 жылдық білім жүйесіне көшу кезінде бейіндік оқытуды тиімді ұйымдастыру, мектеп түлегінің бейімін анықтау бойынша мұғалім қауымына үлкен жауапкершілікті жүктейді. 12 жылдық мектептегі жоғары сыныптардағы бейіндік оқыту үдерісінде болашақ мамандығы мен іс-әрекетіне бейімдеумен оқыту және бағыт беру жүзеге асырылатын болады.

Мамандыққа бағыт беру – жоғары сынып оқушыларының тілегін, денсаулық жағдайын, жеке басының ерекшеліктерін, сонымен қатар, қоғамға қажеттілігін ескере отырып, оқушыларға мамандық таңдауға көмек көрсету үшін ғылыми негізделген көп аспектілі жүйе.

Осындай жағдайларға байланысты, мамандыққа бағыт беруде бірнеше аспектілерді бөліп қарауға болады [15]:

- психофизиологиялық аспект – жасөспірімдердің жеке басының ерекшеліктері, оның қабілеті, жеке психофизиологиялық ерекшеліктері ескеріледі;

- медициналық аспект – оқушының денсаулық жағдайы ескеріледі;

- әлеуметтік экономикалық аспект – қоғамға әр саладағы мамандар қажеттілігі ескеріледі.

Оқушылардың кәсіби өзін табу бағдарына көптеген факторлар әсер етеді, соның ішіндегі ең маңыздылары [9]: мамандық және оның қажеттілігі туралы білу; бейімділіктер (қызығушылық, еңбек түрткісі, ынтасы); қабілеттер, денсаулық (ішкі мүмкіндіктер мен шектеулер); ықылас деңгей мен өзін-өзі бағалау; ата-ананың, отбасының көзқарасы; құрбы-достарының көзқарасы; мұғалімдер мен мамандардың көзқарасы; жеке кәсіби жоспар – адамның кәсіби салада неге және қалай жету керектігі жөніндегі пайымдар жүйесі.

Оқушының өз қызығушылығын және кәсіби бағытын анықтау үшін төмендегідей зерттеу жұмыстарын жүргізуге болады:

1) Оқушылардың кәсіби ой-ниетін анықтау. Мақсаты: Оқушылардың негізгі мектепті бітіргеннен кейінгі ой-ниетін анықтау, яғни ересектердің айтқан ақыл кеңесін, өзі таңдаған мамандығының мазмұны мен оның адамға қоятын талабы туралы не біледі, өзінің қабілеттерін қалай дамытады, жасаған жоспарын қалай жүзеге асырады, қосымша нұсқалары барма деген алуан түрлі сұрақтарға жауап іздеу.

2) Оқушылардың мамандық туралы хабардарлығы. Мақсаты: оқушылардың жеке пікірі бойынша өзінің бойында дарындылықтың қандай түрі бар екендігі; мамандықты игеруде қандай кедергілердің болуы мүмкін; таңдау аясы тар болған жағдайда қандай мамандық түрін таңдар еді; адамның қандай кәсіби сипатын ерекше бағалайды; өзі таңдаған мамандығына қандай талаптар қоятыны туралы анықтау.

3) Табандылықты зерттеу. Мақсаты: алға қойған мақсатқа жетуде байқалатын табандылық дәрежесін анықтау.

4) Кәсіби-тұлғалық типті бағалау. Мақсаты: тұлғаның әлеуметтік бағытын анықтау және кәсіби типін бағалау.

5) Оқушылардың кәсіби қызығушылығы мен бейімділігі. Мақсаты: оқушылардың кәсіби қызығушылығы мен бейімділігін анықтау.

6) Оқушылардың қызығушылығы. Мақсаты: оқушының түрлі қызмет аясындағы негізгі қызығушылықтарының бағытын анықтау.

7) Кәсіптік ынталануын зерттеу. Мақсаты: кәсіптік қызметтегі ынта, түрткілерін зерттеу.

Жоғары сынып оқушыларының ең жауапты кезеңдері – қорытынды емтихан тапсыру. Қазіргі уақытта мектеп бітірушілері қорытынды емтихандары мен жоғары оқу орындарына түсу емтихандарын ортақ Ұлттық бірыңғай тест түрінде тапсыратыны белгілі. Оқушылардың мұндай екі сыннан бір уақытта өтуде оқушылармен және олардың ата-аналарымен алдын-ала психологиялық тұрғыдағы кеңестер жүргізіліп, дайындықтармен қамтамасыз ету керек. Сондықтан, 12 жылдық білім берудің 11-12 сыныптарында, яғни бейіндік білім беру сатысында жұмыс істейтін психологтың мақсаты – балаға өмірлік жол таңдауда мүмкіндіктерін ашып, психологиялық негіздемесін беру, тұлғалық ерекшелігіне байланысты кәсіп таңдауға көмектесу, болашақ өмірге әзірлеу, жоғарғы оқу орнына түсуге психологиялық дайындау мен оларды қолдау [9].

Орта білімнің жоғарғы сатысындағы білім мазмұны саралау, кіріктіру және кәсібилендіру негізінде жүргізілуіне байланысты бұл деңгейдегі білім беру әлем, қоғам және адам туралы жүйелендірілген түсініктерді меңгеруге және оларды өз бетінше кеңейтіп, тереңдете білуге көшу қамтамасыз етілуі тиіс.

11-12 сынып оқушылары оқытудың нысандары мен тәсілдерін, жеке білім беру бағдарламаларын таңдауына болады, онда шығармашылық қызметке және оқушылардың жеке қабілеттерін дамыту үшін жағдай жасауға айрықша орын бөлінген.

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Кобдикова Ж.У. Педагогическая технология уровневой дифференциации обучения в средней школе. – Монография. – Алматы: «Print», 2000.

2. Валицкая А.П. Современные стратегии образования / Педагогика.-1997.

3. Сластенин В.А., Подымова Л.С. Педагогика: инновационная деятельность. –М ., 1997

4. http//www.cpm. kz

Лекция

Наши рекомендации